• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 12 Сәуір, 2019

Мұрат Жұрынов: Әділетсіздіктің үлкені – әрбір маманға өзіне лайық қызметін бермеу

1519 рет
көрсетілді

Кезінде КСРО Ғылым академиясының президенті, академик А.П.Александров: «Қазақстан ғылымы Ресей мен Украинадан кейін үшінші орында тұр» деп үлкен баға бергенін көпке дейін малданып келдік. Одан бері дүние түбегейлі өзгерді. Тәуелсіздіктің елең-алаңында ғылымды тоқыратпауға талпындық. Осы жылдар бедерінде де оны дамытуға аз қаражат салынған жоқ. Ғылымды экономикамен, өндіріспен ұштастыруға ұмтылып бақтық. Ғылым күні қарсаңында Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат ЖҰРЫНОВПЕН әңгімелескен едік. Әлбетте, ғалымдардың тыныс-тіршілігі, кеше ғана ҰҒА құзырында болған 45 ғылыми-зерттеу институтының бүгінгі ахуалы, мемлекеттің мүддесіне қызмет ететін ғылымның дипломатиялық рөлі сынды сауалдарды соңғы уақытта елімізде болып жатқан үлкен өзгерістер кейінгі сұхбатқа ысырды. Сондықтан да әңгіме ел шежіресінде орын алып жатқан тарихи оқиғалардан бастау алды.
– Сөз басында айтарым – бәрі көңілімнен тура шықты. Мен Тұңғыш Прези­дентіміз – Елбасының әйтеуір бір дана­лық шешімге келетінін іштей бір сезуші едім. Солай болып шықты. Ең бастысы, Алланың бұйрығымен келген бақыт – Тәуелсіздік болды. Қастер­лі азаттығымыз Кенесары xан­ның билігі құлаған соң орнаған 145 жылдық Ресей басқыншыларының бодандығынан кейін қайта оралды. 

Ендігі заманда өте сақ болуымыз қажет. Сондықтан Н.Ә.Назарбаевтың қауіпсіздік мәселесін өз қолында қал­дыр­ғаны дұрыс. Ал жаңадан билікке келген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға еліміздің экономикасын көтеру керек, ең бастысы бұқара xалық­тың әлеуметтік жағдайын, әл-ауқатын бірінші кезекке қойып, жем­қор­­лықты ауыздықтау қажет.

Экономиканы әртараптандырып, шағын және орта бизнесті жанданды­рып, жұмыссыздықты жою керек. Бұл бірін­ші кезекте тұрған мәселелер.

Шындығын айтсақ, біріне бірі жал­ға­­сып келе жатқан дүниежүзілік эко­но­микалық дағдарыстардың салдары­нан xалықтың әлеуметтік жағдайы нашар­лап кетті. Тәуелсіздіктің тұрақ­ты­лығы үшін мемлекеттіліктің негізгі үш белгісі – территория, әскер және ұлт­тық валюта – теңгемен қоса елдің әл­еу­меттік жағдайы кедейлік пен ба­й­лықтың орта тұсында болуы қа­жет. Көп балалы аналар еліміздің ең құрметті азаматы саналуы керек. Жал­ған ақпараттарды тоқтатып, жеткілікті көлемде жетім балалар үйлері мен мұқтаж отбасынан шыққан балалар үшін мектеп-интернаттарын ашу керек. 

Дүниеде ұлтты біріктіре алатын үш күш бар, бұл – тіл, дін және діл. Елба­­сының «ұлттық код» де­ге­ні – осы. Кезек күттірмейтін мәсе­ле­лерді ше­шуде Үкіметпен қоса Nur Otan партия­сы, Қазақстан хал­қы Ассам­блея­сы қарқынды қызмет атқаруы қажет.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқа­ев­пен қызмет барысында қо­ян-қолтық жұмыс істеген кезең­де­рі­ңіз болды ма?

– Әрине, ол кісімен бірге Үкімет мүше­сі де болдым. Қасым-Жомарт Кемелұлы республикамыздың Сыртқы істер министрі, мен Білім министрі ретінде лауазымды қызмет атқардық. Табиғатынан мінезі өте сабырлы, мәдениет­ті, жұмсақ сөйлейтін адам. Текті әулет­тен шыққан, ұстанымына берік, ба­тыл азамат. 

Бір ғана мысал келтірейін, Ми­нис­тр­лер кабинетінің бір отырысында келесі жылдың бюджетін бөліп отырмыз, қаражат аз, жетіспей жатыр. Сырт­қы істер министрлігіне де өте аз қаражат бөлінген. Барлық кезде де байыпты Қасым-Жомарт Кемел­ұлы орнынан тұрып: «Мұндай қаражатпен жұмыс істеу мүмкін емес, егер оны көбейтпесеңіз министр қызметінен бас тартамын», деді. Әдетте өзіне қарсы келген министрлермен жағаласа кететін сол кездегі Үкімет басшысы төбесінен жай түскендей абдырап, не айтарын білмей қалды. Сондықтан Тоқаев қажет кезінде табандылық таныта алатын тұлға.

– «Үлкен пышақ ұялғанынан кеседі» деген бар. Халықтың Ұлт­тық ғылым академиясынан күтері де, талабы да, сауалы да көп қой... 

– Тәуелсіздіктің бастапқы жыл­дары ғылым академиясында ауыз­бір­шілік азайып, рушылдық пен жершілдік өріс ала бастады. Оның салдары академияға, оның болашағына үлкен зиянын тигізді. Соңында, 2003 жылы Ұлттық ғылым академиясы «Қоғамд++ық бірлестік» статусына бір-ақ түсті. Енді академия президенті қайта сайланатын болды. Жаңа жарғы қабыл­данды, үш үміткердің ішінен мен сайландым. Ликвидациялық комис­­сия академияның бар мүлкін алып кет­кен. Телефон, қағаз, қаламсап сияқты керекті заттарды өзім басқа­ра­тын ғылыми-зерттеу институтынан алып келдім.

Қазіргі кезде осындай қоғамдық статуста тұрған тек біздің академия. Намыс үшін, «бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» дегендей, біз Кеңес өкіметі моделінен бас тартып, Батысеуропалық модель құрып жатырмыз дейміз. Академияның 70 жылдық мерейтойында Елбасы, академик, Ереже бойынша 100 жылда бір-ақ рет берілетін «Ғасыр Ғұламасы» алтын медалінің иегері Н.Ә. Назарбаев ҰҒА жұмысына оң баға берді. Кеңес моделіне кері қайтуға болмайтынын айтты. Біз келістік. Бірақ еліміздің бас академиясының мәртебесін ерекшелендіру бәрібір керек. «Қоғамдық бірлестік» дәрежесінен басқа да толып жатқан статус бар ғой. Қазіргі кезде сол статуста 24 академия бар, оның жетеуі «Ұлттық» деген сөзді атауларына қосып алған, оларға мүше болу оңай, жарнасын төлесеңіз болды. Олардың мыңдаған академиктері бар. Ақиқатын айтқанда, бұл елге ұят келтіретін, бас академияның және жалпы ғылымның беделін түсіретін келеңсіз жайт. Мен әрбір жиналыста әріптестеріме: «Бұқаралық ақпарат құралдарына, газет-журналдарға мақала немесе сұхбат берсеңіздер Ұлт­тық ғылым академиясының мүшесі екен­деріңізді көрсетіп беріңіздер» деп өтініш айтамын. Еліміздің БАҚ саласында қызмет ететін журналистерден де осыны сұрар едім. Күріштен күрмекті ажырата алатын уақыт жетті. Қазір бір жерге барып академикпін деуге де ұялатын болдық.

– Мұрат Жұрынұлы, сіздің елі­міз­­дің тарихында химия сала­сын­­­дағы тұңғыш ғылыми жаңа­лық­­­тың ашылуы мен мойындалу­ы­на мұ­рындық бол­ған­ыңыз­ды біле­міз. Нобель сый­лы­ғынан кей­інгі, тәуелсіз сарапшы­лар тағайын­дай­тын осынау халық­ара­лық жүлдеге қол жеткіз­геніміз жет­кі­лікті түрде наси­хат­тал­маған, баға­лан­баған сияқты.

– Иә, мен шәкірттеріммен, зертха­на­дағы ғылыми қызмет­кер­леріммен бірге демалмаған, ұйықтамаған уақыт­тар­дың есебінен «Титанның қышқыл су ерітінділеріндегі постэлектролиздік химиялық еру құбылысы» атты дүние жүзінің ғалымдары мойындаған ғылыми жаңалық аштым. Яғни, титанды бейстационарлық токтармен алдын ала полярлаған кезде оның беткі қаба­тындағы қабыршығы жойылып, соның салдарынан электродтық әлеуе­тінің мөлшері өзгеретіндіктен, қыш­қылды ерітінділерде химиялық тұр­ғыда еріп кетеді. Бұл – осы уақытқа дейін адамзатқа беймәлім болып келген құбылыс. Сонымен қатар химия саласы бойынша Қазақстанда ашылған тұңғыш ғылыми жаңалық. Титан – ең тұрақты металдардың бірі. Қазақстанда оның өте көп қоры бар. Металл өте тұрақты болғандықтан, көп­теген химиялық реакторлар, тік­ұш­ақ, ұшақ, кемелердің бәрі содан жасалады. Оның керемет қасиеті сонда, теңіз суында 200 жыл жатса да, шірімейді. Бірақ титаннан жасалған құралдар тозғанда ешқайда қолдана алмай­тынбыз. Себебі оны қайтадан балқыту қиын, ал еріту мүмкін емес еді. Біз соны оңай жолмен ерітудің жолын таптық.

Бұл әйгілі Нобель сыйлығынан кейін жүретін үлкен ғылыми халық­ара­лық дәреже. Маған көптеген елдердің ірі ғалымдарынан, соның ішінде, Ресей, Қытай, Украина, Беларусь, Молдова сияқты мемлекеттердің Ұлт­тық акаде­мияларының прези­дент­терінен құттықтаулар келіп түсті. Оларға ризамыз. Бірақ бір өкініштісі, елімізде, академиктер мен әріптес достарымыздан басқа ешкім жұмған аузын ашпады. Бұл еліміздегі ғылым мен ғалымдардың мемлекет пен қоғам алдындағы рөлі мен дәрежесінің төмендеп қалғанын көрсетпесе екен деймін.

– Қазақстанда ғылымға сұраныс жоқтың қасы деген пікірлердің жиі айтылуы неліктен деп ойлайсыз?

– Мұнан әрі қарай да мұнай мен газды жер астынан алып, өңдемей шикізат түрінде сата беретін болсақ, металды Кеңес өкіметінен қалған зауыттардан сол күйі қалыптан шығара салып, сыртқа жөнелте берсек, шынында да мұндай елге ғылым да, білім де керек болмайды. Сондықтан экономиканы әртараптандырып, көптеген шағын және орта бизнес көздерін ашып, жұмыссыздықты жою керегін жоғарыда айттым. 

Көпсалалы өндіріс орындары ара­сындағы бәсекелестік, xалық­ара­лық сауда кеңістігіндегі жарыстар ғана ғылымға сұраныс туғызады. «Ғылым­сыз даму жоқ» деген қағи­да­ны теріске шығаруға тырысу – на­дан­­дық. Кеңес өкіметі кезінде Қазақ­стандағы ғылымның деңгейі Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында тұрды. КСРО-да ғылымға бөлі­­нетін қаржы ІЖӨ-нің 4,5%-ын құр­айтын АҚШ-пен тайталасып тұрған елде 3-орында тұру үлкен же­тіс­тік еді. Көптеген объективті және субъективті себептермен қазір елі­­мізде ғылымға бөлінетін қаржы кө­лемі өсудің орнына күрт төмен тү­сіп кетті, ІЖӨ-нің 0,15%-ын ғана құ­рай­ды. 2015 жылы бар-жоғы ІЖӨ-нің 0,25%-ын құрады, бұл 49-50 млрд теңге еді, 2018 жылы 10,5 млрд тең­гені құрады. Оның үстіне теңге Орта­лық Азиядағы ең жоғары деваль­ва­ция­ға ұшырағанын қосыңыз. БАҚ бетіндегі дау-дамайлардың бір себебі осыған келіп тіреледі. 

Кейбір ғылыми-зерттеу институт­тарында елімізге белгілі ірі ғалым­да­ры­­мыз жұмыссыз қалды. Бұл ұят емес пе? Стратегиялық даму жоспарын­да 2020 жылы ғылымға бөлінетін қаржы 1,0%-ға жету керек делінген бола­тын (алғашында тіпті 2.0% деп көрсе­тілген еді). Тұңғыш Президент – Ел­басы Н.Ә.Назарбаев 2019 жылы бюджет дайындалу барысында әлеу­мет­тік саланы қысқартпау керек деген еді. Бірақ оны Үкімет орындаған жоқ. Жалпы билікте ғылымның сөзін сөйлейтін ешкім жоқ сияқты, Ғы­лым комитетінің бастығын Үкімет мүше­ле­рі де, өзінің министрі де жүре тың­дайды. 

Мүмкін, Ресей Федерациясынан үлгі алармыз. Оларда арнайы ғылым минис­трлігі құрылды. Ғылым ака­де­мия­сының қызметі шек­тел­гені­мен, мемлекеттік мәртебесін сақ­тап қалды, оның үстіне Ресей Прези­ден­тінің төрағалығымен құрылған Жо­ғары ғылыми кеңес бар. Ал салыс­тыр­сақ, ғылымға бөлінетін қаржы АҚШ, Еуропа, Жапония, Қытай, Солтүстік Корея елдерінде ІЖӨ-нің 2,5-4,5%-ын құрайды. ТМД елдерінде Ресей – 1,2%, Украина, Беларусь – 0,5-0,7%, Литва – 0,83%, Армения, Өзбекстан, Қырғызстан – 0,25%. Бәрінде бұл көрсеткіш бізден жоғары. Халықаралық «Ғылым және техноло­гия» аталымы бо­йынша Қазақстан 106 – орында, Молдова – 27, Ресей – 41, Беларусь – 54, Армения – 45, Қырғызстан 69 орында келеді.

– Ұлттық ғылым академия­сы xалықаралық қатынастарда тәжірибе алмасудан бөлек, нақты қандай пайда тауып отыр?

– Біздің академия беделді қауым­дас­тықтардың мүшесі және барлық ірі мемлекет­тердің мемлекеттік бас ака­демия­ларымен келісімшарт түз­ген. Өткен жылы Бейжіңде ең ірі, 34 бас ака­демияны біріктіретін Альянс-ANSO құрылды. Біздің ака­демия­ның мемлекеттік емес еке­ні­не қарамастан, оның алты адамнан тұратын Басқарушы кеңесінің құрамына Кіндік Азия мен Кавказ өңіріндегі мемлекеттерден мені сайлады. Бұл Қазақстан ғылымының, ға­лымдарының халықаралық кеңіс­тік­тегі беделінің жоғары екенін көр­се­те­ді. Қазір Қытайдың Ұлттық ғылым академия­сына қарасты «Sugon» дей­тін фирмасы біздің академияға 10 миллион долларға жуық тұратын супер­компьютерді тегін грант жолымен бермекші. Соның құқықтық жолын іздеудеміз. 

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы ресми сөзін­де әділеттік орнатудың маңызды еке­­ніне арнайы тоқталып өтті. Ал әді­лет­тілік туралы Ұлттық ғылым ака­­демиясының президенті не ой­лай­­ды?

– Әділетті болуға, әділетті қоғам құруға бүкіл адамзат (Homo sapiens) әу бастан мүдделі. Бұл жағдай қасиетті Құранда да айтылған. Бір xадисте былай делінген: Мұxаммед с.ғ.с. Пайғам­бардан бір саxаба: «Қиямет қайым қашан болады?» деп сұрайды. Ол: «Қиянат шектен тыс көбейген кезде» деп жауап береді. Қиянат деген не? Әрбір маманға өзіне лайық қызметін бермеу. Бұл кадр мәселесіне тіре­леді. Бізде тендерлік комиссия, кон­курстық сайлау комиссиясы де­гендер толып жатыр. Бұл комис­­сия­лардың төрағалары жоғары лауа­­зымды басшылар, министрлер, әкім­дер немесе олардың орынбасарлары. Мұндай жағдайда сол комиссия әділетті шешім қабылдайды дегенге сене алмаймын. Олардың төрағасы қатардағы тең құқылы маман болуы керек, ал ең дұрысы бүкіл ұжым жасырын дауыс беру арқылы сайлауы тиіс. Олай болмаса министрлер мен әкімдердің тікелей бұйрықтарымен, яғни жауапкершілікті алып, тікелей шешім қабылдағаны дұрыс.