• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Мамыр, 2019

Құбылмалы әлем: шындықтың түрленуі

931 рет
көрсетілді

Жаңылмайтын жолымен Батыс пен Шығысты бір арнада тоғыстырып, әлемдік ақпарат айдынының ең соңғы үдерістерін өзіне арқау еткен биылғы «Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы?» атты Еуразиялық медиа-форум да мәресіне жетті.

Ұлтжандылық – ұлттардың қорғаны

Форумның қорытынды күні ұлт­жан­­­­дылықтың ғаламдық трендтері мен ал­пауыт елдердің сыртқы саясаты төңі­регіндегі қызу талқымен басталды.

БАҚ өкілдері үшін форумды барынша мазмұнды, кәсіпқойлық тұрғыда тиімді өткізуге күш салынып жатқан кез­де биылғы XVI Еуразиялық медиа-форум хэдлайнері: Трампты би­лік­ке әкелген Дональд Трамп сайлау шта­бының басшысы Стив Бэннон (АҚШ) екендігі туралы ақпарат тараған еді. Сон­­дықтан биылғы форумның соңғы кү­ні «2020 жылы АҚШ президенті кім бо­ла­ды және капитализмнің күші неде?»  сауал­дарының салмағы басым болды.

Соңғы күннің алғашқы пікірталқысы «Сенімнің жоғалуы. Ғаламдық күш теңгерімі» тақырыбында өрбіді. Моде­ратор – CGTN телеарнасындағы «The Agenda» жүргізушісі әрі атқарушы директоры Стивен Коул (Ұлыбритания) спи­керлерден мемлекетаралық қарым-қатынас орнатудың жаңа тәсілдері, тәр­тібі мен ережелерін  қалай қалыптас­тыруға болатынын сұрады. 

Дональд Трамп сайлау штабының басшысы Стив Бэннон (АҚШ) дүниежүзілік революция жүріп жатқанын айта келе, барлық мемлекеттер басшыларының бұл шындықты қабылдайтын уақыты жетті дейді. Өкінішке қарай, «Жұмыс тобының төңкерісі орын алуда. Бүгінге дейін өндірістік мемлекетте өмір сүріп келген тұрғындар тәуелсізденуде», дейді Ақ үйдің аға кеңесшісі және бас стратегі (2016-2017) Стив Бэннон: «Либерал демократия мен бұқараға қарсы эконом­икалық соғыстың қалай екпін алуы­на куәміз. Мұның басында Қытай коммунистік партиясы, халықаралық корпорациялар, Франкфурт пен Лондон сауда нарығы тұр. Бұл мәселе шешімін табуы керек»,  деді. Ал оның шешімі ре­­­­тін­де «Дұрыс құрылған капитализм – бо­лашаққа бағдар, жаңғырудың негі­зі» деген ойын білдірді. Бұған қоса, саясаткер «2020 жылғы АҚШ сай­лауын­да билікке ұмтылғандардың қы­зу бәсекесіне куә боламыз, өз басым Трамп­тың жеңісіне се­немін», деді.

Саяси қайраткер Джордж Гэллоуэй (Ұлыбритания) жұмысшы табының бар­лық өкілдері үшін нәсіл мен діннің соншалықты мәні болмағанынан олар­дың ­билікке деген сенімі сейілгенін ай­тады.

Демократиялық партия ұлттық коми­те­тінің бұрынғы атқарушы директоры және президент көмекшісінің орынбасары (1973-1977) Марк Сигел (АҚШ) өз кезегінде Қытайдың экономикалық және саяси тұрғыда ұлы держава болуға ұм­тылысының орасан екенін айтты. «Қа­зіргі таңда экономикасы жөнінен екінші орынға табан тіреген Қытай алдағы уа­қыт­та бұл әлемдік көрсеткіште бірінші бо­латыны анық», деген сенімін білдірді сарапшы.

Бұл орайда, ТАСС бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусман (Ресей) Ресей-Қытай арасындағы қарым-қатынастың өзіндік ерекшеліктері бар екенін айтып өтті. «Бұл – сауда қаты­насымен шектелмейтін, ауқымы кең стра­тегиялық серіктестік», деді жур­налист.

«Айкакан жаманак» газетінің бас редакторы Анна Акопян (Армения) әлемдік тепе-теңдікті ұстап тұру үшін сенім қажеттігін айтты. «Біздің әлем жал­пы күдік атаулымен күресуде. Мы­салы, АҚШ пен Иран немесе АҚШ пен Ресей қарым-қатынасы арасында кіш­кене сенім болса, оның осы екі мем­лекеттің халқына да, басқаға да тиімді болатыны анық. Талай қақтығыстар да туындамас еді», деді қоғам қайраткері. Ал қазіргі күрделі кезеңде барлық әлем халықтарын ұлтжанды болуға ша­­қыр­ды: «Ұлтжандылық зұлмат заман­да Ар­менияның ұлы қорғаны бола алды. Ха­лық осы игі қасиетінен ажырап қал­мауы қажет», деді ол.

 

Блог саласы: оның  сапасы мен санаға ықпалы

Сонымен қатар медиа-форум бұ­қаралық медиадағы жүйе мен ондағы сын-қатерлерге төтеп беру мәселесін ай­на­лып өте алмайтыны белгілі.

Шетелдік және отандық медиа сарапшылар форумның «Блогерлер: виртуалдық әлемнің рок-жұлдыздары ма?» мәжілісінде бүгінгі медиа тек жур­налистикаға қатысты ұғым еместігі сөз етілді. Жаңа медиа біздің өміріміздің бір бөлшегіне айналып отырғанын, ол бү­гінгі тіршілікті түбегейлі өзгертуге ық­палы бар екенін айтты мамандар.

Електен өткен контентті ұсынуды жасанды интеллектің меңгере бастағанын ескерткен EECJS мәліметтерді басқару стра­тегиясы жөніндегі халықаралық команданың мүшесі Луис Мигель Лопес (Мексика): «Алдағы уақытта әркімнің жеке қызығушылығын ескеріп, соған сәйкес ақпаратты іріктеп отыратын жа­санды интеллект жұмыс істейді. Мә­селен мен футболға қызығатын оқыр­ман ретінде тек осы тақырып тө­ңірегіндегі мәліметтерді алып отырамын», деді ол. Сондықтан бүгінгі журналистер жаңа медиа мүмкіндіктерін ұтымды пайдалануға міндетті делінді бұл басқосуда. Үкі­метпен байланыс жө­ніндегі маман, серпінді жобалар бо­йынша әлеуметтік стратег Луис Мигель: «Журналистика мен блогерлік арасында ешқандай қақтығыс көріп тұрғаным жоқ. Кез келген журналист өз аудиториясы үшін блогер болуды үйренуі керек, себебі бұл олардың табысты болуына жол ашады», деді.

Түйіп айтқанда, қазіргі таңда әлеу­мет­тік желілерді бір тәртіпке салып, рет­теп отыру, иә болмаса оның бүгінгі қар­қынды дамуына тосқауыл қою мүмкін емес,  дейді мамандар, сондықтан оны үн­қатысу алаңы ретінде пайдалану ке­рек. Оның үстіне, жаһанданудың жа­ңа мүмкіндіктері мен тың тетіктерін мең­геру дәстүрлі БАҚ үшін мүмкін дүние. «Жаңа технологиялардың күшімен президентті таңдай алатын заман ту­ды.  Ғаламтор – көзге көрінбейтін, басқа­руға келмейтін қуатты ресурс», деген «Бульвар Гордона» газетінің бас редакторы  Дмитрий Гордон (Украина) БАҚ атаулының бірегейлігі сонда, ол кез келген замана талабына бейімделіп, ондағы сын-қатерлерге төтеп беруі тиіс екенін жеткізді.

Әлеуметтік желілердегі еркіндіктің сал­дарынан ондағы таратылатын ақпа­рат ағынының барлығы дерлік дәйексіз, негізсіз, кей жағдайда жалған екенін көз­бен көріп жүрміз. Бұл сауатты жур­налистиканың сапасына деген сенімді жояды деген мәселе де күн тәртібінен түспеді. Ол үшін дәстүрлі БАҚ жаңа медианың мүмкіндіктерін меңгеруі, салалық журналистиканы сауатты жазуы, оқырман сұранысына құлақ асуы және кәсіби мамандардың біліктілігін жетілдіруі керектігі сөз етілді.

 

Заңсыз түрдегі  заңдылық

Форумның үшінші күнін «Заңсыз түрдегі заңдылық: марихуана ашық са­тылуда» тақырыбындағы қызу пікірталас қорытындылады. Ашық дерек көздерінде жарияланған мәліметтерге сәйкес, Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы марихуананы дәрі деп тануға дайын отырған көрінеді. Сөйтіп оны есірт­кі мен тыйым салынған заттар тізі­мінен алып тастамақ.  Марихуананы қа­уіпсіз зат деп танудың өзі көп нәрсені өз­­­­ге­­р­­­­теді. Ал оны заңдастыру уақыт ен­ші­сінде. Марихуананы заңдастырудың экономикалық, әлеуметтік және меди­циналық салдары қандай болмақ?

Пікірталасқа қатысушылар канна­бистің қолданыста пайдасы бар екенімен бірауыздан келісті. Талқылауда марихуананы дәрі-дәрмек есебінде тұтыну үшін оның көлемі мен мөлшерін бекіту керектігі сөз болды. Спикерлер бұл тақырыпты әлі жан-жақты зерттеу керектігін тілге тиек етті.

Smart Approaches to Marijuana (SAM)­ альянсының коммуникация және халықаралық байланыс бойынша серік­тесі Will Jones III (АҚШ): «Мари­хуананы заңдастыру мен оны медицинада қолданудың аражігін ажыратып алуы­мыз қажет. Есірткіні заңдастыратын болсақ, азаматтар оны ішімдік, темекі өнімдері сияқты бұрыс пайдалануы бек мүмкін. Бұл саладағы табыстың 70 пайызы аталған өнімдерді мөлшерден тыс пайдалану есебінен түсіп отыр, деді.

Осы орайда невроз және Альцгеймер сырқатын емдеу орталығының жетекшісі,  психотерапевт Жібек Жолдасова (Қазақ­стан): «Медицинада кез келген дәрі-дәрмек белгіленген ережеге сай, есептелген мөлшерде қолданылады. Сол сияқты емдеу шараларына қажетті каннабистің мөлшерін анықтап алуымыз қажет», екенін атап өтті. Дәрігердің айтуынша, 21 жасқа дейін марихуана тұтынбаған ересек адамның келешектегі тәуелділік көрсеткіші әлдеқайда төмен. Сол себепті жасөспірімдерге психотропты өнімдердің қауіп-қатерін түсіндіруіміз шарт. 

Сөз соңында сарапшылар Қазақстан күн тәртібіндегі түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға септесетін маңызды алаң екеніне ерекше тоқталды. Еуразия­лық медиа-форумда көтерілген өзекті мәселелер осының бір дәлелі десті.

Айнаш ЕСАЛИ, Арман ОКТЯБРЬ, «Egemen Qazaqstan»   АЛМАТЫ