Оқуынан тоқуы көп Қайраттың жетік меңгергені – дала медицинасы. Олай дейтініміз, біз кешегі табиғатпен тұтасып, біте қайнасып кеткен көшпенділердің ұрпағымыз. Дала төсінде еркін жайлап көшкен олардан артық табиғат пен төрт түлік малдың жайын ешкім білген емес, байлық кені де, ауырса емі де сол төрт түлік малы болған. Өзіміз сол халық емінің шет жағасын бала күнімізде көріп, естіп өссек те, дәл осы Қайраттай жетік білдік деп айта алмаймыз. Оған қолымдағы кітаптары дәлел. Қайрат – ел білетін емші ғана емес, бар білген-жиғанын қағазға түсіріп көптің керегіне жаратқан қаламгер.
Қазақ емі – тарихы терең, қатпары қалың, қасиетті ғылым. Бүгінгі таңда қазақ емшілігі әлем ғылымының ең бағалы жетістіктерінің бірі ретінде өз бағасын алып отыр. Оған дәлел қазақ емшілігінің биік шыңы саналатын XV ғасырда өмір сүрген, қазақтың әйгілі шипагер ғалымы, емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабы.
Қазақ емшілігінде пайдаланылатын дәрі-дәрмектерінің көбі төрт түлік мал мен жәндіктерден және минералдардан алынған. Қайрат өз кітаптарында осы жағына кеңінен тоқталады.Бүгінде діни немесе ғұрыптық емшілікті де қазақы дәстүрлі емдеумен жиі шатастырып аламыз. Дәстүрлі емдеу, яғни қазақша емдеу – атадан балаға жетіп, уақыт сынынан өткен ғылыми тұжырымдаманың, тәжірибенің жиынтығы негізінде қалыптасқан, біртұтас үлкен ғылым. Оны діни немесе ғұрыптық емдеу тәсілдерімен шатастыру қоғамда қазақ дәстүрлі еміне кереғар көзқарасты қалыптастырып отыр.
Қайрат бала күнінен небір қиыншылықты көріп өссе де өмір бойы өзін-өзі дамытып ізденіспен келеді. Оның осы табанды, еңбекқорлығы мені қызықтырады. Еңбегінің арқасында толағай табыстарға да жетті. Бүгінде медицина ғылымдарының кандидаты, доцент. Қазақтың халықтық емі мен Батыс емдерін бір арнаға тоғыстыра білді. Адам өміріне араша түсіп, қанша науқасқа жолықса, сонша сұрақтарға жауап іздеді. Қытай, тибет, моңғол, қазақ емшіліктерін жете оқып, өз білімін барынша дамыта түсті. Алған білімін көкейіне ғана сақтамай көптің талқысына салып, әр кезеңдерде ғылыми сараптамалық мақалалары жарық көріп отырды. Міне, бұл нағыз өзіне сенген, біліміне сенген адамның ісі. Қайраттың мақалалары бір себептен өзінің өсу жолының да айқын дәлелі десе болады. Сол еңбегінің арқасында 1997 жылы есімі медицина саласындағы «Әйгілі адамдар» сөздігіне кірді, 1999 жылы Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан «жоғары дәрежелі маман» атағын алды.
Ата қонысы Алтайда туып өскен ол тәуелсіздік алғаннан кейін өз Отанына, қазақ топырағына аяқ басты. Туған топыраққа, өскен өлкеге деген қимастық кеудесіне толса да, мәңгілік сағынышын арқалап көк туын желбіреткен өз Отанына оралды. Бұл да оның отаншылдығын, азаматтығын көрсетеді. Ауруларды көбінесе шөп дәрілермен және қытай, тибет, қазақ емшілік дәстүрлерімен ұштастыра емдеп, бар оқып-тоқығанын іске асырып, қаншама науқастарды аяққа тұрғызды. Ел ішіне аты кең жайыла бастады. Бүгінде елордамызда «Шипалы» емдеу орталығын ашып, халыққа қызмет етіп келеді.Қайрат дәрігерлігімен ғана емес, адамгершілік, адалдық, тазалық сияқты қасиеттерімен де дараланады. Қазағым деп соққан жүрегі, дені сау ұрпақ қалыптастыруға сіңіріп жатқан еңбегі еріксіз өзіне тәнті етеді.
Қайраттың «Қазақ емшілігі», «Арқа төрінде», «Сыр мен Сауыр арасы», «Алтай алыптары» атты кітаптары көпшілікке таныс. Бұл кітаптарда тек қана медицина емес, ел мен жердің тарихы, оны мекендеген адамдар тағдыры жатыр. Еліне, жеріне қызмет етсем деген үлкен жүректі азаматтың арманы жатыр. Кітап сонысымен құнды.
Мәселен, таяуда шықққан «Қазақ емшілігі – төрт түлік мал өнімдері» кітабына Қайрат Айдарханұлының ұзақ жылдарғы еңбектері мен зерттеулері енген. Қазақ емшілігінде ұдайы қолданылатын дәрілер, табиғи емдеу жолдары қарастырылған. Қазақтың халық емшілігі атты ғылыми зерттеп, сараптауды қажет ететін тың тақырыпқа батыл қадам жасаған. Тарихи, этнографиялық жақтан да терең сөз қозғайды. Бұл кітап осы тақырыптағы көп сауалдарға жауап беретін құнды дүние. Ғалым қытай тіліндегі материалдарды да көп пайдаланған. Қытай, орыс, қазақ ғалымдарының зерттеулерін сараптай отырып, өзіндік жаңаша ой қорытып, қазақи емшіліктің терең тамырларына бойлаған. Қазақтың «жаман болады» дейтін ырымдарының астарына ғылыми түрде үңіліп, олардың әбден сүзгіден өткен дүниелер екендігіне көз жеткізеді. Ғылымдағы денсаулыққа теріс әсері бар кейбір тағамдардың зияндығын ата-бабаларымыз ерте кезден білгендігін дәлелдеген. Жылқы мәдениетін дәріптеп, оның денсаулыққа оң әсері туралы да кеңінен тоқталады.
Әлбетте, халық емшілігінің түпкі бастауы – қазақ даласы. Байтақ елдің шипагерлік мұрасына әр зиялы адам қызмет етуге міндетті. Осы арқылы қазақтың ата-бабасынан жалғасып, жинақталған ғылыми құндылығы өз халқына жұмыс істеуге тиісті. Мұны Қайраттың кең дүниеге еркін көз жібергеннен бері ойына түйген ұлы мақсаты екендігі кітаптың әр бөлімінен анық байқалады.
Осыны өз жүрегінен ерте өткізген Қайрат бауырымыз ұзақ жылғы еңбектері мен ізденістерін толықтыра келе, оны бүгінгі күннің озық технологиясымен үйлестіріп, тартымды еңбек тындырған. Кітаптың құндылығы – мүлде ұмытылып кеткен қазақ емшілігін қайта жаңғыртып, ғылыми айналымға түсіргендігінде. Аталған еңбек ұлт үшін үлкен олжа. Болашақ ұрпақ қазақ емшілігінің білгірі Қайраттың бұл қазынасына көз майын таусып үңіліп, дәстүрлі қазақ емшілігін ел игілігіне айналдыратыны сөзсіз. Біз осыған қуандық.Несіпбек АЙТҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты