• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2010

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ: ШЕКСПИРІ ЖОҚ ЕЛДІҢ НЬЮТОНЫ ДА БОЛМАЙДЫ

2170 рет
көрсетілді

“Әлемде бір ұлт өкілінің екінші тілде жазып, сол ұлт әдебиетінің өкілі болып кеткен мы­сал­да­ры аз емес. Мысалы, мол­да­ван Антиох Кан­те­мир орыс поэзиясының бас­тауында тұрған тұл­ға­лардың бірі са­на­лады, поляк Юзеф Теодор Кон­рад Коже­невский болса Джозеф Конрад деген ат­пен ағылшын прозасының шебері ретінде мәлім, тағы бір поляк азаматы Гийом Альбер Вла­ди­мир Александр Аполлинарий Кос­тровицкий француз поэ­зиясының даңқын Гийом Апол­ли­нарий деген атпен шығарған, украин Николай Васильевич Гогольдің туындылары орыс про­засының мақтанышы, тіпті бертінге түссек Булат Окуджаваның да, Фазиль Искандердің де жазғандары орыс әдебиетінің игі­лігі делінеді... Алайда, ұлттық әдебиет ұғымын ек­шеудің классикалық өлшемдері солай сөйлей тұр­ғанмен, ешкім де орыс тілінде жазатын Олжас Сүлейменов жырларын орыс әде­биетіне теліп көрген емес. Олжас Сүлейменов – орыс тілінде жазатын қазақ ақыны деген байламға жұрттың бәрі тақ тұрады. Тақ тұрғызған – Олжас өлеңдеріндегі көне дәуірлерден жетіп жатқан қыпшақы қайы­рым-қағыстар, ұлттық қанық бояулар, жер-жаһандағы құбылыстың қай-қай­сы­сына да тек қазақтың көзімен қарайтын қымбат қасиеті, ең бастысы – қай кезеңде де алтын ба­сы­ның азаттығын сақтай алған алаштық асқақ айбыны, өршіл рухы. Ұлы ақын, ұлы редактор Твардовскийді “Новый мирден” кетіріп, бір жылдан кейін көрге тығып тын­ған сұр кардинал Сусловтың өзі Сүлейменов­тің сағын сындыра ал­ған жоқ. Ақын досы Андрей Вознесенскийге арнаған өлеңінде: “Аз и Я” – Азия деп оқталып, Жаңыл­дым ба? Жатпаймын мен ақталып... Танып-біліп өзімізді өзгеден, Көшеміз біз өзімізді бетке алып”, деп жазғанындай, Олжас жырының көші өзімізге өзімізді бетке алдыртқан күйі бір ғасырдан бір ғасырға ауысып барады. Олжастың кешегі кеңес­тік кезеңде бір одаққа біріккен халықтар арасын­дағы ба­ды­райтылмағанымен байқалмай да тұр­майтын бәйге-бәсекеде алғашқы “Арғымақтары­мен”-ақ арындап шығып, “Қазақтар осындай бола­ды екен ғой” дегізген, ұлтымызды мойын­да­мас­қа, құрметтемеске қойғызбаған еңбегін біз ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Суреткер Сүлейменовтің халықтың абыройын асырған сырлы сөзі саясаткер Сүлейменовтің әр кезде әртүрлі себеппен әрқилы айтып қалған ар­тық-кемді пікірлерін жуып-шайып кете бе­ретінін біз білмейді емеспіз” – кезінде газе­тімізде бес жыл бойында жүргізілген “Жиыр­ма­сыншы ғасыр жырлайды” атты авторлық антоло­гия­мызда осылай жазған екенбіз. Содан бері де 7 жыл өте шығыпты. Бұл екі аралықта Олжас Сүлейменов жет­піс жастың жотасынан асып кетті. Әйтсе де, әлі күнге Алаш жұрты айтулы ақы­нының ау­зына қарайды. Дұрыс айтса да, бұрыс айтса да Олжас сөзі қоғамдық ойға қозғау салмай қоймайды. Біз де атақты азаматымызбен әр жолыққан сайын аз-кем болса да сұхбат­та­сып қалуға тырысып жүреміз. Бүгін оқырман назарына ұсы­нылып отырған мына көлемді сұхбатқа 2008 жылы Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың шақыруымен Кендірліде өткен демалыс күндеріндегі, Ол­же­кең­нің өткен жылдың аяғында Әбіш Кекіл­баевтың 70 жылдығына арнайы келгеніндегі әңгімелесулеріміз арқау болған. Кейінгі кездегі кейбір саяси пікір­та­лас­тарға қатысты туындаған қосымша сұрақтардың жауап­тары ақынның өз тілегі бойынша электронды пошта арқылы жазбаша алынды. Сонымен, Олжас ақынның сөзіне назар салайық, ағайын. – Құрметті Олжас Омарұлы! Газеті­міз­дің бетінде ірі тұлғалардың кең көлемді сұх­баттарын жариялап, өзі, өмірі, айна­ла­сы, мына дүниенің қым-қуыт құбылыстары туралы ойларын емін-еркін айтуына мүмкіндік жасап жүрміз. Кеңінен отырып әңгімелессек деп жоспарлаған азаматтары­мыз­дың бірі өзіңіз едіңіз. Мұнан бұрынғы жүзде­сулеріміздегі айтқандарыңыз қағазға түсірілген. Оған қоса Астанаға жол түс­кен­де арнайы кездесуге келісіміңізді де алған болатынмын. Деген­мен, осыдан біраз күн бұрын Парижге теле­фон соғып, ол сұхбат­тың уақытын бері қарай жылжытудың мүмкіндігін қарас­ты­руды өтінуге тура келді. Кейінгі кезде түрлі бұқаралық ақпарат құралдарындағы сан қилы жарияланым­дарға орай сіздің өз сөзіңізді оқырмандардың дер шағында естігені жөн деп ойлаймын. Әйтсе де, біздің сұхбатымыз белгілі бір уақытқа қатысты, саяси сипаттағы сауалдармен шектеліп қал­ғанын қаламас едім. Сондықтан сізге өмі­ріңізге, өлеңіңізге, ғылыми еңбектеріңізге, публицистикаңызға, қоғамдық қызметі­ңізге, бүгінде баршамызды толғандыратын басқа да тақырыптарға байланысты сұрақ­тарымды қойғым бар. Алғашқы сұрақ – дәстүрлі сұрақ. Өзіңіздің шыққан тегіңіз, өскен ортаңыз туралы айтсаңыз. – Кезінде “Жұлдыз” журналында мақала жариялағанмын. Сонда мынандай жолдар бар: “Менің жасым жиырманың алтауында. Барлаушы-геолог дипломы мен әдебиетші мамандығына иемін. Тарихты зерттеуге геолог әрі ақын ретінде қараймын. Соңғы жылдарда жүздеген тарихи кітаптарды қопарып шықтым. Қаламақыларымды Совет Одағының ең ірі кітапханаларында жұмыс істеуге жұм­сап жүрмін. Маған Ғылым академиясын­дағы әкетайларым әлі бере қоймаған нәр­селерді іздеудемін. Мұны теріске шығару да күнә: Ресейдің, Қытайдың, Америка­ның, Грекияның, Францияның, Грузия­ның, Ирактың өткен өмірін білемін, бірақ қазірше қазақтардың тарихын білмеймін. Көшпенділер дәуірі әлі ашылған жоқ. Кітапшыл халықтардың тарихындағы көптеген көмескі тұстарды түркілер та­рихын білмейінше түсіндіруге болмайды деп батыл мәлімдей аламын”. Бұл айтқа­ным жалпы қазақ тарихына қатысты сол кездегі ойым. Әрине, қазақ болған соң мен сол кездің өзінде бері қойғанда жеті атамның шежіресін тәп-тәуір білетінмін. Менің бойыма біткен қасиеттердің бәрі аталарымнан ауысқан дей аламын. Біздің әулетімізде ақындар, әнші-күйшілер, батыр­лар көп болған. Солардың бірі – Жаяу Мұса. Менің жетінші атам – атақ­ты Олжабай батыр. Атымды да әкем сол бабамыздың құрметіне қойған. Ибраһим­нің Абайға, Әбдірахманның Әбішке, Қанафияның Қанышқа айналғаны сияқты, Олжабай да Олжасқа айналып кет­кен. Ана жылы, 70-ке толғанымда Қанат Саудабаев досым Америкадан ма­қала жолдап, менің есімімді “Ол жас” – “Он молодой” деп түсіндіріпті, Олжас жетпісінде де жас жігіт күйінде деп жа­зыпты. Онысына рахмет, айтқаны келсін. Құдайға шүкір, әлі волейбол ойнап жүр­мін. Жақында Санжар Жандосовқа арналған турнирде менің командам бірінші орын алды. Олжабай батырдың Абылай хан әс­ке­рінің оң қанатын басқарғанын, жоңғар­лармен күресте аты шыққанын әр қазақ біледі деп ойлаймын. Бір жолы Олжабай батыр шешуші шайқас алдындағы әскери кеңесте кей тайпалар көсемдерінің батыл­сыздығына күйініп кетіпті де, даладан жылан ұстатып алдыртыпты. Сол жылан­ның басын аузына салып жіберіп, қарш-қарш шайнапты да, түкіріп тастаған соң: “Ертең біз менің тістерімдей бір болсақ, берік болсақ дұшпанның басын мына жы­ландай жұлып түсіреміз!”, депті. Жоңғар­лар өз туына айдаһардың суретін салғаны мәлім. Ертеңінде расында да қазақтар қолы жеңіске жетіпті. Сол шайқас өткен жер “Қалмаққырылған” аталады. Келесі, 2011 жылы Олжабай батырдың 300 жыл­дығы. Ол той кеңінен аталып өтеді, елдік­тің, ерліктің тойы болып өтеді деп сене­мін. Өз әкем – Омар Сүлейменов қазақ­тың тұңғыш кавалерия полкінде офицер болған. 1937 жылы Ташкенттегі Түркістан әскери округінің штабына жіберілген де, содан қайтып оралмаған. Лев Николаевич Гумилев маған Омар Сүлейменов деген әскери қызметкермен түрмеде бір каме­рада отырғанын айтқан еді. Менің ойым­ша, сол кісі менің әкем. Әрі әскерилігі, әрі есімі, әрі фамилиясы бірдей келетін басқа адам дәл сол кезде бола қоймаған шығар. Әкем хабар-ошарсыз жоғалғаннан кейін ағайындарымыз бізді Баянауылға алып кетпекші болыпты, бірақ Насыржан атам жібермей қойыпты. Анам – Фатима Насыржанқызы Беделбаева күйеуі Омар­дың оралуынан әбден үмітін үзген соң 1943 жылы сол кездің өзінде журналист ре­тінде танылып үлгерген Әбдуәли Қара­ғұловқа тұрмысқа шыққан. Мен өмір бойы өкіл әкеме тәнті болумен, қайран қалумен өттім. Ол кісінің сауаттылығы, жауаптылығы, еңбекқорлығы кім-кімге де үлгі етіп айтатындай. Күн сайын түн орта­сында үйге әкелетін газет беттерін кор­ректор сияқты мұқият қарайтыны есімде. Қазақ тіліне бірқатар жаңа сөздерді менің әкем енгізген. Мысалы, “суверенитет” сөзін алғаш рет “егемен” деп қолданған адам – Әбдуәли Қарағұлов. Әкемнің қа­шан көрсем де не оқып, не жазып отыра­тыны мені де бара-бара қалам мен қағазға алып келді. Төртінші класта жүргенімде Толстойдың 12 томдығын толық оқып шық­қан едім, сонда мамам мені аяп, “Көзіңді құртасың” дегенде әкемнің: “Кітаптан көз құрымайды, кітаптан көз ашылады” дегені есімде. Мен пионер газеті­не шыққан алғашқы әңгімелеріме “О.Қарағұлов” деп қол қоятынмын. Бір күні әкем: “Омар ерекше адам еді. Аты өшпесін”, деді. Содан бері фамилиям Сүлейменов. Әкем әуелде менің журна­лист болуыма қарсылық білдірген. Содан мен геология факультетіне түстім. Оны бітірген соң бәрібір Әдебиет институтына баруды жөн көрдім. Қай істе де, қай жерде де әкем көрсеткен өнегені ұстануға тырысамын. – Алдыңғы жылы өзіңіз жақсы білетін кинорежиссер Дариға Тналинамен сұхбат­тасқанымда сіздің Мәскеудегі студенттік өміріңізге қатысты бір жайды айтып еді. Сіз ол кісінің үйіне барып, оқудан шыға­рылғалы жатқаныңызды айтыпсыз, қа­рызға ақша сұрапсыз, ол кісі берер-бер­месін білмей ойланып тұр­ғанында есіктен шығып жүре беріпсіз. Кейін Алматыда жолыққанда сол оқиғаны есіне салыпсыз... – Жастық шақта бәрі болады ғой. Әуелде жатақханадағы төбелес үшін оқу­дан шығып қалғаным рас. Бірақ көп ұза­май оның пайдасын да көрдім... Оқудан шыққан соң Алматыға келіп, “Казах­станская правда” редакциясына жұмысқа орналастым. 1961 жылдың 12 сәуірінде ғарышқа Юрий Гагарин ұшты. Сол ұлы оқиғаны хабарлаған газет нөмірінде менің адамның ғарышқа тұңғыш көтерілуіне арналған өлеңім басылды. Ал Алматының өзінде ол өлеңді баспаханада арнаулы лис­товка түрінде басып, ұшақтан қала үстіне шашты. Бұл менің өзімді ең ба­қытты сезінген сәттерімнің бірі. Өзімді алғаш рет ақын ретінде шындап сезінген сәтім де сол. Жаңағы оқиғадан шабыт­тан­ғаным сондай, мен айналасы бір аптаның ішінде тұтас поэма жазып тастадым. “Адамға табын, Жер, енді!” поэмасының қандайлық танымал болғанын айтып жатуды артық көремін. Жалпы, Гагарин­нің ғарышқа көтерілуі бүкіл адамзаттың санасын бір сәтте өзгертіп жіберді деуге болады. Сол күні адамдардың бәрі алды­мен орыстар, америкалықтар, қытайлар, француздар, поляктар, қазақтар емес, алдымен Жер планетасының тұрғындары екенін, адамдардың бәрі Жер аталатын ортақ кемеде жүзіп келе жатқанын сезінді. Менің поэмамның басты айтары да осы еді. Содан шамасы бір айдың ішінде-ақ атақты ақынға айналдым дей аламын. Поэма Мәскеу газеттерінде басылды, ра­диодан оқылды, аяқ астынан, жоспардан тыс түрде жеке кітапша күйінде жарық көрді. Ал өзім арада бір ай өткенде Аме­рикадан бір-ақ шықтым. Сондағы Колум­бия университетінде поэмамды студенттер алдында оқыдым, сұрақтарына жауап бердім. Осы жерде бір жағдай есіме түсіп отыр. Сапардың алдында Мәскеуде инсти­тутымның жатақханасында қонып шықтым. Студент достарыммен дастар­қан­да, көңіл көтеріп отырғанбыз. Кенет солардың біреуі орнынан ұшып тұрды да: “Қой, шығып келейін, біреудің тұмсығын бұзбасам болмайды екен!” деді. “Не үшін?” деп жатырмыз. Сонда әлгі дос­ы­мыз­дың: “Америкаға барғым келеді!” дегені... Америкадан кейін Парижде, Сор­боннада оқыдым сол тұңғыш көлемді туындымды. Поэманың арқасында Жазу­шылар одағына қабылдандым. Институт ректорынан ресми хат түсті. “Оқуға қай­туыңызға рұқсат” деген. Мен телеграм­мамен жауап жібердім: “Қайтайын, бірақ оқытушы ретінде” деп. – Сіз Әдебиет институтының көркем аударма факультетіне оқуға түскеніңізді білеміз. Аудармашылықты кәсіп етпей, ақындық жолға ауысуыңыздың себебін қалай түсіндірер едіңіз? – Ол факультетті таңдағандағы мақ­сатым туған халқымның ғажайып поэзиясын орыс тілінде сөйлету арқылы қазақ әдебиетін бері қойғанда Одақ кө­лемінде таныту еді. Сондағы әр студент өзін өз ұлты әдебиетінің елшісіндей сезінетін. Әрқайсымыз бір-бірімізбен жарыса аударатынбыз. Айтқандай, біздің топта Болат Жансүгіров, Мереке Майлин оқыды. Ілиястың, Бейімбеттің балалары­мен бірге болу да менің заман, қоғам туралы ойларға ерте берілуіме әсер етті. Атақты аудармашы Лев Озеров өткізген шығармашылық семинарлардың пайдасы көп еді. Бірақ көп ұзамай-ақ аудармашы­лық менің стихиям емес екеніне көзім жетті. Қазақтың он бір буындық өлең өлшемі орысшада табиғи шықпай-ақ қойды. Жалпы, өлең аудармасы қиямет-қайым іс. Шынымды айтсам, біздің ақын­дардың өзін дәлме-дәл аударуды талап етіп отырып алатыны да жаныма тиіп бітті. Ақыры аударманы қойып, өлеңді өзім жазуға кірістім. Оның да өзінің қы­зығы бар. Жігіттерміз ғой, стипендияның басына алғашқы аптаның өзінде-ақ су құйып үлгереміз. Содан ашқұрсақ жүретін күндеріміз болады. Қыздарымыз үнемшіл, тамақты өздері дайындап, бір стипен­диядан бір стипендияға жетіп жатады. Суламита деген курстас қызым бар еді, сол маған “Әр кешкі тамақ үшін мынаған жаңадан бір өлең жазып отырасың” деп қалың дәптер ұсынды. Жаяу Мұсаның ұрпағы емеспін бе, қанша өлең керек болса сонша өлең жазып тастаймын. Сол Суламита күндердің бір күнінде жаңағы дәптерді Борис Слуцкийге апарып беріпті. Атақты ақын мені шақыртты. Бардым. Менің өлеңімдегі бір жолға көңілі қатты құлап түсіпті. “Ребята, судите по мне о ка­захах” деген жол. “Осыны маған сый­ласаңыз”, дейді. “Мен қазақтарды соғыста көргенмін. Жақсы солдаттар, жауапты жауынгерлер еді. Сіз аудармашылықты қойып, өлеңді өзіңіз, орысша жазбақ екенсіз. Онда сіз бүкіл орыс әдебиетінің алдында бүкіл қазақ әдебиетінің атынан сөйлейсіз. Сіздің орыс құрдастарыңыздың жүгі жеңіл. Олардың ту сыртында ұлы тарих, алып ауқымды мәдени мұра тұр. Ал сіз ерекше мықты болуға тиіссіз”, деп біраз әңгіме айтты. Кейіннен Слуцкий жаңағы менен сұрап алған бір жолдан өрбітіп, тамаша өлең жазды. “Судите на­род по поэту, Я о турках сужу по Назыму Хикмету, По-моему, турки голубоглазы...” деп келеді. Борис Слуцкий кейін менің өлеңдерімді Леонид Мартыновқа көр­сетіпті. Леонид Николаевич 1960 жылы “Литературная газетада” менің бір топ өлеңдерімді өзінің алғысөзімен жария­латты. Мартынов пен Слуцкий екеуі менің “Аргамаки” деп ат қойған алғашқы жинағымның қолжазба­сын “Советский пи­сатель” баспасына тапсырған. Сөйтіп жүргенде жатақханада бір төбелеске ұры­нып қалдым да мені оқудан шығарып тас­тады. Қолжазбаны баспаның жоспарынан шығарып тастады. Амал жоқ, Алматыға қайтып келдім. Одан арғысын мұның алдын­дағы сұраққа жауабымда айтқан­мын. “Аргамаки” деген бірінші кітабым ақыры Алматыда жарық көрді. – Алғашқы кітабыңыздан кейін-ақ сіз даңққа бөлендіңіз. “Ночь-парижанка”, “Солнечные ночи”, “Доброе время вос­хода” деген жинақтарыңыз жыл аралатпай шығып жатты. 1964 жылы Қазақстан комсомолының сыйлығын алдыңыз. 1967 жылы Ленин комсомолы сыйлығын алған алғашқы ақын да сіз болдыңыз. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан тарихнамаға бой ұрып, лингвистикаға ауыз салдыңыз. 1975 жылы атышулы “Аз и Я” жарияланды... Өзіңіз мұны қалай түсіндірер едіңіз? – Аяқ астынан деген сөзіңізбен келісе алмаймын. Арғы бабам Олжабай батыр жайындағы аңыз аралас әңгіме­лердің өзі-ақ мені бала күнімнен көне тарихқа құлақ түргізіп өсірген болатын. Оның үстіне көшпенділердің бәрін тек жабайы варварлардай есептейтін көзқарас та жастайымнан жаныма тиетін. Әдебиет институтының өзінде СССР тарихынан сабақ беретін Водолагин деген профес­сордың бірінші лекцияда-ақ маған қарап, “Ал, айта қойшы, сендер орыс жеріне алғаш рет қашан басып кіріп едіңдер?” деп “әзілдегені” бар. Мен де қарап қал­май, “Сендер” деп сіз Қазақ ССР-ін ай­тып тұрсыз ба?” деп қарсы сұрақ қой­ған­мын сонда. Мәскеуге барған бетте Ленин кітапханасынан 1926 жылғы санақтың қорытындылары жарияланған жинақты тауып оқығанмын. “Казахи – самая крупная тюркоязычная национальность Советского Союза – 6 млн. 200 тысяч че­ловек” деген тұсын көшіріп те алғанмын. Ал 1939 жылы сол 6 миллионнан астам қазақтан 2 миллион адам ғана қалған... Мұндай қорлыққа тек қой мінез халық қана шыдай алады. Ал біз жылқы мінез халық емес пе едік?! Осындай-осындай ойлардан барып тарихтың тереңіне сүңги бердім. Сүңги берген сайын шежірешілер, жылнамашылар, тарихшылар халық­тардың өткен өмірінен тек қақтығысты, тек соғысты, тек жанжалды жазып отыр­ғанына көзім жете түсті. Этностардың ғасырлар бойы араласып-құраласып өмір сүргенінің, алыс-беріс, барыс-келіс жасағанының жай-жапсарын жазып жату онша әсерлі шықпайтыны рас та болар. Оның есесіне су боп аққан қанды сурет­теу кім-кімнің де есінде көбірек қалады. Соғыстар шежіресі өшпенділікке тәрбие­лейді, кек қайтаруға шақырады. Мұндай тарихнама қоғамдық сананы төзімсіздікке тәрбиелейді. Мұндай тарихнама күрескер­лерді, батырлар мен азапкерлерді өсіруге септесуі мүмкін, бірақ жасампаз жан­дарды өсіруге септеспейді. Әсіресе, Қазақстан сияқты елде сергек тарихи сана қалыптастырудың маңызы ерекше. Бізге бірлесе өмір сүрудің, өзара көмектің тарихи тәжірибесі басқалардан гөрі көбірек керек. Бейбіт күндер тарихтың тақырыбы емес дегенді жаңа айттым ғой. Оны жазу қиын. Бейбіт күндер есте қала бермейді. Соғыстар, шайқастар апталап, кейде айлап созылып отырған, оларды қоссаңыз әрі барғанда жылдар шығады. Ал егер славяндар мен көшпенділердің қатар­ласып, араласып, сауда-саттық жасап, бей­біт өмір сүрген күндерін қоссаңыз тұтас ғасырлар шығады. Мен “Аз и Я” кітабын жазуға Дала мен Русьтің тарихы ежелден қойындасып кеткенін, екі елдің тарихтың ұзына бойында негізінен жа­қын­дасумен, бауырласумен өткенін, ха­лықтардың тіпті тілдері араласуға дейін жеткенін дәлелдеу үшін кірістім. Тіл деген тарихи ақпа­раттың ең бай қоймасы. Мәдениеттердің өзара жақындасуының ең толық суретін біз тілден таба аламыз. Түріктің “товарищ” деген сөзі орысқа ауысқаны бекер деуге бола ма? Ұрыс кезі­нен “ура” сияқты сөздер ғана ауысады. “Аз и Я” кітабының ел назарын ерекше ау­дар­ғанының басты себебі – менің “Игорь жасағы жайындағы жыр­дың” ең алғашқы қостілді оқырманы бол­ғандығымнан. Мен сізге бір-ақ мысал келтірейін. Жырда “Се уримъ кри­чатъ подъ саблями по­ловецкыми” деген жол бар. Монолингвист аудар­машылар оны “се у Римъ” деп оқыған. Сонда немене, Кончак қыпшақтары Римге дейін барған ба? Енді Русь жерінен Рим деген қала іздей бастаған. Одан кейін Мәскеуді кезінде “третий Рим” деп атағанын еске түсір­ген. Одан да болмаған соң Переяслав князді­гін­дегі Римов деген қаланы еске түсірген. Ал енді қос тілді оқырманның көзімен қарасаңыз бәрі оп-оңай орнына келе қалады. “Уримъ” – кәдімгі түркі сөзі. Әйелдің өрім шашы. Қыпшақтар Игорь жорығынан кейін Руське қайта шапқанда әйелдердің ша­шын кескен, сөйтіп қорлаған. Талайлар менің түпкі ойымды тым қарабайырлатып түсіндіреді. “Аз и Я” кітабы тап бір “Игорь жасағы жайындағы жырды” қазақ жазған деп дәлелдейтіндей айтады. Бұл – күлкілі нәрсе. Мен ол жырды қос тілді меңгерген адам шығаруы, нақты айтқанда, түркі тілдерін де білетін орыс адамы шығарған болуы мүмкін деймін. Тап-таза тілді табу мүмкін емес. Корей тілінің 75 пайызын қытай сөздері, француз тілінің 25 пайызын араб сөздері құрайды екен. Солардың соған намыста­нып жатқанын естіп көрмеппін. Ал өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы ұлыдер­жа­ва­лық өркөкіректік орыс тіліне түркі сөздері араласқан дегеннің өзін кешіре алмады. Өркен жайған мәдениет – өзгелермен ұдайы, жүздеген жылдар бойы араласып-құраласудың жемісі. Сөз алмасу деген тілдің кедейлігінің белгісі емес, бұл оның даму үстіндегі тіл екендігінің белгісі. Ол кітапқа көзқарастың өзгергеніне де біраз болып қалды. Алдыңғы жылы “Аз и Я” Мәскеуде басылды. Өткен жылы Бол­га­рияда, Украинада шықты. Бакуде әзір­бай­жан тілінде 30 мың данамен жарық көрді. Бұл қазіргі кез үшін өте үлкен та­ра­лым. Айтқандай, осыдан біраз бұрын мен Рустам Ибрагимбековке Әзірбайжан атауы­ның мағынасын тү­сін­ді­ріп бергенім бар. Қытайлар “азе­ба­жень” деп албан­дарды атаған. Каспий теңізінің батыс беткейі ІІ-V ғасырларда Албания делін­ген. Мұның өзі Ұлы Жібек жолының бойында жатқан ол жерге түркілердің, бұрын айтылып жүргендей, ХІ ғасырда емес, ІІ ғасырда барғанын көрсетеді. – Сіздің түркологиялық еңбектеріңіз көшпенділер мәдениетін көтермелей көрсетеді деген де пікір бар. Бұған не айтар едіңіз? – Мәдениеттің ең басты құрамдас бөліктері қатарында поэзия мен музыка аталуға тиістігі талассыз. Бұл талассыз болса, онда түркі халықтарының дәл осы поэзия мен музыкада ешкімге дес бермейтіндігі тіпті талассыз. Өмір сүру салтына байланысты айтсақ, мысалы, ең таза музыка ХІХ ғасырға дейін көшпелі өмір салтын сақтап келген халықтарда екендігі даусыз. Ал отырықшылыққа ауысқан түркі халықтарында музыка көбіне сөздің немесе бидің сүйемеліне айналып кеткені белгілі. Көп нәрсе қалай түсіндіруге байла­ныс­ты. Батыстағы әдебиетте ғұндар талай уақыт бойы жабайылықтың баламасындай болып бейнеленді. Ақиқатында сол замандағы герман тайпалары әлеуметтік, мәдени дамуы жағынан Еуропаға келген ғұндардан көп төмен тұрған. Германдық­тар ғұндардан тұтас дүниетаным жүйе­лерін қабыл алған. А.Плетнева сияқты­лардың көшпенділерге мәдениет жат деген сөзінің түкке тұрғысыз екендігін тек Эрмитаждағы скиф алтын өрнектері-ақ даусыз дәлелдей алады. Ал олар клас­сикалық көшпенділер ғой. Көшпенділер сөздің толық мағына­сында мемлекет құрмаған деген де жай нәрсе. Әдеби жазба тіл – мемлекет­тіліктің басты белгісінің бірі. Орхон мен Енисей бойларында сонау VІІІ ғасырда тасқа қашалған жазулардың тілі қандай ғажап десеңізші! Әрі икемді, әрі қуатты тіл, ең кернеуі мол сезімдерді, поэтика­лық ойдың ең нәзік нақыштарын жеріне жеткізіп айта білетін тіл! Еуропа мен Азиядағы талай отырықшы халықтар ол заманда мұндай байлыққа қол жеткізбеген болатын. Көшпенділер тіпті сол Орхон-Енисей жазбаларынан басқа ештеңе жасамаған болса да, әлем мәдениетінен ойып тұрып өз орнын алар еді. Түркі көшпенділерінің жазба ескерткіштерінің аз сақталуына ислам дінінің салқыны тиді деп санаймын өз басым. Сына жазуының жәдігерліктері мұсылман дінінің ықпалы жетпеген жерлерде – Алтайда, Сібірде, Моңғолияда ғана сақталғаны тегін дейсіз бе? Тегін емес. Діни фанатиктер тасқа түскен “бөтен” жазуларды жойып жіберіп отырған. Ежелгі түрк тілі Орхон-Енисей мәтін­дерінде ғана, басқа мәтіндер жоқ, ал бұл мәтіндер оғыз-қарлұқ тілдерінің нормаларына сай деген ұғым бар. Түркологиядағы догмалардың біреуі осы. Кейбіреулер осыдан шығарып, ол заманда қыпшақ тілдері болмаған деуден де тайынбайды. Олар қыпшақ тілдері оғыз тармағынан өрбіген дегенді айтқысы келеді. Сонда қыпшақ тілдерінің жасы біздің заманымыздың орта ғасырларынан бері қарай есептелетін болып шығады. Ал дұрысында, қыпшақ және оғыз тілдерін салыстырып қарасаңыз, ежелгі оғыз тілді жәдігерліктерден ап-айқын кипчакизм­дерді көресіз, олар грамматикадан да, лексикадан да танылып тұрады, мұның өзі екі тілдік бұтақтың да орхон-енисей жазбаларынан көп бұрын болғанын әрі бір-бірімен байланыстылығын айқын­дайды. Көшпенділерді, көшпенділікті мен орынсыз көтермелей сөйлеген емеспін. Менің мақалаларымда, кітаптарымда көш­пенді өмірдің кері кетіретін тұстары да жазылған. Мұның алдындағы сұраққа қайтарған жауабымда 1929 жылғы энци­клопедиялық сөздікте қазақтардың саны 6 миллионнан астам деп көрсетілгенін, арада он-ақ жыл өткенде 2 миллионға түскенімізді айттым ғой. Ал сол кезде өзбектер 4 миллионның маңайында болатын. Қазір өзбектер 26 миллионнан астам. Олар аштықтан дәл біздей қырылған жоқ. Өйткені, отырықшылыққа ерте көшіп, жерді еміп үлгерген еді. Біз 30-шы жылдардағы сол ойранды айтқанда Сталин мен Голощекиннің қолдан жасаған ашаршылығымен қатар жартылай көшпенді экстенсивті мал шаруашылығы жиырмасыншы ғасырда экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып шыққанын да ай­ту­ға тиіспіз. Өкінішке орай, ғалымдары­мыз да, саясаткерлеріміз де ол аштықтан тиімді тағылым алған жоқ. Мал шаруа­шы­лығы экстенсивті сипатта жүргізіле берді. Тың игеру басталып, ең құйқалы жер­лерге егін егілген кезде мал шаруа­шылығы шөлейт, жартылай шөлейт аймақтарға ысырылып кетті. Қазақтардың жағдайы қайтадан қолдан нашарлатылды. Осы айтқанымның өзі көшпенділік атты құбылысқа диалектикалық тұрғыдан қарай алатынымды көрсетеді деп ой­лаймын. Қазақтардың көшпенді өмірден сақ­та­лып қалған кеңдігі, көнтерілігі, жұрттың бәрін өзіндей көретін қасиеті еліміздегі тұрақтылықты сақтауға әсер етіп отырған шешуші факторлардың бірі. Астанада, Еуразия университетінде Әбіш Кекілбаев­тың 70 жылдығына арналған конферен­цияда сөз сөйлегенімде Толстой туралы айттым. Тургенев те, Бунин де, Паус­товский де стилист ретінде Толстойдан шеберірек болуы мүмкін дедім. Бірақ, Толстойдың әлемге қарайтын нүктесі биікте, сондықтан ол өмірді, адамдарды басқаша көрген дедім. Толстой әлемді “біздер” және “бөгделер” деп бөлмеген. Толстой үшін Наполеон да, Қажымұрат та бөгделер емес, өзінің артықшылығы мен кемшіліктері бар кәдімгі адамдар. Әлемді “біздер” және “бөгделер” деп қарастыра­тын жазушылар өмірге окоптан көз са­лады. Ал окоптан, амбразурадан адамдар­ды емес, тек дұшпандарды ғана көре аласың. Толстой ­– бір-біріне жат халық­тар болмайтын болашақ адамзатты дай­ын­даған жазушы. Қазақтар нағыз толс­тойшыл халық. Қазақтар бәріне далалық перспективадан, алыстан, кеңінен қарай алады, сондықтан да көбірек, кеңірек көре алады. Қазақтар үшін жек көретін халық болуы мүмкін емес, қазақтар үшін жат ұлт болуы мүмкін емес. Өйткені, тұтас халықтың, тұтас ұлттың жаман бо­луы, жат болуы атымен мүмкін еместігін біз жақсы білеміз. Абайдың “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” деген сөзін халқымыздың әр перзенті ұдайы жадында ұстауға тиіс. – Сіздің біраз уақытыңыз, біраз уақытыңыз емес-ау, талай жылдарыңыз қоғамдық, нақты айтқанда, депутаттық қызметке арналды. СССР халық депутаты ретінде ең көп шұғылданған мәселеңіз ұлтаралық қатынастар болды дей аламыз. ТМД кеңістігінде, өзіміздің елімізде осы мәселе қалай шешім табуда деп санайсыз? – Кезінде бір газетке берген сұхба­тым­да азаттық алауын оқ-дәрі қойма­сын­да отырып тұтатуға болмайды дегенім бар еді. Кеңес Одағы ұлтаралық проблема­лар­дың оқ-дәрі қоймасын еске түсіретін. Ұлт­тық идея кейбір кеудемсоқ саясат­кер­лердің қолында билік үшін күрестің құ­ра­лына айналып, тарихи, рухани, әлеу­меттік және экономикалық факторлардан бөлек қарастырылған кезде деструктивті, қиратқыш күшке ие болды. Гамсахур­диа­ның “Грузия грузиндер үшін” деп ұран тастауы мұң екен, Абхазияның, Оңтүстік Осетияның, Аджарияның проблемалары андыздап шыға келді. Молдова рефор­ма­тор­лары жазуды латиницаға аяқ астынан ауыстырғанда халықтың 40 пайыздайы, не­гізінен өнеркәсіпті қалалардың тұр­ғын­дары, өздерін елдің толыққанды азамат­та­ры сезінуден қалды, сөйтіп Придне­стровье, гағауыз проблемалары пайда бол­ды. Бостандықта өмір сүре білу бодан­дық­та өмір сүруден оңай емес. Оны Тәжік­стан трагедиясы да көрсетті. Сталиндік ре­прессия мен соғыс жылдарында тәжік­тер екі жүз мыңның маңайында адамынан айырылған екен, ал жақ-жақ болып пре­зи­денттік таққа таласқан азамат соғы­сын­да үш жүз мыңнан астам адамынан айы­ры­лыпты. Миллионға жуық тәжіктің бет-бетіне босып кеткені тағы бар. Ресейде де әуелде демократияның бар қызығын көріп қалғылары келіп, облыстарда, қалаларда губернаторларды шетінен сайлай бастады. Сол-ақ екен, сепаратизм белгілері бой көр­сетті. Ал бұл кез келген ел үшін, әсіре­се федеративті ел үшін қауіпті нәрсе. Пу­тин келісімен облыстардың басшылары та­ғайындалатын тәртіп енгізілді. Онда тіпті автономиялық құрылымдардың пре­зиденттерінің кандидатураларын Кремль ұсынады қазір. Жаңағы мен айтқан елдердің көбі не­гі­зінен бірұлтты елдер. Осыдан Қазақ­стан­дағы ұлтаралық қарым-қатынас мәсе­ле­сінің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын­да қандайлық күрделі болғанын шамалай беріңіз. Бұғанасы бекімеген жас елді түрлі саяси күштер жан-жағынан жұлқылап жат­қан кезде Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл жауапкер­ші­лікті өз мойнына алып, президенттік билік жүйесінің артықшы­лық­тарын орынды пайдалана білді. Президенттің сол жыл­дарда елдегі жағдайды қуатты қолында қалай ұстап тұрғанын мен жақсы білемін. Оған өзім куәмін. Мен Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақстандағы саяси тұрақты­лық­ты сақтап қалу ісіне қосқан үлесін өте жо­ғары бағалаймын. Бүгінде саяси тұ­рақтылық қоғам дамуының басты шарты екенін еліміздің барлық азаматтары жақсы түсінеді. Мен мұны тәуелсіздік жыл­да­рын­дағы ең басты жетістігіміз дер едім. То­леранттылық пен келісімге келе білудің орталықшыл қағидаты кезінде Назар­баев­тың “Әділеттің ақ жолы” кітабында мә­лім­делген болатын. Көпэтносты, қайшы­лықты ортада Мемлекет басшысынан еуразиялық үдерістің мәнін танытатын интеграция қағидатын дәйекті жүзеге асыру орынды күтілген-ді. Халықтық көкейге қонымды ойдың жеткізушісі болу, келісімге келтірудің шебері болу, көп­қырлы қоғамда қандай да бір жақтың сөзін сөйлемей, көпшіліктің сөзін сөйлеу Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан келді. Айқастан биік тұра білу ұстанымы адам­зат­­тың ұлы жазушыларын ерекшелендіріп көрсеткен. Мысалы, Толстой сондай болған. Мұндай мысалдар аз емес. Ай­қасқа жол бермеу ұстанымы ХХ ғасыр­дағы ұлы саясаткерлерді ерекшелендіріп тұрған. Мұндай мысалдар аз. Күрделі, өтпелі кезеңдерде билік ба­сында тәжірибелі, кәсіби саясаткерлер тұруға тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев ауыл­дан шығып, қол еңбегі мен ой еңбегін қатар ұштастырған, комсомол жұмысы­ның да, партия жұмысының да мекте­бі­нен өткен, көпұлтты ұжымдарда еңбек ет­кен, советтік кезеңнің барлық мансап­тарының биігіне жеткен адам. Мен Назарбаевпен 40 жылдан бері достық қа­рым-қаты­настағы адаммын. Келіспей қал­ған тұс­тарымыз бар, бірақ кетіскен тұс­тарымыз жоқ. Ешкім де біз екеумізді араз­дастыра алмады ақыры. Сондықтан мен Назарбаевты дәйім қолдаумен келемін. Елбасымызды мақтаныш етемін. Нұрсұлтан Әбішұлын талай жағдай­ларда көрдім. Қорғаныс министрі Д.Язов пен Атом энергетикасы мен өнеркәсібі ми­нистрі В.Коноваловтың Семейде қо­сым­ша үш сынақ өткізу жөніндегі ұсы­ны­сына Горбачев қолдау көрсеткенде Назар­баевтың: “Только с согласия Верховного Совета Казахской ССР” деп жазғанын білемін. Сонда республика басшысы республика Парламенті ендігі жерде ешқандай сынаққа келісім бермейтініне сеніп отыр. Одақ Президентімен ашық­тан-ашық жанжалдасып жатудың қажеті қанша? Ең бастысы түпкі нәтиже ғой. Қазақстанның тұңғыш Президентінің қызметіне түпкілікті бағаны, әрине, тарих береді. Болашақ ұрпаққа тұңғыш Елба­сы­ның қызметін бағалаудың үлгісін бүгінгі замандастары көрсетуге тиіс. Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы 70 жылдығы елді­гі­мізді, мемлекеттілігімізді байыптау, пайымдау тұрғысынан өткізілгені жөн болады деп ойлаймын. – Сіздің атыңызға ұлтаралық қатынас­тар, тіл проблемалары жөніндегі пікір­ле­ріңізге байланысты сын пікірлер жиі айты­лып жатады. Сіз ол пікірлерге қалай қарайсыз? – “Аз и Я” жарияланған кезде мені ұлт­шыл етіп шығарған. “Москва”, “Мо­ло­дая гвардия”, “Знамя” журнал­дарында кітабымды орысқа қарсы еңбек деп бағалаған. СССР Ғылым акаде­миясының жабық мәжілісі шақырылып, академигі бар, корреспондент-мүшесі бар, ғылым докторы бар 49 адам табандатқан 10 сағат бойы сөз сөйлеп, Сүлейменовті шектен шыққан ұлтшыл етіп көрсеткен. Мой­ны­ма жұрт ұмыта бастаған “пан­тюркист” деген айыпты да тағып жібер­ген. Тепкіге түскелі тұрған жерімнен Диме­кеңнің Брежневке кітабымды апарып беруі, Бас хатшының бір ауыз қолдау сөзі құтқарып қалған. Желтоқсан оқиғасы кезінде одан да асырып түсірді. Сол күндерде Мәскеуге жөнелтілген қа­ғаздардың бірінде тіпті “Сүлейменов ав­томатты асынып алып, орыс балабақ­шаларына барды” деген сұмдыққа дейін жазған. Енді қазір мені интернационалист болғаным үшін сынап жатыр. Иә, мен интернационалистпін. Абай – интерна­ционалист. Шоқан да интернационалист. Әсіресе, мына жаһан­дану жағдайында мұндай сана қалып­тас­ты­рудың мәні арта түседі. Жалпы, моно­этнос­ты елден поли­этносты елдің өзіндік артықшылықтары да болады. Мемлекеттің өз ішінде этностардың қатар өмір сүру мәдениетін қалыптастыру арқылы біз олар­дың дәйім ықпалдастығына, сөздің жақсы мағына­сындағы бәсекелестігіне қол жеткізіп, дамуға соны серпін бере аламыз. Өзге этностармен жарысу ахуа­лы­ның өзі халықты бәсекеге қабілетті ете түседі. Тіл туралы ауызша берілген сұхбат­тарымдағы кейбір онша дәл айтылмаған пікірлеріме қарап мені қазақ тіліне жа­н­ашыр еместей сөйлейтіндерге жаным аши­ды. Сөздің де қисыны болуы керек қой. Сонау 1984 жылы Жазушылар ода­ғында қазақ тілін қорғауға арналған ең бірінші жиынды ұйымдастырған Олжас Сүлейменов емей, кім еді? Оған қатысқан адамдар, құдайға шүкір, арамызда жүр ғой. Мен тек қазақтардың соңғы ғасырда та­рихтың өзі қолға әкеліп түсірген қымбат қа­зынасынан – орыс тілін баршамыз толық игергендігімізден бас тартпағанын қалаймын. Олай болмайтынына сенемін. Олай болмайтыны былай тұрсын, қазақ­тардың келешекте үш тілді қатар мең­гер­ген халық болатынына сенемін. Егер қол­ға алынған бағдарлама ойдағыдай жүзеге асырылса, онда таяудағы оншақты жыл­дың өзінде біздің жастарымыз қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде емін-еркін сөй­леу арқылы бүкіл әлемнің білім бай­лы­ғы­на есік ашады деп білемін. Мұның өзі мемлекетті болашақта миллиондаған долларлық шығындардан құтқаратынын да ескеру керек. Орысша, ағылшынша оқымайтын халыққа мына үшінші мыңжылдықта қаншама ғылыми әдебиетті қазақшаға аударып беруге тура келетінін ойласаңыз жаныңыз түршігеді. Ал әрбір адам, әсіресе қазіргі жас адамдар ерінбесе, ыждаһат танытса болды – сол мыңдаған кітаптардың бәріне қолын тікелей жеткізе алады. Аудармасы дұрыс па екен деп күмәнданып жатпай, түпнұсқадан оқи алады. Халқымыздың орыс тіліндегі, ағыл­шын тіліндегі Интернетке еркін енуінің өзі интеллектуалдық өсуімізге қандай өріс ашатынын дәлелдеп жатудың қажеттігі жоқ. Жаһандануға бейімделу дегеніміз осы. Жаһандануға қарсы күресу дегенді айтып жүргендердің сөзін де, өзін де тек аяу керек. Сөздің реті келгенде айтайын, мен алфавитімізді латиницаға ауыстыруға да қарсымын. Өзбектер мен түркімендердің содан озып кеткенін қазірше көре қойған жоқпын. Әзір­байжандардың жөні басқалау. Олар түріктердің латиницасын сол күйінде ала салды. Өйткені, әзірбайжан мен түрік тілдері бір топқа – оғыз тобына жатады, айырмашылығы шамалы. Латиницаға көшеміз деп әуре-сарсаңға түссек, қазақ тілін қазіргі білетін жазуының өзімен үйрене алмай жүрген қазақтарды тіпті тілден алыстатып тынуымыз мүмкін. Бәлкім, сол алфавитпен мамандар үшін бірер басылым ашып қоюдың, сол арқылы латиницаның мүмкіндігін, қажеттілігін жылдар бойы байқап көрудің артықтығы болмас. Бұл асығыс шешетін мәселе емес. Сонан кейін айтатын тағы бір жай бар. Екі алфавит ұстанатын ел болмайды. Іргемізде Ресей тұрғанда Қазақстандағы орыс жұртшылығы кириллицаны қойып, латиницаға көше салады екен деп ойлаудың өзі кәдімгі балаңдықтың дәл өзі. Рас, әуелде қазақ алфавиті Интернетке келмейді екен, қазақша сайттар ашылмайды екен, қазақша мәтін электронды поштамен жіберілмейді екен дегендей қауіптер айтылған. Қазір оның бәрі шешілген. Бұл жағын да ескеру керек. Кириллицаны өз алфавитіміз емес қой деп қуыстанудың тіпті жөні жоқ. Қазақтың алфавиті кириллицамен жазылатын орыс алфавитінің негізінде, соған қазақ дыбыстарын бейнелейтін жаңа әріптер қосу арқылы жасалған. Әлемде төл алфавиті бар елдер қазір өте аз. Қытай, араб, грузин, армян сияқтылар ғана. Қалған жұрттың бәрі ортақ алфавиттерді пайдаланады. Балқан түбегіне Аспарух хан бастап кеткен бұлғарлар (олардың бір тобы Еділ бойымен жоғары өрлегенін, кейіннен татарлар атанғанын білесіз, Татарстанда Булгар деген қала да бар) сондағы славян тайпаларының жерін басып алды да, саны аз болғаннан кейін өздері ассимиляцияға түсіп кетті,