• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Мамыр, 2019

Қазақ тілін академиялық деңгейде оқыту қажет

1658 рет
көрсетілді

Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігі Назарбаев Университетте халықаралық семинар-тренинг өткізуде. 13-17 мамыр аралығындағы шараға еліміздегі және шетелдегі университеттердің тіл мамандары қатысуда. Аталған жиын қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру мақсатында қазақстандық және халықаралық мамандардың өзара тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету, интеграциялық жолмен жаңа оқыту технологияларын меңгеруді көздейді.

Семинардың ашылуында сөз алған Назарбаев Университет Әлеуметтік гума­нитарлық ғылымдар мектебінің деканы Дэниэл Пью бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бірлестіктің жоғары оқу орындары оқытушыларын ғана емес, мектеп мұғалімдерін де тартуды қолға алғанын жеткізді. Ал аталған оқу орнындағы Қазақ тілі және түркітану департаментінің мең­герушісі мүдделі мамандарды қазақ тілінің мәртебесін көтеруге атсалысуды мақсат еткен бірлестікпен белсенді қарым-қатынас ор­натуға шақырды.

Спикерлер арасында алғашқылардың бірі болып Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық ор­талы­ғының маманы, Үкіметте ма­құл­­данған латын әліпбиі нұсқасы автор­лары­ның бірі Анар Фазылжан баяндама жасап, латын әліп­биінің емле ерекшеліктерін тү­сін­дірді. Ол баяндамасының басында әліп­би мен оның емлесін жасап шыққан топтың үл­кен жауапкершілікпен қоса қа­жырлы ең­бек етіп отырғанын жеткізді. «Бір жа­ғы­мызда кирилл графикасынан алыс­тағысы кел­мейтін орыстілділер, екінші жа­ғымызда тіл тазалығының сақталуын қалайтындар, үшін­ші жақта болашақтың көз­қарасымен қа­райтын жас буын бар. Осы үш топтың көңі­лінен шығатын әліпби жобасын және жазуға оңай болатын емлесін жазып шығу оңай емес. Десе де көптеген ел латын гра­фикасына өтті, бірқатары өтуді жоспарлап жатыр. Бастысы ла­тын әліпбиі әлемдік тіл саналатын ағыл­шын графикасына ұқсайтынымен де өрісі кең. Сондықтан ата-аналар аясы тарылып бара жатқан кирилл графикасымен емес, латын графикасымен оқытатын мектептерге бергені жөн», дей­ді ол. 

Бағдарлама барысында шеберлік саба­ғын өткізген КИМЭП университетінің про­фессоры Зәуреш Ерназарова орыс сы­ныбын бітіріп университетке келген студенттердің соңғы он шақты жылдағы деңгейі түсіп кеткенін тілге тиек етті. «2008-2009 жылдары балалар әдетте қазақ тілін intermediate деңгейінде біліп келетін. Ал қазір pre-intermediate, тіпті elementary деңгейінде білуі көп кездеседі. 11 жыл бойы қазақ тілін оқыса да, неге 4 деңгейді меңгеріп келмейді? Осыны зерттеп жатқан ғалымдар аз. Менің пайымдауымша, оның себебі – қоғамдық қажеттіліктің азайғаны. Сонымен қатар ата-аналардың арасында 90-шы жылдардан беріге дейін жаппай қазақтану қарқынды болды. Ал бертін келе қажеттілік жоғалып барады», дейді. З.Ерназарова. Оның айтуынша, орыс немесе басқа тілді сынып балаларының қазақшаға шорқақ болуына тілді үйретудің заман талабына сай әдістемесінің болмауы әсер етіп отыр. «Мысалы, эссе жазу деген тапсырма бар. Бірақ мұғалімнің өзіне сол эссені қалай жаздыру керектігін көрсететін әдістеме жоқ», деді профессор. Оған қоса оқулықтар өз алдына, оны толықтыратын, балалардың қызығушылығын арттыратын қосымша оқыту құралдарының жоқтығы да қол байлайтын көрінеді.

Бес күнге созылатын семинар-тренинг­те қазақ тілін академиялық тілге айналдыру, ғылымды қазақша сөйлету, музыка арқылы үйрету, оқыту құралдарын же­тіл­діру бойынша университетаралық тәжі­рибе алмасу жоспарланған. Сондай-ақ Ка­нададан келген, академиялық ағылшын тілі бойынша дәріс беретін Назарбаев Уни­верситеттің оқытушысы  Deanne Cobb-Zygadlo, Түркиядан келген тіл маманы Tugba Yildirim, АҚШ-тан келген лингвист Erik Aasland өз тәжірибелерімен бөліспек. Айта ке­тейік, Қазақстанда 7-8 жыл тұрған аталған лингвист ғалым еліміздегі бес өңірді аралап, жастар арасында мақал-мәтелдердің қолданылу аясы туралы ғы­лыми жобасын таныстырады.