• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Мамыр, 2019

Науаи – жаһан жұлдызы

2919 рет
көрсетілді

Егемендіктің елең-ала­ңынан-ақ жас мемлекеттің сыртқы саясатын салиқалы сипатта қалыптастыруға ерекше еңбек еткен, әлемдік деңгейдегі дара дипломат ретінде мойындалып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары биігіне дейін көтерілген Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройлы орнын одан әрі орнықтыра түсетіндігі талассыз. Солай болатындығын, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шылығымен айқын­далған сыртқы саясат­тың сабақтастығы сақталатын­дығын Қ.К.Тоқаевтың осы бағыттағы бастапқы қадам­дары да қуаттап отыр.

Ел басшысының алғашқы мемлекеттік сапарының туыс­қан Өзбекстанға жасал­­­ғаны әбден көкейге қонымды. Дін бір­лігі мен тіл бірлігінен шық­­қан діл бірлігі қазақ пен өз­бекті тарих төрінде то­ғыс­­тырды, сан ғасырлық ор­­тақ өмір, жүздеген жыл­дар­­ғы тату көршілестік тағ­дыр­ларымызды табыстырды. Ор­талық Азиядағы ең ірі екі мем­лекеттің өзара ық­пал­дас­тығының әлеуеті ересен, оның мүмкіндіктері әлі де толық пайдаланылып отырған жоқ. Бұл бағытта соңғы жылдарда қолға алынған жүйелі жұмыс, мемлекетаралық бай­­­­­­ла­ныстардағы ашықтық, адам­­­­­дардың барыс-келісінің көбеюі бәрімізді де қуантады. Ташкенттегі келіссөздер барысында екі елдің арасындағы сауда айналымын таяу жыл­дар­дың өзінде 5 миллиард дол­­лар көлеміне жеткізу мақ­саты алға қойылғаны эконо­микалық қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілетінін көрсетеді. Осы орайда өткен жыл­дың Өзбекстанның Қа­зақ­стандағы жылы, биылғы жылдың Өзбекстандағы Қа­зақ­стан жылы болып жариялануы ағайынды халықтарды бұрынғыдан да жақындата түсуге септесетіндігі сөзсіз. Кү­ні кеше Қазақстан өнер шеберлерінің Ташкент тө­ріндегі концертін тамашалап­ отырған көрермендердің жү­­­­зін­дегі сүйсіністі сезіну өте ғанибет болғанын ра­зы­­­лық­пен айта аламыз. Өз­бек­­станның мемлекеттік ақ­параттық агенттігінде қа­зақ тілінде хабар таратуға мүм­кіндік туатындығы да­ жан жадыратар жақсы жа­ңа­­лық. 

Қазақстан халқы Ас­самблеясы Төрағасының орын­­­басары Жансейіт Түй­ме­баев жақында баспасөз бетінде Өзбекстандағы қан­дас­­тарымыздың қатарының қалыңдығын, олардың ана тіліндегі ақпаратқа сұраны­сын өтеуге атсалысу мемле­кет­тік мәселе екендігін айтып өт­кен еді.

Қазақстан Республикасы­ның Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбек­стан Республикасының Пре­зиденті Шавкат Мирзиёевтің келіссөздері елдер арасын­дағы стратегиялық серіктестік­ті, тату көршілікті, өзара тиім­ді ықпалдастықты жаңа саты­ға көтерген осы күндері, 19 сәуірде Нұр-Сұлтан қала­сын­да «Шығыс жұлдызы Науаи» халықаралық рухани кештің ұйымдастырылуы өте құптарлық іс болды.

Иә, Достық үйінде ұйым­дастырылған кеш «Шығыс жұлдызы Науаи» деп аталыпты. Сонда сөйлеген сөзі­мізде негізінде кешті «Жаһан жұлдызы Науаи» атаудың да еш артығы жоқ еді деп қалдық. Меркурий планетасындағы алып кратерге аты берілген, дүние жүзінің көптеген ел­дерінің астаналарында ес­керткіші орнатылған, сонау XVI ғасырдың өзінде-ақ дара дауысы дүниенің қиыр-қиы­рына жеткен Низамеддин Мір Әлішер Науаи есімін әлемдік әдебиеттен хабардар әрбір адам біледі, сөз өнерінің өрнегін тани алатын оқырман атаулы ардақ тұтады. 2007 жылы Вашингтонда «Әлішер Науаи және оның Орталық Азия халықтарының мәдени дамуына ықпалы» деген атпен әлемдік конференцияның өткені көп жайды аңғартады. Расында да, Әлішер Науаидың әсіресе Орталық Азиядағы ха­лықтардың руханиятына жасаған әсері ерекше екендігі даусыз. Түркі тілдеріндегі классикалық әдебиет шын мәнінде Әлішер Науаидан бас­талған деуге де болады. Науаиға дейін жыр тілі фарси саналып келгені анық ақиқат. Ол өмір сүрген заманда түркі тілі жыр жазуға оралымсыз тіл деп қаралатын. Науаи – ғасырлар бойы қалыптасқан, ойда әбден орныққан сол тү­сінікті төңкеріп түсірген адам. Әлішер ғазалдарынан кейін фарси жалғыз әде­би тіл мәртебесінен айы­рыл­ған болатын. Науаи есі­мінің біз үшін ерекше қа­­дірлілігі – түркі тілінің поэ­зия­лық қуатын алғаш та­нытқандығында, бү­кіл әлемге мойындатқандығында. Н.И.Кон­­­­­рад, Е.Э.Бертельс, В.М.Жирмунский сияқ­­ты әлемге әйгілі әдебиетшілердің ең­бек­терін қараған адам Науаи поэ­ти­касының сұлулығын сергек сезіне түседі, ақын қаламының образ, эпитет, метафора байлығына сүйсінбей қоймайды. Өзбекшеге тісіңіз бататын болса, Әлішердің өзіне Науаи (Әуез) деген бүркеншік ат беруінің мәнісін айқын ұғасыз. Ақын өлең, ғазал, дастандарын әдемі ән­дей естілетін әуезді тілмен тө­­гілтеді. Жалпы, Науаи дас­тандары орысшаға да боя­уы көп бұзылмай, сыры кетпей сәтімен аударылған деудің жөні бар. Мысалы, «Не ажабким сарвинозим ўн саккиз ёшиндадур, Ўн саккиз минг олам ошуби анинг бошиндадур» деген қос жолдың «Ну так что ж, коль в сердце милой восемнадцать тысяч смут? Ей ведь только восемнадцать, – разве люди не поймут?» деп алынуы жап-жақсы емес пе? Немесе «Одамий эрсанг демагил одамий, Анингким йўқ халқ ғамидин ғами» деген өсиеттей сөздің «Человеком не назовется тот, Кого людское горе не гнетет» деп келуі де сәтті шыққан. Осындайда Науаи аудармаларына Па­вел Антокольский, Борис Пас­тернак, Сергей Иванов, Всеволод Рождественский, Сергей Липкин сияқты тамаша тәржімешілерді тарта білген өзбек ағайындарға қызыға қарайсың. Алатопылы туысқандарымыз мұнымен де тоқтап қалмақшы емес. Бұл сөзіміздің сырына Ан­ва­р­мирзо Хусаиновтың мы­­­на ойынан кейін өзі­ңіз де қаныға аласыз: «Өзбек­стан­­­дықтардың Науаи аудар­­­ма­шыларына айтатын ақ ал­ғысы Науаиды XXI ғасырда өзбекшеден орысшаға ауда­рудың игілікті ісіне атсалысатын дарынды да арынды жас таланттарға қуатты серпін бере алады. Бүгінгі таңдағы сөз бостандығы, дін еркіндігі мен халықтар достығы тұ­­­­­сында Науаидың аса бай мұ­расын жаңа­­ша аудару қа­­­­­жеттігіне келісерсіздер деп се­немін. Ашығын айтқанда, еркін сөз тұншықтырылып, дін тұмшаланған ке­шегі ком­мунистік атеистік-тота­ли­тарлық қоғам жағдайында адам бостандығын жырға қосқан, ислам дінінің түпкі мәнін ғажайып талантымен танытқан, Мұхаммед пайғамбарды (c.ғ.с.) Жарат­қан Иенің адамзатқа тартқан ең асыл сыйы деп атап, қа­сиеттерін мадақтаған На­уаи­дың барша мәтінін толық­тай және терең күйінде тәр­жімелеу туралы сөз ету­дің өзі артық болатын. Сондық­тан да Науаи сөзін цензу­ра аямай қысқартатын. На­уаи­дың өзбекше, орысша шық­­қан поэмаларын жұрт «ба­сы қырқылған шабандоз» деп атайтын. Науаи зерт­теу­шілерінің көпшілігі Науаи поэ­маларының 15-20 пайызы аяусыз қысқартылған, дәл сол қысқартылған, оқырманнан жасырылған тұстарда Науаи­дың данышпандығы ұшар биігіне самғаған деп санайды. Ол тұстарда әр жол нұр шашады, әр қос жол афоризмге ай­налады. Аллаға және Мұхаммед пайғамбарға мадақ айт­­қанда Науаи адамның ақыл-ойы, ақынның дарыны жете алатын ең шырқау шыңға шыққан. Сондықтан да ол сөздер исламдық ойдың да, жалпыадамзаттық ойдың да баға жетпес байлығы болып табылады»... Көрдіңіз бе, кібіртектемей, күмілжімей осылай сөйлеу керек.

Әлгінде айтқан «сонау XVI ғасырдың өзінде-ақ да­ра дауысы дүниенің қиыр-қиы­­рына жеткен» дегеніміз қыз­­дырманың қызыл сө­зі­ емес. Көзі ті­­рі­сінде-ақ сө­зі­ аударылған шығыс тіл­де­рін­ былай қойғанда, еуро­па­лық­ тілдерге де тез тәр­жі­ме­­ленген Науаи жырлары. Муса Таджиходжаев «Из ис­­тории переводов произведе­ний Алишера Навои на европейские языки» ат­ты мақа­ла­сында ақынның ал­ғаш­қы поэ­масы неміс тіліне 1583 жы­лы италиян тілі ар­қылы аударылған деген дерек кел­тіреді. Ита­лиян ті­лі­не қа­­шан­ аударылғанын анық­тай ал­маған сияқты.

Науаидың өз жырларын негізінен түркінің әдеби ша­ға­тай тілінде жазғанына сүй­сініс білдірген Абдрахман Жә­ми: «У ки як турк буд ва ман точик, Харду доштем хе­шии наздик» («Ол түрік болса, мен тәжік, Достықты жүрміз бір жазып») деген. Он бес жасынан-ақ түркі және парсы тілдерінде жарыстыра жыр төккен әйгілі ақын атана тұрса да, ол өзінің ана тілінің туын көкке көтеруді өмірінің мәні, мұраты деп білген. Әлішер Науаи «Екі тілдің та­ласы» атты трактатында: «Түркі тілінің байлығын дә­лел­дейтін жайлар көп. Ха­лықтың ішінен шыққан дарынды ақындар бойындағы қарым-қабілетін парсыша­ танытпауға тиіс. Олар қос тілде қатар жыр толғай ал­ған күнде де өлеңдерін ана ті­лінде көбірек жазғаны жөн» дей келе, өзінің ақындық ең­бе­гіне де лайықты баға бере­ді: «Ойлауымша, мен түр­­кі халқының лайықты пер­­зенттерінің алдында ұлы ақи­қатты айғақтай алдым, ен­ді менің қандастарым өз тілінің тегеурінін, оның қа­йы­рым-қағыстарының шынайы қуатын сезініп, өз сө­зі­нің асыл қасиеттерін танып барып, өлеңдерін пар­­сыша жазатындардың ұна­сы­мсыз ұрынуынан құ­тылатын болды». «Өлең өл­шемі» трактатында ақын әдебиет теориясының мәсе­ле­лерін дәл бүгінгі ұғым­да­ғы академиялық тыңғылық­тылықпен, тереңдікпен қоз­ғайды. Сондағы ұстанымдар кейіннен шағатай тілді әде­биеттің бәріне де ортақ, қым­бат қағидаларға айналған. Өз заманындағы 400 ақынның қысқаша ғұмырбаянын жазып, өлеңдерін талдап өткен «Ғажайып мәжілістер» деген кітабы оның қандайлық кең құлашты әдебиетші болғанын анық айғақтайды. Ал «Әджәм патшаларының тарихы» атты еңбегін Интернеттен («Исто­рия иранских царей») тауып оқыған адам Науаиды маман тарихшыдай көретіні күмәнсіз.

Науаидың сонау он бе­сін­ші ғасырда әдебиетке сон­ша­лықты кәсібилікпен қа­рауы қайран қалдырады. Нұр-Сұл­тандағы кеште сөйлеген сөзінде жазушы, философия ғылымдарының докторы Мұ­хаммад Әли Ахметов ақын шы­ғармаларының 20 том болып басылып шыққанын айтты. Біз Науаи туындыларының орыс тіліндегі 8 томдығын ғана білеміз ғой, оқитынымыз да сол. Низамидің үздік үл­гісі бойынша, түрікше хамса жазамын деп алдын ала жа­­риялауында, араға көп уақыт салмай-ақ, 1483-1485­ жыл­дардың ішінде «Игі­ жақ­­­сылардың абыржуы»,­ «Ләйлі-Мәжнүн», «Фархад-Шы­рын», «Жеті әлем», «Ес­кендір қорғаны» атты бірі­нен бірі өтетін бес дастан­ды бірінен кейін бірін тө­гіп тастауында өзінің кемең­герлігіне күмәнсіздігі, яғни да­­нышпандарға тән даралық жатыр. Соның үшеуін – «Ләйлі-Мәжнүнді», «Фархад-Шырынды», «Жеті әлемді» бір жылдың ішінде, 1484 жы­лы жазған екен. Не деген шал­қар шабыт! Әрқайсысы бір-бір томдық алып дастандар ғой!

Науаи есімінің әр қазақ баласының жүрегіне жақын болатынының тағы бір себебі бар. Науаи – біздің ұлы ойшылымыз Абай үлгі тұтқан, ұстаз санаған ақын. Бала шә­кірт күнінде, медреседе оқып жүргеніндегі алғашқы өлең­дерінің бірінде жас Абай былай деп жазған.

Фзули, Шәмси, Сәйхали,

Науаи, Сағди, Фирдауси,

Хожа Хафиз – бу һәммәси

Мәдәт бер шағири фәрияд.

Шығыстың жеті ұлы ақы­­ны­ның қатарында Абай ауыз­ға алған, шайырыңа медет бер деп сыйынған Науаи қазақ­тың да жанына жақын. Біздің тілімізде қанатты тіркеске, ма­қалға айналған талай сөз­дің төркінін Науаи жырлары­нан таба аламыз. Мысалы, «Жәннат бағы ана аяғының ас­тында» дегенді Әлішер На­уаи сонау заманда «Онолар оёғи остидадур, Равзайи жаннату жинон боғи» деп жазып кеткен. Ақын өлеңдері қазақ тіліне талай аударылған, та­лай рет жеке кітап болып та шыққан. Олардың ара­сында айрықша атауға тұ­ратыны – Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы аударған «Ескендір қорғаны». Айтулы ақын Дос­тық үйіндегі кеште сөй­леген сөзінде жа­қында «Ләйлі-Мәжнүнді» ауда­рып бітір­генін, бұйыртса, биыл жа­рық көретінінін айтып, өз­бек­стандық қонақтарды да, жиналған әдебиетші қауым­ды да қуантып қойды. Қоғам қай­раткері, Өзбекстан Рес­пуб­ликасы Мемлекеттік сый­лығының лауреаты, Абай жыр­ларын өзбек тіліне тәр­жі­мелеуші Мехмонқул Ис­лом­қулов кеште қазақша сөй­леген сөзінде (өзі бізге жиен екен) Несіпбек ақын аудар­маларын бауырлас ел­дегі әдебиетшілер қатты қадір­лейтінін разылықпен атап өтті.

Академик С.Е.Малов шы­қ­қан түп-тегін «он был тюрк-барлас-чагатай» деп анық­таған Низамеддин Мір Әлішер Науаи – біздің ортақ бабамыз, ортақ мақтанышымыз. Ол барша адамзатқа ортақ данышпан. Әлішер Науаи есімі әлем әдебиеті классиктерінің ара­сында Гомер мен Данте, Руми мен Фирдауси, Низами мен Жәми, Шекспир мен Гёте, Пушкин мен Лев Тол­стой есімдерімен қатар тұра­ды деудің еш артық-кемі жоқ. Оның үстіне жалпы жақ­­сы ортақ қой, ал жақсы ақын тіпті ортақ. Мұны да Науаи­дан асырып айту қиын: «Ер кимники экканники, ўр­ганники,шоир кимники-ўқиганники, куйлаганники» –­­­ «Жер кімдікі – еккендікі, ор­ғандікі, шайыр кімдікі – оқығандікі, әнге қос­қандікі». Абай атамыз алға ұстаған, бү­кіл шығармашылығында адам­­дықты, адал­дықты, дос­тық­ты, тазалықты, тек­тілікті ту еткен тау тұлғалы талант Әлі­шер Науаи – екі бауырлас халықтың ара­сындағы алтын көпірдің бірі.

 Сауытбек АБДРАХМАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы