• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
14 Шілде, 2012

Ізгілікті қоғам жолы

437 рет
көрсетілді

Ізгілікті қоғам жолы

Сенбі, 14 шілде 2012 7:12

Ол – заңдылықты сақтап, азаматтардың құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою

Кеше Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен Бас Прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының жұмыс қорытындысы талқыланып, алдағы кезеңге арналған басымдықтар айқындалды.

 

Сенбі, 14 шілде 2012 7:12

Ол – заңдылықты сақтап, азаматтардың құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою

Кеше Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен Бас Прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының жұмыс қорытындысы талқыланып, алдағы кезеңге арналған басымдықтар айқындалды.

Алқаның жұмысына орталық аппарат пен Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жө­нін­дегі комитеттің қызмет­кер­лері, ал бейнеконференциялық бай­ланыс арқылы – облыс прокурорлары оларға теңестірілген про­курорлар, облыстық, қала­лық және аудандық деңгейдегі прокуратура қызметкерлері қа­тысты.

Бас прокурор атап өткендей, ағымдағы жылы прокуратура органдары прокуратураның құқық қорғаушылық рөлінің тиімділігін арттыруға, еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға ба­ғытталған Мемлекет бас­шы­сы­ның тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында жұмыс істеді.

Прокурорлардың күш-жігері қа­да­ғалаудың ең маңызды бағыт­тарына, атап айтқанда, анық­тал­ған заң бұзушылықтарды жоюға, кәсіпкерлердің, жұмысшылардың және халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігінің құқықтарын қорғауға, мемлекеттік бюджетті толықтыруға  шоғырландырылды.

Осы мақсаттарда прокурорлар 13 607 тексеріс жүргізді, солар­дың нәтижелері бойынша  303 589 заң бұзушылық анықталды. 425 мыңнан астам азаматтың конс­титуциялық құқықтары қор­ғалды. 29,5 млрд. теңге шығын­ның орны толтырылды, оның ішінде 21 млрд. теңге мемле­кет­тік бюджетке қайтарылды. Тек­серістер қорытындылары бойынша 39 мыңнан астам тұлға әр­түрлі жауапкершілікке тартылды.

Азаматтардың еңбек құқықта­рын қорғау саласындағы жүйелі жұмыс бұрынғысынша басым бағыттардың бірі болып қалып отыр. Прокурорлық ықпал ету шараларымен 54 мыңнан астам жұмысшыға жалпы сомасы 3,6 млрд. теңге көлемінде жалақы бойынша берешектері өтелді.

Қадағалау қызметінің өзекті бағыттары: атап айтқанда, бақы­лаушы органдардың жеке кәсіп­керлік субъектілерін тексеруді жоспарлауы, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқыту­мен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзе­ге асыру барысындағы, әлеумет­тік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметіндегі және экономиканың өзге де маңызды секторларын­дағы заңдылықтың сақталуы мәселелері бойынша тексерістер жүргізілді.

Бас Прокуратура қабылдаған шаралар бойынша қылмыстық қудалау органдарының қылмыс­ты жасыру проблемаларымен байланысты көптеген мәселелер­ді шешуге мүмкіндік туды. Енді қылмыстар туралы арыз-шағым­дар мен хабарларды тіркеудің түбегейлі жаңа тетіктерінің ен­гізілуі бүгінде қылмыс­тылықтың объективті картинасын қамта­масыз етуге және жәбірлену­ші­лердің құқықтарына кепілдік жасауға мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері уақытша ұстау абақтыларынан прокурорлар 668 негізсіз қамалған азаматты, қылмыстық қудалау органда­рының қызметтік ғимаратта­ры­нан 587 заңсыз ұсталған тұлғаны босатты. Оған көбінесе азамат­тар­дың құқықтарын бұзуға тос­қауыл қою, ұсталғандар мен күдіктілерге қатысты қатігездік пен азаптауды болдырмауға ба­ғытталған «Полициядағы кезекші прокурор – азаматтардың құқық­тарын қорғау кепілі» атты пилот­тық жоба көмегін тигізді.

Прокурорлардың наразылығы бойынша мыңға жуық сот актіл­е­рі қайта қаралды және заңға сәйкес келтірілді. Прокурорлық ықпал ету шаралары мен 18,5 млрд. теңгеден астам сомаға сот шешімдері орындалды, оның ішінде 11,2 млрд. теңге мемлекет кірісіне өндірілді.

Прокуратура органдарының қадағалау және талдау қызметі үшін қазіргі заманға сай ақпарат­тық технологиялар көмегінің бел­сенділігі артып келеді. Мысалға, қылмыстар мен оқиғалар туралы арыздар мен хабарламаларды элек­трондық тіркеу жүйесінің көмегімен бүгінде арызданушылар өз өтініштерінің қаралу барысын нақты уақыт тәртібінде бақылап отыруға мүмкіндік алды. Азаматтардың өтініштерінің қаралу барысының айқындығын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық әрекеттерге тосқауыл ретіндегі шенеуніктер мен азаматтардың жеке қарым-қатынасын болдырмауды көздейтін орталық мемле­кеттік органдарда енгізіліп отыр­ған «Айқын» жобасы да осы мақ­саттарға жауап береді.

Құқық бұзушылықтар мен қыл­мыстардың алдын алу, заң­дылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі құқық қорғау және мемлекеттік орган­дардың кешенді жұмысын ұйым­дастыру мақса­тында елордада «Астана – абсо­лютті заңдылық мекені» атты жобаны жүзеге асыру ұсынылды. Бас прокурор ағым­дағы жылдың екін­ші жарты­жылдығында іс-қимыл бағдарла­масын дайындау және осы акцияны практикада сынап көруді тапсырды.

Қадағалаудың өзге де басым бағыттары бойынша прокуратура органдарының оң жұмыс нәтиже­лері атап өтілді. Алқа жұмысы­ның қорытындысы бойынша Бас прокурор облыстардың, Алматы және Астана қалаларының прокурорларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Олардың ең бастылары ретінде азаматтардың, кә­мелетке жастары толмағандар­дың, кәсіпкерлердің конститу­ция­­лық құқықтарының қорға­луын қаматамасыз ету, ұйым­дас­қан қылмыспен, сыбайлас жем­қорлықпен күрестегі, экстремизм және терроризмге тосқауыл қою­дағы прокуратураның үй­лесті­ру­шілік рөлін күшейтуді атап өтуге болады. Мемлекет басшысының елімізді әлеуметтік жаңарту, ең­бек дауларының профилактикасы және олардың алдын алу мәсе­лелері бойынша тапсырмаларын орындау жолында қадағалау ор­гандарының алдында жаңа жа­уап­ты міндеттер тұр, деп атап көрсетті Асхат Дауылбаев.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».