Жергілікті қазақтар бұл жерді ежелден Тұзтөбе атағаны белгілі. Қазірде қалада қазақтар көп, бірақ қазақ мектебі жоқ. Жас ұрпақ ана тілін білмейді екен. Қалалық өлкетану мұражайында да бұл араны бұрыннан қазақтар мекендеп, тұзды асқа әрі емге кеңінен пайдаланғандығы туралы деректер айтты. Кейін XVIII ғасырда Орынбор губернаторы И.Неплюевтың тапсырмасымен тұзды қажеттеріне жарата бастаған. Қаланың іргесі осы тұз өндірісінен басталады. 1754 жылы іргетасы қаланған шаһар әуелі Илецк, кейін Илецкое защита, ал 1945 жылдан Соль-Илецкіге айналған. 1774 жылдың 18 ақпанында қаланы атақты Е.Пугачевтың көтерілісшілері басып алып, тұз өндіруге жегілген тұтқындарды босатып, қамалды жермен-жексен етіпті деседі. Оның атында осы қалада көше де, орналасқан үйі де бар. Қазір де тұз кәсіпшілігі жалғасын тауып, курорттық аймақтың іргесінде шахталық әдіспен тұз өндіретін «Руссоль» кәсіпорны жұмыс істеп тұр.
Соль-Илецк көлдеріне әуелгіде Индердегі Тұздыкөлдегідей азын-шоғын адам жылда өз бетімен түсіп жүріпті. Соңғы 7-8 жылда ғана аймақты кәсіпкерлерге беріп, дамытып, бүгінде әйгілі курорт дәрежесіне жетіп отыр. Тиімдісі курорт аймағы қаланың іргесінде орналасқан, яғни коммуналдық жүйелермен қамту қиындық тудырмаған. Аймақтың айналасы қоршалып, ішке енуін ақылы түрге айналдырған. Курорт аймағында шағын төрт көл қатар орналасқан. Әрқайсысының тұздылығы әртүрлі. Ең көлемді «Развал» көлінің тереңдігі 18 метрге дейін барса, ені 300 метрдің айналасы ғана. Бұрынғы тұз өндірген карьердің орны екен, кейін су басып кетіпті. Біздің Атыраудағы №99 карьердің шағын көлдері секілді. Ал Индердің Тұздыкөлімен немесе №100 карьерімен салыстырғанда шалшық дерсің. Көл біздегідей тұзды болғандықтан, батпайсың. Жағада киім шешетін орындар, суағарлар, күнқағарлар орнатылған. Көлге түскендер, жағасында жағалай күнге қыздырынып жатқандардың көптігі сондай, ине шаншар жер жоқ деуге болады. Қала халқының саны 27 мың болса, туристердің саны маусымдық кезеңінде миллионға дейін жетеді екен. Көпшілігі Ресейдің ішкі қалаларынан көрінеді. Демалушыларды сөзге тартқанымызда, мұнда күннің ашықтығы, тұзды көлдің түрлі сырқаттарға таптырмас емдігі әрі бұл курорттың қолжетімділігі қызықтыратындығын айтты. Соль-Илецкі курорты әзірге маусымдық қана. Негізінен жаздың үш айымен қатар мамыр мен қыркүйек айларында да демалушылар болады екен. Енді курортты аймақты жыл бойына демалатын орынға айналдыру мақсатында кешенді құрылыс нысандары салынып жатқандығын қала округінің орынбасары Валентин Немич атап өтті.
Қалаға бірнеше шақырым жақындағаннан-ақ жалға берілетін үйлердің жарнамасы кездесе бастайды. Қонақүйлер де бар, бірқатары жаңадан салынып жатыр. Көлдердің жағасындағы үйлердің бәрі дерлік жалға беріледі екен. Жергілікті қазақтар да бұл кәсіпті қол етіпті. Соның бірін Құспан деген азаматтың үйіне жолымыз түскенде көрдік. Шағын ғана ауласында өзінің тұрғын үйіне қарсы туристерге арнап екі қатарлы бөлек үй тұрғызған. Айтуынша, 30-36 турист тұрақтай алады. Көл жағаларында киіз үйлерін демалыс үйлеріне айналдырып отырған жергілікті қазақтар да жетерлік. Туристерді қызықтырып, табыс табуға түйе мен жылқыны да пайдаланып отыр. Маңына барып түйені суретке түсіре беріп едім, «Фото 100 рублей» деп бір қазақ баласы орыс тілінде саңқ етті. Қазақтың қымызынан да дәм татуға жиналғандардың қарасы көп. Асханаларында үлкен қазандарды сапырып, түрлі тағамның небір дәмділерін пісіріп жатқандардың дені өзбектер. Қадам басқан сайын астма сынды тыныс алу жолдарына, тері ауруларына арналған емдік бөлмелер орналасқан. Түрлі қолөнер бұйымдары, қаланың атауымен естелікке алып кетуге лайықты кәдесыйлар туристерді қызықтыруда. Соль-Илецк тұзынан қыз-келіншектердің бетін әрлеуге небір косметикалық өнімдер саудаға шығарылған. Кешкісін «Старая мельница» кешеніне бардық. Ескі диірменнің ішін тамаша мұражайға айналдырыпты. Оның айналасы да тарихи жәдігерлерге толы. «1980 жылдары осы қалаға келгенімде шағын, тып-тыныш қала еді. Сол кезде мына диірмен ешкімге керегі жоқтай қаңырап тұрғанын көргенмін. Қазір бәрін жарқыратып қойғанына таңғалып тұрмын», дейді бізбен бірге сапарлас болған Индер ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Мұхамбетқали Алдерзин. Округ басшысының орынбасары В.Немич кәсіпкерлер аяқтарынан тұрып кеткенше ешқандай салық салынбайтынын атап өтті.
Келесі күніміз Шалқар көліндегі демалыс базасын көруге арналды. Аймақтың инфрақұрылымы қамтылған әрі көлдің жағасында шағын ауылдың болуы демалыс аймағына оң ықпалы болары анық. Бірақ киіз үй үлгісінде салынған көптеген қонақүй қаңырап бос тұр. Соль-Илецкінің курортымен салыстырғанда туристерінің саны жер мен көктей айырмашылықты бірден аңғарасыз. Қызмет сапасы да қалыс қалғаны көрініп тұр.
Кәсіпкерлер Керімбай Сабырғалиев пен Елдос Жанғалиев Үкіметтің қолдауымен Индердің Тұздыкөлі басына инфрақұрылым барса, шипажай ашылса, қосымша кәсіпкерлік нысандарын ашуға мүмкіндік барын, ал әзірге оған салған шығынды жабу оңайға соқпайтындығын айтады. Кәсіпкер Жамбыл Дауталиев: «Тұздыкөлді Соль-Илецк курортының дәрежесіне жеткізуге ірі кәсіпорындардың демеушілігі болмаса, әзірге мүмкін емес. Ал әзірге электр энергиясын жел, күн генераторы арқылы алып, суын тасымалдап, жергілікті жеке кәсіпкерлер шағын демалыс орнын ашуына мүмкіндіктері бар», дейді. Соль-Илецк бүгінде бұрынғы карьерден қалған қалдық көлдерді туризм аймағына айналдырып шалқып отыр. Біздің үлгі алар тұсымыз да көп. Осы сапар жаңа бастамаларға сеп болады деген сеніммен қайттық. Саламат БАЗАРБАЕВ Атырау облысы