• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Сұхбат 14 Мамыр, 2019

Гөзел Құлжабаева: Көгалдандыру ісіне бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалады

1555 рет
көрсетілді

Қаланы көркейте түсудің бір тетігі – талғаммен жүргізілген көгал­дандыру ісі. Егер бұл шаруа тиімді ұйымдастырылса, мега­полистің миллиондаған қаражаты үнемделетіні анық. Арық­тарды арнасына бұрып, тақыр жердегі туған ауылын адам танымастай өзгерткен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құр­метті профессоры Гөзел Құлжабаеваны әңгімеге тартқан едік. Кәсіпкер төрт жыл бұрын Алматы облысы Кербұлақ ауданының Басши ауылында еліміздегі алғашқы тақырыптық «Абай бағын» отырғызды. Басшиге барғанымызда, бүкіл Қазақстанның көбелегі Құлжабаеваның ауылына ұшып барғандай әсер қалдырған-ды. Бүгінде оның демеушілігімен бұл өңірде 2 гектар жерде қарағайлы бақ, 7 гектарда көктерек орманы, халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың құрметіне отырғызылған 5 гектар алма бағы, 10 гектарда «Батыр аналар» саябағы қоса жайқалып тұр. Ауылдың мектептері ботаникалық баққа айналды.
– Гөзел Әліпбекқызы, құ­зыр­лы мекемелер жүргізетін көгалдандыру жұмысына бөлі­нетін қаржының көп жағ­дайда тиімсіз жұмсалаты­нын айтып жүрсіз. Міне, тағы да көк­тем шықты, көшет егу жұмыс­тары басталды...

– Қалада көгалдандыру ісі жүрмей жатыр деп айтуға болмас. Біраз жұмыс атқарылуда. Алайда мені қынжылтатыны, оның кейде тым тиімсіз жүргі­­зілетіні. Қала ісіне киліге беруге менде мұрша да жоқ. Бірақ көзге кө­рініп тұрған қателіктерді көргенде, айтпай тұра алмайсың. Кезінде Алматыдағы әл-Фа­­ра­би даң­ғылы пластмасса­дан жасалған гүлдермен безенді­рілгені дұрыс еместігін айттық. Екіншіден, Алматыдай шаһарды жасанды гүлдермен сәндеу адамға эстетикалық әсер сыйламайды. Мәселен, осы күндері әл-Фараби даңғылына каштан ағаштары, яғни атталшын отыр­ғызылып жатыр. Өте әдемі ағаш, бірақ ертең оның жаң­ғақ­тары мен жапырақтары кө­шеге түседі, езіледі. Жылдам жүріп келе жатқан көліктердің әй­негіне соғылады. Бұл оңаша, шет­ке отырғызылатын ағаш қой. Бұл даңғылдың бойында жақсы талғаммен көшет егіл­­­­ген жерлер де бар. Мысалы, Сейфул­­­­лин даңғылымен шек­тесетін тұсынан бастап Назар­баев даңғылына дейін сары және қы­зыл бөріқарақат (барбарис) отырғызылған. Бірақ аз. Көше­лерге қолға түскенін араластырып, тоғай сияқты егудің қажеті қанша еді?!

– Шырша, қарағайлар да отырғызылып жатыр ғой?

– Арасы тым жақын. Қа­ра­ғайдың арасына 6 метр қал­дырып отырғызсаң да, өскен соң біріне-бірі кедергі келтіреді. Оның үстіне әл-Фараби даңғы­лының дәл үстінен жоға­ры кернеулі сым өтіп жатыр, қа­зірдің өзінде ағаштардың басы сымға тиер-тимес болып тұр. Бұл қара­ғайлардың түбінен күндіз-түні машина ағылып жатады, ертең-ақ төмен жағы тып-типыл болады. Қурап қалуы әбден ықтимал. Немесе, өсе келе жолды жабады. Тендер деген бәле болды... Кө­гал­дандыру ісі кірпішін қа­лай беретін құрылыс емес. Өз мамандары айналысу керек. Кішкентай бала да өмір бойы бесікте жатпайды, есейеді, үл­кен кереует керек. Ағаштар да сол сияқты. Мұндай көшелердің бойына көпжылдық, жаз бойы гүл­дейтін аласа бұталар, раушан гүлдер, итмұрын, форзиция отырғызылғаны дұрыс.

Әйтпесе егілген ағаш қу­рай­­ды, не қайта көшіріп жа­та­ды. Мұндай жағдай жиі қай­­­таланады. Содан «айтқан­­ның аузы жаман, жылағанның көзі жаман» болып шыға келеді. 20 жыл бойы үздіксіз көгал­­дан­дыру ісімен айналысып келе жат­қан соң, көзге ұрып тұрған кемшіліктерге бейжай қарай алмайсың. 

– Қаланы көгалдандыру ісі­не қатысты қоғамдық ке­ңес құ­ру керек деп жүрсіз...

 – Қалалық билікке жалтақта­­майтын баламалы ұйым керек. Кезінде осындай ұйым құрылса, қосылайын деп сұранғанмын. Өйткені білгеніммен, қателік­терім­мен, тәжірибеммен бөліс­кім келді. Көзге ұрып тұр­ған кемшіліктерге күйзелген кез­­дерім көп болды. Бізде әлі де көгалдандыру мәдениеті да­­мымаған. Кейде қаламызға келген шетелдік қонақтардан ұя­ласың. Осы қаладағы орталық көше­лердің бойында плас­тик ыдыс­тарға біржылдық гүл­­дер егіледі. Не қадасаң да көк­тей­тін Алматы үшін бұл тиім­­сіз. Германия сияқты дәу­летті мем­лекеттердің өзі олай іс­темейді. Асфальтталған жер, тас­­тың үсті болмаса, олар ыдыс­қа гүл отырғызбайды. Тіпті шыр­­­­шаны ыдысқа егіп қояды. Вер­­­­тикальды көгалдандыру ісін­­­де қаншама қателіктер кетіп жатыр. 

Былтырға дейін Абай, әл-Фара­би даңғылына егілген жүз­деген, мыңдаған пластмасса ыдыстардағы гүлдер өте үл­кен шығын. Оны кептеліспен жаға­ласып жүріп, қайта-қайта суару қажет, жыл сайын жаңадан отырғызу керек. Жүздеген адамдар оны егеді, күтіп-баптайды. Сол пластмассалардың астында дайын жер тұр ғой. Соған неге гүл­дейтін, сәнді бұталар, жыл өткен сайын жапырағы жайқала түсетін көпжылдық гүлдерді отыр­ғызбасқа?! Алматының топы­рағы құнарлы. 

– Әлемнің әр түкпіріндегі гүлдер жәрмеңкесінен түрлі көшет, гүл тұқымдарын та­сып жүрсіз. Егер өзіңіз осы қала­­ның көгалдандыру сала­сы­­ның басшысы болсаңыз, қан­дай ағаш егер едіңіз? 

– Мен басшы болсам өйтер едім, бүйтер едім дегім жоқ. Бі­рақ көзге ұрып тұрған, шы­­­­ғын­ға батырып жатқан, нәтижесі көңіл көншітпейтін кемшіліктерді өз басымнан өткергенмен са­лыс­тырамын. Мысалы, Розы­бақиев көшесінің бойына қы­­зыл жапырақты үйеңкі, акация ағаштарын араластырып екті. Бұл әлем-жәлем киінген адам сияқты әсер қалдырады. Негі­зінен қызыл жапырақты үйеңкіні топтап ексе жақсы өседі және әдемі көрінеді. Сол сияқты Көктөбенің төменгі бөк­теріне түрлі гүлдейтін бұталар отырғызылды. Талғам жоқ, ала­­­­бажақ көрінеді. Гүлдеуі де әр­­түрлі, қырқылуы да әртүрлі, бірі гүлдейді, бірі гүлдемейді. Топ­тап, көзге көрінетіндей түс­­терді үйлестіріп, ландшаф­тық дизайнмен еккенде турис­тер­дің де көңілінен шығар еді. 

Мысалы Розыбақиев пен­­­ Гагарин қиылысындағы ала­­­қан­дай жерге қарағай мен талшын өте жиі, қатар отыр­­­­ғызылды. Тал­шын өсіп, қазір қарағайды жауып қалды. 

Бұрын мен бетоннан үлкен тасбақа құйдырып, соны балалар ойнайтын алаңға ішіне құм толтырып қоймақшы болған­мын. Қарап тұрсам, балалар бе­тонға бетін жарақаттап алатын түрі бар. Содан оның ішіне ыдыс­тардағы гүлдерді салып, сыртқа қойғызғанмын. Қазір қала сол тасбақаларды көшіріп, ішіне шырайгүлдер (петуня) отырғызыпты. Қаланың кө­гал­дандыру ісі біздің темір өрмек­шілерді қайталап, үстіне тағы да сол шырайгүлді екті. Бұл суық көрінетін жәндіктер, оған топыраққа өрмелеп өсетін жата­ған седумдар отырғызғанда ғана әсерлі көрінеді. 

Әл-Фараби даңғылының әуе­жайға бара жатқандағы оң қапталының бәрі таудың бөк­тері, сол жерлерді өте әдемі пай­далануға болады. Ол жерге солдаттар сияқты үш түйені сапқа тұрғызды. Түйені танитын адам, жануардың бұлай тұр­майтынын, көшпен, керуен болып бірінің артынан бірі жүретінін біледі. Осы керуен­ді гүлден де өсіруге болады. Бұл біздің шетелдіктер жүре­тін ең әдемі, көзге түсетін даңғылда­рымыз. 

– Қала билігі сіздің Алма­ты­ға көктемде жаппай жау­қазын егудің шығыны шаш- етектен деген сөзіңізді қаперге алған сыңайлы?

– «Жауқазынның отаны – Қазақ­стан» деп мәжіліс те ұйым­дастырдық. Моңғолия мен Өзбекстанда да қызғалдақ өседі, бірақ сұрыптары мен саны жағы­нан біздің қызғалдақтарға жетпейді. Қазақстанда қызғал­­­дақтың 36 табиғи түрі бар. Қыз­ғалдақты егу – барып тұрған шығын, күзде тұқымын егеді, көктемде көшелерге қадап шы­ға­ды. Тез гүлдеп, тез солады. Егер оның тұқымын тонналап өзі­міз өндіріп отырсақ, түсінуге болар еді. Голландиядан тасыл­ған, орасан мол қаражатқа сатып алынған қызғалдақтарды неге егеміз? 

– Мені сіздің алдыңызға алып келген де осы сауалдар. Биыл көктемде көшеге бір- жылдық гүлдерді отырғызу қайта басталды...

– Әрине, әдемі гүлдейтін бір­жылдық гүлдерді аздан ғана тиісті жеріне, саябақтарға ексін. Ал ұзын көшелердің бо­йы­­на небір аласа, әдемі гүл­дей­­тін, алтын түстес, ала­жа­пырақты, аппақ болып гүлдей­тін көшеттерді отыр­ғызса, нәти­жесі бірнеше жылда көрінеді. Оны пішінге салып қырқуға келе­ді. Ерте көк­темнен бастап,­ қар түскенге дейін әдемі көріне­ді. Бірнеше жылда тамаша ланд­шафтық дизайн туады. Та­пал, жатаған аршалардың да неше түрлі, сары, жасыл, алтын түстес, кө­гіл­дір түсті өте шы­дамды, әдемі түрлері жетеді. 

– Алматыға кез келген сән­­ді бұталарды егуге бола ма?

– Біздің Алматының ауа-ра­йын­­да өспейді деген өсімдік жоқ. Кішкентай ғана шаруашы­лығымдағы тек аршаның топтап егілген бес түрін көрдіңіз ғой. 

– Осы біздің не қадасаң да көктейтін шаһарды басып кет­­кен кәрі қарағаштарды көр­­­­ген туристер қынжыла таң­­­­­да­натыны талай айтылды...

– Қарағаш – даланың ағашы. Оның декоративті түрлерін қол­шатыр сияқты етіп, сусыз жерлерге егуге болады. Қарағаштар үшін қазіргі қала әкімшілігін кінәлауға болмайды. Бұл Кеңес өкіметі тұсында егілді. Бәрі қартайып тұр. Бірақ оны бұта­лап, жасарту жұмыстары дер кезінде жүргізілмеді. Діңі шірі­ген ағаштар қатты жел тұр­ғанда көліктерге, тіпті кейде адам­дардың үстіне құлап жатқаны содан. 

– Енді осы қарағаштарды кессе, шулап шыға келетіндер бар...

– Бұл үшін алдымен­ тұрғын­дарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Оның орнына одан да сәнді, түстерін үйлестіре оты­рып сондай үлкен ағашты бірден егуге болатын әдістер көп қой. Бірақ бізде жайы­лып өсетін емен, атталшын сияқты ағаштарды жиі еге­тінін көргенде, қынжыласың. Бі­рін-бірі өсірмей тастайтын ағаш­тарды тоғай сияқты қатар отырғызады. Тоғайдың да өз заң­дылығы, өсу реті бар. Бұл жер­де компенсациялық көшет отыр­ғызу деген де бар. Іскерлер бір мейрамхана салуға рұқсат алу үшін белгілі көшелерге тал-дарақ егеді. Егіп береді де, қала құзырына қалдырады. Ойла­нып отырғызылып, күтімге алын­баған соң көп ұзамай қурап тынады. Қарағай өте баяу өседі, кө­шеті де қымбат, солар босқа қурап қалады. Сол көшеттердің бі­разын сұрап алып, мектептерге апарып ектік. Оқушылар ұдайы суарып жүрген соң, көктеп кетті.

Кезінде Розыбақиев көше­сі­­­­нің бойындағы бетон, қап­­та­ған вазондарға қарағай отырғы­зылып жатқанда, босқа қурап қалатынын қала көгалдандыру басшылығына айтқанбыз. Көктеп кетсе, қайда солар?!

– Гөзел апай, өзіңіз элек­трик­сіз. Қазір өзіміз де ұмыт­қан жүздеген гүлдердің атын біліп отырсыз. Сізді осы кө­гал­дандыру ісіне не жетектеп әкелді?

– Бастапқыда көгалдан­дыруды бизнес үшін бастаған­мын. Кейін Ираннан гүл көшеттерін таси бастадым. Сол кезде ирандықтар «Кас­пио­неттен» екі тілде беріліп жатқан Қазақстанның бір ағашсыз тақыр ауылын көріп отырды да: «Сіз осы қай жерге ағаш отыр­ғызайын деп жүрсіз?» деп сұрады. Бұған қатты намысым келіп, елге жетсем, осы істің нә­ти­жесін шығарамын, кө­гал­дандыру туралы үгіт-наси­хат жүргіземін деп ойладым. 

Келген соң қыстың ортасында «Гүлстан» журналын аштық. Журналист болмаған соң, оның жайын білмейміз. Алты ай бойы шығарған журна­лымызды Алматы облысына тегін тараттық. 

Шетелге біреу теңіз, біреу шүберек іздеп барады. Негізі гүл, көшет өсіруді Қытайдан бас­та­дым да, тілдерін тү­сінбеген соң, парсылармен жұмыс істеуге шешім қа­был­дадым. Өйткені жолдасым парсы тілінің маманы, маған аудармашы болды. 5-6 жыл қатарынан қыста осы елден шықпай, бір үлкен мектептен өткендей болдым.

Жұрт менен: «Неге гүл­дер­ді сонша жақсы көресіз?» деп сұрайды. Менің гүлді жақсы көруім, сұрақ қойған адамның гүлді жақсы көргенінен артық емес. Менің артықшылығым, мен – өз елімді жақсы көремін, оның көркейгенін, ешбір мемлекеттен кем болмағанын қа­лай­­мын.