Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен Түркі кеңесі Түркі университеттері одағының IV Бас ассамблеясында білім сапасын жақсарта түсу мақсатындағы осындай ұтымды ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Мажарстан сияқты 15-тен астам мемлекеттен ректорлар, дипломаттар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, ғалымдар, қоғам және мәдениет қайраткерлері, студенттер қатысқан басқосуда сондай-ақ, Түркі кеңесі Түркі университеттері одағы шеңберінде жалпытүркілік білім және ғылымның бірыңғай желілік кеңістігін қалыптастыру, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты рухани құндылықтарға негізделген білім беру бағдарламаларының үйлесімділігін қамтамасыз ету мәселелері, «Түркістан процесі» деп аталатын жоғары білім туралы дипломдарды өзара танудың оңтайландырылған тетіктерін енгізу туралы инновациялық жоба талқыланды. Сонымен қатар «Орхун» студент алмасу бағдарламасын әрі қарай дамыту және оны сынамалы жоба дәрежесінен толық ауқымды студент алмасу бағдарламасына айналдыру бойынша жаңа ұсыныстар айтылды. Жиында Түркі кеңесінің Бас хатшысы Б.Әмреев талқыланған және ұсынылған бастамалар мүше мемлекеттер мен барлық түркі халықтары үшін оң нәтижелер беретініне сенімді екенін айтып өтті. Ал халықаралық «Elsevier» компаниясының Орталық Азия және Әзербайжандағы аймақтық басшысы А.Оспанова және Түркия Республикасы бойынша өкілі А.Саражоғлы оқу және ғылыми жұмыстардың сапасын жақсарту, Түркі әлемі университеттерінің рейтинг дәрежесін көтеру және жоғары оқу орындары әлеуетін арттыруға бағытталған қажетті қызметтерді көрсетуге компания дайын екенін мәлім етті. «Білім беру қызметтерінің сапа жүйесін жақсарту мақсатында, келешекте дүниежүзілік трендтерге сәйкес оқу үдерістерін стандарттауға кепілдік бола алатын, жоғары оқу орындарымыздың беделінің күшеюіне септігін тигізетін жалпытүркілік білім кеңістігіне қызмет ететін тәуелсіз аккредиттеу агенттігін құру керек деп есептеймін», деді Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Б.Әбдірасылов. Ректордың аккредиттеу агенттігін құру ұсынысы мәжіліске қатысушылар тарапынан қолдау тапты.
Сондай-ақ IV Бас ассамблея мәжілісінде Түркияның Кападокия, Нигде Өмер Халисдемир, Гази университеттерінің, Әзербайжан мемлекеттiк экономика университетінiң және Венгрияның Сегде университетінің Түркi университеттер одағына мүшелігі ресми түрде бекітілді. Айта кетелік, аталған одақтың негізі Түркі кеңесі іс-шаралары аясында 2013 жылы қаланған болатын. Қазіргі таңда Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның жалпы саны 19 жоғары оқу орны одақтың мүшесі. Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті биыл Түркі университеттері одағының кезең төрағасы болып табылады.
Өңірдің дамуы мен жастар саясатын дамыту барысында тәжірибе алмасу, облыстың туристік әлеуетін арттыруға қосымша серпін беру, түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достық қарым-қатынасты дамыту мақсатында өткен Түркі кеңесі жас көшбасшыларының ІІ форумы да ІV Бас ассамблеясы аясындағы игі шаралардың бірі болды. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ мен Түркістан облысы әкімдігі ұйымдастырған форумның ашылу салтанатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері жөніндегі комитет төрағасы М.Қожахмет, Түркістан облысы әкімінің орынбасары М.Отарбаев, TUGVA Түркия Республикасы Жастар қорының президенті Э.Эминоглу, Ислам ынтымақтастығы Жастар форумының президенті Т.Айхан қатысушыларға сәттілік тіледі. Форум аясында жастардың кешкі еркін тақырыпта кездесулері, «Opentalks» форматындағы секциялық жұмыстары, қатысушы делегаттардың Түркістан өңірінің тарихи және киелі орындарына экскурсиясы ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Түркістанға оралу» түркі халықтарының этно-өнер фестивалі тұңғыш рет ұйымдастырылып, этнофольклорлық ансамбльдер мен дәстүрлі орындаушылар өнер көрсетті. Бауырлас елдің басын қосқан ауқымды шараға жиналғандар түркі халықтарының қолданбалы өнер көрмесін тамашалады.
Түркістан облысы