• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2010

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ СЫНДАРЛЫ ШЕШІМ

1057 рет
көрсетілді

Елімізде нарықтық қатынастар орнығып, экономикамыз ретке келген тұстан бастап, құрылыс саласы ерекше қарқын алуда. Бүгінгі таңда ел дамуында бұл саланың өзіндік орны мен салмағы бар деп айта аламыз. Осы құрылыстың қарқын алуы, оған ше­тел­дік жаңа технологиялардың келуі нәтиже­сінде аз жылдың өзінде Сарыарқаның төсінде маржандай жайнаған Астанамызды салдық. Алматы қаласы қанатын кеңге жая түсті. Об­лыс орталықтарында әсем ғимараттар пайда бол­ды. Міне, осылайша құрылыс саласы Қазақ­стан экономикасының локомотивтерінің біріне айналды. Егер соңғы 4-5 жылдың ішінде елімізде жүргізілген реформалық шараларға көз жүгір­тер болсақ, Қазақстан Үкіметінің нақ осы құры­лыс саласына үлкен мән беріп отырған­дығы байқалады. Әлемді шарлаған дағдарыс­пен күрестің ауқымды шаралары еліміздің қаржы жүйесі мен құрылыс саласының тұ­рақтылығын сақтап қалудан бастау алғандығы белгілі. Осы аптада өткен Үкімет отырысы енді осы саланы одан әрі дамытудың бірқатар маңыз­ды мәселелерін қарастырды. Соның бірі үлескерлер проблемасын шешу мәселесі болды. Аталған мәселе жөнінде баяндама жасаған еліміздің Құрылыс және тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық істері жөніндегі агенттігінің төрағасы Серік Нокиннің айтуы бойынша үлескерлер проблемасы барынша ушыққан 2007 жылдың қыркүйек айында елімізде 63 мың үлескердің қатысуымен салынып жатқан 450 тұрғын үй кешенінде проблемалы жағдайлар пайда болған. Осы кезеңнен бастап Елбасының арнайы тапсырмасы бойынша Үкімет үлескерлер проблемасын шешу ісімен жүйелі түрде шұғылданып келеді. Міне, содан бері екі жарым жылдай уақыт өткен екен. Осы қысқа уақыт аралығында бұл салада көптеген жұмыстар жүзеге асты. Жоға­рыдағы 63 мың үлескердің 41 мыңы үйлі бо­лып үлгерді. 450 тұрғын үйдің 322-сінде құры­лыс жұмыстары аяқталып, олар пайдалануға берілді. Енді 2010 жылдың 1 наурызындағы мәлімет бойынша 132 тұрғын үйде құрылыс жұмыстары аяқталуы керек. Бұларда 26 721 үлескер бар. Осы үлескерлердің басым көпшілігінің мәселесі биылғы жыл шешімін таппақ. Атап айтқанда, 112 нысанда құрылыс жұмыстары аяқталып, 21 мың үлескер үйлі болмақ. Қалған 20 нысандағы 5000 үлескердің мәселесін шешу келесі жылдың үлесінде тұр. Серік Нокин өз баяндамасында жоғарыда­ғы айтылған 21 мың үлескердің мәселесі қалай шешілетіндігі жөнінде жан-жақты баяндап берді. Сол деректерге көз жүгіртер болсақ Астанадағы проблемалы деп табылып отырған 61 нысанның 26 нысанындағы бос пәтерлерді қала әкімдігі сатып алатын болады. Бұл 3965 үлескердің мәселесін шешеді. 7 тұрғын үй нысаны “Жаңа құрылыс” ЖШС өкілетті құрылыс ұйымының күшімен аяқталады. Бұл 2659 үлескердің мәселесін шешуге мүмкіндік береді. 3524 үлескер бар 19 тұрғын үйді аяқтау міндетін “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры өз мойнына алып отыр. Мұның сыртында 1182 үлескері бар 9 нысанды аяқтау құрылыс компанияларының өз күшімен жүргізіледі. Сөйтіп, бір Астана қаласының өзінде биылғы жылы 12 646 үлескер үйлі болады. Ал Алматы қаласында құрылысы аяқталма­ған 33 тұрғын үй нысаны бар екен. Бұлардағы үлескерлердің жалпы саны – 8141. 2010 жылы осы нысандардың 16-сында құрылыс жұмыстары аяқталып, олар пайдалануға беріледі. Сөйтіп, 3 мыңнан астам үлескердің мәселесі шешілетін болады. Үкімет әлемді шарлаған дағдарыс қиын­дық­тарына қарамастан, үлескерлердің мәселесін шешу жөнінде белсенді жұмыстар жүргізді. Осының нәтижесінде ешбір үлескер далада қалмақ емес. Сөйтіп, бұл саладағы жүйелі жұмысты Кәрім Мәсімов Үкіметінің үлкен бір жетістігі деп бағаласақ, артық емес. Қазақстанда қарқын алған құрылыс саласын бұдан әрі қалай алға жылжытамыз? Қазақстандықтарды баспаналы етудің қандай жолдары бар? Осы мәселемен Үкімет тұрақты түрде шұғылданып келеді. Соның бір мысалы ретінде отырыста қаралған екінші мәселені атап көрсетуге болады. Бұл мәселе халықтың “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-тағы салымдарын іске қосу жағдайын қарастырады. Осы жайында баяндама жасаған Серік Нокиннің айтуы бойынша, ол басқаратын Құ­рылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа-шылық істері агенттігі “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-пен бірлесе отырып, осы банктің салымшылары үшін тиімді кестені жасаған. Осы кесте бойынша аталған банк өз салымшыларының ішінен белгіленген төмен баға бойынша тұрғын үй сатып алғысы келе­тіндердің пулын қалыптастырады. Пул қалып­тас­қаннан кейін банк жергілікті атқару орган­дарына тұрғын үй салу жөнінде тапсы­рыстар береді. Жергілікті атқару органы бұл құры­лыстарды республикалық бюджеттен бөлінетін несие қаржыға жүргізетін болады. Осы үшін жер телімдерін бөліп, оларды қажетті инже­нерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Тұрғын үй құрылысы аяқталғаннан кейін оны пайдалануға беру үшін жергілікті атқару органы банк салымшыларымен келісім-шарт жасасып, осының негізінде жаңа тұрғын үйдегі пәтерлерді оларға бөлетін болады. Ал банк салымшылардың қаржысын жергілікті атқару органы есебіне ау­дарады. Жергілікті атқару органы осы қаржымен республикалық бюджеттен несиелерін өтейді. Әзірге бұл қанатқақты жоба Астана, Алма­ты қалалары мен Ақтөбе облысында жүзеге аспақ. Құрылыстың шығындарына және жер телімдеріне бағасына байланысты тұрғын үй бағасы да әркелкі болады. Мәселен, Алматы қаласында осындай жолмен салымшыларға берілетін пәтердегі 1 шаршы метрдің бағасы 142,5 мың теңгені (950 доллар) құраса, Астана қаласында 1 шаршы метрдің бағасы 121 мың теңге (807 доллар), ал Ақтөбе облысында 90 мың теңге (600 доллар) болмақ. Бұл – бол­жамды баға. Ал нақты баға құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары жасалып, олар мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін айқындалатын болады. Серік Нокиннің айтуынша, осы кесте бойынша елімізде 2011 жылы 50,1 мың шаршы метр немесе 745 пәтер салынбақ. Бұл пәтер­лердің 364-і Астана қаласында, 285-і Алматы қаласында, 96-сы Ақтөбе облысында тұрғызылмақ. Бұл үшін республикалық бюджеттен 7,7 миллиард теңге қаржы бөлінуі керек. Мұның 4,1 миллиард теңгесі 2010 жылы құрылысты бастау үшін, 3,6 миллиард теңгесі 2011 жылы құрылысты аяқтау үшін бөлінеді. Үкімет отырысына интерактивті байланыс арқылы облыс әкімдері де қатысып отырған еді. Олардың көпшілігі осы жобаға ықылас танытты. Үкіметке мұндай жоба еліміздің барлық өңірлері бойынша жүргізілсе деген өтініштерін жеткізді. Осы мәселе жөнінде сөз алған “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ басшысы Нұрбибі Наурызбаева өзі басқаратын банктің қанатқақты жобаны еліміздің барлық өңірлерінде жүргізуге мүмкіндігі бар екендігін айтты. Сонымен аталған мәселе тағы бір пысықталатын болды. Отырыста құрылысқа қатысты қаралған үшінші мәселені революциялық шешім ретінде бағалауға болады. Бұл мәселе Қазақстанда осы уақытқа дейін ұзақ жылдар бойы пайдаланып келген құрылыс саласын техникалық тұрғыдан реттеу мәселесіне арналды. Қазіргі қолданыстағы құрылыс саласын техникалық реттеу мәселесі бізге Кеңестер одағынан көшкен мұра. Бұл норма әміршілдік тәсіл бойынша жүргізіліп келеді. Мәселен, белгілі бір құрылыс нысанын жүргізу үшін осы норма бойынша алдын ала ол нысанның қандай материалдарды қолданып салынатын­дығы, қандай тәсілдермен жүргізілетіндігі айқындалады. Бірақ сапа мәселесі көп ескеріле бермейді. Құрылысты жүргізуші алдын-ала белгіленген осы нормадан ауытқымауы керек. Егер соңғы 4-5 жылдың айналасында пайда болған әлемдік тәжірибеге назар аударатын болсақ, дамыған елдердің көпшілігі бірінші кезекте түпкі нәтижеге бағытталған шараларға ауысып жатыр. Оларда бірінші кезекте салын­ған құрылыстың тұрмысқа жайлы болуы, берік болуы ескеріледі. Ал осы құрылысты қандай тәсілдермен жүргізеді. Оған қандай материал­дарды пайдаланады, бұл – құрылыс жүргізуші компанияның өз еркіндегі мәселе. Компания құрылыс жайлы да сапалы болу үшін өз бетін­ше ізденіске түсіп, оны салуда әлемде пайда болған соңғы технологияларды қолда­нуға ұм­ты­лады. Ғылыми-техникалық прогресс нәтиже­сінде жаңадан пайда болған құрылыс мате­риал­дары бойынша жұмыс істейді. Бұл материал­дар осы уақытқа дейін қолданыста болып келген заттарға қарағанда, әлдеқайда ар­зан болуы мүмкін. Міне, осылайша салынған құрылыстың өзіндік құны да төмендей түсуі мүмкін. Қазақстанда ендігі қолданысқа енгізілетін құрылыс саласын техникалық реттеу жүйесі осы жаңалықтарға негізделмек. Оны әзірлеуде Австралия, Ұлыбритания, Еуропа одағы, Канада, Жаңа Зеландия, АҚШ, Жапония секілді елдердің тәжірибелері ескерілген. Еліміздің құрылыс саласына мұндай норманы енгізу жеңіл емес, ол үшін осы уақытқа дейін қалыптасқан нормативтік база, қадаға­лау мен бақы­лау жүйесі, сәйкестікті бағалау жүйесі түбірінен қайта қарасты­рылуы керек. Міне, осын­дай жағдайда ғана аталған реформадан сәттілік күтуге болады. Сондықтан бұл жаңалықты біртіндеп енгізу қажет. Осы жаңалықты өмірге әкелудің жолдарын қарастыратын құжат Қа­зақ­стан Респуб­ликасының құрылыстағы техникалық регламенті деп аталады. Тіпті мұны өзінің маңызы мен ерекшелігін ескере отырып, еліміздің құрылыс саласының жаңа техни­калық конституциясы деп те атауға болады. Бұл құжаттың өмірге енуі құрылыс саласындағы мамандардың, әсіресе, осы саладағы мемлекеттік ба­қылау мен қадағалау ор­ган­­дарында жұмыс істейтіндердің біліктілігін талап етеді. Сондықтан осы құжатқа сәйкес құрылысты бақылау мен қадағалау жүйесіне де ірі өзгерістер енгізу, бұл саладағылардың кә­сіп­тік шеберлігі мен дербес жауапкершілігін арт­тыру мәселесі де көзделіп отыр. Үкімет оты­рысы міне, осындай маңызды мәселелерді қарауға арналды. Елбасының тапсырма­сына сәйкес Үкіметтің елі­міздің үдемелі индус­трия­лық-инновациялық да­муының 2010-2014 жылдар­ға арналған бағдарламасын әзірлегендігі белгілі. Бұл бағ­дарлама Елбасының жаңа Жолдауындағы елі­міздің 2020 жылға дейінгі индус­триялық дамуын жү­зеге асыру үшін жасалынып отыр. Аталған бағдарлама көп қырлы болып табылады. Онда таяудағы жылдардың ішінде қандай салаларды дамытуға басымдық беріле­тіндігі, қандай жобалардың мемлекет тарапынан қолдау та­батындығы және бұл іске кәсіпкерлік корпус­ты тар­тудың жолдары нақты айқындалған. Іс нәтижелі болу үшін ағымдағы жұмыстардың барысын бақылауда ұстап, пайда болған проблемаларды дереу қарастырып шешетін Республикалық басқарушы орталық құрылған болатын. Бұл орталықты Премьер-Министрдің өзі басқарады. Осындай орталықтар өңірлік деңгейде де жұмыс істейді. Оларды облыс әкімдері басқарады. Республикалық басқарушы орталық ірі индустриялық, инфрақұрылымдық жобалар­дың жүзеге асуына бірінші кезекте мән беруде. Елімізде мұндай 162 жоба болса, соның 140-ы биылғы жылы жүзеге аспақ. Осыған дейін бұл орталықтың бірінші отырысы өтіп, онда көптеген мәселелер шешімін тапқан болатын. Облыс әкімдерімен интерактивті байланыс жағдайында өткен Үкімет отырысы осы орталықтың екінші басқосуына ұласты. Мұнда жоғарыда айтылған әр жоба бойынша жеке мәселе қаралды. Бұл жобалардың мерзімінде жүзеге асуы үшін олардың әрқайсысына жеке жауап беретін тұлғалар тағайындалған екен. Солардың әрқайсысы басқосуда есеп берді. Сондай-ақ, әрбір облыс басшысы сөз алып, өз өңірлерінде жүзеге асу үстіндегі ірі индус­триялық, инфрақұрылымдық жобалардың жағдайын және оларды жүзеге асыруға қатысты пайда болған проблемалар туралы баяндады. Бұл жобалардың жүзеге асатындығына сенім мол. Өйткені, жекелеген жобалар бойын­ша сөз алған әрбір министр немесе агент­тік бас­шысының жасаған хабарламасына қараған­да, бұл жобалардың көпшілігінде жұ­мыстар тоқтаусыз жүріп жатыр. Ал айтылған проблема отырыс барысында бірден қаралып, оны шешудің жолдары белгіленіп жатты. Рес­публикалық орталықтың басшысы Премьер-Министр Кәрім Мәсімов проблемаларды ше­шу үшін қажетті тұлғаларға тікелей тапсырма берді. Аталған мәселе бойынша қорытынды сөз сөйлеген Премьер-Министр Кәрім Мәсімов ендігі кезекте “Бизнестің жол картасы-2020” жобасын жүзеге асыруға ерекше мән беру қа­жеттігін айтты. Әрине, осы бойынша жұмыс­тарды жүзеге асыруда мемлекеттік компа­ниялар локомотив болып табылады. Бірақ жобаға жеке бизнестің ынтасын оятпай, одан үлкен нәтиже күту қиын. Сондықтан Үкімет басшысы осы мәселенің лайықты шешімін табуын өңір басшыларына мықтап тапсырды. Қазірдің өзінде мұндай ірі жобалардың бірте-бірте іске қосылуы арқылы еліміз едәуір пайда көріп отыр деп айта аламыз. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын оңтүстік өңірдегі елді мекендерді су басуына байланысты проблема­ны шешу үшін Көксарай қарсы реттегішін салу қажет пе, жоқ па деген мәселенің біраз дауға айналып барып, оң шешімін тапқандығы белгілі. Қазір оның құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Биылғы жылы оның алғашқы кезегінің іске қосылуының нәтижесінде жыл­дағыдай ауылдарды су басуы сап тыйылғандай. Осы мәселе бойынша сөз алған Төтенше жағдайлар министрі В.Божко бұл құрылысқа биылғы жылға 15 миллиард теңгенің бөлінгенін айтса, Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов бұрын осы мерзімде Сырдария арқылы секөнтіне 100 текше метр су ағып өтетін болса, биылғы жылы оның қарқыны 1000 текше метрге дейін жеткеніне қарамастан ауылдарды су алу қаупі жойылғандығын атап көрсетті. Міне, істің нәтижесі деп осыны айтуға болады. Осы отырыста биыл қар қалың түскен Шығыс Қазақстан облысындағы жағдай туралы мәселе қаралды. Көктемде осы қардың кетуі қиын болуы, көптеген ауылдарды су басуы мүмкін. Осыған орай Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов облысқа Үкіметтің көмек көрсетуге әзір екендігін білдірді. Осыған сәйкес тиісті орындарға тапсырма берді. Сонымен, қазіргі күні Үкіметтің белсенді қызметінің нәтижесінде еліміздің бүгінгі кү­ніне, болашағына қатысты көптеген маңызды шаруалар жүзеге асуда деп сеніммен айта ала­мыз. Осы аптада өткізілген Үкімет отырысы мен Республикалық басқарушы орталықтың екінші мәжілісі осының жарқын бір мысалы болды. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.