Расында, бұл өнер туындысы бір қарағанда өте қарапайым көрінеді. Иә, күнде болмаса да, ара-тұра көк сеңгірінен көзге түсетін кәдімгі Жетіқарақшы. Ал бұған суретшінің көзімен, әсіресе жан дүниесі дауыл күнгі теңіздей сапырылысқан талант иесі Қалибек Айнажаровтың көзімен қарасаңыз, лезде басқа әлемге еніп кетесіз. Бір ерекшелігі, мұндағы Жетіқарақшының жетеуінде де жылқы мінген адам бейнеленген. Жеті сурет жеті түрлі мағынаға ие. Бірінде құрық, екіншісінде шалма, үшіншісінде сойыл, төртіншісінде шоқпар, бесіншісінде қамшы ұстаған, алтыншысында астындағы арғымағын көкке қарғытқан, бас киіміне үкі таққан аруды, жетіншісінде аты сүрініп, өзі шалқалай құлаған жігітті көресіз. Соңғы екі суреттің мағынасын дұрыс түсіне алмай, суретшінің өзінен сұрағанымызда: «Мен ештеңені ойлап таппаймын. Бәрін өмірден аламын. Әйелді атқа мінгізген себебім, әйелсіз өмірдің мәні жоқ. Жетінші суреттегі ат үстінде кенеттен қайтыс болған, ғұмыры жастай қиылған адам. Бұл өмірде не болмайды?» деп жауап берді.
Бұл инсталляцияның тағы бір өзгешелігі, қоларбада темекісін будақтатып суретшінің – Қалибек Айнажаровтың өзінің отыруы. Суретті суретшіден артық кім біледі?! Тағы да қылқалам шеберінің өзін сөйлетіп көрейікші. «Біз мәңгіліктен келеміз, мәңгілікке кетеміз. Өмірімізді «Мен кіммін? Біз кімбіз?» деген сауалдарға жауап іздеумен өткіземіз. Арпалысамыз, алысамыз, күйінеміз, сүйінеміз. Бірақ біз ешкім емеспіз. Біз мына жұлдыздардың астында жәй ғана түтін секілдіміз. Адамзаттың бүкіл ғұмыры осы жұлдыздардың астында өтіп келеді. Көктегі самсаған жұлдыздар адам баласының, жер бетіндегі тіршілік иесінің бүкіл тіршілігіне куәгер. Айтары көп. Бірақ олар біз емес. Сондықтан да бұл туындымның атын «Мәңгілікке біз ғана куә емеспіз» деп қойдым. Бұл өмірден бай да өткен, кедей де өткен. Жалғанды жалпағынан басқан патша да өткен. Бұл өмірде бәріміз де көшпендіміз. Ойланайық, толғанайық. Өмірді бағалайық», – дейді суретші.
Қ.Айнажаров қазақтың ұлттық ертегісін негізге ала отырып ағашқа ойған бұл туындысын 2015 жылы екі ай көлемінде жасап шығыпты. Орайы келгенде айта кетейік, аягөздік суретшінің көрмесі 30 сәуірге дейін жалғасады. ӨСКЕМЕН