Шаһардағы Жасыл экономика басқармасының өкілдері қолдарына фотоаппарат алып, қала көшелерін жаппай суретке түсіріп отырмақ. Олар тексеріс нәтижесінде анықталған лас жерлердің тізімін әкімдіктегілерге жібереді. Бұл жұмыстар әлеуметтік желілер арқылы да бақыланады. Яғни қай ауданның аумағы барынша таза болса, сол ауданның басшысының жұмысына бес балдық көрсеткіш бойынша жақсы деген баға қойылады. Ал таза қала үдесінен шыға алмағандарға, бұл мәселеге сергек қарауға тура келеді. Мамандардың сөзінше, тексеріс қағазында 13 тармақ бар.
«Оның ең негізгілерін атап өтер болсақ, жолдар мен жол жиектеріне, жаяу жүргіншілер жолы мен арықтардың тазалығына, қоқыс төгетін алаңдарға аса мән беріледі. Себебі қыс бойы қараусыз қалған маңға қоқыс жиналып қалды. Осы бағыт бойынша апта сайын аудандарды аралайтын боламыз. Ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары мен өзен арналарына да жіті назар аударамыз», дейді Жасыл экономика басқармасының бас маманы Александр Сергеев.
Алып шаһар аумағы жыл санап ұлғайып келеді. Ресми мәлімет бойынша қала мен мегаполис маңына аймақтардан жылына 50 мыңға жуық адам көшіп келеді. Алматы Орталық Азиядағы ең көгалды қалалардың тізімінде. Қазіргі таңда мегаполис аумағын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. АЛМАТЫ