Қаулылардың жобасы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина баяндады. Конституцияның 33-бабы 2 және 3-тармақтарында: «Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар. Соттың әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ» делінген. Ал 41-баптың 2-тармағында жасы қырықтан кіші емес, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, соңғы он бес жылда Қазақстанда тұратын, және жоғары білімі бар республикада туған азаматтар сайлана алады. Сонымен бірге конституциялық заңдар республика Президенттігіне кандидаттарға қосымша талаптар қоюы мүмкін.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес соттылығы бар немесе ол жойылмаған не болмаса заңда көрсетілген тәртіппен алынбаған тұлғалар президенттікке кандидат бола алмайтындығы көрсетілген. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған және осы қылмыспен құқық бұзғандығы сотпен танылған тұлғалар да кандидат бола алмайды. 54-баптың 1-тармағы Президент болып сайлану үшін азамат мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда 5 жылдан кем емес тәжірибесі болуы керектігін талап етеді. Осы баптың 2-тармағында үміткер республикалық қоғамдық ұйым отырысының шешімімен кандидаттыққа ұсынылатындығы жөніндегі хаттаманың көшірмесін, өзінің өтінішін және сайлау жарнасын төлегендігі жөнінде құжаттар тапсырғаннан кейін оның президенттікке кандидат болуға сәйкестігін Конституцияға және осы конституциялық заңдарға сүйеніп, Орталық сайлау комиссиясы бес күнде анықтайды. Өтінішке арнайы формада толтырылған биографиялық деректері, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда істегені туралы ақпараттар қоса беріледі.
Президенттікке кандидат болған үміткер Орталық сайлау комиссиясының есепшотына заңмен бекітілген ең төменгі еңбекақының 50 рет еселенген көлемінде сайлау жарнасын салады. Осы құжаттардың бәрі толық болғанда ғана ОСК оны қарауға алып, уәкілетті органдарға құжаттардағы деректердің растығын тексеруге жедел жібереді.
Уәкілетті органдардан тиісті мәліметтер келіп түскеннен кейін Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңында қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілеу туралы хаттама жасайды. Осы хаттамада Орталық сайлау комиссиясы кандидаттың заң талаптарына сәйкестігін немесе сәйкес еместігін, оның ішінде лингвистикалық комиссияның қорытындысы негізінде мемлекеттік тілді білуін белгілейді. Кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімі Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен айқындалады.
Осыдан әрі баяндамашы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызметін ұйымдастыру туралы айтып берді. Өткен жылы Сайлау туралы конституциялық заңға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларына аудармашы бірге жүруге құқылығы туралы жаңа норма енгізілді. Шет мемлекеттер және халықаралық ұйымдар байқаушылары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынымы бойынша ОСК-де аккредиттеледі. Олар аккредиттеу туралы куәлік болған жағдайда ғана сайлауға байқау жасай алады.
Сонымен бірге 10 сәуір күні Қазақстан Республикасы Президенті кезектен тыс сайлауының Күнтізбелік жоспары жасалғаны айтылды. Оған сәйкес аккредитациядан өту дауыс беруге бес күн қалғанда, яғни 2019 жылдың 4 маусымында жергілікті уақыт бойынша 18.00 сағатта аяқталады.
Кеңейтілген отырыс қорытындысы бойынша ОСК мүшелері журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.