• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Сәуір, 2019

БЖЗҚ: 82 млрд теңге қайда кетті?

810 рет
көрсетілді

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 82 млрд теңге жоғалды. Алыпқашпа сөз деп алғашында мән бермеген оқиғаны factcheck.kz порталы растады. Тіпті қайда кеткенін қолмен қойғандай түсіндіріп берді. Зейнетақы салымының динамикасындағы өзгерістерге «68,8 млрд теңге – валюта бағамындағы өзгерістерден, 12,3 млрд теңге құнды қағаздардың бағасын асыра бағалағандықтан жоғалған» деген баға берілді. Олар сонымен бірге қордан қаржының кенеттен жоқ болып кету жайттары жылдың алғашқы екі айы үшін қалыпты құбылыс екенін айтады. 2017 жылдың алғашқы екі айында 89,4 млрд теңге, 2018 жылы 75,9 млрд теңге кем шыққан. Ол кезде бұл жағдайға ешкім мән бермеген көрінеді. Сарапшылар да қор ішіндегі инвестициялық динамикадағы өзгерістерді қалыпты жағдай деп қабылдапты.

Зейнетақы салымдары ақша емес

«Орталық Азия» сараптама орта­лы­ғының маманы Ольга Пушка­ре­ваның пайымдауынша, қордағы зейнетақы салымдарының өзі ақша емес. Оның бәрі мемлекеттік және шетелдік қаржы институттарының құнды қағаздарына салынған.

«Инвестициялық портфельдің тәуе­ке­лі сыртқы факторларға тәуелді. Құнды қағаздардың бірінің құны түсіп кетсе, инвестициялық табысы төмендейді. Бірінің бағасы көтерілсе, табысы артады. Құнды қағаздарды табыстылығы тө­мен немесе жоғары деп таңдау мүм­кін емес. Бұл нарық заңы. Біздің кемші­лі­гі­міз – отандық өндірісті дамыта алмауымызда. Яғни, отандық компаниялар әлемдік және қазақстандық қор биржасына қа­тыс­­пай отыр. Бұл зейнетақы автив­те­рінің сыртқы факторларға тәуел­ді­лік деңгейін көтеріп жіберді. Шағын және орта бизнес ішкі нарықтың индикаторы. Бірақ олардың ішкі жалпы өнімдегі үлесі аз. Біз оны зейнетақы салым­да­­рының табыстылығын көтеретін фак­тор деп қабылдай алмаймыз. Сол сияқ­ты қазақстандық құнды қағаздар да зейне­тақы активтерінің табыстылығын қамта­масыз етіп отырған жоқ», дейді О.Пушкарева.

Бұл жолғы жаңалық та осылай қабыл­да­нар ма еді. Бірақ оған жол берілмеді. Көп­шілік әлеуметтік желілер арқылы «қолды болған қаржы қайда кетті?» деген сұраққа жауап беруді талап етуде.

«Қолды болды» деген қаржы еш­қайда кеткен жоқ, жоғалған да жоқ. Қор­дағы қаржы, оны инвестиция­лау тетік­тері де Ұлттық қордың бақы­лау­ын­да. Алдағы бірер күнде зейнетақы қорында жинақталған қаржының динамикасы туралы толық ақпарат береміз. Әзірге айтарымыз – осы» деп қысқа қайырды біз сөйлескен БЖЗҚ баспасөз қызметінің өкілдері.

Қордың инвестициялық қызметінің нәти­жесінде 2019 жылдың алғашқы екі айындағы табыс 25,42 млрд теңге­ні құрады. Бұл зейнетақы қорының сайтын­да жарияланған мәлімет. Бірақ сарап­шылар қордың табыстылық дең­ге­йі биылғы инфляция деңгейімен салыстырғанда мақтануға болмайтынын айтады. 2019 жылдың қаңтар-ақпан айындағы инфляция деңгейі 0,8 пайыз болса, болашақ зейнеткерлеріміздің инвес­тициялық табысы 13 пайызға өскен. Бұл фактор алғашқы екі айда зей­нетақы активтерінің табыстылығы 67 пайызға дейін төмендеп кеткенін көрсе­тіп тұр.

 Зейнетақы активтеріне қатысты эконо­мист Мақсат Халықовтың пікі­рін білген едік. Ол экономикада қа­ра­жаттың бір орында тұрғаны тиім­сіз деп есептейді. Қаражат қан­ша­лық­­ты дәрежеде айналымда жүрсе, сон­ша­лық­ты экономиканың дамуына сеп­тігін тигізетінін айтады. «Қордағы жинақ мағыналы, мақсатты түрде жұм­са­­лып жатса, оның инвестициялануын қол­даймын. Бірақ мұның екінші жағы да бар, зейнетақы қорындағы қаражат­тар­дың қайда жұмсалып жатқаны жөнінде үнемі ақпарат берілгені дұрыс. Қазақ­стан даму банкі көбіне халықты хабар­дар етіп отырады. Сол сияқты зей­нет­ақы активтерін алған басқа меке­ме­лер де қаражаттың қайда, қалай жұм­салғаны жөнін­де есеп беріп, мемлекет оны қа­да­ға­­лап отырса, халықтың күмәнін тудыр­мас еді», дейді ол.

Оның айтуынша, осы реттегі бір кем­шілік – зейнетақы қоры қаржысының мемлекеттік құнды қағаздарға салынуы. Ал мемлекеттік құнды қағаздардың кіріс­тілігі жылына 8 пайыз ғана. Үкімет өткен жылы ғана қордағы қаржыны шетел­дік компаниялардың құнды қағаз­да­рына саламыз деген байламға келді. «Бұл өте дұрыс шешім», дейді М.Халық.

2019 жылдың 1 наурызына дейін БЖЗҚ қорындағы қаржы 9502,42 млрд теңге болды. Бұл қаржыны әлем­дік қор биржасындағы активтерге инте­г­ра­цияласақ, көп кіріс алуға болады. Инвестиция салу моделін таңдаудағы бәсе­келестік қағидаларын қалпына кел­ті­ру зейнетақы активтерін басқару инс­титуттарына да керек. Қазір салымшыларда таңдау жоқ. Зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-ға аударылады. Зейнетақы қаржы­сын басқаратын ұйымды таңдау және инвестициялық стратегия таңдау мүмкін­дігі қарастырылмаған. Мемлекет салым­шылар үшін барлығын өзі реттеп, тәуе­келге барады.

Ертең Ұлттық банк немесе БЖЗҚ қоры халықтың алдында есеп бергенде 1 пайыз қаржы инфляцияға немесе шетелдік валютаның айырбас бағамына жұтылып кетті деп ақталуы мүмкін. «Бұл фактор Ұлттық банк тарапынан дифференциалды бағытты сәтті үйлестіре алмай жатқанын тағы да байқатты», дейді экономистер.

Мақсат Халық зейнетақы қорының кіріс­­тілігі жоғары болса, мұндай жоғал­ту­дың орны білінбейтінін жеткізді. «Мен 82 млрд теңге қолды болып кетті деуден аулақпын. Бірақ жинақталған қаржының табысы инфляциядан жоғары болуы тиіс. 2018 жылғы инфляция дең­гейі 4,8 пайыз болды. Ал БЖЗҚ салым­да­рының табысы 11 пайызды құрайды. Демек, Ұлттық банктің «инфляцияға жұты­лып кетті» деп ақталуына себеп жоқ», дейді ол.

Осыған дейін «зейнетақы қоры қара­жа­тын шетелдік компанияларға ин­вес­тициялаудан қорқудың қажеті жоқ. Олар же­місті еңбек етіп жатқан меке­­мелер» деген пікірлер жиі айтылатын. 2018 жылы Ұлттық банк қордың ақшасын Үндістан мен Қытайдың мем­ле­кеттік корпорацияларына инвес­ти­ция ретінде құйған. 2018 жылдың мамыр айында аталған екі елдің квазисекторынан 30 млрд теңгеге жаңа облигациялар сатып алыныпты. Атап айтсақ, еліміздің бас банкі Finance Corporation – 7,52 млрд теңге, The Export-Import Bank of China – 6,82 млрд теңге, Export-Import Bank of India – 4,86 млрд теңге, Three Gorges Finance – 3,21 млрд теңге және Avi Funding Company Limited – 2,27 млрд теңге қаржы құйған. Бұл кәсіпорындарды Ұлттық банктің өкілдері «Қытай және Үндістандағы мұнай-газ, көлік және энергетика саласында жемісті еңбек етіп жатқан мекемелер. Олар мемлекеттің бақылауында тұр» деп таныстырғанын әлі ұмытқан жоқпыз.

Жалпы, біздегі зейнетақы жүйесі өз тарихын 1998 жылдан бастады. Осы жылы еліміз жинақтау жүйесіне көшіп, елде Жинақтаушы зейнетақы қорлары құрылып, еңбек ететін азаматтардың барлығы тапқан табысының 10 пайызын сол қорға салып келеді. Бүгінде осы жүйе бойынша 1 миллион 700 мың  адам зейнетақы алады екен. Десек те, отандық мамандарымыздың қайсыбірі бүгін­де зейнетақы қорларында жинал­ған қаржыны дұрыс жұмыс істете алмай жат­қанымызды, азаматтардың бо­ла­­­­­шағын ойлап салған 10 пайыздық қар­жы­сы құнсызданып бара жатқанын жасырмайды. Мәселен, қаржыгер Ілияс Исаев болашақта қаржы саласындағы сала­лық дағдару салқыны сезілсе, ха­лық­­тан 10 пайыздан жиналған ақша, көбеюдің орнына кеміп, бар-жоғы 45 пайызы ғана қалуы мүмкін екенін айтады. «Жинақ қорындағы қаржы табыс әкелудің орнына, жылдан-жылға кеміп барады. Мұндай жағдай жалғаса берсе, ертең талай жыл жинаған ақшамыздың құны бір бөлке нанға ғана татып қалуы мүмкін. Дегенмен, қолданыстағы заң бойынша ақшамызды салып жүрген зей­нетақы қоры банкротқа ұшырап қалса, мемлекет қаржымызды өтеп бер­уі тиіс», дейді ол. І.Исаевтың пікі­рінше, қазақстандық зейнетақы жүйе­сі­не тыңнан түрен салатын реформа керек. Мәселен, бүгінде жинақталған зейнет­ақы активтерінің 45 пайызы – мем­ле­кет­тік бағалы қағаздарға, 15 пайызы – шетелдік мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарға, 32 пайызы – қазақстандық ұйымдардың қағазына, тек 5 пайызы депозиттерге салынған.

 

Табыс инфляция көрсеткішінен төмен

Қазақстанда зейнетақы санаудың тиімді әдістемесінің әлі күнге қалып­тас­пауын бұл сектордың қайта-қайта өзге­­ріс­ке түсе беретінінен байқауға бо­лады. Жалпы, зейнетақы жүйесі ту­ралы сөз еткен­де, отандық сарап­шы­лар еліміздегі жинақтаушы жүйесін бұ­рынғы ортақ жүйеге көшіру ке­рек­тігін және орташа зейнетақы көле­мін екі есеге көбейту қажет­тігін алға тарта­ды. Сондай-ақ сарап­шылар зей­нет­­ақыны есептеуде 1995 жылдары көп­теген кәсіпорындардың жойыл­уы немесе қайта құрылуы кезінде азамат­тарымыздың біразы жұмыссыз қал­ға­н­ын, сондықтан қайсыбір азаматтарға осы жылдарда еңбек еткенін анықтау қиындық туғызатынын, осыны ескере отырып азаматтар зейнетке өтерде сол жылдардағы еңбек өтілін міндетті түрде есепке алу қажеттігін де алға тартады. Тіпті қайсыбір мамандар «Бірыңғай зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысты арнайы Ұлттық қор тәрізді салмақты қор жүйесі құрылса, болашақта алар зейнетақы­­мыз да салмақтанар еді» дейді.

Зейнетақы саласының сарапшы­сы Айдар Әлібаев кез келген инвес­ти­ция­ның тәуекелі тым жоғары екенін айтады. «Осы жағдайдан арылу үшін елде саяси реформа керек деп қайталап келе­мін. Тек осы жағдайда мемлекеттік орган­дар жұмысының ашықтығын қал­пына келтіру мүмкін. Сол кезде инвестицияның әр түрін салыстыруға және тәуекелі аздарын таңдауға болады. Бір ғана ұсынысым бар. Елдегі жемқорлық деңгейіне қарамастан, БЖЗҚ жинағын нақты секторға бағыттау қажет. Бұл ШОБ-ты несиелендіру пайызын төмендетіп, банктердің жүгін жеңілдетеді», дейді Айдар Әлібаев.

 

АЛМАТЫ