• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Сәуір, 2019

Құтқару қызметінің қарымы қандай?

1616 рет
көрсетілді

«Оттың ісі – қуырмақ, желдің ісі – суырмақ» дегендей, биыл елімізде қызыл жалыннан келер залал аз болмай тұр. Жекелеген үйлердің зардап шеккені өз алдына, өндіріс орындарындағы өрттің өзі сөндіруге күш бермейтінін байқадық.

Наурыз айының соңында Маң­ғыстау өңірінің «Қаламқас» кен орнындағы 8237-ұңғымада газ бен судың бірнеше мәрте жой­қын атқылауының соңы алапат өртке ұласқаны белгілі. Тіл­­сіз жау стратегиялық маңызы бар нысанға ғана емес, Каспий аймағының экологиясына да ай­тарлықтай зиян келтірді. Осы орайда жуырда өткен Пар­­ламент Сенатының отырысында депутат Төлеубек Мұ­қашев Үкімет басшысының атына сауал жолдап, бұл жағдайдың «Қаламқас» кен орнында мұнай барлаумен және өндірумен айналысатын компаниялардың ғана емес, сондай-ақ жер қой­науын пайдалану, өрттен және өнеркәсіп қауіпсіздігі сала­сын­дағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асы­ру мәселелері заң жүзінде жүк­тел­ген мемлекеттік органдардың олқылықтарына байланыс­ты болғанын атап өтті. Сена­тордың айтуынша, биыл 13 нау­рызда тіркелген апатты оқшаулауға қа­жетті уақытты өт­­кізіп алған кә­сіпорын апатты жоюға қажетті күш­тер мен құралдардың әлеуетін пай­да­ланбаған, ұңғыда өрт шық­қаннан кейін ғана аталған мә­селеге назар аударылған. Бұл ара­да ең басты ден қоятын мәселе – жер қойнауын қорғау мен пайдалану ережелерінің бұзылуы.

Сенатор депутаттық сауалында мемлекеттік және жеке өрт сөндіру күштерінің осындай апатты жоюға қажетті құ­рал­дары мен мүмкіндіктері жоқ екенін айтады. Сонымен бір­ге бұл өнеркәсіп қауіпсіздігі са­ла­сындағы тиісті мемлекеттік қада­ғалаудың да жүргізілмегенін көр­сетеді. Яғни, қауіпті өндіріс объектілері мен ұйымдардың апат­тар мен оның зардапта­рын жою және оқшаулау жұмыс­тарын жүргізуге дайындығын мемлекеттік бақылау әлсіз еке­ні байқалып отыр. Сондай-ақ апат­та құтқару қызметі мен құры­лымдар жұмысының арасында, төтенше жағдайларды жоюға арналған қажетті күш­тер мен құралдарды жедел түр­де тарту мақсатындағы мемл­екеттік емес өртке қарсы қызметтердің үй­лесімі жоқ. Оған қоса, негізгі қыз­меті осын­дай деңгейдегі өртті жоя алатын, республиканың бар­лық өнеркәсіпті аймақта­рын­да жұмыс істейтін әрі 13 филиалы бар еліміздегі жал­ғыз мемлекеттік кәсіби әскери­лендірілген авариялық-құтқару қызметі 2018 жылы жекешеленіп кетті, дейді Т.Мұқашев.

Сенат депутаты бұл ретте­ жер қойнауын пайдалану­ са­ласындағы мемлекеттік сая­сат­тың негізгі бағыттарын Үкі­мет­тің белгілейтінін, сондай-ақ өрт пен өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін ескере отырып, жазатайым оқиғалардың себебін тергеп-тексеруді және айқындауды қажет санайтынын жеткізді. Сонымен қатар келешекте осындай жағдайға жол бер­меу үшін Үкімет қандай ша­ралар қабылдауды жоспарлап отырғанын, еліміздегі құт­қару қызметтері мен төтенше жағ­дайлар бөлімшелерінің респуб­ликадағы барлық қауіпті өндіріс нысандарына қызмет көрсету жағдайы, құтқару қызметтері мен құрылымдарының дайын­дығы, оның ішінде қажетті тех­никамен, жабдықтармен, сақ­тандыру құралдарымен және жеке қорғану аспаптарымен қам­тамасыз етілу деңгейі туралы депутаттық сауал жолдады.

«Қаламқас» кен орнында өрт сөн­діру жұмыстарына қатыс­қан «Семсер-өрт сөндіруші» ЖШС «ҚазМұнайГаз» ҰК»­ АҚ құ­ра­­мына кіретін кәсіп­орын­дар­дың бірі. Аталған ком­па­ния­ның орталық кеңсесіне ха­бар­ласқанымызда, аты-жө­нін айтудан бас тартқан кәсіп­орын қызметкері өздерінің келісім­шарт негізінде Қазақстанның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету нарығында алдыңғы қатарлы қызметті ұсынатындарын, негізгі мамандандырылған қызмет кө­лемі мұнай тасымалдауда, газ өндіруде, мұнай өнімдерін сақ­тауда, сондай-ақ энергетика секторында көрсетілетінін жет­кізді. Яғни, бұл мекеме өрт сөндіру, нысанды өрттен қор­ғау, өртті ескерту бойынша ұйым­дастыру жұмыстары, өртке байланыс­ты алғашқы кезектегі апат­тық-құтқару қызметі, тө­тенше жағ­дайдың салдарын жою бойынша апаттық-құт­қару жұмыстары, соның ішінде мұнайдың апаттық төгілуін жою, биіктікте, жабық кеңістікте жұмыс жүргізу сияқты міндет­темелерді орындайды. Ресми ақпарат көздеріндегі мә­­лімет бойынша, 2001 жылы құ­рылған кәсіпорында барлық филиалдарын есепке алғанда 1300-ден астам қызметкер еңбек етеді екен.

Жалпы, бүгінде ел аумағында өртке қарсы қорғану бойынша 422 өрт бөлімшесі, оның ішінде 113-і (27 пайыз) – республикалық ма­ңыздағы қалалар мен облыс орталықтарында, 79-ы (19 пайыз) – облыстық маңыздағы қала­ларда және 230-ы (54 пайыз) ауылдық елді мекендер­де шоғырланған. Соңғы 13 жылда республикалық бюджет­тің есебінен 18 өрт депосы­ ке­шен­дерінің құрылысы пай­далануға берілген. Төтенше жағ­дайлар комитетінің ресми сай­тын­дағы ақпарат бойынша, кейін­гі 12 жылда еліміздің өрт сөндіру қызметін жабдықтауда өрт сөн­діру көліктерінің кең ауқым­ды модельдері, жеңіл, орта және ауыр өрт сөндіру автоцистерналары, өрт-сорғы стансалары, газ бен түтіннен қорғау қызметінің көліктері іспетті өртті сөндіру мен одан қорғауға арналған түрлі заманауи технологиялар алынғаны, бұл қалада, далада болсын тез әрекет етуге мүмкіндік беретіні, ықтимал қатердің бетін қайтаратыны атап көрсетілген. Осы бағытта ел көлемінде түрлі оқу-жаттығу жиындары да, ин­новациялық технологиялардың таныстырылымы да өтіп жатады. Алайда іс жүзінде бір ғана ұңғымадағы тө­тенше жағдай еліміздің өрт­ке қарсы қызметінің шынайы бейнесін көрсеткендей бол­ды.­ Әбүйір болғанда, «Қалам­қас­тағы» қызыл жалын өздігінен сөнді.

Осы ретте Индустрия жә­не­ инфрақұрылымдық даму ми­нистр­лігі өнеркәсіптік қауіп­сіздік мәселелері жөнінде­гі заң­намалық актілерге толықты­ру­лар енгізу бойынша қоғамдық тың­дау өткізгенін айта кетелік. Ин­дустриялық даму және өнер­кәсіптік қауіпсіздік комитеті тө­рағасының орынбасары Нығ­метжан Мақажановтың айтуынша, аталған заң жобасы бизнеске әкімшілік қысымды азайту үшін заң бойынша өндірістік нысандарды қауіпті санатқа жат­қызу нышандарын қайта қа­рас­тыру және қысқартуды көз­дейді. Яғни, бақылауға алын­ған нысандардың саны қыс­қартылады.

«Қазіргі таңда кәсіпорындар апат­тық-құтқару қызметтерімен қызмет көрсету бойынша шарт жасасуы керек. Осыны ескере отырып, электр желісі шаруа­шылығы, денсаулық сақтау және білім саласындағы нысандарды қауіпті өндірістік нысандардың санатынан алу, атом энергия­сын қолданатын нысандарды, автокөліктерге жанармай құю стан­саларын, нан қабылдау пункттерін кәсіби апаттық-құт­қару қызметтерімен қызмет көр­сету бойынша міндетті шарт жа­­­сасудан босату ұсынылады», дейді ол.

Бұл заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама нор­маларын жетілдіруге жә­не өнеркәсіптік қауіпсіздік са­ла­­сын­дағы мемлекеттік қада­ғалауды жүзеге асырудың тиім­ділігін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ заң жобасы өнер­кәсіптік қауіпсіздік саласында мем­лекеттік қадағалауды жү­зе­ге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азай­туды көздейді. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік қауіпсіздік сала­сындағы жұмыстарды жүргізу құқы­ғына аттестатталған ұйым­дардың және апаттық-құтқару қызметтерінің жұмысын реттеу үшін профилактикалық қада­ғалауды жүзеге асыру және оны жүргізу тәртібін белгілеу қарас­тырылған.

Заң жобасын әзірлеу барысында 300-ден астам ұсыныс келіп түскен бұл құжатқа байланысты мәселелер әлі де «Ашық нормативтік-құқықтық акті­лер» порталында кеңінен тал­қы­ланбақ. Әлбетте, бұл заңнама бизнеске қолайлы қолдау бол­ғанымен, еңбек қауіпсіздігін сақ­тауға кері әсер етуі де мүмкін. Осы орайда салалық ведомстволар «екі шоқып, бір қарауға», өн­діріс қауіпсіздігін қадағалау тетігі мен адам өмірін сақтаудың өзара сабақтастығын ұмытпауға тиіс.