Сенбі, 15 қыркүйек 2012 7:45
Сырағаң… Ақын Сырбай Мәуленов!Ақын ағамен мен кештеу таныстым. Алматыға келгенімізге бір жыл болып қалған, бәлендей көп таныс жоқ. Көбіне Ғафекеңнің (Ғафу Қайырбеков) үйін төңіректейміз, ағайын дейтіннен кешегі қуғын-сүргінде адасқан қаздай елден кеткен Шәрипа апайымды тапқанмын. Ол 28-ші жылдары қуғындалған Аманкелдінің белді сардарларының бірі сартымақ Омардың қызы болатын. Оқу іздеп келген ауыл балаларына қамқор бола білді де.
Сенбі, 15 қыркүйек 2012 7:45
Сырағаң… Ақын Сырбай Мәуленов!Ақын ағамен мен кештеу таныстым. Алматыға келгенімізге бір жыл болып қалған, бәлендей көп таныс жоқ. Көбіне Ғафекеңнің (Ғафу Қайырбеков) үйін төңіректейміз, ағайын дейтіннен кешегі қуғын-сүргінде адасқан қаздай елден кеткен Шәрипа апайымды тапқанмын. Ол 28-ші жылдары қуғындалған Аманкелдінің белді сардарларының бірі сартымақ Омардың қызы болатын. Оқу іздеп келген ауыл балаларына қамқор бола білді де.
1957 жылдың көктемінде ақын Шәміл Мұхаметжановтың тұңғыш баласы Алмат дүниеге келді. Сол шілдеханада болғаным бар. Әдебиетші қауыммен ұшырасқаным да осы жолы. Бізге бәрі қызық, тойды атқарыстық. Ұмытпасам Зейнолла Қабдолов ағамыз (кейін ұстазымыз болды) ол кезде «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Шамағаң да сол «Жұлдызда» қызметте ғой деймін. Өңшең бір жас ақын-жазушыларды Зекең бастап келгені есімде. Айтайын дегенім бұл емес, сол тойға Сырағаң қатыспады. Шамағаң да, шешесі Бибі әжеміз де елеңдеумен болды. Тек ертесіне сәскеге қарай Сырағаң Күлжамал жеңгеміз екеуі кіріп шықты. Сырекең естіп жүрген Сырбайға ұқсамайды, бып-биязы. «Қарағым, айналайын ақтөбелік, қолыңдағы арақты қақ бөлелік» деді дейтін Сырбай Мәуленов емес, моп-момақан. Бақсақ Сырағаң басына сол тұста бұлт үйіріліп, ұлтшыл деген айып тағылып жүрген кезі, жұмысынан да босаған. Ағамыз сонда бар болғаны 35 жаста ғана екен. Сырағаңды алғаш көруім осы.Арада біраз жылдар өтіп, университетті тауысып, «Қазақ әдебиетінде» қызмет істеп жүрген болатынмын. Бірде редакцияға Сырағаң кіріп келді. Бөлмеде жалғыз өзім, оңашалықты пайдаланып, газеттің келесі санына кететін бір мақаламды жазып отырғанмын. Жаңа туған бұзау жолбарыстан қорыққан ба, «Жұлдыздың» бас редакторы келді-ау деп, бәлендей, елпілдей қоймасам керек, Сырағаң ренжігендей:– Әй, бала, – деді, – үстелден басыңды көтер. Басқа жігіттер қайда?– Осы маңайда жүрген болар, – дедім орнымнан ұялшақтай көтеріліп. Үлкен кісіге сәлем беру де ойдан шығып кетіпті. Қайтерсің, мінез ғой. Соны байқады ма, Сырағаң:– Сәлеміңді келесі жолы берерсің. Кісінің кісіге должник болып жүргені жақсы, – деп есікке қарай берді де қайта бұрылып. – Айтпақшы, Аманкелді мен Ыбырай туралы мақала жазып жүрген осы сен баласың ба? – деді.– Иә…– Енді не жазып жатырсың?– Мақала.– Не туралы?– Ауыл өмірі. Биыл Торғайда өзен-көл қатты тасыпты. Сөйте тұра шабындық жоқ, жер қу тақыр, тасыған су жайылымға шықпаған.– Демек, ел су ішінде сусап отыр десейші?– Иә, солай…Сырағаң шығып кетті. Мен жалма-жан ақын аузынан шыққан сөзді қағып алып, мақаламның тақырыбын «Су ішінде сусағандар» деп қойдым. Ешкім өзгерткен жоқ. Мақала да жарық көрді. Сырағаңмен бір кездескенімде: «Мақалаңның аты да, заты да жақсы екен», деп жылы жүзбен қолымды алды. Сол жылылық кейін ет жақындыққа, ағалы-інілі боп кетуімізге, мол бауырмалдыққа бастады.Жетпісінші жылдардың басында Сырбай Мәуленов «Қазақ әдебиеті» газетіне екінші рет бас редактор болып оралды. Алғаш 1954 жылдары отырыпты. Сырттай жауар бұлттай боп көрінгенмен Сырағаңның іші жып-жылы кісі екен. Алғашқы лездемеде-ақ бас редактор өзінің бағыт-бағдарламасын бірден ақтарды. «Газетке мінез керек, – деді ол. – Бұл сөзді Мұхтар Әуезов осы біздің газетке арнап айтқан. Мінезді болайық. «Қазақ әдебиеті» жазушылардың газеті. Демек, бағыт, мақсат айқын. Қалған жердегі шаруа өзімізге байланысты. Бұл деген сөз – редакция қызметкерлері табанды, батыл, байсалды, рухы күшті, қиялы ұшқыр болуы керек деген сөз. Пікір бүкпесіз болсын, шыншыл болайық. Газеттің тірегі – оқушысы. Оқушымыздың алдында ағымыздан жарылсақ қана оларды баурармыз. Тырнақ астында көп кір бар, соны алайық, әдебиетіміздің айнасы бола алсақ – абырой сонда».Сырағаң өстіп бірде аспандай, аспанда ойнаған жасындай жарқылдап, бірде жерге түсіп, редакция ұжымының жанына жақын, жүректеріне сенім ұялата, үміт сәулесін құя сөйледі де: «Күнде үгіт айту мезі етеді. Әрі ақын адамға мылжың болу жараспайды. Сондықтан сөз қысқа да, нұсқа болуы керек, енді іске кірісейік, ағайын», – деп лездемені таратқаны есте. Ақын редактор сол сөзінде тұра білді. Сырағаңмен қызметтес болған күндер-ай, қамшының сабындай қысқа өмірі-ай, қалай тез өтіп кете бардың. Жыл дегенің жылғадан аққан су екен-ау…Сырағаң көп жазатын, өндіре жазатын. Таңғалатынбыз. Машбюродағы Рая Дугашева апайымыз, Әмина Мусина апайымыз, кейінірек, Алтынкүл қарындасымыз үшеулеп Мәуленовтің жазғандарын басып үлгермейтін. Сырағаң өлеңдерін ғана қолмен, ал қалған қара сөздерін түгелдей машинкаға ауызша айтып тастаушы еді. Сонда құйылып, ағылып отыратын, таусылмайтын газетшілігі аңыз еді.Бір жолы… иә, бірде Сырағаң маған машинкадан шыққан қалың бір қолжазбаны оқып шығуға берді. Оны өзі оқымапты, әріп қателері болса қарарсың деген. Әрі-беріден соң жалыға бастадым білем, қолжазбаның ішіндегі «Обкомның терезесі» дейтін өлеңді оқыдым да, ал кеп күлейін:«Обкомның терезесі,Ұқсайды аспанның ақ нұрына,Қарайды көзілдіріксізАдамның тағдырына…»Өлең осылайша кете барады. Мен қолжазбаның тұсына: «Обкомның терезесі алдыңғы планға шығып кеткен», деп жазып, қолжазбаны әрі қарай оқымастан, өзі жоқта жұмыс столына апарып қоя салғанмын.Арада әжептәуір уақыт өткен. Сырағаң салқындау. Бір күні қолыма бір бет қағазды ұстата салды. Бір шумақ өлең:«Мұнар жапқан таулардың да жаны бар,Сұлап жатқан тастардың да қаны бар.Бұл өмірде жансыз жатқан бір зат жоқ,Әрбір заттан тірлік оты табылар».Отыра қалып:«Иә, иә, бәрі рас, тек ақын айтса –Мұнар жапқан таулардың дажаны бары рас,Сұлап жатқан тастардың дақаны бары рас,Бұл өмірде жансыз жатқан бір зат жоқ,Әрбір заттан тірлік оты табылар, рас, рас», – деп Сырағаңның өз өлеңін бұрмалай, өз тарапымнан «рас» деген сөз қостым да:«Тек, тек«Обкомның терезесіАқылменен шешеді істің түйіндерін» деу қате,«Обкомның терезесі жарық шашыпҚарайды жүрегіне дүйім елдің», –Дегеніңізге де қосылуға болмайды», – деп жақшаның ішіне «Айса ұйқас» деген белгі қойып, ақынға апарып бердім.Сырағаң жылдам көзілдірігін киіп, оқып көрді де:– Кет айда, Тұманбай дұрыс жасаған. Егер ол саған кезінде «ақындық» мандат бергенінде сен Әбулақаптан да асып түскендей екенсің, – деді күліп. – Құдай қалай сақтаған?..Ол орнынан көтеріле берді, мен зыта жөнелдім. Сырағаң көзілдірігімен сүзе қарағанда сұсты болып кететін. Әлгінде: «Тұманбай дұрыс жасаған», дегенде, мен бір жолы Сырағаңа өзімнің де «әу бастан қара жаяу» болмағанымды, жазуды өлеңнен бастағанымды, жазғандарымды Тұмағаңа оқытқанымды, ол кісінің мені салған жерден тежеп, менен ақын шықпайтынын айтып тоқтатқанын сыр ғып баяндағанмын. Соны алдыма тартты. «Өзіме де сол керек, нем бар еді, Сырағама сүйкенетін…» деп, жұмыс орныма кеп отыра бергенімде ұзатпай соңымнан қуып жетті. Кейпінде ашу жоқ, жайдары.– Шынында да өлең қиын жазылып жүр, тақырып та ұсақтап бара ма, – деп қарсы столға отырды. – Өткенде Евней (Букетовты айтып отыр) де сынады. Магнит туралы өлеңдерімді оқыған екен. Кей жерлерінде технологияға ұрынғанымды айтты. Өлеңге техниканы түсіру қиын ғой…– Сыраға, менікі сын емес қой, жай бір… – дей бергенімде, ол:– Жә, бәрі дұрыс, «жаман өлең жақсы өлеңді асырайды» деп, Қасым да айтқан. Сол Қасымды көзінің тірісінде туған-жерін жан-тәнімен, жүрек қанымен жырлағаны үшін көп қудалады ғой. Бір рет маған: «Жаным қалар ма екен деп, жаланың аузына құм құйылар ма екен деп, екі ай бойы тырп етпей үйде отырып Сталин туралы поэма жаздым. Бірақ оның өзі де менің қарсыластарыма қалқан бола алмай ма деп қорқамын», дегені бар. Сол айтқандай, біздің соңымыздан да біраз қыбыр ерген, «ұлтшыл» дегенге дейін барған. Ленин, партия туралы жазсақ осы реттен. Ара-тұра бұл тақырыпты да қаузап қоймасаң болмайды… Айтпақшы сен менімен бірге жүрші, ұмытып барады екенмін, Евнейдің хатын берейін, – деп, ол мені енді кабинетіне бастап жүрді.Хат шынында да менің атыма жазылған екен. Сырағаңнан алуға ұмытып кетіппін. «Қарағым Қоғабай, – деп бастапты, – Евней аға. – Сіз Қанекең (Қаныш Сәтбаев) жөніндегі жазғанымды ескерткен екенсіз. Соған кәдімгі өз бастығыңыз Сырағаңыз кінәлі. Ол кісі Қанекеңнің бәйбішесі Т. А-мен (Таиса Алексеевна) бір емханада емделеді де, үлкен кісінің өмірбаянын тек Евней жаза алады деп дәріптейді. 1971 жылы Қанекеңнің бәйбішесі бұрын бейтаныс мені шақырып, өтініш айтуы осыдан басталады», – деп жазған. Газет қызметкері ретінде Евней ағаға Қанекең туралы мақала жазуды өтінген хат иә, ойда-тын. Сырағаңның қытығына тиген «әзіл» де квита болды.1974 жылы менің «Қараша қаздар» дейтін кітабым жарық көрді. Соның сүйінші данасының бірін Қайнекей ағаға жазып бергенмін. Қайнекең кітабымды тез-ақ оқып шығыпты да Сырағаңа телефон шалыпты.– Мына кедей ерледі, – депті ол. – Біз тайсақтап атын атауға бата алмай жүргенімізде, титімдей бала аталарының атын айдай әлемге бірақ-ақ шығарды. Өзі пәле екен.– Кімді айтып тұрсыз, Қайнеке?– Ана баланы…– Қай бала? Түу, Қайнеке-ай, тұспалдауыңызды қоймайсыз. Өзі күн ыстықта адамды осылай қинарсыз ба?– Кетші әрі, қызталақ? – деп Қайнекей ағамыз тіктеніп, телефонды тастай салыпты. – Сендерге бірдеме айтайын десе бәлдене қаласыңдар, түге.Сырағаң телефонды іле өзі шалыпты. Бірбеткей Қайнекей енді телефонның құлағын көтермей қойса керек. Осының бәрін Сырағаң қызық қып айтып күлетін.– Ой, Қайнекең де тентек қой, сәл нәрсеге қыржиып телефонды тастай салған. Өзі саған әбден құлаған, – деді. – Ол кісіге ұнау деген, пәлі, қиынның қиыны.Ұзамай кітабымды Сырағаң да оқып шығыпты. Пәлендей мақтаған жоқ, бірақ тақырыпқа іш тартты ма, тұспалдап әңгіме айтуы көбейді. «Сарбаздар» дейтін повесімде Аманкелдінің өлімі, ол кезде «алашордашыл» деп жүрген қазақтың зиялыларының өмірі сөз болатын. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов өз аттарымен аталады. Аңғарған кісіге бәрі айқын, сол жылдардың деңгейімен өлшегенде бұл да ерлік. Авторлық позицияда алғашқы сәуле – нышан – нысана дегендер болады, соны бірте-бірте аңғарту пиғылы бар. Осыны литодан бір өткізіп алып, ілгері жылжуды мұрат тұтып жүрген кез ғой ол тұс. Сырағаң кітаптағы идеяны түсіне қойған екен де, енді, ол қолтықтай жөнеліп сөйлесетін әдет тапты. Байқаймын, сақтана сөйлейді. Ақаң мен Жақаң әбден ақталғанынша бұл кісілердің атын тура атап көрген емес. Ыңғайында, «Ақаң», «Жақаң…», «Ақкөлде болдың ба?» – дейді Сырағаң. «Болдым». – Ақкөл көл-ақ қой. Ұзындығы 60, көлденеңі 20 шақырымдай. Ақкөл секілді Венгриядағы Балатон көлін теңіз деп атайды. Торғай даласының аумақты атырабын алып жатқан Ақкөл теңіз деп атауға тұрарлық көл. Ақкөл қойны шежіреге де толы…– Өткенде Ақкөл туралы айтпадым ба. Міне, осы Ақкөл Аманжолдан тараған Үмбетей батырдың руына ертеден қоныс болған… Оның жеті әйелі, әйелдерінің ішінде үш қалмақ қызы болған. Сол Үмбетейдің Адалбай деген баласынан Таңбай, одан Шошақ тарайды… – Сырағаң осы жерден әңгімені үзеді.– Шошақтан Байтұрсын, Байтұрсыннан Ахмет – Ахаң тумай ма?– Иә…– Сенің кітабыңдағы уезд начальнигі Яковлев бар емес пе, міне, соның басын жарған кісілерді білемісің? – дейді ғой…– Дұрыс. Білсең болды. – Әңгіме осылай тақ-тұқ аяқтала салады.Кейін бәрі орнына келгесін Сырағаңның да іш-құса сыры жүйе-жүйеге түсіп еді-ау… Бұл тұста Сырағаңа және бір сырлас інісі қосылыпты. Тіл маманы Сейітбек Нұрханов екеуі ертелі-кеш тарихтың небір құпия қатпарын ақтарады екен. Энциклопедиялық білімі бар дейтін Секең Сырағаңды, Сырағаң Секеңді байытып, ағайынды екеуі астанадағы бірде Абай, бірде Шоқан ескерткіштерінің маңайынан табылар еді. Жарасқан қос жұп жай басып, шүйіркелесе әңгімелесіп келе жататын. Сырағаң «Сейітбек маған соңғы жылдары табылған үлкен олжа болды. Өзінің білмейтіні жоқ. Оқыған-тоқығанын есте сақтау жағынан алдына жан салмас», – деп отыратын. Жаңа қырынан ашылған ақын әбден батылданып:«Аллалап ну қарағай шулай-шулай,Төменде толқын өлді тулай-тулай», – деп енді Мағжаннан ағытады. Бірде Ахаңнан, бірде Жақаңнан түйдек-түйдек тастайды, мүдіруді білмейді. Мұндайда ол ертегінің Гераклына ұқсап:«Өткен-кеткен қасиетін бабалардың,Дүние енді таниды мен арқылы», – деп, өзін жани түсетін де:«Жарқылдап найзағайдай ар-намысым,Күңіренем сөніп қалған арман үшін.Мен жүрмін электрлі бағандармен.Солардың шоғын үрлеп жалғау үшін», – дейтін.Өзіне қатаң талап қоятын Сырағаң: «Оқуым аз», – деп отырып, «е-е, тәйірі» дейтіндердің талайының қалпағын теріс кигізіп жіберетін. Сөзге де, жырға да ұста ақын тапқыр-ақ еді. Жазушы, драматург Қапан Сатыбалдин Сырбай Мәуленовтен:– Пьесада төрт қазақты өлтіргеніме қалай қарайсың, осыным артық емес пе? – деп сұрапты. Сонда Сырағаңның:– Қапеке, бүкіл қазақты қырып тастасаңыз да еркіңізде ғой, – деп жауап бергені, не Жамбыл облысына барғанда бір ақын інісі:«Сыр-аға, отырайық өлеңдетіп,Әр жолын өлең сөздің көлемді етіп», – дегенде Сырағаңның:«Өлеңді жеңіл-желпі айта салып,Бағасын не қыламыз төмендетіп», – деуі, тағысын тағылар, жалпы Сырағаң айтыпты деген афоризмдер ел аузында өте мол.– Ал көне аңыздай күңіреніп, қарлыққан ащы дауысымен қара жерге қақ болып ұйыған тұстары ше? 1973 жылдың күзі. Баку қаласында Насимидің 600 жылдығы өтіп жатты. Тойға Азия-Африка жазушыларының Алматыда өткен конференциясына қатысқан қонақтар ұшып барған. Көшбасшымыз Москваның үлкен ЦК-сының өкілі Беляев деген. Ол Насимидің туған ауылында сөйлеген сөзінде: «Біз осы тойға Қазақстаннан келеміз, бірақ еш жерде дәл сіздің елдей ақыны көп ел жоқ», – деп қалғаны. Сырағаң түнеріп кетті. «Өй мынау қайтеді? Не деп тұр өзі? Қап. Кеше ғана бізді мақтап еді, мұның қай сөзіне сенерсің?» Бозда тасыған боз інгендей булыққан толағай ақын даланың құйынындай құйқылжып, өзіне кезек келгенде ЦК-ның өкілі екенсің демей: «Әлгінде Беляев жолдас бір тауды көтеру үшін бір тауды аласарта сөйледі. Бұл қате пікір», – деп алды да:«Сәлем, Баку қаламсың,Өмірімде сан болған.Құшағыңа аларсың,Көңілімде жоқ алаң.Низамиден жыр ұққанСәлем саған Абайдан.Тойыңа кеп тыныққанСәлем Қасым ағадан.Ән салғанда тауда су,Күй шертеді даласы.Сәлем саған жан Баку,Ақындардың қаласы», – деген жыр жолдарын оқи жөнелді де, сөзін аяқтады. Ақын айтқанда ақын қала дүрліге қол соқты. Мінбеден түскенде өзбектің Мінтемір дейтін ақыны: «Алдаспаным-ай!» – деп, Сырағаңды бауырына қысты. Мұндай мысалдарды Сырағаңның жанында жүріп, көп көрдік. Көбінің куәсі болғанымыздың өзін айту да парыз.Эмиль Золя 37 жасында романдарын жазуға отырған екен, газеттің қара жұмысымен уақыт өте барыпты. Жас 37-ге келіп қалған. 1977 жылдың күзінде мен де «Қазақ әдебиетіндегі» жұмысымды тастап, жазу столына отырдым. Бір күні түс әлетінде үйге телефон түсе қалды. Арғы жақтан Сырағаңның дауысы естілді.– Әй, бала, – деді ол, – сен осы ақын Кәкімбек Салықовты танисың ба?– Жоқ…– Онда сен тездетіп осында келе қал, «Жетісу» қонақ үйіндеміз, 520-шы люкс.Айтқан адреске келсем ағаларым көңілді. Сырағаң:«Жалғыз тауда жоқ дейді жалғыз бауырым,Ауыл жаққа жасқанып жүрмін баруға», – дейтін «жасқаншақ» ағаң мынау, – деп Кәкеңді нұсқады. – Еліне Сәбең (Сәбит Мұқановты айтқаны) бастап баратын болғанда Мәскеуге тартып отырған, ісі жаман.– Иә, ондай болған, – деген Кәкімбек ағамыз құрақ ұшты. – Кел, шырақ, төрлет. Сырттай естуім бар, атыңды білемін.– Әкесі үшін кен қопарып, анасы үшін ақын болып жүрген бұл ағаңа екінші мәрте Мұқаңмен (Мұхамеджан Қаратаев) барып орнын және сипап қалғанбыз. Әйтеуір, Жәлел болып, оған да тәубе. – Сырағаң ерке сөйлеп тұр.– Бәріне ЦК кінәлі, Сыреке, – дейді Кәкең сыпайы жымиып. – Табан астынан шақыртып алғаны…– Айыбыңды мойындасаң, мына баланы еліңе апарасың. Ұлытауды тегіс аралат. Аманкелді жайлы роман жазып жатыр. Көрсін бәрін, – деді.– Әбден болады, Сыреке.Сырағаңның үстемелете жөнелгенінен қысылыңқырап барамын.– Сыраға-а…– Жоқ, сен Ұлытауға баруың керек. Тіпті осы жолы бар, өзімен ере кет.– Мәселе шешілді, – деп енді Кәкең дастарқан басына шақырды. – Кәне, таныстық үшін…Сол күні Сырағаң Кәкімбек ағаны біздің үйге ерте жүрді. Әдемі бір отырыс болды-ау деймін. Сырағаң затында бір істі бастаса қоймайтұғын, жан-тәнімен кірісетін. Ауық-ауық телефон соғып, тіпті дегбіріңді алатын. Сондай елжіреп тұрады, иілген кемпірқосақтай көңілі сәуле шашушы еді. Сырағаңның жеделдетуімен Ұлытау өңірін аралап қайтқан сол сапар әлі есте. «Заманақырды» жазғанда көп пайдасы тиді. Қос ақынға да мың алғыс.Бір штрихты айта кетпеске болмас. Ненің реті, әйтеуір, той. Бір топ ақын жазушы іргедегі Жамбыл ауылына бардық. Қайран қазақ той десе жайып тастамай ма, кеңшілік, рахатқа батып, кешкісін қайтатын болдық. Көңілдіміз. Бірге барған Ахат Жақсыбаев екеуміздің жұбымыз жазылмай көп автобустың біріне келіп жайғасқанбыз. Өзімізбен-өзіміз. Ахат әзіл айтып отырған. Үстімізге Сырағаң мен Сейітжан Омаров келіп кірді. Орынның көбі бос болса да, Сейітжан Омаров:– Қазір түсерде ыңғайлы болсын, сен екеуің бізге осы алдыңғы орындарыңды берсеңдер қайтеді? – деді. Елгезек Ахат бірден ұшып тұрып:– Жарайды, жарайды, отырыңыздар, – деп жатыр. Ойымда ештеңе жоқ, мен:– Осы шалдардан-ақ құтылмай қойдық қой бүгін. Әлгінде біреуі киіз үйден орнымыздан тұрғызып жіберіп еді, енді… – дей бергенім сол екен, Сейітжан аға:– Өй, мына баланың өзі қиын екен ғой. Немене бізді көпсініп жүрсіңдер ме, кетерміз ертен-ақ. Жерлерің кеңір, – деді ренішін білдіре. Ахат менің қолтығымнан көтеріп жатыр.– Тұр, тұр, ұят болды. Жүр, арт жаққа барып отырайық,..Сырағаң жақтырмай бір қарады. Ештеңе дей алмадым, болары болды, айтқан сөз атылған оқ. Үлкен кісі көңіліне алып қалды. Сырағаң кейін бір әңгімеде: «Кейде бала, кейде дана мінезің бар екен сенің», – деді. Оның бұл сөзі қазір маған сабақтай болып естіледі.Жіпке тізе берсек, Сырағаңның дәрісі көп. Ол менің ата тегімді сұрамапты. Бар білетіні шопыр Құлеттің інісі дейтінді естиді екен. Иә, Торғайда «Құлет шопырдың» болғаны рас, атақты шофер еді, ел табанындағы алғашқы шоферлардың бірі болатын. Ертеде «шофер» атаулыны қазіргі космонавтан кем көрмейтін, санаулы кезі. Содан да есте қалады ғой. Сырағаңның мені тануы осы соңғы сапарда болды ғой деймін. Ақынның 70 жылдығын тойлауға елге барғанымызда «Ақкөл» кеңшарында – Аңсағанның орнына дұға оқыта кіргенімізде (Аңсаған Қоңқабаев дейтін елдің аяулы азаматы еді, өмірден жас кетті), соның үйінде Кәрім Мұстафин ақсақал жолықсын. Аудан әкімі Жақан Қосабаев қарияға Сырағаңның тойына астанадан келген қонақтарды таныстырып, кезек маған жеткенде, аты-жөнімді атады. Кәрім ақсақал елең етіп:– Жақан балам, сәл тұра тұршы, кім дедің? Алматыда ертедегі атақты түйе балуан Сәрсекейдің баласы бар, өзі жазушы деп естуші ек. Бұл жігіт сол боп жүрмесін? – деді.Жақан:– О жағын қайдам, әйтеуір, біздің білетін ағамыз осы кісі, – деді. Кәрім ақсақал маған бұрылды, жұрт та елең етті.– Иә, ата, мен сол кісінің немересімін.– Сәрсекеңнің қай баласынансың?– Сәтмағанбетінен.– Алда, айналайын-ай, балуанның ұрпағы екенсің-ау, жарықтық атаңды көріп едім, әкеңді де білем. Қолыңды алайын. – Кәрім ақсақал орнынан қозғалғанда, мен де атып тұрдым. Үлкен кісі қолымды қысып, бетімнен сүйді. Атаны, тіпті әкені көрмей өскен мен толқып-ақ барамын… Сонау 1931 жылдары дүниеден өткен атамды жадында сақтаған, соғыстан оралмаған әкемді білетін де жан бар екен-ау?..Кәрім ақсақал әңгімені де жақсы айтады екен, өзі ертеректе мұғалім болыпты. Жасы сексеннен асса да сөзі ширақ әрі қайратты. «Сартымақ Жұмабайдың «Жұмабайдың бес қасқыры» атанған бес ұлы болды. Олар: Бейсенбай, Дүйсекей, Тәкетай, Сәрсекей, Сентай. Соның Сәрсекейі – түйе балуан да, Сентайы – егіз балуан еді», – деп қайырды Кәрім ақсақал сөз кезегінде.Осы әңгімеге Сырағаң ерекше ден қойды. «Е-е, өзіңді жаңа білдім-ау», – деп Ақкөлге шомылған кезімізде қайта-қайта қасына шақырып алып, жанынан ұзатпады. Сөйткен құймақұлақ аға, қайран Сырекем. Бәрі әдемі басталып еді-ау. Ел қандай, көңіл қандай. Ықылас ше?«Тағы да жаным бір қунап,Кеземін Торғай даласын.Көкірегімде жыр тулап,Жұтамын жұпар ауасын», – деп, барып-ақ едің, туған жерге. Қуанғаның да рас. Торғай даласын кездің де. Көкірегіңізде жыр тулап, жұпар ауасын жұтқаныңыздың да куәсі болдық. Әттең, әттең, дүние, сол бір көлік апаты. Қостанайға бет алғандағы жол. Өзі сан өткен жол. Алдаспан ақын сол жолда жан жары Күлжамал екеуі қансырап жатты. Алла сақтасын, айту да, жазу да қиын, қол жүрмейді. Дәрігерлер құдіретті екен-ау. Еңбек әне, дәрігерлердікі! Бұлардың жеп жүрген наны адал екен. Той сапарында сапарлас, мамандығы дәрігер, келіншегім Гүлбаршын сол жолы үлкен қайрат көрсетті-ау деймін, тілегендей Сырағаң тойына ғайыптан келе қалған Қостанайдың атақты оташысы, сол кездегі халық депутаты Ысқақ Есіргепов болмағанда жағдайды болжау қиын-ақ еді. Қос дәрігер түнімен кірпік қақпай, ауыр жарақат алғандарға алғашқы көмек көрсетіп құрақ ұшқандарын көз көрді. Сырағаң мен оның бәйбішесі Күлжамал жеңгейдің қатты зақымданған қас-қабақтары тігілді. Дәрігерлер операциялардың бәрін және наркозсыз жасады-ау, адам жаны не деген сірі. Ертесіне санавиация да уақытылы жетті. Жаутаңдап дала қалды, көз жасын сүртіп ел тұрды.Әйтеуір, ақыры қайыр. Көп тілеуі шығар, шығын жоқ. Сырекең мен Құлекең Алматыға оралды. «Уһ!» – дегенбіз.Ақынның «Жұлдызды жүрек» дейтін бір жинағы «Кент тауына кетіп бара жатырмыз» дейтін өлеңімен аяқталатын. «Не тау?» деп ойлап қоятынмын іштей.«Кент тауына кетіп бара жатырмын,Аспан бейне қатып жатқан жалтыр мұз.Кент тауына кетіп бара жатырмын,Сары дала, сары самал салқын күз».Астар бар сияқты осы өлеңде. Ақын нені меңзеген? Жұмбақ. Әйтсе де, жүрек бәрін сезеді… 1993 жылдың 12 ақпаны. Сырағаң нашар жатыр деген хабарды естісімен реанимация бөліміне жеткенмін. Медициналық тәртіптің қатаңдығына қарамай, әйтеуір, әрең дегенде палатасына кірдім-ау. Қасымда сол бөлімнің дәрігері Күлшат Қайырбекқызы. Сырағам сұп-сұлық, көзі жұмулы, көкірегі сыр-сыр етеді, ерні кезерген.– Сырбай Мәуленович-ч, – деп дауыстайды қасындағы дәрігері. Дыбыс бермеді.– Мәуленович-ч,..Әлден уақытта Сырағаң көзін бір ашты-ау. Есі өзінде екен.– Сізге бауырыңыз келіп тұр.– Ә-ә-ә, – деп қыр-қыр етті Сырағаң. – Кім-м бұл-л?Жақын келіп қолын сипадым, мұп-мұздай. Жаралы қолын жансыз деуге болады, көкпеңбек.– Мен ғой, Сыраға, Қоғабаймын… – Үнсіз, ұзақ қараған ол, бір кезде бар күшін жинағандай болып:– Ә-ә, – деді. – Ризамын, қалқам-м…Бұдан кейінгі сөзі үзік-үзік шықты.– Бә-рі-не сә-ле-м…Дәрігер маған шығуға белгі берді.– Жә, дем алсын, қажыды.Ұзамай Сырағаңның суық хабары жетті. Күн ақпанның 13-іне қарапты. Дала ала құйын, көңіл жүдеу. Жүрек жылап тұр. Төңіректің бәрі шыр айналып бара жатқандай, жан-жағым сары сағым, сап-сары бір дүние. Осылардың арасынан бір көш көрінгендей болды. Бағыты – тау жақ. Алыста ақ сәулелер шашылғандай. Ақын өлеңі тілге және оралды.«Кент тауына кетіп бара жатырмын,Сары дала, сары самал салқын күз…»Жылдар өтіп жатыр. Өмір-дүние өз заңымен ағуда. Бұл күнде Сырағаңның атында көше, елді мекен бар, мектептер ақын атын иеленді, Алматыда өзі тұрған үйге ескертіш-тақта қойылды, кітаптары шығып жатыр. Әттең дүние, бұл жалғанда кім мәңгі тұрған, өзі бүгіндері арамызда жоқ, алдаспан ақын тірі болғанында осы күндері 90-ға келер еді, халқы жыр дүлдүлінің мерейтойын тойлар еді…Көңілдегі бар жұбаныш – Сырағаң есімі ел есінде, ол – халқымен бірге жасайтын ақын!Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ,жазушы.
Алматы.