Жұма, 25 мамыр 2012 6:47
Алланың ізі – Қазығұртта;
сөзі Қағбада;
ілімі он сегіз мың ғаламда.
Әрбір өткен қас-қағым сәт пен тұтас дәуірлер келер кемел болашақтың кескін-келбетін айшықтайтын, бағыт-бағдарын айқындайтын тарихи құбылыс. Адамзат баласы өз өткенінен үйренеді, сол арқылы ертеңін болжайды, бүгінін таразылайды. Адамзат өркениетінің тұңғыш дүмпуі, алғашқы қанат серпіні жасалған Азия даласы, оның ішінде түркі атаулының қара шаңырағы – қазақ байтағы қасиетті, әулиелі Қазығұрт.
Жұма, 25 мамыр 2012 6:47
Алланың ізі – Қазығұртта;
сөзі Қағбада;
ілімі он сегіз мың ғаламда.
Әрбір өткен қас-қағым сәт пен тұтас дәуірлер келер кемел болашақтың кескін-келбетін айшықтайтын, бағыт-бағдарын айқындайтын тарихи құбылыс. Адамзат баласы өз өткенінен үйренеді, сол арқылы ертеңін болжайды, бүгінін таразылайды. Адамзат өркениетінің тұңғыш дүмпуі, алғашқы қанат серпіні жасалған Азия даласы, оның ішінде түркі атаулының қара шаңырағы – қазақ байтағы қасиетті, әулиелі Қазығұрт.
Ұлы дала – Қазақ даласы адамзат баласы жаралғаннан бері қилы-қилы заманалардың, әлемдік тарихтың өзегіне айналған небір айтулы оқиғалардың отаны болған кең байтақ кеңістік. Жұмыр жердегі құрлықтың 1,8 пайызынан артық көлемін алып жатқан бүгінгі Қазақстан Республикасының осынау құтты қонысы – бұдан мыңдаған жыл бұрын қазақ этносын қалыптастырған бабаларымыз қазіргі Қазақ атты әлем таныған мемлекеттің негізін қалап отырған, әлемдік өркениетте өзіндік ерекшелігі, салт-дәстүрі мен таным-тағылымы бар халықты талбесікте тербетіп, атқа қондырған ұлтымыздың ақ отауын тігіп кеткен алтын аймақ.
Ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған осынау Ұлы даланың әрбір сынық сүйемі біз үшін жанымыздан да қымбат. Қазаққа қазақ жерінен құнды, қазақ жерінен қасиетті ештеңе жоқ. Өйткені біз ұлт ретінде де осы шалқар кеңістік, байтақ аймақ – Ұлы даламен біте қайнасып қалыптастық, бірге жаралдық.
Созылып кербез жатқан қазақтың Ұлы даласының табиғаты қандай бай болса, ол небір аңыз бен шежіреге, адам таңғаларлық таңғажайып кереметтерге де толы. Сондай кереметі мол өңірдің бірі – қасиетті Қазығұрт аймағы. Ол қазақтың тарихы терең, құнарлы да шұрайлы, өзгеше өңірі. Қазығұрт пен Алатаудың баурайынан миллиондаған жылдар бұрынғы адамзаттың мекені болған орындар табылып, ғылыми негізде дәлелденуі, сондай-ақ ежелгі Түркі қағанаттары тұсында қалалардың жан-жақты өркендеп, өзіндік өркениет орталықтары ретінде танылған талай-талай жайтты аңғартады. Бұған баршаға белгілі тарихи кенттер, тастағы таңбалар мен жазбалар, Испиджаб, Тұрбат, Шарапхана т.б. шаһарлар, кейінгі кездердегі қазбалар нәтижесінде анықталып жатқан қорғандар мен қалашықтардың қалдықтары дәлел. Әлі де небір құпияларын бүгіп, жұмбақтарын жасырып жатқан орындар қаншама.
Ұлы Жібек жолының негізгі күретамырларымен қатар көне кенттерге, Алатау мен Қазығұрттың асулары мен бел-белестеріне, Арыс пен Ақсудың, Бадам мен Келестің ұзына бойларына таралып жатқан тараулары мен бұлақтары тіпті де көп.
Қатпары қазынаға толы, көне замандардан үзілмей жалғасып келе жатқан қайнаған өмір, өркен жайған өнер, мәуелі мәдениет пен өрелі өркениеттің ошағы болған бұл аймақ осы өңірде өмір сүрген көшпелі – отырықшы халықтың сан ықылым заманнан бергі тарихи Отаны болып қалыптасқан.
Қазығұрт тауы мен оған қарасты шуақты өлке ежелгі дүниеден бүгінгі күнге дейін ел арасында атағы кең жайылған қасиетті, қадірлі, әулиелі бай өңір. Сондықтанда оны заманымыздың заңғар жазушысы Шерхан Мұртаза «Қазығұрт – киелі бесік» деп атаса, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, балалық шақтан сусындаған Мағжан ақын мынадай жыр жолдарын қалдырған:
… Қазығұрт қасиетті тау болмаса,
Топанда Нұқ кемесі тоқтар қалай?
Сонау ерте дәуірден бері төбесіне топан суда Нұқ пайғамбардың кемесі қайырлап, жаңа өмір мен жемісті тіршілік осы жерден басталыпты деген аңыз-әңгімелердің тамыры тіптен тереңге кетеді. Тарихтың атасы атанған Герадоттан бастап, көне дүние ғалымдары, саяхатшылар өз еңбектерінде бұл өлке туралы сүбелі-сүбелі із қалдырды.
Қорқыт ата мен Оғыз қағандардың өмір жолдары мен жасаған қарымды қимылдары біздің өлкенің тарихымен жымдасып жатыр. Көне Қаңлы мемлекетінің кіндік жұрты осы маңда болса, айбарымен әлемге әйгілі Батыс Түркі қағанатының табан тіреген жері де осы өлке. Атақты қазақ хандары Хақназар, Есімхан, Тәуекел, Тәуке, Жолбарыс, Абылай, ұлы тұлғалар Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би т.б. ғұмыры Қазығұртпен тікелей сабақтасып жатыр.
“Ұлт тарихы – өлке тарихынан бастау алады. Өлке тарихын оқытудың маңызы зор. Біріншіден, бүкіл адамзаттық құндылықты, әлемдік құндылықтар мен ұлттық құндылықтар құрайтын болса, өлке тарихы сол құндылықтың бастау бұлағы” – деген Елбасы Н.Назарбаевтың ұлағатты сөзі өлкені танып-білуде шамшырақ боларына сенейік.
Осы уақытқа дейін тылсымның сырын ашпаққа ұмтылған адамзат баласы топан су қаптағанда Нұқ пайғамбардың кемесі қайырлаған қасиетті мекенді іздеумен келеді. Жер бетіндегі пенделерін пиғылына қарай жазалап, пайғамбар кемесін паналағандар Алла тағаланың құдіретімен аман қалды деген дерек көктен түскен қасиетті төрт кітапта да айтылады. Сонымен Нұқ кемесі тоқтаған тау қайсы: еврейлердің Синайы ма, әлде армяндар айта беретін Арараты ма, біздің Қазығұрт па? Қасиетті Құранда жазылған әл-Жуди қайда орналасқан. Бағамдап, талдап көрейік.
Аты аталғанда кез келген армян арқаланып шыға келетін Арарат тауы Түркия аумағында жатыр. ХХ ғасырдың басында осы таудан кемені өз көзіммен көрдім деген ағылшын зерттеушісі Джордж Хагопиан болатын. Кейін өзі көрген сол жерді есіне түсіре алмай ол да өмірден өтті. Тау басында кеме қалғанын дәлелдемекке ұмтылғанның тағы бірі Ресей авиаторы – Росковицкий еді. Ол да кеме қалған жерді айналып таба алмаған. Америка және түрік зерттеушілерінің еңбектері де мардымды нәтиже бермеді.
2005 жылы Ресейдің “Аргументы и факты” басылымының екі нөміріне Дмитрий Писаренконың “Нұқ пайғамбар кемесі. Ол қайда?” атты мақаласы жарық көрді. Мақалада журналист “Космопоиск” қоғамдық ғылыми бірлестігі жүргізген зерттеу қорытындыларын жария еткен. Ондағы мәліметтер бойынша Арараттың қарлы шыңдарынан түсірілген суреттегі кеме емес, жанартау атқылауынан пайда болған ұзындығы 200 метрдей қазаншұңқыр. Ғылыми бірлестік тұжырымынша Синай тауында да пайғамбар кемесі тоқтады деген пікірге табан тірететіндей дәлелдер кемшін. Осының барлығы қазақтың “Қазығұрттың басында кеме қалған…” деп басталатын әйгілі аңызының өзегінен ақиқат іздеуге мәжбүрлейді. Шындығына келгенде Синай мен Араратқа байланысты белгілі бір аңыздар немесе топан суға қатысты олардың айналасында жер атаулары да сақталмаған.
Қадым заманғы “Авеста” мәтінінде “көне Кангханың тауы заңғар һәм қасиетті, өйткені Күн құдайы сонда орналасқан” дейді. Мынаған назар аударыңыз, Әмудария мен Сырдария аралығына күннің көзі Қазығұрт тауынан асқаннан кейін барып көрінеді.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Мұндай жыр жолдары араб, армян, еврей халқында бар ма? Әрине жоқ. Топан суға қатысты аңыздың жүлгесі болмаса, деректі қайдан аларсың. Қазығұртта кеменің қайраңдағаны туралы сандаған жыр-аңыздар, топан судың тасқынының себеп-салдарлары жөнінде әпсана ғасырлар өтсе де бізге жетіп отыр. Яғни, бұдан белгілі бір қорытынды жасауға болады. Қазығұрттың жоталарына түскен жан-жануарлардың аяғы тиіп басқан жерлері қасиетті саналып – Ойсыл қара, Қамбар ата, Шопан ата, Зеңгі баба аттары Қазығұрт өңірімен астасып жатыр. Қазығұрттың «Қазық жұртқа» жақындығына көңіл бөлсек те талай ойға қаламыз. Басқаша айтқанда Қазығұрт адамзаттың орасан апаттан кейін қазық қаққан жұрты болып шығады. Оған жанаса тұрған жерге арғы бабаларымыздың Ілінгір деп ат қоюында да үлкен мән бар. Нұқ пайғамбар кемесінің ілінгірі сол жерге түскен…
Аңыз бойынша Нұқ кемесі Қазығұртқа келіп қайырлағанда күн мен түннің теңескен мезгілі екен деседі. Сол сәтте пайғамбар да мерейленіп, қолдағы асын кемедегі тіршілік иелеріне үлестіріп берген екен.
Пайғамбар кемесінің Қазығұртта тоқтағанына сол өңірдегі жер атаулары да нақты дәлел бола алады. “Пайғамбар тоқтаған”, “Пайғамбар саусағы”, “Нұқ пайғамбардың мешіті”, “Әбрахмат бұлағы”, “Ғайып ерен, қырық шілтен”, “Ата тас пен Ана тас”, “Ақбура ата”, “Көзді ата”, “Кеме қалған” тағы басқа әулиелі жерлер, үш жүзден астам бұлақ, бірнеше үңгір бар.
Халқымыз ежелден – “Қазығұрт киелі тау” деп санаған. Дүние жүзіне даңқы шыққан ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби “Сеңгір алмаған Қазығұрт, сені кім алады?» деп жазған екен. Көне заманда туындаған ауыз әдебиетінің жауһары «Оғыз намада» Қазығұрт ерекше аталған. Араб тілінде жазылған шығармаларда Гаркерт, Газкерт, Газкурт нұсқаларында кездеседі. Ғалым Қ.Өмірәлиев пікірінше, осы өңірде осылайша аталатын қала б.д.д. бірінші ғасырда болған. Қазығұртта Кеме қалған аталатын жер бар. Сол маңайдан тастан қаланған қосу белгісі бар үлкен доңғалақ табылған. Бұл таңбаның өркениет әлемінде кең тарағаны белгілі.Оны шумерлер udu “Күн құдайы” (“бог солнца”) деп оқығанын Олжас Сүлейменов атап көрсеткен.
Топан су мен Кеме қалған аңызы қазақ өмірімен, тыныс-тіршілігімен толық байланыста туындаған. Танымал француз ғалымы Жорж Дюмезиль: «Мифы нельзя понять, если оторвать их от жизни людей, которые их создавали» – деп босқа айтпаған.
Қазығұртты ежелгі табиғат тылсымдарының ғажайып куәгері деуге болады. Қазығұрттың биігінде ғалымдардың зерттеуі бойынша энергия ағыны мен ерекше аура байқалатыны дәлелденген.
Қазақтың асқақ рухының шыңы, ұлтымыздың береке-бірлігінің ұйытқысы болған Қазығұрттың қазіргі хал-жағдайы қандай? Оның әлемге танылар мүмкіндігі бар ма?
Шымкент – Ташкент күрежолының бойындағы Қазығұрт жотасына қойылған Нұқ кемесінің символдық макеті осынау аты аңызға айналған киелі жердің қадір-қасиетін айшықты ашып беретін толымды туынды. Кезінде облысты басқарған азамат Болат Жылқышиевтің бастамасымен ірге көтерген пайғамбар кемесі осында туристерді тартудың, ел азаматтарын рухтандырудың алғашқы баспалдағы іспеттес болды. Бұл ескерткіш жалпы қазаққа тағы да бір рухани тірек болғандай. Қазақтың отансүйгіштік қасиеттерін көтеретін “Қазығұрт адамзаттың алтын бесігі” жазуымен қатар тау беткейінде “Қазығұрт Қазақтың асқақ рухының шыңы” деген жазу пайда болды.
Ендігі кезекте Нұқ кемесін қасиетті Қазығұрттың нақ өзіне орнықтыруды сол арқылы қасиетті тауды қастерлеуді барынша қолға алғанымыз жөн.
Тауларды іс жүзінде адамдардың қызығы мен игілігіне пайдаланудың жаңаша жақсы мысалы ретінде Швейцария мемлекетін айтуға болады. Алатау мен Қазығұрттағы самалдың, күннің, тау дарияларының қуатын пайдалану және қоршаған ортаға экологиялық зиян келтірмейтін үлгілі тау аймақтарын түзу жөніндегі азаматтық пікірімді білдіруді жөн көріп отырмын.
Таулы ауылдар берекеге толы жер, таза ауа, тұнық өзендер, жанға жағымды домбыра үні, бұрқыраған қымыз иісі – мұның барлығы біздің үйіміз. Бұлар біздің ешқашан жоғалмас мәңгілік салт-дәстүрлеріміздің бесігі.
Қазығұрт өңірінің тағдыры, көркеюі ең алдымен республика Үкіметінің, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының, қала берді бүкіл ел азаматтарының белсене, бірлесе араласуына тіреліп тұр. Ұлы Жібек жолы бойын жайнатқанға не жетсін! Асылы, Қазығұрт маңайын ұлттық этносаябаққа айналдыруға әбден болады. Жан-жақтан келетін саяхатшыларға бар мүмкіндіктерді жасауға тиістіміз.
Қазығұртты ұлықтап, еліміздің сан ғасырлық тарихын әлемге таныстырып, сұлу табиғатымен тамсандыратын жағдай жасау ғанибет емес пе?
Ендеше, сол бабалардан басталған аңыздың басталған өзегіндегі ақиқатқа үңіліп, Қазақ елінің қадірін арттыру бізге перзенттік парыз.
Жұмахан МЫРХАЛЫҚОВ,
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, профессор.
ШЫМКЕНТ.