Таэквондо Қазақстанға тоқсаныншы жылдардың басында келгені баршаға мәлім. Елімізде бұл өнердің іргетасын қалаған әйгілі Мұстафа Өзтүрік еді. Германияда туып-өскен қандасымыздың Алаш топырағына табаны тиген бетте қазақтың тағы бір апталдай азаматы Бексейіт Түлкиевпен бірге спорттың осы түрін дамыту үшін қыруар іс тындырды. Нәтижесінде, республикамыздың әр өңірінде үйірмелер ашылып, жаттығу залына асыққан жастардың қатары күн өткен сайын көбейе түсті. Ал мамандардың біліктілігі артып, спортшылардың шеберліктері шындалғаннан соң жерлестеріміз дүбірлі додаларға қатыса бастады.
Қазақстан таэквондо федерациясын 15 жылға жуық уақыт басқарып, бұл күндері сол ұйымның құрметті президенті атанып отырған Шамсат Исабеков мырза сол кездерді былай деп еске алды:
– Бексейіт менің жақын досым еді. Екеуміз жақсы араластық, сыйластық. Ол шәкірттерін баптап жүргенде жаттығуына, жарыстарға жиі баратынмын. Шыны керек, алғашқы кезде таэквондоға аса қызықпадым. Ал Бексейіт оның қыр-сырын түсіндіруден еш жалыққан жоқ. Бұл өнердің астарында үлкен пәлсапа барын, оның болашағы жарқын екенін жиі айтатын. Бірте-бірте қызығушылығым оянды. Таэквонданы жақсы түсініп, ұната бастадым. Бексейіт бірер жыл республикалық федерацияны басқарды. Біраз шаруа тындырып, бұл спорттың көсегесін көгерту үшін еш аянған жоқ. Қазақстан таэквондосын әлемдік аренаға шығарамын деп жанталасты. Алайда, сұм ажал Бексейітті 1998 жылы арамыздан жұлып әкетті. Арыстай азаматтың қазасы бізге ауыр тиді. Арада бірер ай өткеннен кейін осы саланың басы-қасында жүрген азаматтар таэквондо федерациясының тізгінін ұстау жөнінде маған ұсыныс білдірді. Алғашында: «Мен бұл спорттың маманы емеспін ғой», – деп тартынғаным рас. Бір жағынан досымның ісін аяқсыз қалдырғым келмеді. Содан осы қызметке кіріскеннен кейін бір нәтиже шығаруды мақсат тұттым. Әлі есімде 1998 жылы Оңтүстік Кореяда таэквондо фестивалі өтті. Бұл менің федерация басшы ретінде алғаш рет шетелге шығуым еді. Жарыс жолына шыққан Қазақстанның қос спортшысы – Беккелді Қалыбеков пен Алмас Қапез қола медальға қол жеткізді. Сол жылы Бангкокта алауы тұтанған жазғы Азия ойындарында Әнуарбек Аманқұлов пен Әділбек Сағындықов қола жүлдені олжалады. Міне, Қазақстан таэквондошыларының байрақты бәсекелердегі тырнақалды табыстары осындай еді.
Иә, сары құрлықта жүлде алатындай деңгейде жеткеннен кейін әлем чемпионатында табысқа жетуді мақсат тұттық. 1999 жылы Эдмонтонда өткен әлем чемпионатында 84 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Әділхан Сағындықов үшінші орынға табан тіреп, Алаш жұртына алғаш рет медальдің сыңғырын естіртті.
2003 жылы Германияның Гармиш қаласында Лия Нұркина (67 кило) асқан шеберлік танытып, жүлдегерлер санатынан көрінді. 2007 жылы Бейжіңде үш қола медальді иеленген ұлттық құрама командасы барша қазақстандық жанкүйерлерге қуаныш пен шаттық сыйлады. Ол жүлденің иегерлері – Нәзгүл Тәжіғұлова (51 кило), Аслан Батықұлов (54 кило) және Арман Шылманов (84 кило). 2009 жылы Копенгагендегі дүниежүзілік додада аса ауыр салмақта айқасқан Арман Шылманов екінші мәрте қолаға қол созды.
Одан кейінгі әлем чемпионаттары 2011 жылы Оңтүстік Кореяда, 2013 жылы Мексикада және 2015 жылы Ресейде ұйымдастырылды. Өкінішке қарай өзге елдің өрендері түрлі-түсті медальдарды молынан алып жатқанда, жерлестеріміз сол бәсекелердің барлығынан құралақан оралды.
2017 жылғы жарыс Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында өтті. 176 мемлекеттің өрендері күш сынасқан додада 74 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Қайрат Сарымсақов қола медальді мойына ілді.
Жуырда ғана Манчестерде өткен айтулы додада Қазақ елі намысын мына таэквондошылар қорғады:
Ерлер – Самат Темірхан (54 кило), Елдос Ысқақ (58 кило), Елдар Бірімбай (63 кило), Нұрсұлтан Мамаев (68 кило), Қайрат Сарымсақов (74 кило), Нұрлан Мырзабаев (80 кило), Смайыл Дүйсебай (87 кило) және Руслан Жапаров
(+87 кило).
Әйелдер – Айнұр Лашбай (46 кило), Айнұр Есбергенова (49 кило), Фариза Алдоңғарова (53 кило), Ботакөз Қопанова (57 кило), Фатима Жақсыбаева (62 кило), Ақсәуле Ерқасымова (67 кило), Жансел Дениз (73 кило) және Мереке Жүнісова (+73 кило).
Отандық даян шеберлері арасынан тек Қайрат Сарымсақовтың ғана жеңіс тұғырына көтерілуге қарым-қабілеті мен күш-жігері жетті. 74 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қандасымыздың тек Олимпиада чемпионы, әлем чемпионаты мен Азия ойындары және Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы деген дардай атақтары бар Иорданияның өкілі Ахмад Әбугаушқа ғана әлі жетпеді. Өзге қарсыластарының барлығын ол жақсы ұтты. Сөйтіп Қайрат өзінің осыдан екі жыл бұрынғы нәтижесін қайталап, дүниежүзілік доданың қола жүлдегері атанды. Сонымен қатар 87 кило салмақтағы Смайыл Дүйсебайдың да жүлдегерлер қатарынан көрінуге тамаша мүмкіндігі болды. Алайда, шешуші тұста өз бәсекелесіне есе жіберген қазақ спортшысы бесінші орында қалып қойды.
Сөйтіп әлем чемпионаттарында Қазақстан құрамасы жеті жүлде алды. Олардың барлығы да – қола. 2008 жылы Бейжіңде алауы тұтанған Олимпиадада Арман Шылмановтың үшінші орынға табан тірегені де есімізде. Әзірге бар табысымыз осы ғана. Қазіргі кезде елімізде осы спорт түрінің дамуына барынша жағдай жасалуда. Олай болса, келесі жылы Токиода өтетін Олимпия ойындары мен одан кейінгі әлемдік додаларда отандастарымыз бұрынғыдан да мол олжаға кенеледі деп үміттенеміз.