– Уақыт өткен сайын әлеуметтік салаға арналған қаражат ұлғаюда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында тұрмыс деңгейін өсіру, табыс көлемін көбейтуден кейінгі маңызды мәселе екендігін атап өтті. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекеттің алдына жаңа міндеттер қойылып отыр. Жолдауда стратегиялық нақты мақсат белгіленген. Бес жылдың ішінде барлық қаржы көздерінен білім, ғылым және денсаулық сақтау саласына бағытталған соманы ішкі жалпы өнімнің 10%-на арттыру жоспарланған. Демек, 2018 жылдағы ішкі жалпы өнімді есепке алсақ, бұл шамамен 5,9 трлн теңге (17 млрд АҚШ доллары). Ұзақ мерзімді экономикалық әсерді қарапайым қазақстандықтар да сезіп, өмір сүру сапасының өскенін байқайтын болады. Жаңа мүмкіндіктер ашылып, сапалы медицина арзандай түседі, – деді ол.
«Қоғамдық аудит» серіктестік платформасының, сол секілді «Серпін» ұлттық білім беру және инновация палаталарының төрағасы Мұрат Әбеновтің сөзінше, технологиялық үдерістер өрлеген сайын адамзаттың да сұраныстары күн санап көбейіп келеді.
– Әлем үлкен жаңғырту кезеңінің алдында тұр. Ақпанда Дубай шаһарында өткен Үкімет өкілдерінің дүниежүзілік саммитіне қатыстым. Сонда неміс экономисі, «Төртінші өнеркәсіптік революция» кітабының авторы Клаус Шваб айтқан сөз есімде жатталып қалды. «Қазір мемлекеттік басқару моделі жаңару үстінде. Жылма-жыл мемлекет басшыларына, билік өкілдеріне елді басқару оңай болмай келеді. Себебі интернет кеңістігі жаһан жұртын бір арнада тоғыстырды. Соған байланысты адамдардың да қажеттіліктері артып, үкіметке қойылған талап күшейді» деген еді ол. Жуырда «Аманат» азаматтық платформасын құрдық. Мұндағы мақсат – алдағы кезектен тыс президенттік сайлауды бақылау. Біз халықтың елдегі саяси процестер жайлы пікірін сұрастырдық. Анықталғандай, көбісі тең құқықтардың болғанын қалайды. Қазақстандықтар әлеуметтік тепе-теңдік сақталса, билікпен диалог құруға әзір екендерін білдірді, – деді ол.
Пленарлық отырыста көршілес мемлекеттер арасындағы интеграциялық үдеріс турасында да біраз пікірлер айтылды. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов 2019 жыл Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аталып, қос мемлекеттің арасындағы сауда-экономикалық байланыстың өрісі кеңейгенін тізіп шықты.
Ол бауырлас халықтардың ынтымақтастығын нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөліне ерекше баға берді. Жақсылық МҰРАТҚАЛИ