• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
13 Наурыз, 2010

ЭЛЕКТРОНДЫ УНИВЕРСИТЕТ – БҮГІНГІ ӨМІР ТАЛАБЫ

906 рет
көрсетілді

Қазір күннен күнгі өзгерістерге таңданарлықтай ештеңе жоқ, солай болуға тиістідей құбылыстар аз еместігі аян. Ал айшылық жердегі алыстағы  үйде отырып, аудиториядағы кәдімгі студентше бір уақыт оқытушы дәрісін тыңдап, кеңесін тоқып, білім әлеміне сүңгіп, бүкіл оқыту үрдісіне қоян-қолтық қатыса алу – бұл да өскен өмірдің ғажайып көрінісі. Елбасының биылғы Жолдауында талап етіліп отырғанындай, осындай жағдайды елестеткенде Қарағанды экономикалық  университеті алдымен көз алдыңа келеді. Бүгінгі ақпараттық-коммуникациялық жүйе негізінде электронды  оқу орнына айналу көзделген университетте халықаралық талаптарға жауап беретін сапалы білім беру жолындағы ізденістер бір төбе. Университет ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерқара АЙМАҒАМБЕТОВПЕН әңгіме арқауы осы бағытта өрбіген еді. – Сөз басында қызығарлық һәм сүйсінерлік жәйт, сізге тағдыр осы білім ордасымен біте қайнасуды жазыпты. Кооперативтік институт болып құрылған кезден бастап ешқайда табан аудармапсыз. Білуімізше, бұған жарты ғасырдай уақыт болған екен. Демек, екінші үйіңіз деуімізге болар. – Мен кейде тамыр-таныстар арасында екі отбасым бар деп әзіл­деймін. Сондайда кейбіреулер әуел­де таңданыс танытып қалады. Әзіл астарын түсінгенде барып қолымды қысып жатады. Ал шынында маған университет үлкен отбасы. 1966 жылы шәкірт атанып, мамандық алып, оқытушылыққа қалуды қала­ған­нан уақыттан бері ажырамаған қасиетті шаңырағым. Тыныс-тір­шілігі, қам-қарекеті өз отбасымдай көңілге ортақ, жүрекке ыстық. Мүм­кіндігім келгенше беделін биік­тете түсу жолында еңбектеніп келемін. – Бедел демекші, еліміздің жо­ға­ры оқу орындары ортасынан ал­ғаш­қылардың қатарында универ­ситет Болон декларациясының негізі болып табылатын Университеттердің ұлы хартиясына қол қойғаны белгілі. Бұл – әлемдік білім кеңістігіне кірігуге жасалған ізашар деген сөз. Оны беркітуге бағытталған іс-шараларға тоқталып өтсеңіз. – Мұның өзі кездейсоқ емес, қазіргі жаһандану дәуірінде инте­гра­циялық үдерістердің қарқынды дамып отырғандығына байланысты алға ұмтылудың талабы. “Білегіне сенбе, біліміне сен” делінгендей, мем­лекеттің бәсекеге қабілеттілігі, жаңаруға бейімділігі, өскелең ұрпақ ке­лешегі барша қауымның білік­ті­лік деңгейіне, соның ішінде эко­но­ми­каның қыр-сырларын терең бі­луі­не сүйеніледі. Міне, бізге мін­де­тіміз осы тұрғыдан аса жауапты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қа­зақ­­станның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жол­дау­ын­да “Жоғары білім сапасы ең жоғары талаптарға жауап беруі тиіс. Елдегі ЖОО-лар әлемнің жетекші университеттерінің рейтінгіне енуге ұмтылулары керек”, деп атап көр­сетілуі жауапкершілікті күшейтіп отыр. Бұл бағытта атқарылып жат­қан жұмыстарымыз да жеміссіз емес. Солардың біріне тоқталғанда электронды университет құруға мықты қадам басылғанын атар едім. Телекоммуникациялық техно­ло­гияның құлаш кеңдігі, дүние­жү­зілік Интернет желісінің құшақ ашық­тығы, компьютерлік техника­ның, мобильдік байланыстың шет­сіз-шексіз мүмкіндігі, сандық жүйе­дегі оқу залдары мен кітапхана­лар­дың әрдайым дайындығы, аудио, бейнетаспа оқу материалдарының же­тімділігі арқылы, қысқасы, оқы­тудың жаңа ғасырлық формасын қалыптастыруға барлық жағдай жасалып, жетілдіріліп жатыр. Мәселен, университеттегі ақпа­рат­тық білім беру орталығы сту­дент­терден үнемі арылмайды. Онда бір мезгілде қатарынан 70 ком­пьютер бір желіде жұмыс істейді. Келушілер Интернетке қосылып, әлем­нің кез келген түкпірінен өзде­ріне қажетті оқулық материалдарды аса жылдамдықпен қабылдай ала­ды. Сөз орайында айта кеткенде, 1 мыңға жуық компьютердің бәрінде сондай мүмкіндік бар. Немесе сан­дық жүйедегі кітапхана қызметін алалық. Оның қорындағы 800 мың кітаптың кез келгенін қалаған уа­қыт­та тауып алуға болатын элек­трон­дық жұмыс істейді. Тіпті оған аяқ атталмай-ақ, кіре берісте орна­тыл­ған кең экранды панельге сау­сақ ұшын жүгіртіп, керекті оқу­лықтың бар-жоғын, қандай жаңа еңбектер түскенін білуге болады. Сабақ кестелері, емтихандар өтетін мезгіл, түрлі хабарландырулар со­лайша анықталады. Жыл басынан бері Оксфорд пен Кембридж университеттерінің, сон­дай-ақ Лондонның экономика және саяси ғылымдар мектебінің элек­трон­дық ресурстарына қол же­туі із­денушілерге көп көмегін тигізіп жүр. Экономист мамандар даяр­лау­дың қазіргі әлемдік сипаты бизнес-білімге, яғни теориялық білім мен тәжірибелік икемділікті тығыз ұштастыруға бағытталған. Болашақ түлектеріміздің нақты бизнес ортаға осы бастан бейімделіп, дайын­далуы­на “виртуалдық кәсіпорын” аталатын әмбебап құрал үлкен ық­пал етуде. Біздің шетелдік әріп­тесіміз Нью-Йорктегі Сент-Джонс университеті сыйға тартқан сол арқылы кәсіпорындардағы шаруа­шы­лық жағдай талданады, соған сәйкес оқытудың әдіс­темелік түрлері өзгертіліп, жаңартылып отырады. Оның да электронды уни­верситет құруға зор сеп­тігі тиюде. Бұл – түбінде білім саласына мықтап енетін ерекше жоба. Сон­дықтан бастамашы ре­тін­де озықтығын дәлелдеп, сәтті орнығуына күш сала бермекпіз. Айтпақшы, Болон үдерісіне қатысу біздің студенттеріміздің де оған мүше кез келген елдің ЖОО-ларында білімін жалғастыруына мүмкіндік туғызады. – Ерқара Балқараұлы, қашық­тық­тан оқыту технологиясы осы бағыттағы қадамның бірі делінеді. Енді сол жөнінде әңгімелеп берсеңіз. – Айта кету керек, Білім және ғылым министрлігі университеттің қазіргі ұстанымы мен ізденістеріне барынша қолдау жасауда. Қашық­тықтан оқытудың сынағы бізге сеніп тапсырылуы үлкен сенім деп білеміз. “Білім беру жүйесіне қа­шық­тықтан оқыту және ІТ – техно­логияларын енгізу жөнінде” респуб­ликалық оқу-семинар, “Бі­лім беру­дегі қашықтықтан оқыту техно­ло­гия­лары” тақырыбында халықара­лық ғылыми-тәжірбиелік кон­фе­ренция өтіп, қатысушылар ат­қарылып жатқан жұ­мыс­­тармен танысты. Осынау тәсілдің тиім­ділігі әрі ұтымдылығы уақыт және арақа­шық­тықпен бөлектенген оқы­ту­шы мен оқушының өз­ара әрекеттестігін үйлес­тіруде болып табылады. Қа­шық­тықтан интерак­тив­тік оқыту сабақ жүргізілу үстіндегі аудитория­дан оқу курсына қатысты мате­риал­дарды тікелей қабылдауға, оқы­тушы мен оқушы­ның аудио­бай­ланыс арқылы элек­трондық поштамен байланысуына, бейне­кон­ференцияларға қаты­суына, интер­активті зертханаларда жұмыс істеуіне, әр студенттің WEB SERVER-інде ашылған бетіндегі өзіне арналған тапсырмаларды тауып, орындауына мүмкіндіктер ту­ғызады. Айта берсе, білімге ынталы әр­кім­ді тартарлық жақтары көп. Мәсе­лен, студенттер оқу пәндерін, арнайы курстарды, соған қоса оқы­тушыларды да таңдап, оқу жылы­ның басында курс жоспары сұрақ­тарының барлық жиынтығын, тапсырмаларын, өзін-өзі тексеру тестерін, силабустарын түгел алады. Оқытушы кеңес, бағыт беруші, сондай-ақ орындаған жұмыстарын түзетуші рөлін атқарады. Бүгінде дамыған елдер ЖОО-ларының көпшілігі білім беру са­ласында тілімізге тиек жүйені қол­да­нады. Оларды қуып жетуге тал­пы­ныс таудай. Алысқа таныла да бастаудамыз. Оқытушыларымыз бұл мәселеге қатысты келелі кеңес­терге жиі жіберіледі. “Банк ісі” кафедрасының меңгерушісі Асқар Қонақбаевтың былтыр қашық­тық­тан оқыту бойынша Испанияда өткен халықаралық конференцияда жасаған баяндамасының қызығу­шы­лық тудыруы жағымды жаңа­лық­тың бір мысалы ғана. Оны ұйымдастырушылардың баға­лауын­ша біздің университет бұл жағынан АҚШ және Батыс Еуропаның көш­басшы білім ордаларымен деңгей­лесіп қалыпты. – Көңілге хош хабар-ақ екен. Электронды жүйеге көшу сынақ, емтихан қабылдау істеріне де өзгерістер енгізетін шығар? – Қазірдің өзінде студенттер білімін таразылауда технологиялық жетістіктер қолданыла бастады. Бұрынғыдай оқытушының ауызша сұрақ қоюы, солайша жауап беру­дің күні өтіп барады. Бәрі элек­трон­дық құралдарға бағынды­рыл­ған. Солар арқылы білім сапасы сараланады. Ешкім оған араласа ал­майды. Бұл пара ұсыну, біреу­лер­дің делдалдығына сүйену тәрізді қулықтар тамырына түпкілікті балта шаптырмақ. – Сөз соңында не айтар едіңіз? – Білім беру саласы қашанда бір орында тұрмақ емес. Уақыт талап-талғамына сай бойына тың леп есуін, өркенді өзгерістер мен жаңа жаңғыртуларды тілеп, қажет етіп отырады. Бір тәуірі, елімізде соған бетбұрыс батыл. Соның алғы шебінен көрінуге талпынысымыз осындай. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.