• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Театр 22 Сәуір, 2019

«Жеті ойыншықтың жеңісі»

942 рет
көрсетілді

Өскелең ұрпақты ұлттық тамырдан ажыратпай, рухани тәрбие бұлағымен сусындатудың бірден-бір жолы оларға тарихымыздағы тұғырлы тұлғаларды танытып, ертегілердегі ізгілікке баулитын кейіпкерлерді үлгі етіп көрсету. Жуырда жас драматург Әлібек Байболдың «Жеті ойыншықтың жеңісі» атты ертегісі Ж. Аймауытов атындағы Павлодар об­лыстық Қазақ музыка-драма театрында сахналанып, кіш­кентай көрермендерді үлкен олжаға кенелтті. Өнер ұжы­мының Алматыға сапары барысында аталған туын­ды Ғ.Мүсірепов Қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында да қойылып, көпшіліктің ықы­ла­сына бөленген болатын. Жастар жылына орайластырылып жазылған айтулы қойылымның режиссері – Әділет Ақанов.
Қойылымда ұлы көшпен­ді­лердің айрықша мәдениетті игеріп, адамзат тарихында өз­геше өрнегі бар өрелі өр­кениет қалыптастырғаны ту­ра­лы баяндалады. Ерлік пен елдіктің еңселі үлгісі ертегі­дегі Сиқыршы, Барысбай, Жыл­қыхан, Алмагүл, Темірғазы, Қызғалдақ, Құлтемір, Бөрібек пен Алтын адам секілді то­ғыз кейіпкер арқылы өріліп оты­рады. Білім мен өнерге та­лаптанған кейіпкерлердің іс-әрекеттері ұрпақты адалдық пен шыншылдыққа, мейірімділік пен отансүйгіштікке тәрбие­лейді. Режиссер жаһандану за­манында адамзат баласының компьютерге тәуелділігі арт­қан сайын, рухани құнды­лықтардан ажырап бара жат­қанын үй­лесімді жеткізген. 

Ертегіде көнекөз Сиқыршы, өзге кейіпкерлердің өресі мен қа­білетін сынау үшін үш ке­зеңнен тұратын ерекше ойын ойнауға шақырады. Алғашқыда олар өз өнерлерін көрсетсе, екінші ке­зеңде «Қыз қуу», «Теңге ілу», «Ұшты-ұшты» сын­ды ұлттық ойындарда бақ сы­нап, соңғы кезеңін жаһандық жаңалықтардан хабар беретін қызықты сұ­рақтармен түйін­дейді. Ойын жарыс тү­рін­де өтіп, оған залда отырған бал­дырғандар араласып, қойылым одан әрі қыза түседі. Бірақ көңілді, зерек балалардың арасында жалқаулыққа үгіттейтін бір кейіпкер бар. Ол – Құл­те­мір. Алғашында жарысқа қа­тысушы жеті ойыншық бас-басына тартып, ұпайды тек өздеріне еншілеуге тырысады. Кейіннен Құлтемірдің арам ойын біліп, бірлік пен ұйым­шылдыққа ұйы­сады. Сол ар­қылы Құл­те­мірді өз орта­ла­рынан аластайды. Жеті ойын­шық жеңіске бір-бірін алаламай, татулықпен бірге жетеді. Со­ңында бәрі бірге «Қара жор­ға» мен «Қамажайды» масаттана билейді. 

«Данагөй қазақ халқы «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық ұрпақ тәрбиелейді» деп бекер айтпаса керек. Ке­ле­шектің іргетасын бүгіннен бас­­тап қалауды ұлы мұратына ба­лаған бабаларымыз ұрпақ тәр­биесіне аса мән берген. Бұл қойы­лымның мақсаты да – ұлтқа ұйытқы болатын ұлағатты ұр­пақ тәрбиелеу. Әлібектің дра­ма­тургиясы бү­­гінгі қоғамда орын алып жат­қан түйткілді мә­селе­лер­мен тікелей байланыс ор­на­тады. Заман тұрғысынан уақытпен бірге жүйткіп келе жатқан ғаламдық мәселелер, адамзаттың құнсызданған асыл қасиеттері, драматург тарапынан өткір сыналып келе жатыр. Осы себепті қаламы жүйрік, ша­быты арынды қаламгерге театр басшылығы ертегі жазып беруін қолқалаған болатын», дейді Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық Қазақ музыка-драма театры Әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Нұркен Тұрлыбек.

Әлібек Байбол – «Темір жол вокзалы», «Құлдар патша­лығы», «Ой ұшқындары» атты 3 про­за­лық кітаптың және 8-ге жуық пье­саның авторы. «Гүлдің аты – Махаббат» атты пьесасы М.Әуезов атын­дағы Қазақ мем­лекеттік акаде­миялық драма театры ұйым­дастырған жас драматургтер байқауында 40 шығарманың ішінен үздік бес­тікке енсе, 2018 жылы «Әріп­тер әлеміне саяхат» пьесасы Ғ.Мү­сірепов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрын­да сах­наланған болатын.

«Туындымның негізгі айтар ойы, түпкі идеясы – кез келген жаратылыстың бойындағы ба­уырмашылдық, жақындық, ізгі­лік атаулыны жоғалтпау жо­лын­дағы күрес. Соның аясында кішкентай көрермен қазақ­тың салт-санасы, әдет-ғұрпы, мә­дениетімен жақыны­­рақ танысуға мүмкіндік алады. Павлодар об­лыстық Ж.Аймауытов атындағы музыка-драма театрының ұжы­мына алғысым зор. Әсіресе шығармамның қанат қағуына мұ­рындық болған театр бас­шы­сы Арман Темірбек мыр­заға, көркемдік жетекші, өнер жанашыры Ерлік Жуас­бек­ке, ертегінің қоюшы режис­сері, бо­лашағынан зор үміт күт­т­і­­ретін талант иесі – Әді­лет Ақан­ға, жұдырықтай жұ­мыл­ған барша театр ұжы­мына риза­шы­лығымды біл­діргім келеді. Бүгіндері «Дра­матургтер жоқ!»  деген жат­танды сөз көп айтылып жүргені белгілі. Мұ­нымен ке­ліспеймін. Өйткені біз – бармыз. Әннас Бағдат, Ықы­лас Шал­ғынбай, Қолғанат Мұрат, Айдана Аламан, Әлі­шер Айтуар, Хан Асанов, Ме­рей Қосын секілді қатарлас-қа­наттастарымның аяқ алысына көңілім толады әрі келешекте осы жас қаламгерлерге үміт артамын», дейді Әлібек Байбол.

Қазақы танымнан тамыр алып, тал шыбықтай ұл-қыз­дарды тағылымға тәрбиелейтін мұндай туындылар театр сахналарынан үзілмесе дейсіз. «Жеті ойын­шықтың жеңісі» балалар драм­атургиясының мәуелі жемісі деп айтуға болатындай. АЛМАТЫ