Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялап, жастарды еңбек нарығына сай мамандық таңдап, сапалы білім алуына, жұмысқа орналасуына, баспаналы болуына байланысты нақты тапсырмалар берді. Олардың бәрі жастардың жағдайын жақсартуға, өмір сапасын арттыруға бағытталған. Жастар жылын өткізу жөніндегі Жол картасы бойынша 80-нен астам іс-шара өткізуге 130 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жұмыссыздықты азайту мақсатында «Жас маман», «Жас кəсіпкер» бағдарламаларын жүзеге асыру қарастырылып, 100 қажетті мамандық бойынша мамандарды дайындау жоспарлануда. Жастар жылында жастарды тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз ету, білімді, волонтерлікті, ғылыми гранттарды дамыту, жастардың əлеуметтік белсенділігін арттыру жəне жас отбасыларды қолдауға басымдық беріледі. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жас кəсіпкерлерге қосымша гранттар бөлу, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге келген мамандарға біржолғы жəрдемақы мөлшерін 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту жəне мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетін мамандықтардың тізімін кеңейту жəне басқа да тың жобалар іске асырылады. Нұр-Сұлтан, Алматы жəне Шымкент қалаларында жұмыс істеп жүрген жастар үшін жыл сайын кемінде 1 мың пəтерлік жалға берілетін үй салынады. Жастардың проблемаларына назар аудару бір жылмен ғана шектеліп қалмайды. Заңнамаға өзгерістер енгізу, бюджеттен қаражат бөлу, инфрақұрылымды дамыту мәселелері шешілуі керек. Биылдан бастау алған жастарды жұмыспен, баспанамен қамту, білім беру, өмірге бейімдеу, жастар кəсіпкерлігін дамыту, жас ғалымдарды қолдау шаралары кейінгі жылдары да жалғаса беруі тиіс.
Елімізде жастар саны 4,3 млн немесе халқымыздың 23,8%-ын құрайды.
Ал қазіргі таңдағы Қазақстан жастарының қалыптасуы елімізде жүргізілген саяси-экономикалық реформалар кезеңіне тура келді. Еліміздегі тарихи өзгерістер жастарға өз тағдырын өздерінің шешуіне, жас Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалап, оны өркендетуге өз үлестерін қосып, өздерін көрсетуге мүмкіндік берді. Бүгін әр жас қазақстандықтың алдында «мен мына жаңа қоғамнан өз орнымды таптым ба?», Ұлы Абай айтқандай, «бір кірпіш болып қаландым ба?» деген заңды сұрақ тұр. Жастарды тәрбиелеуде қоғамның бар күш-жігері жас ұрпақты отансүйгіштікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталуы керек. Тәрбиелі де білімді, саналы да мәдениетті ұрпақ – мемлекеттің берік тірегі. Сондықтан халқымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Қызға қырық үйден тыйым» деп бекер айтпаған. Мемлекет тарапынан білімді, дарынды, өнерлі жастарды тәрбиелеу үшін жыл сайын қыруар қаражат та бөлініп келеді. Алайда жастар саясаты, жастармен жұмыс істеу айтарлықтай дәрежеде емес. Еліміздегі жастардың белсенділігі негізінен саяси науқандар кезінде ғана (сайлауалды үгіт-насихат, флеш-моб, партияның форумдары және т.б.) көрініс табады. Ал жастар арасында проблемалар жеткілікті. Атап айтсақ, олардың арасындағы суицид бойынша Қазақстан әлемдегі алдыңғы 10 елдің қатарында. Жастардың ажырасу фактісі бойынша да біз осы «үздік» ондықтамыз. Мектеп жасында жүкті болып қалатын қыздарымыздың саны жылдан-жылға өсіп келеді. Жастар арасындағы қылмыс статистикасы да өршіп тұр.Әрине, жастар ұйымдары бұл проблемаларды өздері ғана шеше алмайтыны анық. Бұл мәселелермен бүкіл қоғам болып бірігіп күресуіміз керек. Ал жастар ұйымдары болса, жастар мен билік арасындағы «алтын көпірдің» рөлін атқаруы тиіс. Енді осы ұйымдар өз міндеттерін толық атқарып отыр ма? Жастар ұйымдары жұмыстарының сапасы қандай? Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта жастар ұйымдары ұраншыл, науқаншыл болып барады. Өздері көтерген бастаманы тиянақты орындаудың орнына, оны ұрандатып, науқаншылдыққа айналдырып жіберу жиі кездеседі. Соңында сол ұрандатып бастаған жұмыстарының нәтижесіз аяқталғанын өздері де сезбей қалады. Өйткені екінші бір идея көтеріліп, бәрі соның артынан тағы да ұрандатып кетеді. Жастарға келіп-кетер пайдасы шамалы осындай іс-шаралар жылда қайталанып жатады. Мұндай нәтиежесіз, пайдасы аз жұмысты көріп отырған жастардың белсенділігі төмендейді, немқұрайлылыққа салынады. Жастар ұйымының жұмысын жандандыру үшін бұл ұйымдарды, өздерінің арасынан шыққан нағыз интеллектуал лидерлер басқарулары керек. Егер жастар ұйымдарының басшылары ашық бәсекелестік – сайлау жағдайына келмей, тамыр-таныстықтың қолдауымен тағайындалса, ол қалай лидер болады? Сондықтан меритократия, әділетті сайлау принциптері әуелі осы жастар саясаты саласында енгізілуі тиіс. Әрине, жастар ұйымдары түк істемей отыр деп айту үлкен қателік. Жастар арасындағы өзекті проблемаларды шешуді жастар ұйымдарының мойнына артып қою да дұрыс емес. Баланың тәрбиесіне ең алдымен ата-ана жауап береді. Мұнан кейін мектеп. Әрі қарай идеологиямен айналысатын мемлекеттік органдар бар. Міне, осы тараптар бірлесе жұмыс істегенде ғана қоғамдағы келеңсіздіктердің алдын алуға болады.
«Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген ұлы Мұхтар Әуезов. Бұл даналық бүгін де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Сонымен бірге қазіргі заманда «Ел боламын десең экраныңды түзе» деген ұран керек сияқты. Себебі бүгінгі экран – осы заманның бесік жыры. Неге десеңіз, күн сайын әрқайсымыздың тілі шыға бастаған сәбилерімізден бастап жүз мыңдаған адам теледидар алдында отыр. Олар атыс-шабысқа, зорлық-зомбылыққа толы қантөгіс фильмдерді көріп тәрбиеленуде. Ұрпақ тәрбиелеудегі көгілдір экранның қуатын, күшін, бұқаралығын жастарымыздың санасын тәуелсіз елдің азаттық рухында, рухани адамгершілікке, имандылыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеуге толығымен пайдалана білуіміз керек. Осы орайда жастардың көкейкесті мәселелерін зерттеп, талдап, оларды адамгершілікке, отансүйгіштікке, имандылыққа, қазақстандық патриотизмге тәрбиелейтін республикалық, мемлекеттік телеарна, газет-журналдар керек. Жастар тәрбиесінен қаржыны аямаған жөн.
Жастарды толғандырып жүрген мәселе көп. Олар жұмыссыздық, баспана, білім алу, саламатты өмір сүру, т.б. Әрине, нарықтық экономика кезінде әрбір адам өзінің келешегін, өзінің жағдайын өзі жасауға әрекеттенуі қажет. Дегенмен, мемлекеттің қатысуынсыз жастар проблемасын шешу қиын. Бүгінде, жастар саясатының негізгі мәселесі – оларды жұмыспен қамту. Мәселен, жыл сайын елімізде орта мектепті 120-130 мың жас бітіреді. Қазіргі уақытта шамамен 300 мыңға тарта адам немесе жастардың 9%-ы білім беру және еңбек қызметіне тартылмаған. Ал 2018 жылы елімізге шетелдерден 59,8 мың шетел азаматы келіп жұмыс істеген. Соның 57%-ы өз елімізден-ақ табылатын жұмыскерлер. Елбасы Жолдауында айтылғандай, бізде жұмыссыздық емес, жұмыскерлер жоқ. Республикада кәсіби жұмысшының 2 маманына 10-12 жоғары білімді маман даярланады. Ал экономикамыз қосымша 100 мың кәсіби жұмысшыны қажет етеді.
Елбасының Жастар жылына байланысты тапсырмасында айтылғандай, елімізде «Жас кәсіпкер» бағдарламасы арқылы жыл сайын 100 мың жұмыссыз жасқа кәсіби-техникалық білім беріп, жұмысқа орналастырып, шағын бизнеспен айналысамын деушілеріне арзан, ұзақ мерзімді шағын несие беру мәселесін шешу керек». Бұл бағытта «Даму» қоры мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамынан жастарға арналған арнайы арзан, қолжетімді несиелер квотасын қарастырған жөн. Жұмыс берушілер жастарды жұмысқа қабылдауда еңбек өтілі барларын таңдайды. Бұл мәселені ұжымда тәлімгерлік мектебі тәжірибесін енгізу арқылы жастарды жұмысқа бейімдеп, тәрбиелейтін тәлімгер мамандарға мемлекет есебінен қосымша ақы төлеу арқылы шешуге болады.
Ең қиын да қажетті мәселелердің бірі – баспана мәселесі. Жастар үйленген соң баспана болмаса, қайда барады. Отбасы берік болса, мемлекет те берік, мықты болады. Ал отбасының беріктігі, тату-тәтті өмір сүруі баспанаға байланысты. Жастардың баспанасының шешілуі еліміздегі демография мәселесіне де тікелей ықпал етеді. Жастар жылына байланысты еңбек етіп жүрген жастарды баспанамен қамтамасыз ету үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жыл сайын 1000-нан кем емес пәтер берілетін болды. Бұл – өте дұрыс шешім. Сонымен бірге «7-20-25» бағдарламасын жастарға бейімдеп, оның бастапқы жарнасының көлемін түсіру жастар үшін қолайлы болар еді. Ал қала мен ауыл жастарына жеке тұрғын үй салу үшін 0,10 га жер телімі мен арзандатылған несие беру баспанамен қамтуды тез шешуге ықпал етер еді. Сондықтан Үкімет жастардың баспана мәселесін шешу жолдарының тиімді механизмін нарық жағдайымен үйлестіре отырып ұсынуы керек.Жастар проблемасын, жастар тәрбиесін бір басқарманың, бір ведомствоның, бір министрліктің мәселесі ретінде қарауға болмайды. Жастар саясатына қатысты бірнеше ведомство мен министрлік бар. Олар жұмыс жоспарларын орталықтан бастап, облыс, қала, аудан, ауылға дейін келісіп, бірлесіп үйлестіріп отырулары керек. Ішкі саясат, отбасы, балалар және жастар істері, білім басқармалары, тағы басқа осы салаға қатысы бар мекемелер өзара бірігіп шешетін мәселелерді нақты анықтап алуы қажет. Өкініштісі, қазір бізде нәтижесі нақты өлшенбейтін, ешкім жауап бермейтін шаралар көп. Мәселен, Түркістан облысының Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының 2018 жылғы шығыстары 613 млн теңге екен. Одан бөлек, Ішкі саясат басқармасының бюджетінде де миллиондаған қаржы түрлі тәрбие беру, насихаттау шараларына жоспарланған. Нәтиже қандай? Оны ешкім айта алмайды. Өйткені, бізде жұмсалған ақшаның нәтижесін өлшеу тәжірибесі жоқ. Менің ойымша, жастар саясатына, жастар проблемасын шешуге деген көзқарасты түбегейлі қайта қарап, өзгерту қажет. Әрбір теңгенің нәтижесі нақты өлшенетін индикаторларға негізделген болуы шарт. Жыл бойы әр іс-шараның нәтижесіне бақылау жүргізіліп, тиісті адамдардың жауапкершілігі сұралып отыруы керек. Жақсы нәтижеге жеткендерді марапаттап, қаржыны тиімсіз жұмсағандарға тиісті шаралар қарастырылуы керек. «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңның орындалу барысына терең талдау жасап, бүгінгі күннің талабын ескеріп, заңды жетілдіре түсуіміз қажет. Бізге заман талабына сай, сілтемелері аз, тікелей жұмыс істейтін заң керек. Сонымен бірге жастар саясатымен айналысатын министрліктер мен ведомстволар және барлық деңгейдегі әкімдіктер мен мәслихаттар өз құзырлары шеңберінде жастар проблемаларымен тиянақты түрде айналысулары қажет. Қала, аудан, ауылдарда балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік құрылымдар, аула клубы, спорт алаңдары мен стадиондар, клубтар мен мәдениет үйлерінің жұмыстарын жандандыруымыз керек.
Қорыта айтқанда, біз өз елін сүйетін, қорғайтын, салт-дәстүрін құрметтеп, түп-тамырын, тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, тілін терең білетін, онымен мақтанатын, өзге елдің азаматтарымен бәсекеге барынша қабілетті, терең білімді, мәдениетті, денсаулығы мықты, өзін өзі сыйлата білетін жастарды тәрбиелеуіміз керек.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
қоғам қайраткері