• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2013

Соғыс шындығы майдангер көзімен

460 рет
көрсетілді

Соғыс шындығы майдангер көзімен

Сейсенбі, 30 сәуір 2013 2:05

(Деректі әңгіме)

«Жазарсың, жазбассың, көкейіңде жүрсін»

Әкем Үшбай Үркімбайұлы Екінші дүниежүзілік соғыс жайлы Кеңес өкіметінің кезінде-ақ көп айтатын. Алайда, ол кісі шерткен шындық сырлары қызыл идеологиялық насихатқа толып қалған біздің санамызға сыйыса бермеуші еді. «Неге?» дейсіз ғой. Бір мысал келтірейін…

 

(Деректі әңгіме)

«Жазарсың, жазбассың, көкейіңде жүрсін»

Әкем Үшбай Үркімбайұлы Екінші дүниежүзілік соғыс жайлы Кеңес өкіметінің кезінде-ақ көп айтатын. Алайда, ол кісі шерткен шындық сырлары қызыл идеологиялық насихатқа толып қалған біздің санамызға сыйыса бермеуші еді. «Неге?» дейсіз ғой. Бір мысал келтірейін…

ҚазМУ-дің екінші курсын бітіріп, ауылға жазғы каникулға барған кезім. Ауыл клубына кино келді. «Они сражались за Родину» деген фильм екен. Ұмытпасам, «Отан үшін от кешкендер» деп аударылды-ау деймін. Тайлы-таяғы қалмастан, шағын ауыл тұрғындары түгел барған сияқты. Фильм жүріп жатыр. Бір кезде, актер Бондарчуктің сомдауындағы негізгі кейіпкерлердің бірі автоматынан оқ жаудыра ордан шықты да, немістерге қарай адымдай жүрді. Қадамы нық. Ал фашистердің оғы тынымсыз борауда. Әлгі кейіпкердің бірнеше жерінен оқ тиді. Соған қарамастан, «кеңестік» жаужүрек қаһарман әлгі жараларын сәл қинала ауырсынған күйінде, автоматынан оқ жаудыруын тоқтатпастан, алға қарай біраз адым жасады. Денесі оқтан шұрқ тесік болғаннан кейін ғана барып құлады. Демімізді ішімізден алып, экраннан көз айырмай қараудамыз. Құдды бір бұрынғының алып батырларына бергісіз десе болғандай. Осы оқиғалардың барлығы да өте әсерлі түрде, үлкен экранды толтыра, кино тілімен айтқанда, «крупным планом» көрсетіліп жатқан болатын. Не керек, жан-дүниеңді жаулайтын-ақ көріністер… Өз басым: «Міне, осындай нағыз батыр­ларымыздың арқасында ғана фашистердің тепкісінен аман қал­дық», дегендей, ой кешіп, керемет толғаныс құшағында отырғанмын.

Бір кезде, дәл қасымда отырған әкем ал келіп, ішек сілесі қата күле бастасын. Фильмдегі әлгіндей көріністер жиілеген сайын әкемнің күлкісі де үдей түсуде. Намысқа булығып мен отырмын:

– Көке, қойсаңызшы! Көрермендерден ұят емес пе?! – деп шынтағынан түртіп, сабырға шақырып қоямын. Әкем мені еркелете, «Бөкетай» деуші еді.

– Бөкетай-ау, мына көрсетіп жатқанының көбісі өтірік қой. Ең алып деген солдаттардың өзі олардың бір атқан оғынан қалпақтай ұшатын. Өстіп те жалған айтуға бола ма?! – деп күлкісін тыйған әкем менің «сыбырлай сөйлеңіз» дегеніме қарамастан, наразылығын ашық түрде айтып жатты. Байқаймын, залдың әр-әр жерінен: «Иә, мына жерлері енді өтірік», «соғыс көрмеген адам сеніп қалуы мүмкін» дегендей, майдангер ауылдастарымыздың пікірлері естіле бастады.

Үйге келгеннен кейін де ол кі­сі­ге наразылығымды айтып қояр емес­пін.

– Ұят болды ғой енді ауылдас­тардан. «Пәленшенің әкесі қызық адам екен, киноға сонша күлді», – дейтін болды ғой. Бізді ұятқа қалдырдыңыз.

– Балам, алақандай ауылымыз­да менің кім және қандай адам еке­німді білмейтін жан жоқ. Күл­се, өзіме күлер. Одан да сабыр ет. Тыңдасаң, соғыстың нағыз шын­ды­ғын айтып берейін. Мүмкін, құлағыңда қалар…

Шынын айтқанда, басында өкпелей қитығып отырсам да, майдангер әкемнің әңгімесін бірте-бірте ден қоя тыңдай бастағанмын. Ендігі әңгімені ол кісінің өзінен естіген күйімде баяндағаным жөн болар.

– Бізді майданға «товарняк» дейтін, жүк таситын пойызбен жет­кізді. Киіміміз тым жұқа, жұпы­ны еді. Жолда талайымызға сал­қын тиіп, майданға жеткенше ауырып бардық. Барысымен, жат­тығу-сынақтарынан сәл-пәл өткізгеннен кейін, әй-шәйға қарат­пастан, майданға салды. Окоп­тың табаны сыз. Қозғалмай біраз тұрсаң, ылғал табаныңнан өтіп, шекеңе бір-ақ жетеді. Жатсаң, күпәйкені місе тұтпастан, денеңді құрсаулап алады. Тамақтарының да анау айтқандай құнары жоқ. Шетімізден ауыра бастадық. Сол кезде «нәркөмөвский пәйөк» («Халық комиссарлары кеңесінің сыйлығы» деген мағынаны білдіреді – Н.Ү.) дегенді тарата бастады. Сөйтсек, онысы таза спирт екен. Бәріміздің қайыс белдіктерімізге аузы бұралып жабылатын, бір-бір темір құты байланған болатын. Соны толтыра әлгіні құйып береді. «Ішіңдер, әйтпесе қатып қаласыңдар!» – деп дігірлейтінін қайтерсің… Іштей де болса, діндеріне беріктіктерін сақтауға тырысқан жауынгерлер бар еді. «Ішпеймін» дегеніне қарамастан, олардың ауыздарына құйып, үйретті, әйтеуір. Кейін, суықтан қатып қалмас үшін, бір жандарының аман қалуы үшін айтқызбастан өздері-ақ ішетінге айналған-ды. Анда-санда тамағымыздың ішінде ағараңдап көрініп қалатын ет пен майдың нендей жануардікі екенін біліп болмайды. Сұрасаң, бәлеге қаласың. Тілі мен жағына сүйенген политрук келіп, насихатын бастап кеп кеткенде миың айналып, өзің-ақ олардың дегендерін атқара бересің. Олар діни және ұлттық рухымыздың болмашы жұқаналарының өзін өстіп «мыжғылап» тастайтын. «Сендер совет солдатысыңдар, Совет өкіметін қорғаудан артық қасиетті міндет жоқ біз үшін», – деп сәт сайын миымызға шегелейді де жатады. Содан бәрін тастап: «Не болса да, әйтеуір, Отанымызды қорғап қалуымыз керек. Еліміз үшін жан пида!», – деп құлшынып шыға келетінбіз.

Содан, майдан басталады да кетеді. Енді мына нәрсеге қара, балам. Соғыстың алғашқы айларында: «Отан үшін алға!» деп кәмәндеріміз бұйрық бергенде, біз жазғанның қолымызда өзімізге тиесілі мылтығымыз да болмайтын. Төрт-бесеуімізге ортақ бір мылтық. Әлгіден кезегімізді сақтап атамыз. Қатарымыз сиреген сайын мылтыққа ортақтар саны азая­ды. Қазір сол жағдайларды еске ала ойлай отырып: «Не деген сұмдық жағдай болған?! Солдаттар бір-біріне мысық тілеулес бола жаздаған екен-ау?» деп шошынатыным бар. Ол кезде өйтіп толғанбаққа қайда-а-а?!

Өлімге де кісінің бойы үйренеді екен. Небір боздақтар көз алдыңда мұрттай ұшып жатады. Оларды ойлап, қайғырып отыруға уақыт жоқ. «Атыңдар!» – дейді. Нысанамызды шамалап алып, оқ жаудырамыз кеп. Ондай кескілескен шайқастарда окоптан басыңды шығарып, нысанаңды көздеу деген қайда-а-а! Басыңды жұлып түсіреді. Қуақы солдаттардың бірі таяққа бас киімін іліп, өзінен алыстау етіп, окоптан сәл ғана шығарған еді, әп сәтте пилоткасы шұрқ тесік матаға айналды да қалды. Кешегі әлгі киноңа күліп жатқаным сондықтан, балам. «Бояушы, бояушы десе, сақалын бояпты» демекші, асыра әсірелеудің халық үшін пайдасынан гөрі зияны басым болмай ма?!

Осының бәрін өзіңе тәтпіштей айтып жатқаным, Бөкетай, мүмкін жазарсың, жазбассың. Оны уақытында көрерсің. Дегенмен, «көкейіңде жүрсін» дегенім…

Жаратқанның жазуы

Әкемнің мина талқандаған оң аяғы жамбасынан бастап тобығына дейін кіші-гірім шұңқырларға толы болатын. Бала неме емес пе, бауырларым қызық көріп, әлгі жараларының орнын шұқылап ойнаушы еді. «Бұл не?» дегенімізде:

– Ә-ә, немістің «сыйлығы» ғой, – дейтін әкеміз жайбарақат қана.

Кейін ес біле бастаған кезімізде әң­гі­менің шын төркінін сұраған едік.

– Сендердің көрейін деген жарық­тарың шығар, мен талай рет өлім аузынан қалдым, балам. Соның бірнешеуі соғыс кезінде болды. Майдан тілімен айтқанда, «Лазарет» дейтін әскери ауруханаға жатқызып, мылтық ұстауға жарасаң бітті, соғысқа қайта апарып салатын. Ондай-ондай «жеңіл» жараланған сәттерімді есіме де алмаймын. Жадымда жатталып қалғаны ана дүние қақпасының алдынан қайтқандай болған кезім.

Немістерді тырқырата қуып бара жатқанбыз. Бірақ бір жолы олардың қақпанына қапыда түсіп қалдық. Олардың күшін кем бағалаппыз. Жасырып қойған бөлімшесін білмеген екенбіз. Біздің рота ентелеп-ақ келе жатыр еді. Сөйтіп жүріп, жау тылына кіріп кетіппіз. Әп сәтте қоршап ала қойды бізді. Жан алысып, жан беріскен шайқас жүріп жатты. Бір кезде дәл қасымнан бір нәрсенің гүрс етіп жарылғанын білемін. Одан кейінгісі есімде жоқ. Есімді жисам, караңғы түн екен. Денем қозғалтпайды. Тек қолдарым ғана сәл икемге келгендей болады. Жаураған жаураған ба, біржолата қатып қалыппын. Сөйтсем, суық түнде өз қаныма өзім малшынып жатыр екем. Қан көп кеткенге ұқсайды. Жанымды қоярға жер таппай, беу-беулей бастадым. Айналамнан мен сияқты жаралылардың үні әр-әр жерден шығып қояды. Бірақ көп емес. Әрі кеткенде бес-алты-ақ адам-ау деймін. Сөйтіп жатқанымызда, бір кезде танктердің үні келді құлағыма. Екеу екен. Бізге ентелей жақын келіп тоқтады да, люгі ашылып, ішінен танкистер шыға бастады. «Жау танкісі шығар» деген қорқыныштан үніміз шықпайды, тістене шыдап жатырмыз. Бір кезде қолындағы пәнәригімен шашылып жатқан мәйіттерді барлай қарап жүрген әлгілер бір-біріне орысшалап: «Мынаны қараңдар, маңдайларында бесжұлдыздары бар. Біздің солдаттар ғой?!» -деуі мұң екен, баяғы бесеуміз тұс-тұстан: «Ой, пәмәгите, ой, пәмәгите!» – деп зарлап қоя бердік. Құдай қалап, танкілер маған жақын тоқтаған екен. Екі адам келіп мені плащ-палаткама жайғастырып, танкінің ішіне алып кірді. Ол кездегі танкілердің іші тар болатын. Екі танкіге бір-бірден ғана жаралылыларды жайғастырды ғой деймін. Сол екеудің бірі мен болдым, балам. Ал енді осыны Алланың маған жасаған қамқорлығы емес деп қалай айтарсың!? Сендердің көрейін деген жарықтарың шығар?!… Аллаға мың да бір шүкірлік қылдым. Бір кезде танк орнынан қозғала бастады. Майдан кезінде дала біткен айқыш-ұйқыш қазылып, одан қала берсе, неше түрлі бомбалар мен миналардан сансыз шұқанақтарға айналып кетеді ғой. Әлгіндей кедір-бұдыр, айқыш-ұйқыш кедергілерден өткен сайын танк ішіндегілер, әсіресе, көлденең жатқан менің денем біресе секіріп биікке көтерілгендей болады. Біресе, тақ етіп танктің еденіне ұрыламын. Құдай басқа сала көрмесін, сонымен не керек, танк денемді әр жолы лақтыра секірткен сайын жаным кеудемнен бозторғайдай шырылдап, сыртқа «ұшып» шығып, біраздан кейін қайта кеп оралатындай. «Әй, енді, өлген деген осы шығар», – деп ойлауға ғана шамам келді. Ары қарай не болғанын білмеймін.

Жаралы әкеме қатысты оқиғалар одан әрі былайша өрбіген екен. Танк ішіндегілер ол кісінің былқ-сылқ еткен денесін әскери дала ауруханасына әкеліп табыс етеді. Жараланғандар көп. Ота (операция) үстеліне жетуді беу-беулей күтуші майдангерлер кезегі едәуір болса керек. Әкем әлі есін жия алмай жатады. Бұдан арғы әңгімені ол кісімен сол ауруханада бірге жатқандар әкеме кейінірек былайша баяндап берген екен. Содан дәрігерлердің бірі шығады да: «Мына жаралыны жедел түрде операция үстеліне… Анау жаралы әзірге күте тұрсын», дей келе, менің әкемді нұсқап, мына жаралыдан үміт жоқ сияқты. Оны дәліздегі мәйіттер жанына шығарыңдар!» – деп бұйрық береді. Сөйтіп, әкем жарықтықты кіреберістегі дәлізге шығарып, шимен қоршатып қойса керек. Себебі, көз жұмғандарға арналған жеке мәйітхана бөлмесі мұнда жоқ. Қабір қазатын адамдар табылғанша, сонда қоя тұратын көрінеді. Сонысының өзі қандай ғанибет болған, десеңізші!..

Дәл сол күні орталықтан әскери тексеру комиссиясы күтпеген жерден келе қалған екен. Анау-мынау емес, әскери дәрігерлердің дөкейлері болған деседі. Сол комиссия мүшелерінің бірі әлгі дәлізден өтіп бара жатып, мойнын созып, әкем жатқан шидің ішіне қарамай ма. Сөйтс-е-е-е…, иә, сөйтсе, «өлді» деп шығарып тас­таған жауынгердің кірпігі сәл-пәл қимылдағандай болады. Мың болғыр әлгі кісі: «Тірі сол­датты мәйітханаға шығарып тас­та­ғандарың қалай? Бұл не деген сұм­дық?!», – деп айқайды салады кеп. Әскери тәртіптің аты – әскери тәр­тіп. Аурухана дәрігерлері зыр жү­гі­рісіп, әкемді өлім аузынан құт­қаруға дереу кірісіп кетіскен екен.

Кейде ойлап отырсам, Алла тағала сол комиссияны құдды бір менің әкемді құтқаруға әдейі жібергендей көрінеді маған. Демек, сол арқылы біздің де мынау жарық дүниеге аман-есен келіп, аса қамқор, ерекше мейірімімен өзінің бізге арнаған нығметтеріне бөленуімізге Жаратушы Иеміз жағдай жасап қойған екен-ау!? Әкемнің де бұл тұрғыдағы пікірлері менің ойларыммен орайлас келіп жататын. Әсіресе, тәуелсіздігімізді алып, діни наным-сенімдеріміз жайлы кең де терең айту мүмкіндігі пайда болғаннан бастап, ол кісінің өз өміріне соны қырынан баға беруі де жиілей түскен болатын. Себебі, перзенттері өздерінің имани әңгімелерімен әкеміздің сондай тұрғыдағы ойларға шомуына ықпал етіп отырушы еді.

– Бір Құдайдың қамқорлығының арқасында, сендердің көрейін деген жарықтарың ғой. Аллаға мың да бір шүкірлік еттім! Сөй­тіп, бір жолғы жараланған сапарым­ның өзінде Алла мені бір емес, кемінде үш мәрте өлім аузынан алып қалды. Бөкетай, өзің ойлап қарашы: майдан даласында минаға талқандалып, қанға бөгіп жатқанымда әлгі танкистерді басқа жаралыларға емес, дәл маған қарай бұрып жіберген бір Құдай ғой. Одан лазаретке жеткенше секірген танкімен бірге әр жолы «шыр» етіп, кеудемнен ұшып шыққандай болған жанымды маған «Қайтармаймын!» десе, Алланың өз еркінде еді ғой. Мендей әлсіз құлын есіркеді, қайтарды. Бір тал шашқа ілінгендей болған өмірімді өзіме өстіп бірнеше мәрте қайта ұсынып отырды.Үшіншіден, лазаретте, өлдіге саналып жатқанымда әлгі бай болғыр комессияңның маған көз қыры түспесе ше, онда шын өлер едім ғой. Осындай жағдайлардан кейін бір Аллаға шүкірлікті мен айтпағанда, кім айтады?! Ал, ондай жараланулардың үлкенді-кішілі талайы өтті ғой басымыздан. Мынау жалған дүниеде жазмыштан озмыш жоқ екендігіне осы оқиғалар тікелей дәлел-ау деп ойлаймын.

Әкеміз еліміздің тәуелсіздігін аса зор қуанышпен қарсы алды.

– Рас, советтің кесірінен дінімізді жақсы біле алмадық. Совет өкіметіне дейін медресе бетін көрген бірен-саран ақсақалдардың әңгімесін тыңдағанымыз болмаса, былайша арнайы оқып-білген ешнәрсеміз де жоқ. Дінімізге бостандық берілгенде 74 жаста екем. Баяғы лазаретте асығыс жасалған отадан кейін денемде минаның бірталай қалдықтары қалған еді. Бейбіт күнде қан құстырып, жаныма әбден батқаннан кейін, дәрігерлер бірнеше рет ота жасап, оқтарды алып тастады. Әр жолы «обши нәркөз» берді. Соның бәрі миға әсер етеді екен. Біраз жылдан бері ұмытшақтық ауруы пайда болды менде. Әлгі әкеліп берген кітаптарыңдағы аяттарды жаттап алғым-ақ келеді. Бірақ есімде қалмайды. Қазір олардың қазақша мағыналарын оқып алып, өз сөзіммен айтып жүрмін. Ең бас­тысы, Алла кешірімпаз ғой. Біздей құлдарын есіркеп, дұғаларымызды қабыл еткей! Тәуелсіздігіміз баянды болғай! Мінеки, балам, менің айтпақ әңгімемнің ұзын ырғасы осы.

Иә, сөйтіп қарт майдангер өзі­нің жер басып жүрген әрбір сәті үшін Жаратқан Иемізге шек­сіз шүкірліктерін айтудан жалық­пайтын.

Нұрлытай ҮРКІМБАЙ.