• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2010

КӨКСАРАЙ

1004 рет
көрсетілді

Ашығын айтсақ, сырбойылық диқандар су азабын жылма-жыл тартумен келетін. Ерте көктемде су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында дария суы кез келген каналдар мен жыраларға, шабындықтар мен  жайылымдықтарға жіберілетін. Өкініштісі сол, біріншіден, бұл жерлер, яғни жайылымдықтар мен шабындықтар сорланып, іске аспай қалса, екіншіден ерте көктем айларында тазалануға тиіс каналдарға дүре тиіп, тазаланбай, егіс көлемі күрт азайып кетеді. Егістік жер азайды екен, күріш өнімі де азаяды. Осындай қиналған кездерде сырбойылықтар Сырдария суын реттейтін бір амал табылатын болар деген болжамға күдікпен емес, үмітпен қараушы еді. Айтса айтқандай, өткен жылы Елбасының тікелей нұсқауымен Көксарай су реттегіші құрылысы бас­талып, ағымдағы жылы пай­да­лануға берілгелі жатыр. Бұл құры­лыстың салынуы Сыр өңірінің ғана емес, оңтүстік аймақ тұр­ғын­дарының аяқ су мәселесінің түкпілікті шешілуіне бірден-бір себепші болғанына халық дән риза. Жасыратыны жоқ, кезінде Көксарай су тоспасы төңірегінде әрқилы әңгімелер өрбіп, бір­қа­тар түсініспеушіліктер де болды. Осының әсерінен, яғни 1998 жылы құрылысы жоспарланған су реттегіші түрлі себептермен кей­ін­ге ысырыла берген. Рас болса, соңғы 10 жылда Көксарайға қа­тыс­ты 9 қаулы қабылданыпты. Көк­сарайдың қатар жатқан екі аймақ – Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарына тигізер пайдасы мен тарттырар залалы жайлы талас жылдан-жылға со­зыл­ған. Десе де біздің елмен көр­шілес – қырғыз бен өзбек елде­рі­не қа­рағанда ортақ несібеден қа­ғылың­қырап келген қазақ­стан­дықтар үшін стратегиялық нысан күн тәртібінен түскен емес. Айналып келгенде талас-тар­тыс­тан елдік мә­селе үстем болып, өткен жылдан бас­тап Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы Арыс ауданы аумағынан Көксарай су реттегішінің құ­рылысы басталды. Сонымен Елбасының тікелей нұсқауымен бұл мәселеге нүкте қойылып, халықтан лайықты баға­сын алды. Бүгінде Көксарай су қой­ма­сын­да жиналған су көлемі 412 млн. текше метрге жетіп отыр екен. Алдын-ала жоспар­лан­ған­дай, осы наурыз айында оған бөлінетін су көлемі тағы да ұл­ғайтылмақ. Осылайша ағымдағы жылы Көксарайдағы су көлемі 1 млрд. текше метрге жетпек. Ма­мандардың пайымдауынша, су реттегіш құрылысы толық іске қосылғанда ол 3 млрд. текше метр су сыйдырмақ. Көксарай су тоспасының рахатына бүгінде көршілес қоныс тепкен Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындары бөленіп отыр. Көксарай су реттегішінің салынуы Сырдария өзені жағалауына қоныстанған елді мекен тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, көл­дер мен суармалы жерлерді сумен тұрақты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, қайтқан теңізге то­лас­сыз су жіберіп, Кіші Аралды қайта алып келмек. Сонымен кезінде Елбасы айт­қандай, “Көксарай – Қы­зыл­орда елі үшін жасалып жатқан жоба”. – Елбасының дана басшы­лы­ғы арқасында Көксарай су рет­тегіші құрылысы іске қосы­ла­ды деген әңгіме естідік. Ол Қы­зылорда облысы халқын көк­тем­де­гі су тасқынынан құтқара оты­рып, жазда су тапшылығына соқ­тырмайды екен деген жаңалыққа біз де облыс тұрғындарымен бір­ге қуанып жатырмыз. Осындай қиын жағдайдың күрмеуін ше­шу­ге бел шеше кіріскен Мемле­кет басшысының ұтымды шеші­мі­не айтар алғысымыз шексіз, – дейді “Шиелі Авангарды” ЖШС директоры А.Жұмаділда. “М.Шәменов” ЖШС дирек­торы Рахымбай Далдабай өз ойын былайша жеткізді: – Жуырда Көксарай су рет­тегішінің құрылысы аяқта­лып, іске қосылады деген жақсы хабарды алып, қызылордалық егін­шілер қатты қуанып отыр. Өйт­кені, Көксарай салынуы арқылы Қызылорда облысы жыл сайын су басып қалу қаупінен біржолата арылатыны, Сырдария өзені өңірінің экологиялық-шаруашылық ахуалы жақсарып, жаз мезгіліндегі су жетіспеушілік мә­селесі түбегейлі шешілетіні, көк­тем-жаз мезгіліндегі су ағу және сақтау режімдерін тұрақ­тан­дыруға мүмкіндік беретіні белгілі. Сол жылдары Көксарай су қой­масын салу жөнінде Елба­сы­ның Үкіметке берген тапсыр­ма­сы жеке өзімді қатты қуантты және бұл ұтымды шешім болды. “Көксарай” су қоймасы құрылы­сы­ның тезірек бітуін ауыл болып тілеп отырмыз. ТҮЙІН: Көксарайдың ұлттық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ететін стра­тегиялық нысан ретінде де сал­ма­ғы басым. Тоқсаныншы жыл­дардан кейін жүргізілген мем­ле­кетаралық келісімдерде Тоқтағұл су қоймасын ирригациялық жүйе­ден энергетикалық үстемдік құ­ра­лына ауыстырып алған қырғыз елінің талай талаптарын орын­дау­ға тура келгені белгілі. Әу бас­та 1 млн. гектарлық алқапты су­лан­дыруға арналған Тоқтағұлдан жылына 5 млрд. кВт. электр энер­гиясын өндіру мақсатында жазда төменгі елді судан қағып, қыста артық суды еңіске құлата салатын олардың бұл тірлігі халықаралық талаптарға қайшы келсе де көнуге тура келді. Ең бастысы, Көксарайға көк­темде арнадағы артық суды жи­нап, ала жаздай аяқсудан тапшы­лық көретін Сыр диқандарын қажетті мөлшерде қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Жыл сайын ерте көктемде су тасқынынан әбігерге түсетін сырбойы­лық­тар қауіптен айығып, көктемгі егіс науқанына құл­шы­на кірісіп те кетті. Сол үшін де қызылордалықтардың Елбасына деген ақ алғыстары шексіз. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы.