• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
03 Қазан, 2012

Әдебиеттің әділ қазысы

628 рет
көрсетілді

Әдебиеттің әділ қазысы

Сәрсенбі, 3 қазан 2012 7:22

Асыл бейнесі, абзал есімі туған халқының жүрегінде көмескі тартпай, жарқын күйінде сақталып қалған ардақты арыстарымыздың бірі Ілияс Омаровты еске алсақ, көңілімізде алдымен «азамат», сосын «қайраткер» деген екі сөз егіз ұғым болып дәйім қатар аталады. Ілекең осы сөздің асқақ мағынасында алдымен азамат болатын. Сол азаматтық борышын барынша терең сезініп, өз бойындағы қабілет-қарымын қоғамдық дамудың ең зәру қажеттеріне қалтқысыз, қапысыз жарата білгендіктен де үлкен қайраткер дәрежесіне көте-ріліп, халқының қадір-құрметіне бөленді.

 

Сәрсенбі, 3 қазан 2012 7:22

Асыл бейнесі, абзал есімі туған халқының жүрегінде көмескі тартпай, жарқын күйінде сақталып қалған ардақты арыстарымыздың бірі Ілияс Омаровты еске алсақ, көңілімізде алдымен «азамат», сосын «қайраткер» деген екі сөз егіз ұғым болып дәйім қатар аталады. Ілекең осы сөздің асқақ мағынасында алдымен азамат болатын. Сол азаматтық борышын барынша терең сезініп, өз бойындағы қабілет-қарымын қоғамдық дамудың ең зәру қажеттеріне қалтқысыз, қапысыз жарата білгендіктен де үлкен қайраткер дәрежесіне көте-ріліп, халқының қадір-құрметіне бөленді.

Сегіз қырлы, бір сырлы азамат бол­ған Ілекеңнің қайраткерлік қабілетінің ай­шықты бір тармағы танылып, әсі­ресе, мәдениет майданындағы ұзақ жыл­дар бойы үрдіс сіңірген жемісті еңбегі ішінде ерекше есте қалған бір саласы – оның көркем шығарма­шы­лық­қа деген ынта-ықыласы, оқырман қа­уым мен әдебиет­шілер ортасына бірдей танылған сын­шылық дарыны еді. Үйіп-төгіп үсті-үсті­не жазып жатпай-ақ, айтпауыма болма­ды-ау деп санаған сал­мақ­ты пікірлерін анда-санда бір жарқ еткізіп тастауының өзі біздің қолтума әдеби сын қазына­мызға әжептәуір үлес болып қосылып жатқаны сол кездің өзінде айқын аңға­рылатын. Сол еңбек­тердің басы бір жерге қосылып, бір­неше кітап боп басылғанда қандай ба­ғалы дүние, құнды қазына тас­тап кет­кенін бір-ақ білдік.

Сыншының атын білгенмен, затын біле бермейді көп жұрт. Ақынды біледі. Жыр жазып, өлең шығаратын адам ол. Жазушыны біледі: олар жазған небір қызық кітаптарын оқиды. Ал, енді, сол шығармалардың жан дүниеңе ләззат берген қасиеті неде немесе сол тәттінің арасында тіліңді қуырған ашқылтым кермек бірдеңе араласып жүрген жоқ па? Бұның әділ төрелігін айтатын әде­биет сыншысы ғана.

Әлбетте, мұндай төрелікке қатар­да­ғы қарапайым оқырман ғана емес, сол көр­кем туындыны түн қатып, түс қа­шып, терең тебіреніп, тынымсыз толға­ныс арқылы өмірге әкелетін қаламгердің өзі де тоқтауы үшін сарапшының аузы дуалы, сөзі уәлі, ойы қисынды, дәлелі дәйекті, тұжырымы түйінді болуы керек. Әдебиет сыншысы ретінде Ілияс Омаров дәл осындай биік талап деңгейінен табылған тамаша қаламгер еді.

Сыншы қай қаламгер туралы сөз қоз­ғаса да, туған әдебиетіміз бен өне­ріміздің қай саласы туралы тебіренсе де, мен мұндалап тұратын қасиет бел­гілері: көр­кем шығармашылық табиғатын те­рең түсінетін талғам тазалығы, қай шы­ғарма жайында пікір айтса да, ождан үкі­мімен, жүрек әмірімен қара қылды қақ жара сөйлейтін әділдік, ту­ған әдебиетін жанындай сүйген, халық­тың рухани қа­зынасына қамқорлықты өзінің өмірлік борышындай сезінген азаматтың пер­зент­тік махаббат, сындарлы ойының сынын бұзбай әсем етіп, әрлі етіп жеткізе білетін тіл шеберлігі, шешендік мәнері ғой. Қазіргі үлкенді-кішілі ақын-жазу­шы­ларымыздың қай­сысы туралы сөйлесе де Ілияс Омаров стилінің осындай ерекше белгілері танылмай қалмайтын.

Ілекеңнің көзі тірісінде өнерпаз интеллигенция мен оқырман жұртшы­лық­тың назарына бірден ілігіп, баршаны түгел селт еткізген бір құнарлы дү­ниесі, мазмұны жағынан да, көлемі жағынан да, әсіресе, нысанының ма­ңыз­дылығы жағы­нан да тамаша татымды еңбегі – зама­нымыздың заңғар жазушысы, ке­мең­гер суреткері Мұхтар Әуе­зовтің ұлы Абай туралы романдары жайында жа­зылған «Халықтық эпопея» атты сын ма­қаласы болатын. Бір еске­ретін жәйт – Ілияс Омаров бұл мақала­сын эпопея жөнінде пікір қалыптасып, жазушының атақ-даңқы дүниежүзіне түгел танылып болған кезде, шығар­маның көркемдік ерекшеліктері, суреткер шеберлігінің қыр­­лары мен сырлары бірпара ашылған шақта жазды. Бақсақ, тапқыр ойдың тап­талған танабын шиырлап қалмай, тыңнан із тастап абырой алар жері де осы екен. Ілиястың Әуезов романдары жайындағы бұл мақа­ласы күні осы уа­қытқа дейін эпопея туралы жазылған таң­даулы сын туынды­лары­ның бірі болып келе жатыр десек, әсте де артық емес.

М. Әуезов эпопеясы тәрізді тарих шыңына көтерілген шынар шығарма­ның төңірегінде жатқан қоғамдық-сая­си факторларды іздестіргенде, мұның өзі ең алдымен туған халқының белгілі бір даму сатысындағы рухани қажет­тілігінен туғанын айта келіп, сыншы бұл сияқты ірі оқиғаның бұлтартпас тарихи заңдылық екенін әдемі аңғартады. Осы ойға сабақтасып туындайтын суреткер шеберлігі мен тапқырлығы жайындағы сыншы пікірі халық өмірін дұрыс түсініп, шын суреттеу үшін кейінгі тарихтың көзі тірі куәсі болған Әуезовтің дәл өзіндей өзге бір «шежіре адам» Абайдың шығармасын өзек етуі өте бір жемісті жаңалық болғанын тұжырымдаумен толысады.

«Абай өз шығармаларында халқы­ның өмірі мен күресіне үңілсе, оны терең бойлап ұғына білген болса, Әуе­зов эпопеясында Абай творчество­сы­ның терең мәнін дәл солай ұғынған. Осы мағынада Абайды Әуезов қо­лындағы шамшырақпен теңеуге болады. Әуезов сол шамшырақты қолына ұстап, көшпелі феодализмнің небір ме­ңіреу түкпірлері мен қараңғы қапас­тарын аралап кетеді де, зорлық-зом­былық, қатал жауыздық, әділетсіздік сияқты қара күштердің ойнағы болған нешетүрлі бұралаң шатқалдарды көз алдыңа жарқыратып әкеледі».

Осы сияқты көшелі ой толғаулар, сындарлы сөз саптаулар сыншы тәжі­рибесінің кемелділігін байқатса, бұдан арғы идеялық-көркемдік талдау ма­шы­ғының тартымдылығы көбіне-көп шы­ғарма кейіпкерлерінің небір нәзік сырларына дендеп бойлау талабы мақала авторына деген құрмет сезімін одан әрі арттыра түседі. Алайда сыншы пікірі – салқын ойдың сарабдал сары сүрлеуі емес, оқырман қауыммен ағынан жарылып сырласқан ортақ тілек кісінің бүк­песіз, бүркенішсіз, жайып салған шынайы жүрек тебіренісі. Жүрек тебі­рент­кен ізгі ойын ол эпопеяның алғашқы кітабын оқығанда-ақ жайып салған. Сіздің «Абайыңыз»,– деп жазған ол Мұхаңа жолдаған бір хатында,– адамзат ақыл-ойының адами мәдениеттің тереңдігі өлшенетін ұлы туындылар­дың қатарында тарихтың асыл қазы­насына енетініне ешкім де күмән келтіре қоймас».

Тағы да сондай тұтас бір өлкенің толайым тарихы мен талайлы тағдырын кестелі тілмен зерлеп берген сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің де еңбегі сыншы на-зарына бірден-ақ ілінді. Онда, сонау елуінші жылдардың орта тұсында Ілияс Омаров Жоғары партия мектебінде оқып жүрген-ді. Сол тұста жарық көрген «Оянған өлке» романы туралы Мәскеу­ден Ғабит Мүсіреповке хат түрінде жаз­ған мақаласы кезінде оқыр­ман қауымды елең еткізіп, қатты әсер еткен айтулы бір оқиға болды. Ілекең­нің сыншылық та­лантының алғаш та­нылғаны да сол жолы десек ақиқаттан, сірә, алшақ та кетпеспіз!

Ілияс табиғатында бітімі бөлек, кі­шіпейіл, қарапайымдылығының үсті­не қашанда болсын қалтқысыз адал, жаны кіршіксіз таза адам болатын. Сол адал­дығын толғанысы жеткен ой тебі­ріні­сімен, зейін зерделілігімен өріп, емін-еркін жеткізу үшін автор сынның осынау арнау хат түрін өте сәтті таңдап алған.

Романның жалпы идеясы көркемдік ойдың негізгі арқауы жайындағы өз ұғымын, өз бағасын айта келіп, сыншы өзін тебіренткен, толғантқан тұста­рында аса бір албырт сезіммен, нағыз құштарлықпен жалын ата жазған-ды кезінде. Қарап отырсақ, сол әсер күші­нің қызуы күні бүгінге дейін сөнбе­гендей көрінеді екен.

«Сабаз жұмыскерлер-ай, сен болма­ған жерде тайыздықтан басқа не бар? Бұланбай жоқ та, Жұманы көп елдің тарихында не өзгешеліктер болсын? Дегенмен Бұланбайлар шыққан жер нәрсіз де емес. Тақырда гүл өспейді ғой. Қа­зіргі бақытты заманның бізге берерін то­лық пайдалана алсақ, еліміздің тари­хының кедейлігіне жетпес те едік, бі­рақ бір жаманың – кейде өз тоғышар­лы­ғымыз жер бауырлата береді. Бұны басқаша түсінбеу керек. Бұны сол қол жеткен табысқа қанағаттанбаған жөн деген ойда айтып отырмыз».

Нағыз Ілекеңнің өзі сөйлеп отыр. Туған халқын шексіз сүйген, оның өт­кендегі бақытсыздығын дәл бүгінгідей қиналыспен еске алып қынжылатын. Бүгінгі жақсы өмірінен ертеңгі жарқын болашақты көріп, оны жеке басының мерейіндей қуаныш ете білетін азамат перзентінің ғана өресі жете алатын ой биігі, тілек тазалығы.

«Қазақтың ең жақсы қасиеттерінің біразын Байжан арқылы берген екенсіз. Өзі нағыз қазақ болып шығыпты. Ро­мандағы қазақтардың бәрі де қазақ қой, бірақ Байжан солардың бәрінен де қазағырақ. Елпілдеген ақкөңіл, керек десе өкпесін жұлып беретін адал қа­зақ». Шығарманың көркемдік қасиет­тері туралы айтқанда осындай лепті сезіммен араластыра отырып әсерлі толғау – Іле­кеңнің осы мақаласына да, одан кейінгі еңбектеріне де тән ерекшелік.

Сосын авторға деген құрмет сезімін өсіре түсетін нәрсе – қаншалық көңіл­дес, тілектес болған адамына да ол жалған сыпайылықпен орынсыз жы­ғыла бермей, өзіне олқы көрінген жай-лар жөнінде өз пікірін ашып айтатын. «Оянған өлкедегі» әйелдер туралы айтылған ескертпелер осының дәлелі.

Әрине, сыншының шын талғам­паз­дық қасиеті осы тәріздес жекелеген жағымды-жағымсыз мәселелерді түгел­дей тізіп жатуда емес, көркемдік таби­ғатының небір терең де нәзік сырларын жүйелеп аша білуде, соған қалың оқырман қауымын тәнті қыла білуінде ғой. Ілияс Омаровтың Ғабит Мүсірепов шығармалары туралы жинақтап, жүйелі пікір айтқан «Сұлулықтың санқырлы сыр-сипаты» атты мақаласында осы қасиет айқын танылады. Мәселен, жазушы шығармашылығына шендестіре келіп, сыншының сұлулық табиғаты, әсемдік ажары жайындағы ой толғауы өте әсерлі. «Ғабит Мүсірепов әрқа­шан­да өз халқымен бірге қуанып, бірге тол­ғанып, әр оқиғаның мән-мазмұнын ше­берлік құдыретімен ұғынуға тырысады. Сондықтан да суреткердің өнері ой қозғайды, жүрек тебірентеді, сезім оятады, қуантады, күйіндіреді, сүйсін­ді­ре­ді. Жазушының әрбір шығармасын оқыған сайын өз өміріңе көз жіберіп, бүкіл адам баласының асыл қасиеті – көркемдік пен сұлулыққа ой жүгіртесің».

Ілияс Омаров тек М. Әуезов пен Ғ. Мү­­сірепов шығармашылығын ғана емес, қа­зақ әдебиетінің асыл қазына­сына олжа сал­ған аға буын өкілдері хақында да құ­нарлы тың пікірлер қал­дырып кетті. Бейімбет Майлин мен Сәбит Мұқанов жайында айтылған лебіз­дері сыншы ойы­ның кең ауқымы мен аумағын біл­діреді. Бұлар туған әдебие­тіміздің көшін бас­таған ірі тұл­ға­лары туралы, олардың үлкен проза­ның шырайын енгізген іргелі туындылары туралы ай­тылған өз алдына бір желі еңбектер.

Ілияс Омаровтың асқақ адамгер­ші­лік қасиеттері хақында ел аузында, ха­лық жадында қалған көп деректер бар. Солардың ішіндегі ерекше сүйсінерлік қасиеті – оның талантты танығыш сер­гектігі, жас дарынға жанашыр қамқор­лы­ғы, қиядан жалт еткен жақсыны қыран­дай қырағы көзбен шалып, аялы ағалық алақанымен мәпелей білетін ізгілігі еді. Кезінде ол Бауыржан Мо­мышұлының, Тахауи Ахтановтың, Әб­ді­жәміл Нүрпейі­совтің, Зейнолла Қаб­доловтың, Сафуан Шаймерденовтің, Әнуар Әлімжановтің, Жайсаңбек Мол­дағалиевтың алғашқы шығармаларына жылы лебіз арнап, жаңа көрінген жас таланттардың шығарма­шылықтың кең арнасына құлаш серме­у­іне игі тілек білдірген болатын. Содан бері, әрине, көп уақыт өтті. Көп дарын­ның қанаты қатайып, қаламы ұшталып, кейбіреу­ле­рі әлемдік аренаға да шығып кетті. Бүгінде біразы арамызда жоқ та. Әйт­кенмен, олардың шалқар шығарма­шы­лық айдынға шығып, кең тынысты туындылар, беруі алғашқы аяқ алыстан басталғанын ұмытпаған абзал. Қиыны мен қызығы мол осынау бір толассыз тіршіліктің бастауында жалт еткен от ұшқынын жазбай таныған жіті жанар­дың сондағы жылы шырайы әсте ұмы­тылмасқа керек.

Айталық, Б. Момышұлы шығарма­ла­­рындағы тіл құнарлығы, ерлік пен батырлықты шыңдайтын мінез-құлық ширақтығы, жауынгерлік өмірдің шын­дығы; Т. Ахтанов романындағы же­місті реалистік ізденістер мен психо­логия­лық талдау машықтары, автор­дың ай­қын аңғарылатын өзіндік қол­тума беталысы; Ә.Нүрпейісов туынды­ларын­да­ғы эпикалық кең тыныс пен тарихи табандылық; З. Қабдолов повесін­дегі сұ­лу романтика мен жалын, жігер;   Ә.Әлім­жанов еңбектеріндегі публицис­тикалық пафос пен азаматтық әуен – міне, осылардың қай-қайсысы болса да, сыншының бір кезде дәл басып айтқан, бәлкім, сол арқылы болашақ жазушы­ның бетін айқындауына едәуір үлес қосқан жанрлары болар. Біз бүгінгінің қаншама биігінен қарасақ та, әлгі жәйттер шабытқа шарапаты тиген қымбат ле­біздер болғанын ұмыта қою қиын.

Мәселен, бұл күнде аты алысқа та­нылған аға жазушыны Әбдіжәміл Нүр­пейісов көп жылғы еңбегін тәмамдап, кесек туындыларына нүкте қойған бойда-ақ одақ көлеміне кеңінен та-нылып, КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Одан келе дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылып, халқы­мыздың «Абай жолыннан» кейінгі жаһан танып, санасарлықтай өкілетті өкілі болды. Ендеше, сол трилогияның алғашқы кітабы бой көрсеткенде-ақ оның зор болашағын аңғарып, әз аға­ның адал көңіл білдіруі, қазір ойлап отырсақ, оның керемет талғампаздығы екен. Тұлпарды тайынан, жүйрікті ша­ңынан танитын көзқарақты қайраткер тіпті оның тырнақалды туындысы – «Курляндия» романына да жылы лебіз айтып, алғаш пікір білдірді емес пе.

Ақынжанды аға ақындық өнерді де жан-тәнімен сүйіп, қатты қастерлеген. «Сырбайдың сырлы дүниесі», деген ма­қаласында ақындық сезімталдықты, көрегендікті, талғампаздықты талап ете­тінін, Сырбай жырлары соның бәрі­не жауап беретінін, сондықтан өлең­дерінде көп екенін атап өтеді. «Ақын­дық анкета» деген тақырыппен Жұбан Молдағалиевқа, Қайнекей Жармағанбе­товке, Жаппар Өмірбековке, Мұзафар Әлімбаевқа, Ғафу Қайырбековке жол­даған хаттары сыйлай-ұрқым сәлем емес, аталмыш ақындардың өлеңде­ріндегі жалт еткен жаңалықтарын дер кезінде байқап, солардың өрістеуіне, қалам сілтеулеріне тілек қосу еді. Оларды негізінен хат-рецензия деуге де болар. Біздегі күні осы уақытқа дейін жоны жұқа болып келе жатқан поэзия сынына кезінде нақты үлес қосудың жақсы нышаны емес пе бұл?!

Кейде осындай қолдау хаттың адам тағдырын шешіп кететіні де болады. Мысалға мына бір хатты алайықшы: «Жолдас Ебікенов! Сіз жөнінде барлық дерегім – жорналда басылған «Финиш», «Аттаныс» деген кішкентай өлең­­деріңіз. Болжауым – заманына тән қаулап өсіп келе жатқан жастардың біреуі боларсыз деймін. Хат жазып отырған себебім – өлеңдеріңізде адам қимылын, адам сезі­мін беруде шебер еркіндіктің ұшқыны көрінеді. Мұны талабыңызға сай бір мүмкіншілік тәріз­ді көрдім. Бұл бірер ауыз сөзді ақын­дықтың айғақ көзірі екен деп ұқпаңыз. Онда екеуіміз де ұрылып қаламыз. Ал тек қана жол-жөнекей «іске сәт» деген қолдама деп қабылдаңыз. Зор пікірлер зор еңбектердің тұсында айтылады ғой. Еңбек сіздің мойында, пікір менің мойнымда болсын! Коммунистік сәлеммен Ілияс Омаров. Москва. ВПШ».

«Жолдас Ебікенов» деп отырғаны оқуын енді ғана бітіріп, облыстық газетке қызметке жаңа кіріскен жас ақын Еркеш Ибраһим. Хат сонау одақ астанасы Мәскеуден көп облыстардың бірінің орталығы – Көкшетауға жолданып отыр. Неткен сергектік, неткен қам­қорлық десеңізші.

– Облыстық газетке енді ғана келіп, үй-күйсіз екі ойлылау болып жүргенде есімін естігенім болмаса, өзін көрм­е­ген, мүлдем кездеспеген үлкен кісінің сонау ел астанасынан жазған осы ша­ғын хаты өмірімді күрт өзгертіп, қанат байлап жібергендей болды. Поэзия менің өмірлік мұратым, ұшатын қа-натын, қонатын тұғырым екеніне көз жеткізіп, жыр жолына жалтақсыз түсуі­ме жігер берді. Кейін «Қолшана» деген өлеңіме пікір жазып, «Қазақ әдебиеті» газетінде сәт-сапар тілеуі жыр пыра­ғына мінгізіп, қайтып түспестей етіп, ұлы бәйгеге қосты да жіберді. Әйтпесе өлең-жырды онша қажет етпей, тек газет жұмысының шоқтығына мініп, шо­қырағына үйреніп алған жалаңтөс жай­дақ журналист боп қалар ма едім, қай­тер едім,– деуші еді Еркеш марқұмның өзі.

Бүгінде айдай әлем танып отырған, аса талантты ақынымыз Олжас Сүлей­меновтің дара дарынын алғаш байқа­ғандардың бірі де осы Ілияс ағамыз болатын. «Ақындық анкета» деген атпен Жұбан Молдағалиевқа жолдаған хатында үні асқақ, мақамы бөлек танымы терең бұл ақынның поэзиямызға еркін енгелі тұрғанына қатты қуанғанын жасыра алмай былай деп жазады.

«Олжас өлеңдеріндегі менің аудар­ған – біздің ұлттық әдебиеттің өзегінен үзілмей келе жатқан өмір мен бір ұлы сарынның сырын ұқтым, көкірегінде көзі бар кісі болмаса, саңлаусыз жан әсте оны аңғара бермейтін бұл сырдың түйіні көп ақындардың қолына түсе бермеуші еді. Сонау ежелгі дүниеден басталған бұлталағы мен бұралаңы көп соқпақ жолымыз соқыр кісідей адастырмай кеп, ақыры жанама көшінің жете­гіне ілестіріп, біздің халқымызды да бүкіл адамзатпен бірге ілгері бастырып отырды. Біздің еліміз ілгері басты, өмір көгіне өрмеледі, өсті, өнді, дамыды. Олжас осыны сезіне білді. Махамбеттің жалын атып, дабылдатып отыратын отты шығармаларындағы шапшаңдықтың, жүйріктік пен жігер­дің кейіпкері болып көрінетін «Тарлан» Сәкеннің кезінде «Экспреске» айналып, Олжастың заманында космос кемесі боп ыршып ғарышқа көтерілді. Осы бір заманның табиғатына тән ілгері ұмтылу әлеуметтік өмірдегі өзгерістерді дәл басып, поэзия тілімен суреттеу ақын бо­йын­­­­дағы асқақ, тәкаппар дарынның күші».

Поэзия хақында салмақты да сали­қалы, ақылды да әсерлі пікір айту үшін өзгені былай қойғанда, сыншы өз сезімінің пернесін ақын болып басуға немесе ақынша басуға тиіс. Онсыз сыншының да күй сандығы күмбірлей алмайды. Ақындық туралы толғанған сыншыға бұл, біздіңше, бірінші шарт. Ал Ілекеңнің ақындық өнер жайында айтқандары ой мен сенімді бір арнада тоғыстырған өрнекті поэзия өлкесіне оның өзі де ақындық жүрекпен саяхат кеше алатын қабілетін танытып еді.

Ақындықты түпкілікті кәсіп қып, жалына жабысып айырылмағанмен де, Ілекең өлең де жазған, әсіресе жа­сырақ кезінде көбірек жазған. Сыйлас, сырлас достарына әзіл-қалжың ретінде бірер шумақты суырып салып, жазып беруді бертін де қалдырмаған. Осы ғасырдың басында бір топ ізбасарлары құрасты­рып, «Санат» баспасынан шы­ғар­ған «Ілияс Омаров» атты кітапқа кірген өлең­дерін оқи отырып, зымырандай зыр­лаған заманның күнделікті қарба­ласы, қат-қабат қоғам­дық қыз­мет, миды ашытқан мемле­кеттік қа­рекет қандай ақынды жұтып қойған деген ойға келдік. Көзі тірі­сінде Ілекең, сол өлең­дерінің бірін де баспасөзге бермей, Абай атасы сияқты жазып-жазып, қо­йын дәптеріне сақ­тайтын. Талап тұл­парының тізгінін тартып ірікпей-ақ, тоқтамай жаза берсе, өз тұсындағы үзең­гілес ақындар­дың ешбірінен кем түспес еді. Мәсе­лен, қаламынан:

«Ой шапса қия жарға қайырмаймын,

Болса да жүгім ауыр қайғырмаймын.

Ойымды, қиялымды ешуақытта

Халықтың мүддесінен айырмаймын».

 

немесе

 

«Түнгі ойлар тұңғиықты аралайды,

Кездескен кедергіге қарамайды.

Текедей кейде құлап мүйізіне

Сеніммен табандарын тағалайды»

 

сияқты жолдар туғызып жүрген кісіні қалайша ақын демессің.

Иә, болмаса оның Ердің сипатын беріп:

 

Ойы бар найзағайдай жарқылдаған,

Жігер бар алып ұшып қарқындаған.

Өмірі от секілді жанған өршіп,

Жүйріктей өрге шапша алқынбаған, –

 

деп, енді бірде:

 

«Жалмаудан көрсеқызар тартынбаған,

Шен көрсе жоғарылау жалпылдаған.

Халыққа әйгіленсе жамандығы,

«Мен жақсы, мен жақсы» деп бар­қылдаған ездің сипатын әкеп көз ал­дыңа тарта қояды. Сонда:

 

«Қалғып жүрген адамда,

Қамалды бұзар күш болмас.

Кеудесін қаққан жаманда,

Түйінді шешер тіс болмас»,–

 

деп күрсінеді. Бұларды халқым деп көкірегі қарс айырылған ақынның жү­регін жарып шыққан жолдар демеске бола ма. Бәрінде де лүп-лүп соққан жүректің лебі, шүп-шүп тұрған ойдың сөлі бар десек әсте жаңылмаспын.

Жоғарыда аталған кітапқа Ілиястың жетпіске тарта ірілі-ұсақты өлеңдері кір­ген екен. Оның ел аузында жүрген, дос-жарандарының мұрағатында жат­қан әзіл-қалжың, арнау өлеңдерін жинастырып, бәрінің басын құрап бөлек бастырып шы-ғарса, жап-жақсы жыр кітабы болғалы тұр. Әлбетте ол келешектің мәселесі.

Сыншы, әдебиетші Ілияс Омаров­тың жоғарыда айтылғандардан басқа, әдебиеттің жалпы мәселелері, былайша алғанда, бірыңғай эстетикалық, көркем­дік мәселелері, әдебиет пен өнердің тарихы, ілгері басу, даму перспективалары жайында жазғандары, жекелеген өнер қайраткерлері туралы айтқан сөз­дері ұлттық мәдениетіміздің ен ортасында жүріп, жемісті еңбек еткен адам­ның көп жылғы пікір жиынты­ғындай, артта қалған замандастарға айтып кеткен жолдастық аманатындай естіледі. Әсіресе, драматургия, театр, музыка, тіпті би өнері жайын кең толғап, ұлттық цирк болашағын қозғаған, ха­лық өнерпаздығын дамыту жайын сөз қылған мақалалары.

Ілекең жан-жақты білімдар, бойына ғылымның сан саласынан мол мағлұ­мат жинаған, ойына адамзат ақыл-ойы жасаған асыл атаулыны барынша сі­ң­ірген мейлінше білімді адам болатын. Қай халықтың болсын, қай саланың болсын ғұлама ғалымымен де, асқан дарынды ақын-жазушысымен де, басқа өнер қайраткерімен де терезесі тең отырып пікір толғай алатын әйдік оқы­мысты кісі еді. Олар да Ілекеңнің телегей теңіз біліміне, ой тереңдігіне тәнті болып, әділ таразы пікіріне қашанда құлақ асып отырған. Шынында да, оның Михаил Шолохов, Александр Фа­деев, Леонид Леонов жайында жаз­ғандарын оқығанда шын жүректен шық­­қан шынайы пікірлеріне разы болып, зор ләззат аласың.

Елуінші жылдардың ортасына қарай тағы да тың көтеру басталды. Бұл тың бұрынғы тыңнан өзгеше болды. Алғаш­қы тың шаруалар тұрмысының ғасыр­лар бойы қалыптасқан қалың қатпарын қопарып, өмірді өзгертсе, бұл тың ғасырлар бойы тусырап жатқан қазақ даласының қалың құйқалы қыртысын қопарып, өңірді өзгертпек болды. Бұны жасампаздық жолындағы және бір жарқын бастама деп білген жаңалыққа қашаннан құлағы түрік қазақ қаламгер­лері қызу қуаттап жапатармағай жарыса қалам сілтеді. Алайда көпшілігінің жазғандары жол-жазба әсерден, очерк-суреттемеден, асса-шағын хикаядан ұзап шыға алмай, ұсақ-ұсақ дүниелер болып қалған еді.

Сол кезде жасы отызға енді жеткен жас жазушы Сәкен Жүнісовтің «Жа­пан­дағы жалғыз үй» романы дүниеге келіп, оқырман қауымды елең еткізді. Романның оқиғасы бір заманда зор-лық-зомбылықпен тізеге салып, аша тұяқ қалдырмай ортаға түсіріп, жұрт­тың аузындағысын жырып ап, ашар­шылыққа ұрындырып, әрең құрған ұжымдық шаруашылықтардың шат-шә-лекейі шығып ыдырап, қу медиен құба түзден қазық қағып, кеңшарлар ұйым­дастырып жатқан кезеңді қамтиды. Ата-бабадан, ұрпақтан ұрпаққа мирас қалып келе жатқан жерінде қазақы өмірдің қаймағы бұзылып, тұс-тұстан топырлап келіп жатқан тыңгер деген жалаңтөс кеудемсоқтардың тәртібі орнай бастаған тұс шығармада шынайы бейнеленіп, тыңның түп мәнін түсін­бесе де, партия бастамасы деген соң басын изеп, амалсыз мойындаған халық­тың көңіл күйі тәп-тәуір көрінеді.

Тәжірибелі тамыршыдай жас та­лант­­тардың мүмкіндігін мүлт жібермей тез танитын сергек сыншы Ілияс Омаров роман жарыққа шығысымен-ақ іліп әкетіп, «Жалғыз үй сыры» атты талдама мақала жазды. «Сәкеннің жазу­шы­лық өміріндегі шоқтығын биік шыңға көтеретін, болашағынан зор үміт күт­тіретін бір қасиеті – әдеби тілді тәуір білетінінде, ана тілінің нормасын жа­тық орынды қолданатындығында жатса керек, – дейді сыншы. – Бұл – жазушы үшін басты қасиет, кітаптың да без­бенді басар ең салмақты жағы тілінді ме дейсің. Біріншіден, Сәкен дала суретін, табиғат стихиясын бар тынысымен, бар романтикасымен беруге күш жұмсайды. Романның негізгі объек­тісі – қазақтың көсіліп жатқан байтақ тың даласы болғандықтан, оны бар құбылысымен, бар өзгерісімен көрсету тап осы шығарма үшін аса қажет нәрсе… Дала көрінісі әншейін суреттеу үшін алынбаған, әрқайсысында астарлы сыр бар – болашақ оқиғаның мықты суыртпағы, тартылған желінің берік қазығы. Екіншіден, портрет, характер жасауда тіл көркемдігінің берер әрі мол. Осы романда қаншама адам болса, сол адамдардың өзіндік бет пі­шіні, сыр сипаты, жүріс-тұрысы, мінез­дегі ерекшеліктері тайға таңба басқан­дай десек артық болмас еді».

Талдауы терең шебер сыншы осылай жазушы шығармасының ішкі сырын аша түседі. Оқырман деңгейінен әдебиет сыншысы дәрежесіне көтеріл­ген Омаровтың шығарманы талдауы­нан әдебиет теориясын жетік білетіні, білімінің байлығы, пікірінің әділдігі айқын көрініп отырады. «Сәкен Жүні­сов жазушылық арсеналы бай, қызса бөкен желісінен төмендемейтін де секілді. Оқырман ретінде менің өз басым одан үлкен жеміс күтуге болады деп түйемін», деп тұжымдайды ойын.

Парасатты сыншы, пайымды публицист Ілияс Омаровтың өзіне тән үрдісі, өзі салған соқпағы бар. Ол көбіне жазушының шығармашылық шырайын ашатын портреттік сын мақалалар жазды. Әрбір мақаласында ол жазу­шы­лардың жаңалығына айрықша тоқта­лып, әдеби талдау жасауға бой ұрды, көбіне тарихи салыстырмалы әдісті жиі қолданды. Бұл сыншының белгілі арнасында іске асырылып, әдеби сын, публицистикалық туындыларын кө­бей­тіп, мұрасын молайта түсті. Аз ғана ғұмырында Ілекең әдеби сынның өрісін кеңейтуге, оның хат түрін түлетуге үлкен үлес қосты. Сондықтан да оның қазақ әдеби сынында алатын орны айрықша.

Сарбас АҚТАЕВ,

жазушы.