• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 22 Сәуір, 2019

Кандидаттарды тіркеу мәселесі қаралды

576 рет
көрсетілді

Жұма күні Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлауына қатысатын Қазақ­стан Республикасының президенттігіне кандидаттар мемлекеттік тілді еркін әрі жетік меңгеруі тиіс деген мәселе мен Қазақстан президенттігіне кандидаттарды тіркеудің кейбір мәселелері қоса қаралатынын атап өтті.
Осыған байланысты Қазақ­стан Республикасы Президентінің мемлек­еттік тілді еркін меңгеруі тиіс деген мәселе бойынша Орта­лық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен баяндама жасады. Онда ол Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін (Қазақстан Рес­публикасы Конституциясының 41-бабының талабы) Қазақстан Республикасы Орталық сай­лау комиссиясының қаулысы­мен құрылған құрамында тіл мамандары және өзге де мамандар бар кем дегенде 5 адамнан тұратын лингвистикалық комис­сияның қорытындысы анық­тайтындығын айта отырып, Қазақ­стан Республикасының Орта­лық сайлау комиссиясы Білім министрлігімен, жетекші уни­вер­ситеттің ректорларымен кеңес өткізіп және Орталық сайлау комиссиясының жанындағы лингвистикалық комиссияның құрамына қазақ тілі мен әде­биеті саласындағы көрнекті ғалым­дардың ұсынылғанын жеткізді. Атап айтқанда, елімізге белгілі ғылым докторлары, профессорлар Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Сейіт Қасқабасов, Гүлтас Құрманбай және Ерден Қажыбек ұсынылды. 

Міне, осыған байланысты Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының «Қазақстан Республикасы­­ның президенттігіне кандидат­тар­дың мемлекеттік тілді еркін мең­­гер­гендігін анықтау жөнін­дегі лингвистикалық комиссия­ны құру туралы» 2015 жылғы 27 ақ­пандағы №6/263 қаулысы­ның лингвистикалық комиссия құрамы бөлігіне өзгерістер енгізілді.

Ал Қазақстан Республика­сы Конс­титуциялық Кеңесінің «Қазақ­стан Республикасы Конс­ти­туциясының 41-бабының 2-тар­мағын ресми түсіндіру туралы» 1998 жылғы 9 қазандағы №280 қаулысына сәйкес, «Қазақ­стан Республикасы Конститу­­ция­сының 41-бабының 2-тарма­ғы нормасының «мемлекет­тік тілді еркін меңгеретін» деген бөлігін қазақ тілінде сауат­ты түрде оқиды, жазады, өз ойларын қиналмай оңай жеткізеді және көпшілік алдында сөй­лей алады деп ұғу керек» деп анық­талғандығы белгілі. Соған орай президенттікке канди­дат­ты мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін олардан лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырма жазу, сосын лингвистикалық комиссия ұсынған көлемі үш баспа беттен аспайтын мәтінді оқу және лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көпшілік алдында он бес минуттан кем емес сөз сөйлеу талап етілмек.

Ол үшін жазбаша жаттығу, қазақ әдебиеті классиктерінің туындыларын оқу және еркін тақырыпқа сөйлеу үшін бірнеше тақырыптарды лингвистикалық комиссия алдын ала айқындайды, үміткер емтихандағыдай тап­сыр­малардың үш түрінің әрқайсы­сынан бір бірден таңдап алады. Бұл орайда президенттікке кан­дидатқа емтиханның әр кезеңіне дайындалу үшін жеткі­лікті уақыт беріледі. Ал жазбаша тапсырмаға қажет болса, бір сағаттан кем емес уақыт беріледі. Сонымен қатар 15 минут көпшілік алдында сөз сөйлеуге дайындалу үшін 1 сағат уақыт беріледі. Сөйтіп линг­вистикалық комиссияның отырысы ашық және жариялы болады, деді Л.Сүлеймен.

Ал кандидаттарды тіркеудің кейбір мәселелері туралы сөз алған Орталық сайлау ко­мис­­сиясының мүшесі Бақыт Мел­дешев, сайлау туралы заң­ның 59-бабының 2-тармағында канди­даттың және оның зайыбы­ның тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніндегі, яғни 2019 жылғы 1 сәуірдегі кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынуы көзделген, деді.

Сондай-ақ кандидаттың рес­публика Президентінің міндет­терін орындауына кедергі келті­ретін ауруларының жоқтығын растау үшін оған медициналық куәландыру жүргізіледі, оның қоры­тындысы денсаулық жағ­дайы туралы тиісті медици­налық қорытындымен ресім­деледі. Ал медициналық қо­ры­тындыға қойылатын талаптар Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен нор­мативтік-құқықтық актімен белгіленеді. 

Жалпы бірлескен норматив­тік-құқықтық актісінде Қазақ­стан Республикасының прези­денттігіне кандидат ретінде тіркеуге кедергі келтіретін 107 ауру тізбесі көрсетілген. Ден­­саулық жағдайы туралы ме­дициналық қорытындыны кандидат «Қазақстан Республи­касындағы сайлау туралы» Қазақ­стан Республикасының Конституциялық заңының 59-бабында көзделген құжаттармен бірге кандидат ретінде тіркелу үшін Орталық сайлау комиссиясына ұсынады.