• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 22 Сәуір, 2019

Аруларға ақ жол тілейміз!

509 рет
көрсетілді

Санаулы күндерден кейін Қытайдың Сиань қаласында сары құрлықтың барлық белді балуандары бас қосады. Бұған дейін біз грек-рим және еркін күресінен өткен Азия чемпионаттарының тарихы және қазақстандық спортшылардың сол жарыстарда қол жеткізген табыстары турасында біраз мағлұмат бердік. Ал бүгінгі мақаламызда әйелдер күресі жайында әңгіме қозғаймыз.
Әйелдер күресінен алғашқы Азия чемпионаты 1996 жылы Қытайдың Сяошани қаласында ұйымдастырылды. Айтулы жарыс­та тоғыз салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынып, оның жетеуінде жапон қыздары жеңімпаз атанды. Бір алтын Қытай спортшысына бұйырса, тағы біреуін АҚШ-тан келген Патрисия Саундерс иеленді. Сары құрлықтың ішкі жарысында америкалық балуанның не себепті өнер көрсеткенін жанкүйерлер осы күнге дейін түсіне алмай дал. Осы мәселе жөнінде күрес өнерінің басы-қасында жүрген мамандарға сауал жолдаған едік, олар да тұшымды жауап қайтара алмады. Бірақ біздер үшін бұл маңызды емес. Біздер үшін маңыздысы – Аспанасты елінде өткен бәсекеде қазақстандық Светлана Волкованың (57 кило) қола медаль иеленуі. 

1997-2001 жылдар аралығында Азия чемпионатының жалауы төрт мәрте желбіреді. Сол төрт жарыста жүлде алғандардың тізімінде бірде-бір жерлестеріміз жоқ. 2003 жылы Нью-Делиде өткен байрақты бәсекеде Қазақстанның Туы астында өнер көрсеткен Светлана Ярошевич (75 кило) алтыннан алқа тағынса, 2004 жылы Токиодан қоржынымыз бос қайтты. 

2005 жылдан бері елімізде әйелдер күресінің өрлеу кезеңі басталды. Сол жылы Уханьда Бекзат Мұстафина (48 кило) мен Ольга Жәнібекова (72 кило) үшінші орынға табан тіресе, келесі маусымда Алматыда Елена Шалыгина (63 кило) күміс және Ольга Калинина (67 кило) мен Ольга Жәнібекова (72 кило) қола медальды иемденді. 

2007 жылы Бішкекте төрт спортшымыз финалға шықты. Солардың арасынан Жұлдыз Ешімованың (51 кило) бақ жұлдызы жанды. Елена Шалыгина (63 кило), Дарья Карпенко (67 кило) және Ольга Жәнібекова (72 кило) шешуші тұста ұтылды. Ал Ольга Смирнова (55 кило) қолаға қол жеткізді. 

2008 жылы Чеджуде бес жүлде алдық. Жұлдыз Ешімованың (51 кило), Салтанат Әбдірахманова (55 кило) және Ольга Смирнова (59 кило) күміске қол созса, Елена Шалыгина (63 кило) мен Дарья Карпенко (67 кило) қоланы қанағат тұтты. 

2009 жылы Паттайя да тұңғыш рет Қазақ елінің Әнұраны екі мәрте шырқалды. Татьяна Аманжолова (51 кило) мен Елена Шалыгина (63 кило) алтыннан алқа тағынды. Жұлдыз Ешімова (51 кило) финалда сүрінсе, Айым Әбділдина (55 кило) үздік үштікті қорытындылады.  

2010 жылы Үндістанның астанасында түрлі медальдарды бір-бірден олжаладық. Гүзел Манюрова (72 кило) алтын, Жұлдыз Ешімова (51 кило) күміс және Ольга Жәнібе­кова (67 кило) қола медальды мойындарына ілді.   

2011 жылы Ташкентте Гүзел Манюрова (72 кило) тағы да теңдессіз деп танылды. Айым Әбділдина (55 кило) мен Татьяна Захарова (67 кило) үшінші сатыға жайғасты. 

2012 жылы Кумиде Қазақстан құрамасы өте керемет өнер көрсетті. Қоржынымызда ­– бес жүлде. Елена Шалыгина (63 кило) екінші және Гүзел Манюрова (72 кило) үшінші рет Азия чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Айжан Исмағұлова (55 кило), Айым Әбділдина (59 кило) және Татьяна Захарова (63 кило) үшінші орынды иеленді. 

2013 жылы Нью-Делиде жалғыз ғана Татьяна Аманжолдың (51 кило) алтынын қанағат тұтсақ, 2014 жылы Қазақстанның бас қаласында Әнұранымыз екі мәрте шырқалып, Туымыз үш рет көкте желбіреді. Татьяна Аманжол (48 кило) мен Гүзел Манюрова (75 кило) қарсылас шақ келтірмесе, Айым Әбділдина (55 кило), Екатерина Ларионова (63 кило) және Елмира Сыздықова (67 кило) жүлдегерлер қатарынан көрінді. 

2015 жылы Дохада алты аруымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Алайда олардың ешқайсысына алтын бұйырмады. Елмира Сыздықова (67 кило) күміс,  Татьяна Аманжол (48 кило), Жұлдыз Ешімова (55 кило), Айым Әбділдина (58 кило), Екатерина Ларионова (63 кило) және Гүлмарал Еркебаева (75 кило) қола медальды еншіледі. 

2016 жылы Бангкокта үш балуанымыз ақтық сынға алқынбай жеткенімен, үшеуі де шешуші тұста өз қарсыластарына есе жіберді. Олар – Ирина Борисова (48 кило), Айым Әбділдина (58 кило) және Елмира Сыздықова (69 кило). Мадина Бақбергенова (60 кило) мен Гүлмарал Еркебаева (75 кило) үшінші сатыға табан тіреді. 

2017 жылы Нью-Делидегі доданы төрт жүлдемен қорытындыладық. Жұлдыз Ешімова (53 кило) финалда ұтылды. Ирина Борисова (48 кило), Аяулым Қасымова (60 кило) және Гүлмарал Еркебаева (75 кило) жүлдегерлер санатына қосылды.  Ал 2018 жылы Бішкекте шымылдығы түрілген жарыста Жұлдыз Ешімова (53 кило), Ирина Казюлина (68 кило) және Гүлмарал Еркебаева (76 кило) қола медальды иеленді. 

Осы күнге дейін әйелдер арасындағы Азия чемпионатының командалық есебінің бас жүлдесі тек екі мемлекеттің өкілдеріне ғана бұйырған екен. Бұл ретте сары құрлықтың көшбасшысы деп Жапонияны айтуға толық негіз бар. 1996-2008 жылдар аралығында айтулы жарыстың жалауы 21 мәрте желбіресе, Күншығыс елінің қыздары 16 рет дара шыққан екен. Қалған жүлденің бесеуі Қытай құрамасының еншісінде. 

Жеңіп алған бас жүлделердің саны бойын­ша Қазақстан үшінші орында. Әр жылдары біздің сұлуларымыз 11 рет алтыннан алқа тағынды. Моңғолияның сегіз бас жүлдесі бар. Оңтүстік Кореяның өкілдері төрт мәрте теңдессіз деп танылды. Олардың Солтүстіктегі көршілері 3 рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Қырғызстанда екі алтын бар. Түрікменстан, Тайпей, Үндістанның қыздары бір-бір реттен топ жарды. Міне, Азияның алтыны осы санаулы елдердің балуандарына ғана бұйырған екен. Осы деректердің өзінен-ақ, бас жүлделердің көбі Жапония мен Қытайға кеткенін аңғаруға болады. 

Қазақстан құрамасының Азия чемпионатында жеңіп алған жалпы жүлделер саны – 56. Тарқатып, айтсақ, біздің арулар 11 алтын, 14 күміс және 31 қоланы олжалады. 31 мәрте өткен айтулы жарыстың бесеуінде жерлестеріміз командалық есепте үшінші орынды иеленді. Бұл көрсеткіштерге біз 2007 жылы – Бішкекте (1 алтын+3 күміс+1 қола), 2009 жылы – Паттайяда (2+1+1), 2010 жылы Нью-Делиде (1+1+1), 2011 жылы Ташкентте (1+0+2), 2012 жылы Кумиде (2+0+3) және 2014 жылы Нұр-Сұлтанда (2+0+3) қол жеткізді.      

2018 жылғы Азия чемпиондары

50 кило ­– Лэй Чун (Қытай)

53 кило – Пак Ен Ми (Солтүстік Корея) 55 кило ­– Саки Игараси (Жапония)  57 кило – Пэй Синжу (Қытай) 59 кило –  Жу Ниннин (Қытай) 62 кило – Пурэвдоржийн Орхон (Моңғолия) 65 кило –  Навджот Каур (Үндістан) 68 кило –  Чжоу Фэн (Қытай) 72 кило –  Хань Юэ (Қытай) 76 кило –   Чжоу Цянь (Қытай)