• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Технология 12 Сәуір, 2019

Ғылым табыс көзі болуға тиіс

2499 рет
көрсетілді

Бүгін – ғылым саласы қызметкерлері күні. Ғалымдарымыздың кәсіби мерекесі 2011 жылы Елбасы Жарлығымен бекітілген. Әдетте, кәсіби мерекелер қарсаңында сол саланың ұңғыл-шұңғы­лына үңіле қалатын әдетіміз болады.
Жетістігін айтқы­мыз келеді, олқылығы болса, оны да көрсетіп қалсақ дейміз. Рас, ғылымымыз дамып жатыр, ғалымдарымыз да бар. Сөйте тұра, «ғалымдарымыз бен ғылыми жаңалықтарымызды жаһан мойындайтын күнге жетсек қой» дейтін арман-аңсар да бар. Өйткені елімізде ғылыми-зерттеулер үшін ІЖӨ-нің 0,12 пайы­зы ғана жұмсалады.

Бір ғасырдан астам уақыт бұрын Ыбырай Алтынсарин «Өнер-білім бар жұрттар...» дейтін атақты өлеңін жазды. Ұлы ағартушы сол кездің өзінде қазақтың ғылым-білімнен алыс қалмауын тілесе керек. Әрине, бүгінгі замандастарымыз ХІХ ғасырдың соңындағы қазақ емес. 

Қазір сауаттымыз, көзіміз ашық. Ел халқы сауаттылық жағынан әлемде алдыңғы қатарға кіреді. Алайда, ғылым мәселесінде олай болмай тұр. Өйткені отандық ғылымның дамуы, ғылыми жаңалықтардың өнді­ріс­ке енгізілуі көңілден шығатын дең­гейде емес. Отандық ғылымның же­тіс­тіктерін жұртқа таныстыруда насихат жетпей жүр ме, әлде біздің ғалымдар бұқара түсіне қоймайтын күрделі салаларда ғана еңбек ете ме, әйтеуір Қазақстан ғалымдарының жаңалықтарын сирек естиміз. Оның үстіне зерттеушілердің табысына қа­тысты мәселе тағы бар. Соңғы жыл­дары ғалымдар мемлекеттің ғы­лы­ми жобаларды қаржыландыру ісіне көңілдері тола қоймайтынын аңғартқан. Ғалымдардың арасындағы дау-дамай Елбасына дейін жеткен-ді. Зерттеу мақалаларын жаһандық ғылыми қауымдастыққа бейтаныс журналдарда жариялап, ғылыми атақ қорғаған ғалымдарымыз да бар. Масс-медиада мемлекеттен қаржыландырылатын ғылыми жобаларды іріктейтін Ұлттық ғылыми кеңес құрамына қатысты даулы мәселелер де көтерілген еді. Тіпті Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық ғылыми кеңестердің құрамы заңды өрескел бұза отырып жасақталғанын да мәлімдегені бар. Бәлкім, осындай «PR-дың» кесірінен шығар отандық ғылым туралы сөз еткен кезде алдымен саладағы жетіс­тіктер емес, дау-дамайға толы жағ­дай­лар бірден тіл ұшына орала береді. 

Оның үстіне әлемдік ғылымдағы теңдессіз жаңалықтар жайлы екі күн­нің бірінде естіп-біліп отырған жұрт­тың Қазақстандағы ғылым мен оны қаржыландыру туралы ақпаратты ес­ті­генде көңілі су сепкендей болатыны тағы бар. Дамыған елдер түгілі ТМД елдерінде де ғылымды қаржыландыру жағынан алдымызды орап кеткен мемлекеттер көп. Ал дамыған елдерде ғылымға жұмсалатын жалпы шығын кө­лемі әлдеқайда көп. Мәселен, ғы­лым­ға айрықша көңіл бөлетін он елдің көшін Израиль мемлекеті бастап тұр. Демек, даму үшін ғылымға ай­рықша көңіл бөлген дұрыс. Алай­да, ауызды мүлдем қу шөппен сүр­туден аулақпыз. Біздің ел де ғы­лым­ның дамуына мүдделі екенін шама-шарқынша байқатып келеді. Мә­селен, 2004 жылы Қазақстан ғы­лымға 13 млрд 863 млн теңге бөл­се, 2018 жылы бұл көрсеткіш 72 млрд 224 млн теңгеге жетті. Яғни, ғы­лымға арнаған қаржымыз 5,2 есе өскен. Ал 2018 жылы елде ғылыми жұ­мыстармен айналысқан 384 мекеме тіркеліп, ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мысқа тартылған қызметкерлер саны 22378 адамға жетіпті. Олардың ішін­де нақты зерттеушілер 17454-ке жетті. Яғни, ғылыми жұмыстарға қа­тысқан зерттеушілер саны аз емес. Де­генмен, қазіргі көрсеткіш 2014-2015 жылдардағы деңгейге жетпейді. Сол жылдары зерттеу жұмыстарына 18 мыңнан астам зерттеуші қатысты. Бі­лім және ғылым министрлігі мен Ұлттық ғылым академиясы әзірлеген 2017 жылғы Ғылым туралы ұлттық баяндамада зерттеу жұмыстарына көбіне инженерлік саланың мамандары тартылғаны айтылған. Олардың жалпы саны 5 мың адам екен. Ғы­лым­ның бұл бағытына 35 млрд 596 тең­ге бөлініпті. Одан соң жаратылыс­тану саласында зерттеу жүргізген ма­мандар көп. Бұл бағытқа 21 млрд тең­геден астам қаржы бағытталса керек. Бейресми рейтингінің соңында ме­дицина саласы тұр. Мұнда зерт­теу жүргізген ғалымдарымыз жал­пы көрсеткіштің 6,1 пайызын ғана құраған. 2017 жылы медицина бойынша 327 ғылым кандидаты, 182 ғылым докторы, 47 бейіні бо­йынша доктор, 31 PhD философия докторы жəне 202 магистр зерттеу жасапты. Бірақ бұл салаға бағытталған қаржы әлеуметтік ғылымдарға бөлінген сомадан молы­рақ. Медицина ғылымына 2,2 млрд теңге бөлінген. Бірақ елімізде ден­саулық сақтау саласына жақсы кө­ңіл бөлінген. Ғылыми зерттеу жүр­гізуге мүмкіндік беретін бірқатар орта­лықтар жасақталды. Алайда, салада зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген мамандар аз. Ал инженерлік саладағы зерттеушілердің көп болуын тау-кен және мұнай-газ секторындағы кәсіпорындар техникалық мамандарды көптеп қажет ететініне байланысты болса керек. Әрі ірі корпорациялар ғалымдарға түрлі гранттар қарастырады. Әлбетте өз мүдделері үшін, өздеріне ыңғайлы технология даярлау үшін қаржы қарастырады. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­паниясы ғылыми зерттеу және тә­жірибелік-конструкторлық жұмыс­тар­ға қомақты қаржы жұмсайды. Тіп­ті, компания біраз жыл бұрын зерт­теу жұмыстарына 46 млрд теңге бөлетінін мәлімдеп, айды аспанға бір-ақ шығарған-ды. Одан бөлек, елі­мізде табыс тауып жүрген шетелдік трансұлттық корпорациялардың да зерт­теушілерге бөлетін азды-көпті қа­ражаты бар. Демек, қалай болғанда да инженер ғалымдарға нәпақа өзге әріп­тестеріне қарағанда көбірек жо­лығады деген сөз. 

Трансұлттық корпорация демекші, әлемдегі алпауыт компаниялар да ғылыми гранттарды көп бөледі. Мә­се­лен, Самсунг корпорациясы жыл сайын ғылымға 14 млрд доллар бөледі. Бұл – күллі ТМД елдерінің ғылымға арнаған қаржысынан 6-7 есе көп. Сол ғылыми гранттардың 10 пайызы ғана Кореяда қалатын көрінеді. Өзгесін әлемдегі ғалымдар мен зерттеу орталықтары ұтып алатын болса керек. Ал Aplle, Volkswagen, Intel ком­паниялары ғылымға жыл сайын 15 млрд долларға дейін қаржы бө­леді. Соның нәтижесінде жаңа тех­нологиялар жасап, өндірісті ғана емес, мемлекетті де дамытып жа­тыр. Міне, мұның өзі заманауи­ әлемде ғылымның қаншалықты ма­ңызды екенін көрсетеді. Әрі отан­дық ғалымдарға шетелдің ғылыми ор­талықтарымен байланыс орнату қажеттігін аңғартады. Яғни, ғалым­дарымыздың да бәсекеге қабілетті болуы маңызды. Әйтпесе, мемлекеттен қаржы дәметумен ғана күндері өтеді. 

Ғылым салаларына бөлінген қар­жы көлемін сөз еттік қой, ендеше тәуір қаржы бөлінетін салалардың бірі ауыл шаруашылығы ғылымы еке­нін атап өткен жөн болар. Бұл салаға 7,9 млрд теңге бөлінген. Әрі нақ­­ты өндіріске енгізілу тұрғысынан осы сала ғалымдарының әжептәуір та­бысы бар. Мал тұқымын асылданды­ру­дан бастап, дәнді дақылдардың жаңа сұрыптарын шығарып жатады. Бұл да көңілге медеу. Еліміздің ауыл шаруа­шылығы саласына ерекше үміт артып отырғанын ескерсек, сала ғалым­дарынан күтеріміз мол. Ала­қан­дай Нидерланды елі төңірегіне азық-түлік сатып отырғанда, біз неге ұлан-ғайыр даламыздан мол астық жинап, мал өсіріп, өзгеге сатып, қарық болмаса деген ой келеді. Бұл үшін әлбетте ғы­лымға сүйенгеннен басқа жол жоқ.  Айтпақшы, ғылым дегенде мәселе жара­тылыстану немесе техникаға қатыс­ты ғылымдарға ғана барып тірел­месе керек. Әрине, өндірісті дамытуда бұл бағыттардың орны бөлек. Алайда, қоғам үшін әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың да айрықша маңызы бар. Тарихты тану, тілді дамыту, қо­ғам­дық құбылыстарды үнемі назарда ұстау қажет. Өйткені азаматтың аңсары, халықтың көңіл күйі мен сұранысы, арман-мұраты қандай екенін анықтап алу маңызды. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» де­гендей, санасын тұрмыс билеген, мақ­саты бөлек азаматтан жақсы ға­лым шықпайды. Гуманитарлық және әлеу­меттік ғылымдар кейде ға­лымдардың өз­дерін зерттейтін ғы­лымға ұқсайды. Адам жанына үңі­леді. Тек жүйелі түрде дамыту қажет. Алайда, елімізде былтыр гума­нитарлық ғылымдарға 3,7 млрд, әлеу­мет­тік ғылымдарға 1,5 млрд теңге бөлініпті. 

Қысқасы, отандық ғылым жайын сөз еткенде қаржыдан бас­тап, ғалым­дардың еңбекақысы, ғы­лы­ми жаңа­лық­тардың өндіріске енгі­зіл­уі тәрізді сан­сыз мәселе бар. Біз мәселенің бір жағына ғана үңілдік.