• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2010

ЯДРОЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БҮГІНГІ КҮННІҢ КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕСІ

1122 рет
көрсетілді

Қарусызданудың отандық үлгісі бүгінгі таңда кім-кімге де болса үлкен өнеге. Және де бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігері арқасында жүзеге асқан үдеріс. Осылайша Қазақстан Президенті ядролық қарусыз әлем құруға өзіндік үлесін қосып келеді. Қарусыздану жөніндегі конфе­рен­ция халықаралық қоғамдас­тық­тың бүгінгі таңдағы бірден-бір көп қырлы форумы болып табылады. Онда қарусыздану мәселелері жан-жақты талқыланып жүр. Осы ретте атап көрсететін бір жәйт – ядро­лық қарусыздану және оны тарат­пау жөніндегі Қазақстан бастамасы әлем елдері тарапынан толықтай мойындалып үлгерді. Пленарлық сессияда сөз сөй­ле­ген Қ.Саудабаев өткен жылдың қарусыздану саласында жемісті бол­ғанын атап көрсетті. АҚШ Пре­зиденті Барак Обаманың ядролық қарусыздық туралы жа­һан­дық саммит шақыру бастамасы көкейкестілігімен ерекшеленеді. Және де бұл Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартты жедел ратификациялауға жаңаша серпін беретін болады. Ал мұндай үдерісті әлемдік қоғам­дас­тық асыға күтіп отыр десек, қате­лес­пейтініміз анық. Осы жерде Ресей мен Құрама Штаттар ара­сындағы аталған саладағы келіс­сөздер үлкен маңызға ие. Қазіргі кезде ядролық қаруды таратпау туралы негіз қалаушы құжат – Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың алдында тұрған кедергілерді жаһандық тұрғыдан еңсерудің маңызы зор, деді осы орайда Қанат Бекмырзаұлы. Бұл ретте алдағы мамыр айында өтетін ядролық қаруды таратпау жөніндегі шолу конференциясына үлкен үміт артылып отыр. БҰҰ Бас хатшысы қарусыздану жөніндегі бес бөліктен тұратын өзі­нің жоспарын ұсынды. Сондай-ақ Ұлыбритания, Франция, Норвегия және өзге де бірқатар елдердің ұсыныстары қызығушылық туғызды. Дүние жүзі бұл бағытта үлкен серпінді істер күтуде және де біз сол үмітті ақтауға тиіспіз. Ядро­лық қауіпсіздік жөніндегі Ва­шинг­тон саммиті мен жоғарыда аталған шолу конференциясы қа­ру­сыздану ісі бойынша шешуші оқиғалар болып табылатыны кү­мәнсіз. Қазақстан саммиттің мақсат­та­рын қолдайды және оған дай­ын­дыққа белсенді кірісіп отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаев форумда сөз сөйлейді деп күті­лу­де. Онда Қазақстан басшысы ядролық қауіпсіздікті бекемдеу бойынша өзінің алдағы кезең­дер­ге көзқарасын ұсынатын болады. Өкінішке қарай, әлем елдері күні бүгінге дейін ядролық қа­тер­ден түбегейлі құтыла алған жоқ. Оның үстіне жаңа ядролық мем­лекеттер пайда болу қаупі бар. Сондықтан ядролық қаруға ие ел­дерге ықпал етудің нақты тетік­те­рін жасау қажеттігі пісіп-жетіл­гені анық. Сонымен қатар, мемлекеттердің Шарттан шығуы­ның алдын алуға күш салу керек. Шартқа қатысушы елдердің өз міндеттемелерін сөзсіз орындауға қол жеткізу де аса маңызы зор мәселе болып табылады, деді осы орайда Қ.Саудабаев. БҰҰ өткен жылдың желтоқсан айында Қа­зақстанның бастамасы бойынша 29 тамызды – Семей полигоны­ның ресми жабылған күнін – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күні деп жариялау туралы қарар қа­был­дағаны белгілі. Әлем елдері осы мақсаттарға сәйкес күш-жігер танытса, нұр үстіне нұр болмақ. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосылған маңызды үлес өткен жылдың наурыз айында күшіне енген Орталық Азияда ядролық қарудан тыс аймақ құру туралы шарт болып табылады. Шартқа қатысушы елдердің 2009 жылдың қазанында өткен алғашқы шолу кездесуі барысында Қазақстан ядролық қауіпсіздікті нығайтудың өңірлік іс-қимыл жоспарын жасауды ұсынды. Ядролық қауіпсіздік жөніндегі алдағы саммит қорытындыларын есепке ала отырып, бұл бастама нақтыланатын болады. Қазақстан сыртқы саясат ведомствосы басшысының пікірінше, жоғарыдағы Шарттың міндеттерін қатаң сақтай отырып және МАГАТЭ-нің бақылауы негізінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудың да перспективалары мол. Бейбіт атомға қолжетімділіктің тең қағидаттылығы ұстанымын жақтайтынын білдіре келе Қазақстан ядролық отынның халықаралық банкін құру туралы идеяны қолдады. Қ.Саудабаев сондай-ақ ядролық қаруы бар елдердің сондай қаруы жоқ мемлекеттерге қауіпсіздік кепілдігін беруді міндеттейтін халықаралық заңдық күші бар құжат жасауға кірісудің қажет екеніне назар аударды. Швейцарияға сапары бағдарламасын қорытындылай келе Қ.Саудабаев ЕҚЫҰ – Еуропа Кеңесі бірлескен консультациялары аясындағы жоғары деңгейдегі кездесуге қатысты.