Қазіргі кезде зауытты салу үшін Индустриялық аймақтан толыққанды инфрақұрылымы бар 25 гектар жер телімі бөлінген. Зауыт құрылысына 25 млрд теңге инвестицияланып, жеті жүзге жуық жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Бұл бағытта қарастырылған қаржы көлемі 32,5 млн теңгені құрайды. Зауытты салуға жеке қаражатпен қатар Қазақстан даму банкінен де қосымша қаржы көздері қарастырылуда. Алғашқы автомобильді шығару 2020 жылға қарай жоспарланып отыр.
Кореядан келген делегацияға жылы ілтипатын білдіріп, оңтүстік астананың инвестициялық ахуалына қатысты бірқатар мәліметтермен таныстырған Алматы әкімі Бауыржан Байбек өткен жылы қала экономикасына салынған инвестиция көлемі 10,5, ал биыл қаңтар-наурыз айларында 4,8 пайызға артқанын жеткізді. Оның ішінде шетелдік инвестиция көлемі 21,4 пайызға артып, 111,1 млрд теңгеге ұлғайған. Ал соңғы он жылда Оңтүстік Кореядан Қазақстанға салынған инвестиция көлемі 3,8 млрд АҚШ долларын құрайды. Оңтүстік Кореямен арадағы тауар айналымы 182 млн АҚШ долларына жетсе, бір ғана Алматы қаласында 61 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Бүгінде аймақта бизнеске қолайлы жағдай туғызу мақсатында қажетті инфрақұрылым жасақталған. Осының негізінде құрылған Индустриялық аймақта құны 144 млрд теңге көлемінде 39 жоба жүзеге асуда, оның ішінде Hyundai Trans Kazakhstan бар. Бүгінде бес кәсіпорын белсенді болса, оның ішінде Жапонияның «Tokyo Rope Almaty» металл бұйымдар зауыты, Ресейдің кабель өнімдерін шығаратын «KMK Investment» зауыты және «BRB APK» жылыжай кешені бар. Аталған компаниялар тарапынан 600 млн теңге көлемінде салық төленіп, 800-ден астам жұмыс орны ашылған.
Екі елдің экономикалық саладағы ықпалдастығына тоқталған Оңтүстік Корея Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Сон Юн Мо көлік зауытын салуға байланысты келісімшарттың алғашқы келіссөздері наурыз айында Сеул қаласында өткен экономикалық мәселелер бойынша Қазақстан – Корея комитетінің отырысында талқыланғанын жеткізді. Бүгінде Корея әлемдік нарықта автокөлік қана емес, жартылай дайын өнімдер, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және роботтехника саласында да көшбасшы орындарды иеленіп келеді. Ендігі кезекте Қазақстан аумағында салынған зауыт өнімдері ішкі нарықта ғана емес, Ресей, Өзбекстан мен өзге де елдерге экспортталатын болады. Корея ұзақ жылдарда жинаған тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстанның өнеркәсіп саласындағы сенімді әріптесіне айналмақ.
Машина жасау өндірісі Қазақстанның индустрияландыру бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өткен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр бүгінде Кореямен бірлескен әріптестік аясында отандық машина жасау саласының стратегиясы әзірленгенін жеткізді. Коммерциялық мақсатта қолға алынған бұл жобаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Жаңа зауыт болашақта өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берумен қатар, Орталық Азиядан өзге де елдерге экспорттық әлеуетін арттырып, Кореяның машина жасау өндірісіндегі озық тәжірибелері отандық өнеркәсіп саласының дамуына тың серпін береді. Елімізде бүгінде SsangYong, Хеа, Hyundai әлемдік брендтерінің өндірісі артып келеді. Өткен жылы елімізде 32000 автокөлік өндірілген.Astana Group президенті Нұрлан Смағұлов жаңа зауыт іргесінің қалануы еліміздің автокөлік өндірісі үшін айтулы оқиға екенін атап өтті. Hyundai отандық машина шығару нарығына жаңа технологиялық мүмкіндік бере отырып, бұрынғыларына мүлдем ұқсамайтын заманауи үлгілерімен ерекшеленеді. Әрі таяу болашақта Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне жоғары сапалы өнім экспорттау мүмкіндігі жасалады. Ал машина жасау саласындағы маман мәселесі Ресеймен келісім аясында жүзеге асатын болады.
Бүгінде аталған компания еліміздің нарығына 11 автомобиль брендін ұсынып отыр әрі Hyundai жеңіл және коммерциялық техникасының ресми дистрибьюторы. 2011 жылдан Hyundai коммерциялық техникасын құрастыратын автомобиль құрастыру кәсіпорны іске қосылып, Ресейге, Беларусь және Тәжікстан елдеріне экспорттала бастады. Қазақстандағы Hyundai ең көп сатылатын автомобильдердің үштігіне кіреді.
Жаңа кәсіпорынның қуаты бірінші кезеңде жылына 30 мың, ал екіншісінде 45 мың автомобиль шығару мүмкіндігіне ие. Сапалы әрі бағасы жағынан қолжетімді Hyundai маркалы жеңіл көліктермен отандық нарықты ғана емес, елдің экспорттық әлеуетін арттырудың мүмкіндігі зор. Зауытта Hyundai брендінің барлық сәндік үлгілері құрастырылмақ. Бірінші кезеңде Hyundai желісі жеңіл модельдерінің толық циклін, кейіннен Creta модельдерін шығару желісі іске қосылатын болады. Зауыттың құрамына дәнекерлеу цехы, бояу цехы, құрастыру цехы, пластик панельдерді шығару цехы мен сапаны бақылау бөлімі кіреді. Зауыт Оңтүстік Корея және Жапонияда өндірілген жаңа технологиялармен жабдықталатын болады. АЛМАТЫ