• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Сәуір, 2019

БАҚ-ты толғандыратын түйткілдер талқыланды

1082 рет
көрсетілді

3 мамыр – сөз бостандығы күні қарсаңында Қазақстан Медиа Альянсының қатысушылары Алматыда бас қосты. Жиынға қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев аккредитация шарттары, лауазымды тұлғалардың БАҚ өкілдерімен байланысы, форс-мажорлық оқиғалар кезінде жауаптың кешіктірілуі туралы журналистер сауалына жауап берді.
«Шенеуніктер журналистер­мен тіл табысуға мүдделі. Елі­мізде ақпарат алуда кедергі жоқ. БАҚ-қа қатысты қолданыстағы заңдарда мін жоқ деп айта алмаймыз, бірақ қажетті өзгерістер енгізіледі. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз», деді министр. 

Д.Абаевтың айтуынша,  «2018 жылы БАҚ туралы заң жобасына 200-дей өзгеріс енгізілді. Оның ішінде бірқатары кәсіби ортада пікірталас туғызды. Сон­дықтан жобадан БАҚ жұмысын тоқтатқан жағдайдағы тиражын тәркілеу туралы баптар алынып тасталды. Сондай-ақ мемлекеттік арналардан коммерциялық жарнамаларды көрсетуге де шектеу қойылды. 

Аталған министрліктің теле­­ком­муникация комитеті төр­аға­сының орынбасары Ми­хаил Ко­миссаров заң жобасын тал­қы­лау барысында медиа­қа­уым­­дас­тықтан түскен пікірлер мен ұсы­ныстар қаперге алын­ғанын, толық нұсқасы дайын бол­ғанда тағы бір талқылауға ұсы­нылатынын тілге тиек етті. Әң­гіме ауаны азаматтық телеарна құру тақырыбына ойысқан кезде Медиаальянс ұйымының жетекшісі Арманжан Байтасов одан саяси астар іздеудің қажеті жоқтығын айтты. Тіпті «министрмен байланыс жоқ» деген өкпе-наз да өткеннің еншісінде қалды. Қазір әлеуметтік желілерде ірі лауазым иелерінің барлығы аккаунттарын ашып жатыр. Журналист қана емес, әлеуметтік желі қолданушы қарапайым азаматтың билік өкіл­деріне арыз-шағымын айтуға айтуға мүмкіндіктері бар. Егер өзі билік өкіл­дері әлеуметтік желілерді бас­пасөз хатшысы арқылы емес, тіке­лей өздері жүргізсе, бұл мәселе шешіледі. 

«Ағылшынның BBC телеар­на­сының қазақстандық баламасын құру үшін бізге қанша қаржы керек?» деген сұрақ жиі қойылады. BBC корпорациясының қаржы­ландыру көзі телехабарларды тарату туралы лицензиясынан түседі. Басқаша айтқанда, оның жазылушылары арна жаңа­лық­тарын көру үшін жылына 140-180 еуро төлейді. Қазақ­стан­дықтардың бәрінде ондай мүм­кін­дік жоқ» деген А.Байтасовтың пікіріне министр қосылатынын білдірді. 

Сондықтан қоғамдық телеарна мәселесі қоғам үшін сонша­лықты маңызды емес. «Youtube бар, интернет бар. «Дождь» теле­арнасының қожайыны На­талья Синдееваны жақсы білемін. Оның 70 мың көрермен-жазы­лушысы бар. Ол солардың қар­жысымен арнаның жұмысын жүргізіп отыр», деді ол.

Ал «Информбюро» медиа­пор­­та­лының бас редакторы Ми­­хаил Дорофеев БАҚ өкілдері әлеуметтік желілердің қыс­па­ғында қалғанын жеткізді. Көңіл аударуға тиісті фактор – желіде жарияланған фейк-ақпараттардан соң кейбір құзырлы орындар БАҚ өкілдері мен басшыларын «бір бүріп алуды» әдетке ай­нал­дырғанға ұқсайды. Бұл жерде кінәлі журналист емес, әлеу­меттік желіні қолданушылар. «Сол себепті кейбір құзырлы орын­дар жазалау туралы әрекетке кіріспестен бұрын өздері жайлы ақпарат таратушының кім екенін анықтап алғаны маңызды», дейді М.Дорофеев. 

Сондай-ақ кәсіби медиа­қауым­дастықтар туралы мәселе шешімін таппай келеді. БАҚ-тың басын біріктіріп, мүддесін қор­ғайтын, оттан да, судан да алып шығатын қуатты тәуел­сіз құрылым жоқ. Барлары бір­жақ­ты бағыт ұстанады. «PR- индус­триядағы бәсекелестікке екінің бірі төтеп бере алмайды. Бірақ олар мәселелерін шешу үшін қауымдастық құрып алады. Медиа Альянс осы мәселені алға жылжытады деп үміттенемін», деді М.Дорофеев. 

Мұнан кейінгі әңгіме ми­нис­трліктердің баспасөз хатшы­ларына қарай ойысты. 31 арна бас директоры Нұржан Жалау­қызы шенеуніктердің журналистермен сөйлесуге ықылас таныта бер­мей­тіні қалыпты жағдайға айнал­ғанын жеткізді. Тіпті кейбір кезде құзырлы орындардан ақпарат алу футбол алаңына көбірек ұқ­сайды.  Бұл ретте Ақпарат коми­те­тінің Қоғаммен және мемлекеттік ор­ган­дармен байланысты үйлес­тіру басқармасының басшысы Бақнияз Қарашина БАҚ пен билік арасындағы мұндай әңгіме­лердің ауыртпалығы баспасөз хат­шыларына тиетінін айтты. «Бас­пасөз хатшыларының өкілет­тілігі туралы мәселе талай рет көтерілді. Егер бұл жағ­дай реттелсе, баспасөз хатшы­лары­на министрге тікелей шығу мүм­кіндігі берілсе, біраз мәселенің күр­меуі тарқатылады», дейді Б.Қа­рашина.  «Жауаптан жалтару абырой әпермейді. Журналиске сыпайы ғана оқиғаның себеп-салдары тексеріліп жатқанын, қорытынды шыққан кезде міндетті түрде хабарлайтынын айтуға болады. Екі тараптың түсіністікпен жұмыс істеуіне бәріміз мүдделі болуымыз керек», деп атап өтті – Atameken Business Channel» медиахолдингінің бас директоры Қанат Сахариянов.  АЛМАТЫ