Елдің мұңы – жолдың жыры
Алдымен Шығыс Қазақстанға тоқталсақ. Өңірдегі «Семей – Қайнар», «Қарағанды – Боғас», «Мақаншы – Жалаңашкөл» бағытындағы жолдардың жағдайы туралы «Абыралыға баратын кім бар?» (2017 жыл, 20 қараша), «Шалғайдағы Шұбартау немесе жабылған ауданның жағдайы алаңдатады» (2017 жыл, 4 тамыз), «Алакөлдің инфрақұрылымы жақсарып келеді» (2018 жыл, 25 шілде), «Жырға айналған «Семей – Қайнар жолы» (2018 жыл, 1 тамыз) атты мақалаларда жан-жақты жазылды. Мәселен, Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы 300 шақырымға жуық «Семей – Қайнар» бағытындағы тас жолдың соңғы рет 1990 жылы Абыралы ауданы құрылған кезде асфальтталғаны, содан бері 27 жыл бойы жөндеу көрмегені, осы жолды тұрғындар 6-7 сағат әупірімдеп жүруге мәжбүр екендігі мақалада көрсетілген еді.
Қазіргі уақытта бұл жолдың Саржал ауылына дейінгі бөлігі біршама ретке келтірілгенімен, тұрғындардың Қайнар ауылынан Саржалға дейінгі аумақ бірінші кезекте жөнделсе деген өтініш-тілектері бар. Соңғы жылдары сырқатына ем іздеген жұрт жиі баратын «Қоңыр әулие» үңгіріне де осы жол арқылы жылдам жетуге болады. Яғни бұл күре жолды Абыралының 5 мың тұрғынын қоса алғанда 10 мыңға жуық халық пайдаланады. Ал республикалық маңыздағы «Қарағанды – Боғас» бағытындағы Аягөз қаласы бен Малгелді ауылының арасындағы 245 шақырымдық жол да күрделі жөндеуді қажет етеді. Аудан орталығы Аягөз бен бұрынғы Шұбартау ауданының орталығы Баршатастың арасы 175 шақырым. Осы қашықтықты тұрғындар 4-5 сағат жүретін көрінеді. «Аягөздегі сағат 10-дағы жиналысқа бару үшін таңғы сағат 3-4 кезінде жолға шығамыз. Әйтіп-бүйтіп үйге жеткенше ымырт үйіріледі. Аудан орталығына 250 шақырым жердегі Емелтау ауылының тұрғындарына тіпті қиын. Олар бізден де қашықта жатыр ғой. Жол жақсы болса, 175 шақырым дегенің 2 сағаттық жол емес пе?!», деген еді Байқошқар ауылының әкімі Саятбек Шымыров екі жыл бұрын Шұбартауға барған сапарымызда.
Облыстың ішіндегі ауыл мен аудан орталығын, ауыл мен ауыл араларын жалғайтын жолдардың көпшілігі күрделі жөндеуге мұқтаж. Мәселен, Зайсан ауданындағы Зайсан қаласынан Шілікті ауылына, Күршім ауданының Марқакөл ауылынан Төсқайың ауылына дейінгі жолдар әлі күнге дейін асфальтталмаған. Тұрғындар Күршім ауданының Жолнұсқау, Аманат, Алғабас, Маралды, Үржар ауданының Мақаншы Келдімұрат, Көкөзек, Тарбағатай ауданының Маңырақ пен Жаңаауыл, Қызылкесік пен Үштөбе елді мекендерінің, сондай-ақ Семейге қарасты Абыралы өңіріндегі Семей – Қайнар – Аягөз, Семей – Қайнар-Қарағанды, Аягөз – Үржар, Аягөз – Қызылкесік, Аягөз – Ақсуат, Ақсуат – Жәнтікей – Қожагелді, Ақсуат – Кіндікті, Ақсуат – Ақжар, Ақсуат – Ойшілік бағыттарындағы жолдар ретке келтірілсе деген өтініш-тілектерін көптен бері айтып жүр.
Жырға айналған бұл жолдар қашан жөнделеді? Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов биыл облыстық және аудандық дәрежедегі жолдарды, елді мекендердегі көшелерді жөндеуге жергілікті бюджеттен 20 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп отырғанын, оның 7 миллиардқа жуығы жолдарды жөндеуге жұмсалатынын айтқан-ды. Осы жиында облыс әкімі Даниал Ахметов ағымдағы жылы облыстық және аудандық маңыздағы 321 шақырым жол жөнделетінін, былтыр Семей мен Қарауыл арасындағы тасжол жөнделгенін, оған жергілікті бюджеттен екі миллиард теңге жұмсалғанымен көктем шыққанда 30 шақырымдық жолдың асфальты қармен бірге еріп кеткенін сынға алып, мердігер мекемеге шара қолдануды тапсырды. Аягөз – Ақсуат жолын жөндеуге жобалық құжаттар әзірлеуді жүктеді. «Қазавтожол» компаниясы облыстық филиалының директоры Іңкәрбек Атабаев 2019 жылы өңірдегі республикалық маңыздағы 3,5 мың шақырым жол жөнделетінін, бұл жұмыстарға ел қазынасынан және халықаралық қаржы ұйымдарынан 52 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінетінін тілге тиек етті. «Қазіргі кезде облыста Өскемен – Қалбатау – Алматы облысының шекарасы және Қалбатау – Майқапшағай жолдарына күрделі жөндеу басталып кетті. Бірер күннен соң жолшылар Омбы – Майқапшағай, Таскескен – Бақты жолдарын жөндеуге кіріспек. Осы жылы республикалық дәрежедегі 194 шақырым жол орташа жөнделеді. Олар: Өскемен – Семей, Өскемен – Рахман қайнары, Семей – Қайнар, Аягөз – Баршатас және Қалжыр – Марқакөл күре жолдарының жекелеген телімдері. Бұл жұмыстарға ел қазынасынан 4,3 миллиард теңге қарастырылды», - дейді ол.
Жетісудың ішкі жолдарының сапасы талапқа сай ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін жоғары бағалаған болатын. Алайда, жергілікті жолдардың сапасы сын көтермейтінін тілге тиек еткен Президент облыс әкімі Амандық Баталовқа 2025 жылға дейін апатты автожолдарды кезең-кезеңімен қайта құрылымдаудан өткізудің жоспарын жасауды тапсырды.
«Облыс аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің іске қосылуы өңірдің ғана емес, еліміздің экономикасына серпін қосады. Бірақ аймақтағы ішкі жолдардың сапасы сын көтермейді. Қазіргі күні облыс жолдарының 22 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді» деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы атап өткен аймақтағы ішкі жолдардың ұзындығы 6138,6 шақырымды құрайды. Бұл облыстағы 17 аудан мен 2 қаланың тіршілігіне жан бітіріп тұрған қозғалыс өзегі іспетті қатынас жолы. Бірақ жергілікті мамандардың пікірі бұл жолдардың сапасы нашар емес дегенге саяды. Мысалға, өткен жылдың соңында ішкі қатынас жолының сапасын сараптаған мамандар, жол сапасы 78,1 пайызға жақсарды деген шешім шығарды. Жалпы, Алматы облысында жергілікті маңыздағы жолдарды салу мен жөндеуге жыл сайын 30 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп келеді. Ал осы жылы ішкі жолдардағы қауіпсіз және үзіліссіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатына 17 359,815 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде 6 374,117 млн теңге республикалық бюджеттен, ал 10 985,698 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлініпті. Енді осы қаржыға аймақтағы 23 шақырым жолды қайта салу мен жаңғырту жұмыстары басталып кеткен.
Барды бар деп айту парыз. Қазір «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аумағынан басталатын автокөлік жолы еліміздің батысына қарай жалғасып, күншығыс пен батыс Еуропаны жақындата түсті. Мұнан бөлек, Алматы – Өскемен автобанының облыс аумағындағы бөлігінің пайдалануға берілуі экономикалық табыс көзінен бөлек, отандық туризмді дамытуға жол ашты. Бүгінде Алматы қаласы мен Талдықорған қаласына дейінгі 270 шақырымға жуық күре жол әлемдік стандартқа сай салынып, жолаушыларға қызмет көрсетуде. Осы жол енді облыстың шығыс аудандарын көктей өтіп, Алакөл жағалауына дейін жетпекші.
Қар көбесі сөгіле сала осы республикалық маңызы бар «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолының 287-1073 шақырым аралығындағы құрылыс жұмысы қыза түсті. Күре жолдың 313,5 шақырымы Алматы облысының аумағына кіреді. Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының шекарасын басып өтетін автобанның 31,5 шақырымы төрт жолақты, ал 282 шақырымы екі жолақты болмақ. Әдетте, жол салудан көпір тұрғызудың машақаты ауыр екені белгілі. Жетісу жерінен өтетін автожолдың бойында жаңадан екінші деңгейдегі 2 жолайрығы, 21 көпір және 404 су өткізетін құбыр салу жоспарланған. Қазір «CITIC Construction Co LTD» серіктестігі құрылыс жұмысын жүргізіп жатыр.
Айтпақшы, жолдың экономикалық кіріс көзі ретінде қалыптасуының дәлелін облыс аумағында екі бағыт бойынша ақылы трассаның іске қосылуын айтуға болады. Жыл басында Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас тас жолы ақылы қызмет көрсетуге көшті. Қазір көлік иелері Алматы қаласынан Қапшағай қаласына дейінгі 42 шақырым жолды жүріп өткені үшін 200 теңге көлемінде ақы төлеп жатыр. Ал Алматы қаласы мен «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық орталығы аумағына дейінгі көлік дәлізіне де 600 теңгені қолма қол төлейді.
Сондай-ақ Алматы облысының аумағынан Үлкен Алматы айналма көлік жолы құрылысының басталуы да ішкі жолдардың дамуына әсер етеді. Биыл толық қуатында іске қосылатын «БАКАД» құрылысының алғашқы нәтижесі 4 жыл ішінде белгілі болмақ. Жоба құны 180 млрд теңге шамасында болжанған. Жалпы, Алматы қаласының маңындағы көлік жолдарын жөндеу мен қайта салу облыс үшін бірнеше стратегиялық міндет жүктеп отыр. Соның бірі Қарасай ауданы аумағына орналасқан «Алтын Орда» әмбебап базарының жолы болатын. Жолды кеңейту жұмыстары 2017 жылы басталған. Жоспар бойынша 2020 жылы аяқталуы тиіс.
Азамат ҚАСЫМ, Қалмаханбет Мұқаметқали, «Egemen Qazaqstan»