Бейсенбі, 9 мамыр 2013 1:59
Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында Сейдахмет Бердіқұловтың «Жұмыр жерде теңбіл доп» деген кітабы жарық көрді. Ол кезде «Жазушы», «Жалын» баспаларынан шығып жататын көркем туындылар қалың оқырманға тез жететін. Сол кезде оқырман қолына тиген Сейдағаңның кітабы спорт тақырыбына жазылған деректі еңбектерден мазмұны жағынан да, оқиғаларының ауқымы жағынан да, тақырыбы жағынан да, баяндау тәсілі жағынан да өзгеше болды.
Бейсенбі, 9 мамыр 2013 1:59
Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында Сейдахмет Бердіқұловтың «Жұмыр жерде теңбіл доп» деген кітабы жарық көрді. Ол кезде «Жазушы», «Жалын» баспаларынан шығып жататын көркем туындылар қалың оқырманға тез жететін. Сол кезде оқырман қолына тиген Сейдағаңның кітабы спорт тақырыбына жазылған деректі еңбектерден мазмұны жағынан да, оқиғаларының ауқымы жағынан да, тақырыбы жағынан да, баяндау тәсілі жағынан да өзгеше болды.
Танымал жазушы Сейдахмет Бердіқұлов спорт тарихының көрнекті білгірі болатын. Мерзімді басылым беттерінде оның спорт туралы репортаждары, әртүрлі очерктері, мақалалары жиі жарияланып тұрды. Содан да болар, қалың оқырман ол кісіні спорт шежірешісі деп қабылдайтын.
Секең бастапқы кезеңде, «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы болғанда да, одан кейін 1970 жылдан 80-жылдардың ортасына дейін кешегі «Лениншіл жас», бүгінгі «Жас Алаш» газетін басқарған тұста да қазақ жастарының өсуіне, болашағына спорттың ықпалы зор екенін насихаттаумен болды. Сол «Жұмыр жерде теңбіл доп» деген кітапты кезінде бүкіл қазақ қоғамы оқып шықты-ау десем қателесе қоймаспын. Өйткені, ол спорт туралы, спорттың ішінде футбол туралы болатын. Қазақ сол кезде де футболға жари алмай жүретін. 60-шы жылдардың басында құрылған «Қайрат» Одақ көлемінде футбол жарысына қатысатын жалғыз команда еді. Ол жылдары Алматының Орталық стадионына «Қайрат» командасы ойнаған сайын билет алу да қиын болатын. Қаладағы, қала маңындағы елді мекендерден футбол жанкүйерлері иін тіресе футболға келетін. Алматыға сырттан келген адам егер жолы болып бір билет сатып алса, соған мәз болып қуанып, «Қайраттың» ойынын көрдім деп мақтанып, марқайып жүретін.
Бірақ, «Қайраттың» ойыны бірде қуантады, бірде күйінтеді. Сөйтіп жүрген заманда Сейдахмет Бердіқұловтың бүкіл дүние жүзінің сол кездегі атақты футболшыларының есімдері бар, футбол туралы керемет мағлұматтар келтірілген, футбол чемпионаттары туралы, жалпы футболдың, спорттың қоғамдағы орны туралы керемет ой-пікірлер айтылған «Жұмыр жерде теңбіл доп» деген кітабы жарыққа шықты.
Кітап үлкен қоғамдық пікір туғызды. Көптеген адамдар өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Сейдахмет Бердіқұловтың осынау рухани еңбегін атағанда, қоғам санасының, жастар дүниетанымының қалыптасуына оның жазушылық еңбегінің айрықша ықпал еткендігіне назар аудару әділдік болар еді. Сол сияқты, автордың «Аспаннан шұға жауған күн», не болмаса «Мұңайып оянған қала» сияқты шығармалары да кезінде өте жоғары бағаланды.
Сейдахмет Бердіқұлов жастайынан жаңалыққа құмартып, ерекше сезімталдықпен, қызығушылықпен өскен азамат еді. Ол кезде қазіргідей еркіншілік заман емес, шетелге Қазақстан журналистерінің шығуы сирек оқиға болатын. Өйткені, ол мәселе тек Мәскеу арқылы шешілетін. Міне, сондай жағдайда әлемнің, Еуропаның футбол чемпионаттары сияқты ең жоғары мәртебелі бүкіл дүниежүзілік жарыстарға, халықаралық сайыстарға барып, озық әңгімелер айтып жүрген бірден-бір жазушымыз да, журналисіміз де осы Сейдахмет Бердіқұлов болды. Әңгіме Секеңнің сол халықаралық спорт жарыстарына баруында емес, жай барып қана қоймай, сол көргендерін, көңілге түйгендерін еліне жеткізуінде, қалың оқырманмен бөлісуінде, ортаға ой салуында, спорттың ұлт намысының көрнекті туы екендігін ұрпақтың санасына жеткізуге талпынуында.
Сейдахмет Бердіқұловтың ізімен оның ғибратты өмірінен үйреніп, дәстүрін жалғастырып жүрген спорт журналистерінің, жазушылардың ең көрнектісі – бүгінгі замандасымыз Несіп Жүнісбаев. Оның бақыты сол – кеңес дәуірінен кейінгі кезде оның нағыз ой тербеп, қалам сілтеу қайраты Тәуелсіздіктің тұсына келді. Тәуелсіздіктің арқасында бұрынғыдай Мәскеудің рұқсатына қарап отырмай, Мәскеуден тамыр-таныс іздеп жүрмей, Қазақстаннан тікелей өзі жүретін дәрежеге жетті. Сейдағаңның бастамасын дамытып, тереңдеп, бүкіл қазақ спортының шежіресінің етек-жеңін жиып, жүйелеп, жіпке тізген моншақтай етіп жазып шыққан оның өзі: «мен Сейдахмет Бердіқұловтың шәкіртімін, Сейдағаңның жолымен жүрдім», деп мақтанышпен айтады.
Өкінішке орай, Секең ертерек дүниеден өтіп кетті. Бірақ, сол өмірінің өзінде қазақтың рухани әлеміне айрықша еңбек сіңіріп, жанымен, тәнімен, әрбір салмақты сөзімен, шебер жазылған тамаша әдеби, публицистикалық шығармаларымен ұлт ұжданын көтеріп кетті. Ол кісі өз шығармаларына тек спорт мәселесін арқау еткен жоқ, қоғамның барлық саласына да араласты. Алайда, спорт тақырыбы – Секең шығармаларының өзекті ойы, көркемдік көркі, шешендік сөзі болды.
Кезінде Секең «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің бас редакторы әрі Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бюро мүшесі болды. Сол бюрода бірге жұмыс жасадық. Ол кісімен көп жағдайларда пікірлесіп, бір-бірімізді қолдап, түсінісіп, кейбір жағдайларда әрқилы мәселелер төңірегінде пікір таластырып та жүрген кезіміз болған. Ғажабы – сол пікірталастарда ешқандай реніш болмайтын, керісінше, әртүрлі көзқарастар арқылы шындыққа, әділдікке жақындауға тырысатынбыз. Қоғамдық құбылыстарға баға беру тұрғысынан әруақытта ойымызды ашық айтудан тартынбайтынбыз. Мақсатымыз, мүддеміз бір – соған қай жолмен, қандай көзқарас, сана, түсінікпен қай тәсілмен келу керек. Сейдағаңдай қазақ әдебиетінің, журналистикасының беделді тұлғасының бюроның құрамында болуы бюроның әруақытта рухани беделін көтеріп тұратын. Біз сол жылдарда жастармен жұмыс істеуді өте жоғары дәрежеге көтере алдық. Қазақстан комсомолы Орталық Комитеті бюросының көмегімен, ықпалымен, шешімімен талай жастардың жолы ашылды. Біз оны қай дәуірде де мақтанышпен айта аламыз. Солардың қатарында қазіргі біздің халықаралық, әлемдік дәрежедегі өнер тарландары – Әлібек Дінішев, Нұржамал Үсенбаева, Роза Рымбаева, Айман Мұсақожаева, Жәния Әубәкірова сияқты өрімдей жастар кезінде жастар ұйымдарының, комсомолдың қамқорлығын көріп өсті. Одан ары қарай жүре берсек, Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің тұсында жас кезінде елге танылған Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Мұхтар Шаханов, тағы басқа өнер, әдебиет жұлдыздарын айтсақ та жеткілікті.
Сейдахмет Бердіқұлов «Лениншіл жаста» бас редактор кезінде жас әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевты өзіне орынбасарлық қызметке шақырды. Жасы отызға жетер-жетпес шағында әдебиет сыншысы ретінде тұлға болып танылған, мойындалған Сағат Әшімбаев, кейін көсемсөз шеберлері дәрежесіне көтерілген Серік Әбдірайымов, Аян Нысаналин, Жақау Дәуренбеков, Ырым Кененбаев, Уәлихан Қалижан, Әшірбек Көпішев, Жарылғап Бейсенбаев, тағы басқа жастарды жанына жинады.
1976 жылы күзде дәстүрлі әдебиет пен өнер саласында комсомол сыйлығына таңдау, сараптау барысында Сейдағаңның Сағат Әшімбаев, Оралхан Бөкеев, Роза Рымбаевалардың кандидатураларын қолдап сөйлеуі бюро шешіміне негізгі ықпал ете алды. Комсомолдың Орталық комитетінде жүрген кезде, әсіресе, шығармашылық саладағы жастарға қамқорлық жасауда, таланттың көзін ашуда, әр жерде, әр облыста жүріп талантты адамдарды қатарға тартуға, әр уақытта жеке көзқарас білдіріп, соған ұсыныс жасап, облыстарда болып келген жерде бір жақсы талантты адамды көрсе, соны айтып келіп, осыған назар аударайықшы, осыған көмек жасаңыздаршы, деп жүретін өте бір пірәдар азамат та осы Сәкең болды.
Сол кезде де журналистердің, спорт жаттықтырушыларының әртүрлі қоғамдық ұйымдары, ассоциациялары болғаны белгілі. Сейдахмет Бердіқұлов солардың көпшілігімен жақсы қарым-қатынаста болды. Сөйтіп, топ жарған қазақ спортшыларының Одаққа, әлемге танылуына ықпал жасады. Мәселен, Серік Қонақбаев пен Жақсылық Үшкемпіров 1980 жылы Олимпиада ойындарына қатысып, Жақсылық Қазақстан қазақтары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болды, Серік қазақ спортшыларынан Олимпиаданың тұңғыш күміс жүлдесін алды. Ондай дәрежеге жету үшін алдымен Қазақстан спортының өкілі ретінде одақтық жарыстардың жеңімпазы болу керек, сол жеңімпазы болған кездің өзінде оны Мәскеудегі құзырлы орындар шешеді. Жеңімпаздың өзін алмай, екінші орындағы адамды алған жағдайлар көп болған. Жақсылық Үшкемпіровке 1980 жылғы Олимпиададан бұрын сондай солақай шешімдер бөгет болған.
Міне, сол кездегі спорттың өзі Мәскеудің қас-қабағына байланысты болғандықтан, біздің Қазақстанның спортының осындай тұлғалары бар, Қазақстан спортының жетістіктері бар, Қазақстанда мынадай талантты боксшылар, талантты палуандар бар деп, Мәскеуге талай рет барып, талай жерде пікір туғызып, делдал болып, шапқылап жүретін адамның бірі Сейдахмет Бердіқұлов болатын. Содан кейін Мәскеуде болғанын, басқа жағдайларды Алматыда Орталық комитеттегілерге, басшыларға айтып жүретін. Және кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің басшылары Сейдахмет Бердіқұловты өте жоғары бағалап, ол кісінің пікірімен санасып та отыратын. Оған өзім талай куә болдым. Ол кісі орынсыз пікір айтпайтын. Соның барлығы біздің қазақтың ұлттық мүддесінде болатын және ұлттық намысты қайрайтын.
Секеңнің шығармаларын қазір де алып оқысаңыз, өзіңіз бірден сол оқиғаның ортасында жүргендей, сол футбол додасын тура қазір көріп отырғандай әсер аласыз. Ол, әрине, жазушының шығармашылық шеберлігі. Жазушы шеберлігі ол кісінің азаматтық ұстанымымен, азаматтық дүниетанымымен байланысты болып, отансүйгіштік рухқа, патриоттыққа тәрбиелейді.
Секең қайраткер болған социализм заманында лауазымды адамдар да, спортшылар да шетелдерге тек Мәскеу арқылы шығатынын жоғарыда айттық. Қайталап екпін беріп отырғанымыз – тағы да Тәуелсіздіктің қадірін, қасиетін түсіну. Бүгін кімнің қай елге барып, қай жерде кездесіп жүргені үйреншікті жағдай, кімнің қалай барып, қалай келіп жүргеніне ешкім мән де беріп жатқан жоқ. Бұл да елдің еркіншілік көрінісі. Бүгінгідей заман жоқ ол кезде. Секең барған жерінде қазақ деген ел бар екенін, қазақ деген елдің ұлттық мәдениеті, лайықты спортшылары, өнерлі ұрпағы бар екенін насихаттап, айтып, солардың ортасынан КСРО құрама командасының мүшелері болған адамдарға қолдау көрсетіп, ықпал етіп, жанашырлық білдіріп, ұлтымызды танытқысы келіп жүретін айрықша тұлға болатын. Өзі бас редактор болған «Лениншіл жас» газетінде де ұлтты сүюге, сол ұлтты сүю арқылы Отанын сүю, азаматтық позициясын күшейту сияқты үлкен тақырыптарға қатты мән берді. «Лениншіл жас» ол кезде Қазақстанға өте танымал, алдыңғы қатарлы, таралымы ең көп газет болатын. Басылымның 300 мыңға тақау тиражбен таралған жылдары болғанына біздің ұрпақ куә. Ең көп таралған, ең беделді газеттің бірі болған «Лениншіл жасты» сондай дәрежеге көтеруге әуелде Шерхан Мұртаза еңбек сіңірген болса, сол деңгей мен дәстүрді сапалы жалғастыра алған – Сейдахмет Бердіқұлов.
Кезінде орыс әдебиетінде «біз бәріміз Гогольдің шинелінен шықтық» деген ұғым болған. Ол – Гогольдің сын-пікірлеріне, Гогольдің жазған еңбектеріне берілген жоғары баға. Сол сияқты, біздің қазақ журналистикасында да «Шерханның шекпенінен шықтық» деген қанатты сөз бар. Сол Шерханмен қатар жүрген, Шерағаңмен жастары шамалас, үзеңгілес, замандас болған тұлғалардың бірі – Сейдахмет Бердіқұлов.
Сейдахмет Бердіқұловтың тағы бір әлеуметтік ерлігі – социализм кезінде, коммунистік партияның идеологиясында тұрғанда ұлт мәселесі жөнінде орынды пікір айта білуінде. Сол әңгімелердің бәрінде де Сейдахмет азаматтық танытып жүрді. Әсіресе, айрықша айтайын дегенім – 1986 жылы Димекең кетіп, Колбин келген кезде болған жастар көтерілісінен кейін 19 желтоқсан күні Қазақстанға СОКП Орталық комитетінің Саяси Бюросының мүшесі М.Соломенцев келіп, Алматыда бірнеше күн болып, әртүрлі ұжымдарға барып, біздің Қазақстанның «ұлтшылдығының өсіп кеткендігін» айтып, кездесулер өткізіп жүрді. Сол кездесудің бірі комсомолдың Орталық комитетінде өтті. Сол жиында Сейдахмет Бердіқұлов жастарды тек кінәлау тұрғысынан қорытынды шығаруға болмайды деген бағытта сөз сөйледі. Соломенцев сұқ саусағын көтеріп, оның сөзін бөлді. Сол кезде Секең іркілместен жоғары лауазымды Мәскеу өкіліне: «Вы, пожалуйста, свой указательный палец мне не показывайте. Этот указательный палец как раз портит все. Не надо угрожать Вашим указательным пальцем, а надо уважать растущую молодежь, растущую национальную поросль», – деп кесіп айтқанына куә болған едім. Бұл сөздерді мен сол жиынға қатысып, болған әңгіме жазылған жұмысшы дәптерімнен сөзбе-сөз келтіргенді жөн көрдім.
Политбюро мүшесіне ондай сөз қайтару деген сол кезде сұмдық болатын. Бірақ, Секең сол сөзді айтты. Секеңнің жазушылығы бар, қоғамда үлкен рухани орны бар. Содан да болар, оған Колбиннің тісі батпады. Бұл – шын мәнінде Сейдахмет Бердіқұловтың әлеуметтік батылдығы, әлеуметтік батырлығы. Секеңнің кіммен болса да, терезесі тең сөйлесе алатын рухани дайындығы, қуаты, соған лайықты білімі, салмақты мінезі болатын.
Сейдахмет Бердіқұлов, көзі тірі болса, 80 жасқа келер еді. 80 жас деген қазір оншалықты таң қалатын жас емес. Бірақ, Сейдахмет Бердіқұлов туралы ұрпаққа, бүгінгі замандастарымызға осы сияқты сөзді айтуды мен өзімнің парызым деп санаймын. Бірге жүрдік, бірге қызмет істедік. Ол тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарын көріп, жүрекжарды қуанышқа бөлене алғанымен, еркіндік рухында ұзақ өмір сүре алмай, жасы 60-тан асар-аспаста дүниеден мезгілсіз өтіп кетті. Әрине, көкірегінде көп арманы бірге кетті.
Ол Қазақ мемлекетінің дүние жүзінде өз тұлғаларымен, өз спортшыларымен, өз өнерпаздарымен, өз Туымен, өз Әнұранымен көрініп, озып жүруін армандайтын, сондай күннің туарына сенетін. Қазақтың бүгінгі ұрпағы сол арманға жетті. Алдағы Арман енді одан да биік.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті
Мәжілісінің депутаты.
АСТАНА.