• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Мамыр, 2013

Тарихтан сыр шерткен

409 рет
көрсетілді

Тарихтан сыр шерткен

Сәрсенбі, 22 мамыр 2013 1:17

Катонқарағай аудандық тарихи-өл­ке­тану мұражайының ашылғанына көп уақыт өтпесе де жергілікті тұрғындар мен келген қонақтардың жиі бас қосатын жеріне айналғаны шындық.  Аудан әкімі Арман Бекбосыновтың қамқорлығымен жергілікті бюджеттен 14 миллион теңге қаржы бөлініп бұрынғы ескі ғимарат күрделі жөндеуден өткізілді. Жақын арада бұрынғы мешіт жанынан этноауыл бой көтермекші. Бұл тіпті шалғайдағы ауыл үшін үлкен жаңалық болғалы тұр.

Сәрсенбі, 22 мамыр 2013 1:17

Катонқарағай аудандық тарихи-өл­ке­тану мұражайының ашылғанына көп уақыт өтпесе де жергілікті тұрғындар мен келген қонақтардың жиі бас қосатын жеріне айналғаны шындық.  Аудан әкімі Арман Бекбосыновтың қамқорлығымен жергілікті бюджеттен 14 миллион теңге қаржы бөлініп бұрынғы ескі ғимарат күрделі жөндеуден өткізілді. Жақын арада бұрынғы мешіт жанынан этноауыл бой көтермекші. Бұл тіпті шалғайдағы ауыл үшін үлкен жаңалық болғалы тұр. Бұл жерде қазақ, орыс, неміс, татар, украин, басқа этностардың  бірлестіктері болмақ. Киіз үйге ұлттық жәдігерлер қойылмақ.

Мұражай директоры Оралғазы Қа­жаев­тың мамандығы –тарихшы. Мұның алдында аудандық мәдениет бөлімін басқарған, ат­қару комитетінде жауапты қызмет атқарған, ұстаз болған пысық та іскер азамат өңірдегі мұражайдың ашылғаны болашақ ұрпақ үшін пайдалы екеніне тоқталып, жәдігерлер жайлы кеңінен әңгімелеп берді.

– Еуразияның кіндігі – біздің өлкеде бір мыңға тарта ескі қорғандар бар. Оның 5 пайызы ғана қазылып, ондағы жәдігерлер ел игілігіне берілді. Тіпті, сонау ХІХ ғасырда патшалық Ресей күйзеліске түсіп, елдеріне алтын қажет болғанда Петр 1-ші патша арнайы экспедиция жарақтап қорғандардың біразын қопарып, жер бетіне таяу байлықты сыпырып алып кеткені тарихтан мәлім. Одан кейін де қорғандағы ел байлығы талан-таражға түсті.  Ал атақты Берел қорғанындағы Сақ патшасы, оның анасы, әбзел, ер-тұрманымен бірге қатып қалған 13 аттың табылуы біздің алтын қазынамыздың халықпен қауышуы деп түсінген жөн. Атақты археологымыз Зейнолла Самашев пен француз археологтары Берел қорғанын алдағы уақытта да зерттесе, талай құндылықтардың ортаға оралатыны сөзсіз, – деді Оралғазы Қажаев.

Бұдан екі жарым мың жыл бұрын патшалық құрған Сақ патшасының мүсіні, табылған жәдігерлердің суреті, 1843 жылы шығарылған тиындар, Лениннің 1917 жылдың 2 сәуірінде Финляндиядан «Тарнао» кедені арқылы Ресейге өтер кезде толтырған құжаты, Томск губерниясына қарасты Бұқтырма уезінің, ол-ол ма, Ақсу, Аққайнар ауылдары мен Шабанбай жайлауының картасы мұражайдың құнды жәдігерлеріне айналған. Бір қызығы, арада бір ғасыр өтсе де ақ қағазға қара тушпен жазылған карта анық сақталған.

Мұражайда Ұлы Отан соғысынан оралмаған 6 мың адамның есімдері жазылған. Олардың ерліктері, алған орден-медальдары туралы да мәліметтер бар. Катонқарағай ауданынан шыққан отызға тарта ақын-жазушы, бірнеше ғалым, алты Кеңес Одағының Батыры мен Социалистік Еңбек Ерінің еңбек жолы мен суреттері де осында ілінбек. Тау-тасқа ойылып жазылған таңбалар, Ұлы Жібек жолы бойындағы құндылықтар да мұражай экспонатын толықтыра түскен.

– Мұражайға деген қызығушылық басым. Аудандағы мектеп оқушылары келіп, өңір тарихымен танысуда. Аудан әкімі Арман Ілиясұлына алғысымыз шексіз. Ол бізге жиі келіп, қандай көмек қажет екенін сұрап отырады. Екі жоғары білімі бар Саттархан Талапхан, қараушы Надежда Абриковская өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарайды. Мұражайға келгендерге Берел қорғаны, Сақ патшасы туралы бейнеклиптер көрсетіледі. Алдағы уақытта компьютер сыныбын ашсақ деген ой бар. Көлік сатып алуға  және электронды кітап жасауға аудан басшылары демеушілік жасаса, алғыстан басқа айтарымыз жоқ,–деп Оралғазы Қажаев әңгімесін түйіндеді.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы.

–––––––––––––––––––––––––––

Суретте:  мұражайдағы Сақ патшасының мүсіні.

Суретті түсірген автор.