• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2010

АДАЛ ЕҢБЕКПЕН ЕРЕКШЕЛЕНГЕН “АДАЛ”

1087 рет
көрсетілді

Жусан иісі аңқыған ұлы даланың құ­­діретіне бас имейтін, алаңсыз да бақытты балалық шағы өткен туған ауылын қастерлеп, қадір тұтпайтын қазақтың баласы кемде-кем шығар. Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етудің өзіндік ерекшеліктері мен ауыртпа­лықтары жеткілікті. Алайда, ерік-жігері, күш-қуаты мықты азаматтардың алдын­дағы биік қамалдан қаймықпайтындығы көңілге қуаныш ұялатары. Еліне, туған жеріне адал қызмет етуді ғұмырлық биік мақсатына айналдырған сондай аза­маттардың арасында “Адал” агроөнер­кә­сіп кешенінің директоры Медетхан Игі­ліковтің болуы, әрине, құптарлық жәйт. Еңбекшіқазақ ауданындағы “Жаңа­шар” ауылында орналасқан “Адал” агро­өнер­кәсіп кешені өнімдері Алматы об­лы­сы мен Алматы қаласы тұтынушыларына ғана емес, республика тұрғындарына да жақсы таныс. Қазақстандағы іргелі ша­руа­шы­лықтардың біріне айналған бұл ке­шен­де сүт өнімдерінің отызға жуық түрі шы­ға­рылады. Ең бастысы, бұл өнімдер та­биғи тазалығымен қоса, жоғары сапалы­лығымен ерекшеленуде. “Адал” агро­өнер­кәсіп кешенінің директоры Медетхан Әбдіғалиұлының айтуынша, сүт зауыты алғаш іске қосылған 2004 жылы тәулігіне он тонна өнім өндірілсе, қазір сүт өнім­дерінің көлемі тәулігіне жетпіс тоннаға жеткен. Қазірде бұл шаруашылықта 2000 ірі қара бар, оның 1100-і сауын сиыр. – Еліміздің бәсекеге қабілетті мем­лекеттер қатарына қосылуына өзіндік үлес қосу ­– біздің басты мақсатымыз. Бір құптарлығы, “Адалдың” өнімдері тұты­ну­шылардың сұранысына ие болуда. Алматы қаласын, Алматы облысын біздің өнім­дерімізбен толықтай қамтамасыз ету соңғы кездерде қиынға соғуда, сондықтан ірі кешен құрылысы қолға алынды, мұның өзі мегаферма деп аталады. Ол жа­ңа технологиямен, су құрылысы комму­никациясымен жабдықталмақ. Соның нәтижесінде сүттің және сүт өнімдерінің сапасы жоғары болады деген сенім бар. Үкіметтік бағдарлама бойынша бизнес-жос­парымызды өткізген бізге жеңіл­де­тілген несие де берілуі мүмкін. Өнім өн­ді­руде тәжірибені жетілдіру, өндіріске озық технологияны енгізуде ілгерілеушілік бар, – дейді Медетхан Игіліков. Германия, Дания, Швеция, Ресей, Та­тарстан мемлекеттеріндегі шаруашылық­тар­дағы озық тәжірибемен алмасу өз нә­ти­жесін беруде. Бір құптарлығы, “Адалда” бүгінгі күнге дейін жинақталған тәжірибе шетелдіктердің қызығушылығын туғызуда. Мәселен, пішендеме дайындауда шабыл­ған шөпті бірден полиэтиленге орап дай­ындау әдісін атап айтуға болады. Өзгелер сияқты бір жылдық емес, көпжылдық шөп өсіру, сүрлем дайындау мәселесінде не­містердің, ағылшындар мен амери­ка­лықтардың “Адалдың” озық тәжірибесіне жүгінуі көп нәрседен хабар берсе керек. Қандай салада болмасын жоғары жетістік, мол табыс ізденіс пен іскерліктің нәти­жесінде ғана келетіндігі ақиқат. Уақыт өткен сайын “Адал” агро­өнер­кәсіп кешенінде өндірістік көрсеткіштер, еңбек қарқыны артуда. Мәселен, бұдан он жыл бұрын әр сиырдан жылына 2700 литр сүт сауылатын болса, қазір оның көлемі 5400 литрге жеткен. Сонымен қатар, ком­паниядағы бес жүздей адамның әлеумет­тік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, соғыс және еңбек ардагерлеріне, мектеп оқушы­лар­ына қайырымдылық көрсету бағы­тында да игілікті іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, жас ма­ман­дар мен жас отбасыларын қаржылай қолдау, оларға бес пайыздық ссуда беру, жұмыс орнының тұрақты болуы табысты молайтуда. Елуінші асуға аяқ басқан, көпшілік құр­метіне бөленген азамат өзінің бүгінге дейін қол жеткен жетістігі ата-ана ша­ңы­ра­ғындағы тәрбиеден басталып, содан кей­ін алғаш еңбек жолында қамқорлығын көр­сеткен, тәжірибесін бөліскен жасы үл­кен ағаларының көмегінің нәтижесі деп есеп­тейді. Әкесі Әбдіғали, анасы ­– Шә­рипа оны адалдыққа, имандылыққа бау­лы­са, Тұрсынбай Шыңғысов, Темен Ни­яз­беков бірі шаруашылықтың бас экономисі, екіншісі шаруашылық ди­ректоры бола тұра жас маманды еңбекпен бірге, өмір қиындығын жеңуге де үйретті. Қазір ойлап қараса, сол кезде сол ағалар­дың жасы бар болғаны қырықта ғана екен. Соңы­­нан “Адал” агро­өнеркәсіп кеше­ні­нің аяғынан тұрып кетуіне ерекше қол­дау көрсеткен тәжірибелі маман Смай­ыл Жолдас­беков пен оның ұлы Серік Смайы­ловтың іскерлік қабілеті, бойын­да­ғы азаматтық ұста­ны­мы туралы Ме­детхан атап айтады. Шын мәнісінде де, тәуел­сіздіктің ал­ғаш­қы жылдары тоқырау­ға, бан­крот­қа ұшыраған “Асыл” өндірістік кооперативін жекешелендіру кезінде оның мойнындағы қарызын өтеп, шаруашы­лық­тың ұзақ ізденістен, өнімді еңбектен кейін жаңа үлгідегі және озық әдісті ком­панияға айналуында да осындай азамат­тардың үлесі мол болғандығын ұжым басшылары назардан тыс қалдырмайды. “Адал” агроөнеркәсіп кешенінің бас агрономы Шоқан Дүйсенұлы “шаруа­шылықтың көркейіп, ұжым мүшелерінің тұрмыстық жағдайының жақсаруы ком­пания басшысы Медетхан Игіліковтің ұйымдастырушылық қабілетінің, өз ауылдастарына деген адал ниетінің жемісі” екендігін жасырмайды. Шын мәнісінде де, бүгінгідей қиын­ды­ғы, кедір-бұдыры көп тіршілікте, Шо­қан Дүйсенұлы айтқандай, Ме­дет­ханның өз бойындағы табиғи қа­сиет­ті жоғалтпай, өзгелерден жақ­сылығын аямауы оның адамгер­шілігін айшықтай түссе керек. Еліміздегі келешегі зор, іргелі шаруашы­лықтың басшысы ретінде ол компания өнімдерінің ғана емес, ең алдымен, әрбір адамның бойында адалдық болуына мүдделі. “Бүгінде көп отбасында жас ұр­пақ бо­йына Отанға деген сүйіс­пен­шілік қасиетін сіңіру назардан тыс қалып отырғаны жасырын емес. Көбінесе байлыққа, ман­сап­қа ұмтылу, яғни материалдық мүд­де алға шығуда” деп есептейді ол. Атап айтарлығы, “Жаңашар” ау­­ы­лын­да жас ұрпақ тәрбиесін жетіл­ді­ру, іскер кадрлар дайындау бағы­тын­дағы жетістіктер айқын аңғарылуда “Адал” компаниясы тек өткен жылдың өзінде төрт маманды іріктеп, Ал­ма­тыдағы аграрлық университетке жі­беріп, оларды өз есебінен оқытуда. Соңғы төрт-бес жылда отызға жуық жас отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Көрші Жамбыл облысы мен Семей, Талдықорған өңірле­рі­нен келіп, “Адалға” жұмысқа орна­ласуға тілек білдірушілер де аз емес. Бір таңғаларлығы, тұрғындардың тату-тәтті тіршілік кешіп, ынтымақта өмір сүруі, ал жастардың теріс қылықтардан өз бойларын алшақ ұстауы шаруашылықта тәрбие мәселесіне басты назар аудары­ла­тындығының айқын айғағы болса керек. “Жаңашар” ау­­ы­лында қоғамдық негізде жұмыс істейтін “ақсақалдар алқасы”, “әй­елдер кеңесі” қиын жағдайға ұшыраған отбасына да, өзгелерге де әрдайым көмек қолын созуда. Соның нәтижесінде, ауылда дау-жанжал, келіспеушілік жоқ, ең бастысы, ауылдастар бір-бірінің қызығына да, қиындығына да ортақ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының мәліметі бойынша әрбір адамның денсаулығы оның өмір сүру тәртібіне және дұрыс тамақтануына тікелей қатыс­ты екен. Мәселен, сүт өнімін мол пай­д­а­лану жағынан ерекшеленетін Скандина­вия елдерінде тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы әлем бойынша жоғары орынға шыққан. Сөйтіп, бүгінгі таңдағы ең ши­палы әрі ең сапалы тағам ­сүт болып қала бермек. Қазақстандық өзге де сүт өн­ді­рушілермен бірге “Адал” да өз тұтыну­шыларының жоғары талабынан шығу бағытындағы іргелі жобаларды одан әрі жетілдіре бермек. Отандық өнімнің өтім­ділігін арттырып, өндірісті алға бас­тыруды ең басты азаматтық парызына айнал­дыр­ған басшының келешекте де биіктен көріне беретініне көпшілік сенімі мол. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы.