Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы мемлекеттің таяу жылдарда атқаруға тиісті міндеттерін саралау мен елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталатындығы белгілі. Әйтсе де өмірлік маңызы бар мемлекеттік шара – Жолдауды мәні, мағынасы бөлек жолдама сөзімен шатастырып жүретіндер де бар.
Сондықтан, мемлекеттің келешегі мен бүгінін айқындайтын Жолдауды халыққа насихаттау, мәнін түсіндіру, көп көкейінде жүрген сұрақтардың, күрмеулі мәселелердің түйінін тарқату үшін облыстарға арнаулы делегациялар шығып жатыр. Оңтүстікке келген республикалық ақпараттық-насихаттық топтың құрамында Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай мен Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев бар. Топ-топқа бөлінген насихатшылар ауыл, аудандарды аралады. Облыс орталығындағы опера және балет театрында өткен актив кездесуін облыс әкімі Асқар Мырзахметов жүргізіп отырды.
Жансейіт Түймебаев Елбасының Жолдауында көтерілген мәселелер бойынша нақты жағдайларды баяндады. Экономиканың жеті басты саласын қамтитын жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды саралады. Үкіметтің бағдарламалары, атап айтқанда, “Бизнестің жол картасы-2020”, “Экспорттар-2020”, Өсімдік-2020” және Инвестор-2020” бағдарламаларының мәнін түсіндірді.
Білім және ғылым министрі оңтүстікте атқарылып жатқан оңды істерге де тоқталды. Республиканың әрбір бесінші тұрғынын құрайтын оңтүстікте білім ошақтарына зәрулік бар. “Былтырғы оқу жылында Оңтүстік Қазақстан облысында 23 жаңа мектеп пайдалануа берілді, бұл республика тұрғай, күндей күркіреген Кеңес одағының кезінде болмаған жағдай”, деді министр. Мұның бәрі өздігінен орындалмайды. Облыс басшысының үкіметке осы зәру мәселені өткір қоюының, тиісті орындармен тиімді жұмыс істеуінің нәтижесі, деп сөзін сабақтаған министр облыс басшысының орта мектептердегі бухгалтерияларды орталықтандыру туралы идеясын қолдайтынын білдірді. Түрлі тексерушілердің арадай талайтыны – мектеп. Азды-көпті заң бұзушылықты бүркелемеу үшін мектеп директоры ұстаздарға салық салып жатады. Оның соңы сыбайлас жемқорлыққа соқтыратындығы сөзсіз. Ал, бухгалтерияларды орталықтандыру осындай келеңсіздіктердің алдын алады.
Елбасы Жолдауы не береді деп күту – масылдық пиғыл. Шын патриот көмегін айқайламай-ақ көрсете алады. Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай мәселенің осы жағынан келді. Мемлекеттік гранттар жыл сайын көбеюде. Ол жақсы. Ал, осыдан кәсіпкерлер неге қалыс қалады?! Республикада 170 мың фирма жұмыс жасап жатыр. Осының әрқайсысы бір-бір студентті өз есептерінен оқытуға шешім қабылдаса қосымша 170 студент грантқа ие болады екен. Ғылым мен білім өзін-өзі ғана асырамайды, халықты асырайды. Ата-аналар осыны білуі керек.
“Алдымызда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін халықаралық бағдарламалармен сәйкестендіру, жаңашыл кәсіптік стандарттар енгізу, экономиканың барлық саласын қажетті кадрлармен қамтамасыз ету міндеті тұр. Қазір отандық университеттерге рейтингі жөнінде қатаң талап қойылды. Оқу орындарын халықаралық аккредиттеуден өткізу Елбасының бақылауында тұрған тапсырмалардың бірі. Бізге саннан гөрі сапа маңызды”, деп сөзін түйген Д.Мыңбай алыпқашты әңгімелерге арқау болып жүрген Кеден одағы, мемлекеттік тілге қатысты пайымдауларын айтты. Дүрлігетіндей дәнеңе жоқ, жанды жұмыс жүріп жатыр. Ортақ құндылығымыз – тәуелсіздік. Оның тұғыры мықты болу үшін көп болып қолдау, мемлекеттік бағдарламаларды аяғына жеткізуге атсалысу қажет.
Осындай жақсы әңгіме М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде де жалғасты. ОҚМУ – бүгінде Германия, Англия университеттерімен іскерлік байланыс орнатқан. Жеті мамандық бойынша халықаралық сертификатқа ие болған университеттің студенттері қаласа оқуын шет елде жалғастыра алады. Қос дипломды түлектің өзге мемлекеттерде жұмыс жасауына білім, білігі жетеді.
Білім және ғылым министрі өзінің Лондон университеті профессорымен кездесуін айтып берді. Англияда оқып жатқан шетел студенттерінің қайсысы қабілетті, ынталы дегенде профессор “Қытай және қазақ студенттері” депті. Депті де сөзін әрі жалғапты. “Бірақ, Лондон кафе, ресторандарында қазақ студенттері қытай студенттеріне қарағанда көбірек отырады”. Қазақ студенттерінің қабілеттілігіне дау жоқ. Халқымыздың дархан пейіліне сай тойшылдықты сәл кейінге ығыстырса, қазақ баласының тұлпары озғалы тұр-ау.
Лондон профессорының айтпағы осы болған шығар...
Оңтүстік Қазақстан облысы