Мен оның айтқан әңгімелерін құмарта, ынтыға тыңдайтынмын. Оларды тыңдағанда соғыс деген сұмдықтың шын мағынасын түйсінгендей, майданның үскірік аязының суық лебі менің де бетімді шарпып өткендей сезімге бөленуші едім. Әсіресе нағашы ағамның қан-қасап қырғынның нағыз ортасында жүріп, өлімнен қалайша аман қалған сәттері қызықтыратын. 1925 жылы туған ол 1943 жылы мамыр айында, соғыс ызғары елдің апшысын қуырып, берекесін алып, арқаны аяздай қарып тұрған уақытта әскерге шақырылады. Шу аудандық әскери комиссариаты алдында өзі құралпы жас жігіт, соғыстан кейін композитор болып атағы елге жайылған Әбілахат Еспаевпен танысады. Артынан екеуі дос болып кетеді.
– Бізді военкомның өзі қабылдап, Фрунзе (осы күнгі Бішкек) қаласындағы әскери училищеге баратынымызды айтып, жолдама беріп, сәт сапар тілеп, қолымызды қысты, – дейтін еді нағашым. – Әскерге дайындайтын училищеде небәрі екі ай оқыдық. Сөйтіп, шала-шарпы піскен күлшедей, шілде айында майданға аттандық. Біздерді соғысқа апара жатқан эшелонда үрлемелі аспаптар оркестрі болғаны есімде. Пойыз аялдаған жерде әдемі би биленетін, музыка тартып, жастардың көңілін шарықтатып жіберетін. Солдаттардың ішінде де небір биші, әнші, күйші, өнер иелері болды ғой. Эшелонның алды әп-сәтте-ақ той-думанға айналып жүре беретін. Әбілахат әлгі музыкант, әншілерге бір табан жақын болды. Тіпті кейде өзі де қосылып, аспаптарда ойнайтын. Жамбылға келіп, эшелон тоқтағанда халық жиналып, бізге қошемет-құрмет көрсетіп, сәт-сапар тілеп, шағын митинг өткізді. Сол арада Әбілахат біреудің домбырасын қалап алып, өзімен бірге Харьков қаласына дейін алып жүрді. Ол күй де тартатын, домбыраға қосылып, ән де салатын.
Содан жүргеннен жүріп отырып, Мәскеуден бір-ақ шықтық. Одан да өтіп барып, Кубинка деген шағын стансаға кіші бесін кезінде келдік. Сол арада ағылып эшелоннан жерге түсе-түсе қалдық. Бізді сарт-сұрт сапқа тұрғызып, Нарофоминск тас жолымен батысқа қарай ала жөнелді. Әбілахат және бірге келген үшеу-төртеуіміз жұптарымызды жазбастан бірге кеттік...– Қасеке, майданда ажалдан бірнеше рет қалдым деп едіңіз ғой, соларды айтыңызшы, – деймін мен.
– «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дейді қазақ. «Құдайсыз қурай сынбайды» деген мақал және бар. Екеуінің де рас екеніне шүбәсіз сенемін. Осы күні ойлансам, жалпы, төрт рет ажалдан қалыппын. Үш рет майдан даласында. Төртінші рет соғыстан кейінгі бейбітшілік заманда. Мен әскерге 1943 жылы көктемде алынып, он бір жылдан кейін, 1954 жылы жазда ғана босандым ғой әскер қатарынан. Мұның бәрі сол кездегі оқиғалар.
Осыдан соң Қасқабай ағам соғыс жылдарының шежіресін асықпай ағытар еді. Мен қызыға тыңдар едім.– Киевті жаудан азат еткеннен кейін-ақ фашист басқыншыларының құты қашып, тайталасуға беттемей, асып-сасып шегіне берді, – дер еді әңгімесін жалғастырып. – Содан жау қашып, біз қуып, Александрия деген шағын ғана қалаға жақын келгенімізде фашистер кенет табан тіресе айбат қылып, текетіресе кеттік: тарс-тұрс атыс, шабыс, оларды қайдам, бізден сол күні көп адам шығын болды.
Жау бекінісі өздеріне өте қолайлы, ұзыннан ұзақ жатқан кең жотаның үстінде екен. Біздің командирлер де жанкешті ғой, сол қысталаң мезетте «Алға!», «Отан үшін!» деп ұрандап, өздері бастап атып тұрып, өзгелерді ілестіре алға ұмтылғанын көрсеңіз! Оққа да ұшып жатады аяулы азаматтар!
Дәл сол күні туралап келіп қалған бір ажалдан қалдым. Ол былай болды. Ел қатарында жүгіріп келе жатқанымда жүрек тұсы осы ғой дегендей ентелеген жаудың оғы менің кеуде тұсымды жауып тұрған автоматтың оқшантайына келіп сақ етті, оқ тиген жер жарқ-жұрқ етіп тұтанып, түтін болып барып басылды. Айналамда келе жатқандар маған оқ тигенін көріп, іштей қош айтысқандай жалтақ-жалтақ қарағаны есімде. Менімен бір қатарда жүгіріп келе жатқан майдандас досым Әбілахат Еспаев көзіне жас алып, маған қимай көз тастап, «Мұқанов жараланды» деп айқай салып, басқа амалы болмай, командирдің бұйрығын орындап, өзгелермен бірге алға ұмтылып бара жатты. Қызығы сол – мен оқ тигенімен, ол оққа жығылмақ түгілі, одан бетер құлшынып ілгері басып келемін ертегідегі батырлардай. Ротамыздың аға санинструкторы Хасен аға өзі де байқады ма, әлде Әбілахаттың айқайын естіп, «жас бала ет қызуымен өлерін білмей бара ма» деп ойлады ма, мені қуып жетіп, ұстап алып, жерге жығып, жатқызып: «Не болды?», «Қай жеріңе тиді?» деп сұрады. Сол қолымның бұлшық еті аздап қана сезгендей болғанын айттым. Мені шешіндіріп жатпады, қайшысымен фуфайкамның жеңін тіліп жіберді. Қайшының ұшы бір қатты затқа тигендей болды, қарасақ – оқ! Кәдімгі фашистің оғы, ұзындығына таң қалдым; әдетте біз оқты гильзаның ұшынан көреміз, ал оқтың үштен екі бөлігі гильзаның ішінде тұрады екен, оны әдетте байқамайды екенбіз. Сөйтсем, жау оғы автоматтың оқшантайына тиіп, оны тесіп өтіп, әскери фуфайканың мақтасын азырақ күйдіріп, сол жерде тұрып қалған екен. Аға санинструктор әлгі оқты фуфайкенің мақтасының арасынан алып, маған ұстатып тұрып: «сен, інішек, өлмейді екенсің, сені сақтаушы періште болмаса, мына пәле майып етіп кетпей ме, қарашы, тіпті денеңе де дарымапты. Құдай сені бір ажалдан алып қалды, бар, досыңды қуып жетіп қуанышыңа ортақ ет» деп арқамнан бір қағып қала берді, мен жүгіріп алға кеттім.
Сол оқты үйімнің адресі жазылған қағазбен бірге әскери шалбарымның «пистончик» деп аталатын кішкене қалтасында бойтұмардай сақтап жүрдім, кейін аяғыма оқ тиіп жараланғанда, қанға малынған шалбарымды ауыстыруға тура келгенде, апыл-ғұпыл асығыста қалтамнан алуды ұмытып кетіппін...
Қасқабай нағашым осылайша өлімнен екінші рет, үшінші рет қалайша аман қалғанын да қызықты етіп, егжей-тегжейлі айтатын еді. Газетте оларды толық баяндап отырудың мүмкіндігі жоқ. Сондықтан оның әскерде жүріп, бейбіт заманда ажалдан төртінші рет қалай аман қалғанын айтқым келеді.– Соғыс аяқталған соң, бейбітшілік заманда, Кеңес Одағы алдағы болуы мүмкін деп саналатын үшінші дүниежүзілік атом соғысына дайындыққа кіріскен кезде жаратқанның жазуымен төртінші рет ажалдан қалдым, – деуші еді нағашым. – Соғыс бітуге жарты жыл қалғанда майданның алғы шебіндегі жауынгерлердің ішінен жеті кластық білімі барларын іріктеп, таңдап, болашақта білікті офицерлер дайындау үшін әскери училищелерге жібере бастады. Сол тізімге арнайы құрылып, жұмыс істеген комиссия, тәңір жарылқап, мені де қосыпты. Біз онда Висла өзенінің жағасында тұрғанбыз. Бізді Камышин деген қалаға жеткізді. Осында жаңадан танк училищесі құрылған екен. Бас-аяғы оншақты күнде тағдырымыз күрт өзгеріп, майданның алғы шебіндегі оқ пен от өтіндегі солдаттан әскери училищенің шәкіртіне айналып шыға келдік. Қара жерден өзіміз қазып алатын сыз окоптың орнына жайлы төсекте жататын болдық.
Әскери оқуды аяқтап, офицерлік шен алған соң жеңіліс тапқан Германиядағы совет әскері қатарында үш жыл қызметте болып, Брест қаласына келіп тұрақтадым. Америкалықтар Жапонияға қарсы атом бомбасын қолданған күннен бастап-ақ Кеңес өкіметі сондай қару жасауға жанталаса кіріскенінің арқасында 1949-1954 жылдар арасында бізде де атом бомбасы жасалды. Енді қайтсек те атом бомбасын жарып, әлемге әйгілеп, америкалықтардан есе қайтаруымыз, досқа да, қасқа да азу тісімізді көрсетуіміз керек болды. Осы мақсат – Кеңес өкіметі басшыларының ұйықтағанда түсіне кіретін, ояу отырғанда ойынан кетпес арманы еді. 1954 жылы Кеңес елі осындай мақсатына жетті. Елуге жақын мемлекеттердің қарулы күштерінің бас қолбасшыларын қатыстырып, әйгілі Тоцский атты полигонда атом бомбасын жарып, бүкілодақтық әскери ойын жүргізілетін болды. Ойынға мыңдаған адам қатысты, қару-жарақтың сол кездегі ең жаңа түрлерін пайдаланатын болдық. Адам да, қару-жарақ та атом бомбасымен бірге сынақтан өтуі керек еді.
Бұл мақсаттың қайғы-қасыреті – сол кезде мемлекет басшылары не айтса соны қошаметтейтін қара бұқара халық, атом бомбасын жарып, әскери ойын өткізудің арты не болатынын ойлай да алмады. Ал білгендер, ғалымдар, екіден-үштен «Еңбек Ерінің» алтын жұлдызын таққандар, жоғары лауазымды партия, мемлекет қайраткерлері, әскери басшылар кеше ғана сұрапыл Отан соғысынан аман қалғанына әлі күнге қуанышы қойнына сыймай, тәубе етіп, күн көзіне, келешегіне үлкен үмітпен қарап жүрген өрімдей жас солдаттарды, сержанттарды, кіші офицерлерді атом қаруын қолданатын Тоцский полигонына апарып, құрбан айтқа шалуға арнаған лақтай етіп байлап қойды. Үш ай бойы дайындықтан соң атом бомбасын жеті күн тастай алмай, әуреленіп жүріп, ақыры тастап, ойлағандай болмаса да көрсетуге жарайтындай етіп жарып, әскерлердің неше түрін бомба жарылған алаңнан өткізіп, тойдан тарқағандай әскерлер өздерінің тұрған-тұрған жеріне қайтқан-ды.
Ол кезде мен Брест қаласында орналасқан ең соңғы үлгідегі танктермен жабдықталған өрімдей жастардан құрылған әскери бөлімде қызмет істейтін едім. Ол жылдары әскер қатарында болу мерзімі үш жылға созылатын. Сарбаздар үш жылдың ішінде соғыс қару-жарағын жете меңгеріп, өздері де айтарлықтай ер жетіп, тепсе темір үзетін нағыз жігіттер болып өсіп жетілетін. Қайратына айласы сай, ісіне ақылы сай сегіз қырлы сарбаздар сапта тұрғанда, үш жыл бойы соларды ініңдей тәрбиелегеніңді ойлап, бойыңды қуаныш билейтін. Жоғары лауазымды қолбасшылардан да алғыс алып, төбеміз көкке жеткендей болатын едік.
Сол 1954 жылы Жоғарғы қолбасшының құпия бұйрығымен біздің әскери құрама дүние жүзіне паш еткізер мемлекеттік мәні бар, бұрын-соңды болмаған атом қаруы қолданылатын Бүкілодақтық әскери ойынға қатысатын болып, Құдай көрсетпесін, бір күннің ішінде шала бүліндік те қалдық...
22 маусым күні Брест стансасында танктерді эшелонға тиеп, жүруге дайын екенімізді баяндап, қалатын жолдас-жоралармен қош айтысып, ию-қию болып жатқан кезде эшелон кезекшісі келіп мені штабқа шақырып әкетті. Ойда жоқ жерде, не болып қалды екен деп шақырған кісіге келгенімде, менің қолыма конвертке салынған ресми қағаз ұсынды. Оқып қарасам, Кеңес Одағының Қорғаныс министрі маршал Г. К. Жуков қол қойған бұйрық. Ол бұйрық бойынша: «Мені майданға шығарып салып, қайта оралуымды күтіп жүрген әке-шешем әбден қартайды. Менің содан бері әскер қатарында жүргеніме он бір жыл. Елде оларға қарайтын өзге балалары жоқ» деп бұрынырақ берген өтінішіме орай, 1954 жылғы 26 маусымнан әскер қатарынан босатылыппын...
Оқып шығып, не қуанарымды, не қиналарымды білмей аң-таң болып тұрғанымда мені шығарып салуға келген бәйбішем мен екі жасар тұңғышым Бақыт екеуі келіп, ести сала қуанып, мені құшақтап, кезек-кезек бетімнен сүйіп, алды-артыма қаратпай, бұл сапардың қауіпті екенін білгендей, жылдам ертіп әкетті. Мен әскерден сол кеткеннен мол кеттім, сол күні Құдай тағала мені төртінші рет ажалдан алып қалғанын, кейін, менің сондағы әскери ойынға қатысқан қаншама аяулы жолдастарым, сарбаздарым мезгілсіз дүниеден өткендерін естігенде ғана білдім.
Мен эшелоннан жүгімді алып түсіп қалдым. Басқалар қол бұлғап, қайда бара жатқандарын сезбей, кете барды. Менің қалып бара жатқаныма солдаттарым қатты абыржып, қимай қоштасты. Әсіресе бір бөлімшеде бір кісінің баласындай бірге қызметте болған жерлес, қандастарым Оспан Насыров, Тілеміс Ошақбаев, Жомарт Сейітов, Александр Жарков сияқтылар жылап қоштасты.
Олардың жылағанындай да бар екен ғой. Мен елге келіп, бейбіт еңбекке кірісіп, мектепте өздеріңе ұстаздық етіп жүргенімде хат алысып жүрген Оспан Насыров үйге де келіп, сол 1954 жылы атом бомбасын жарып жүргізген әскери ойынның қалай өткенін, сол ойыннан кейін, атом бомбасы жарылған аймақтан қамсыз-қаперсіз өткен біздің танкистер ұзамай-ақ ауруға шалдыққанын, содан соң оларды дәрігерлік комиссиядан тез-тез өткізіп, азын-аулақ пенсия тағайындап, әскерден босатқанын жылағандай болып айтқаны есіме түссе, бүгіндері қай жерде ядролық қару жарылыпты десе төбе шашым тік тұрып, атом бомбасын жасаушыларға да, оны қару ретінде қолданушыларға да лағнет айтып отырамын. Оспан қандай еді – жігіттің сұлтаны еді, кейін жолыққанда мен даусынан ғана таныдым, сырт бейнесі түгел өзгеріп, әдемі аққұба жүзі жер беттеніп, көн қаптағандай болыпты, азамат! Сол біздің ең соңғы көрісуіміз екен, ол содан кейін кешікпей Ерейментауда көз жұмып, арманда кеткендердің бірі. Осының бәрі – көз алдымызда, өзіміз де куәсі болып жүріп бастан өткізген дүние. Енді мұңыңды кімге шағарсың, кімнен болды осының бәрі деп сұрау саларсың. Күнәһарлар, жазықсыз жандарды құрбандыққа, өлімге байлағандар жалғанды жалпағынан басып, күліп, шалқып жүріп өмірден өтіп кеткен, – деуші еді нағашым.
Қасқабай ағам маған бұл әңгімелерді айтқан кезде Қазақстанмен шекаралас Орынбор облысындағы Тоцский атом полигонында жүргізілген атом сынағы жөніндегі деректер құпия еді. Оған қатысқандардың бәрінен «мұны еш уақытта ешкімге айтпаймыз» деген қолхат алынған. Енді бүгін интернеттен сол сынақтың қалай өткені, әлгі сынақтан соң оның зардабынан 43 мың солдат пен офицердің айықпас дертке ұшырап, нақақтан нақақ көз жұмғаны жөніндегі жан түршіктірер деректерді оқуға болады...
Болат БОДАУБАЙ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты