Сол сұрапыл соғыстың қасіретін көргендер де сиреді. Бесіктен белі шықпай жатып тылда ауыр еңбек еткен ұрпақтың өзі де азайды. Сондықтан қаншама тауқымет пен қайғы әкелген осы жеңістің қадіріне жетпейтін, 9 мамыр мерекесіне жайбарақат қарайтын жастарға бұл күннің мәнін ауық-ауық еске салып тұру парыз. Кейде сөзбен айтып жеткізе алмайтынды бір ғана сурет сөйлете алады. Ал мына бейне осыдан 40 жыл бұрын түсіріліпті.
– Мына суретті 1979 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Сұлутөбе, қазіргі Мұстафа Шоқай ауылында түсірдім. Бірде туған ауылыма жолым түсіп, Сұлутөбеге барсам, ескерткішке тесіле қарап, бір әйел жылап тұр екен. Екі кадр түсіруге зорға үлгердім. Бір жағынан біреу жылап тұрғанда, менің суретке түсіріп жатқаным да ыңғайсыз көрінді. Алайда бұл көріністі көргенде толқымау мүмкін емес еді. Ол кезде соғыс жесірлерінің көбінің көзі тірі еді.
Осы фотодан соң «Соғыс жесірлері» деген сериямен суреттер түсіре бастадым. Екі жыл бойы майданнан азаматы оралмаған шешелерімізді түсірдім. Сонда деймін-ау, жесірлер жыласа менің де қоса жылаған уақыттарым болды. Ол жерде шыдау мүмкін емес.
Кейін 1983 жылы бұл сурет Мәскеуде өткен Қазақстан фотоөнері шеберлерінің көрмесіне қойылды. Бірақ өзім ол көрмеге бара алған жоқпын. Суреттің қып-қызыл болып тұрғаны, сол кездегі түрлі-түсті үлдірмен түсірілді, – дейді қызылордалық танымал фототілші Болат Омарәлиев.
Болат Омарәлиев әлеуметтік желіде өзінің жерлестері, Сұлутөбенің адамдары баршылық екенін, біреу болмаса, біреуі осы суреттің кейіпкерін таныр деп үміттеніп, бұл фотоны әлеуметтік желіге салған еді.
Талай адамды толқытып, талай адамның көзіне жас үйірген осынау сәтті сурет әсерлі естеліктердің тиегін ағытқанымен, фотодағы ана табылмады. Ол ұлын күткен ана ма әлде жарын сағынған шерменде шешелеріміздің бірі ме? Алайда, біраз адам Ұлы Отан соғысы қалдырған қасіретті кейінгі ұрпаққа түсіндіру үшін дәл осындай фотоларды көрсетудің өзі жеткілікті екенін жазыпты.
Енді біреулер бала кезінде үйінде жүретін 4 бірдей сұлу келіншектің соғыстан оралмаған ағаларының жарлары екенін айтады. Сол сияқты бес бірдей ұлынан айырылып, боздап өткен аналардың көз жасын жазады...
АЛМАТЫ