8 бен 12 жас аралығындағы әнші балалар байқауына сарапшылық еткен қазылар алқасының жетекшісі, опера әншісі Зарина Алтынбаеваның өзі де осындай жауапты сайыстың талайын басынан өткерген. Сондықтан да кішкентай өнерпаздардың бойындағы қорқыныш пен толқуды және оны қалай жеңуді жақсы біледі. Қазылар оралдық өрендердің жауапты сында жанып кетпей, бар талантымен көрінуіне жағдай жасады. «Бала дауысы» байқауы жоғары деңгейде өтті.
Жүзден аса күміс көмей жас әнші бақ сынаған байқауда таңдау 10 жасар Түгелбай Әлімжанға түсті. №4 мектептің оқушысы әдемі дауысымен, сахна мәнерімен және ерекше сезімталдығымен қазылар алқасын тәнті етті. Ол орындаған «Мама» әні тыңдаған жанның жүрек қылын шертіп, ғажап күйге бөледі.
– Байқаудың қорытынды нәтижесі жарияланар тұста қатты толқыдым. Сайыстың продюсері Фарида Ниязова сахнадан менің аты-жөнімді жариялаған сәтте қуанышым қойныма сыймай кетті. Бақыттымын, – дейді кішкентай жеңімпаз.
Түгелбай Әлімжан енді Қазақстанның әр өңірінен іріктеліп шыққан 16 жеңімпазбен бірге «Жұлдызды Арман үйінде» өтетін финалдық сайысқа қатысып, Батыс Қазақстан облысының намысын қорғайды. Байқаудың суперфиналы алдында балалар вокал, хореография және әртістік шеберлік сабақтарына қатысып, сахна өнерінің қыр-сырына үйренеді.
«Бала дауысы – 2019» байқауының жеңімпазы музыкалық оқу орнына арналған білім гранты мен Диснейленд ертегілер әлеміне саяхат жолдамасына ие болмақ. Айта кетейік, «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауын Әлия Назарбаева басқаратын «Жандану әлемі» қоры Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қорының сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Батыс Қазақстан облысы