Семинарға аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, 260 учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, орынбасарлары және хатшылары, электораттық оқытудың сертификатталған жаттықтырушысы, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының директоры, Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімдері мен аппарат басшылары, жергілікті атқарушы органдардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, барлығы 827 адам қатысты.
Семинар барысында Л.Сүлеймен қатысушыларды сайлау заңнамасындағы өзгерістермен, сайлау науқанының негізгі кезеңдерімен, кандидаттардың сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру шарттарымен, сайлау комиссияларының сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі өкілеттіктерімен, аумақтық сайлау комиссияларының және жергілікті атқарушы органдардың мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерімен таныстырды. Оған қоса сайлау жүйесін ұйымдастыру бөлімінің бас сарапшысы И.Беркімбай сайлау комиссияларының дайындық кезеңіндегі, сондай-ақ тікелей дауыс беру күнгі қызмет мәселелеріне нақты тоқталып, әсіресе 2019 жылғы 9 маусымдағы президенттік сайлаудағы учаскелік сайлау комиссияларының қорытынды хаттаманы дұрыс толтыру мәселесін пысықтады.
Сол сияқты Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Б.Мелдешов Қызылорда облысына жұмыс сапарының аясында Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданының 19 сайлау учаскесінде болып, сайлауды ұйымдастырушылар үшін оқыту семинарын өткізді және олардың сайлауға әзірлігімен танысты. Семинар барысында Б.Мелдешов сайлау науқанының әрбір кезеңімен, сайлау заңнамасына сәйкес сайлауды ұйымдастырушылардың негізгі өкілеттіктерімен және міндеттерімен таныстырды.
Ал Солтүстік Қазақстан облысына барған Орталық сайлау комиссиясының хатшысы С.Мұстафина да «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу кезеңіндегі сайлау комиссияларының жұмысы туралы» сайлауды ұйымдастырушылар үшін оқыту семинарын өткізді.
Бұған қоса Орталық сайлау комиссиясы Жастар жылы іс-шаралары аясында еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері арасында Сайлау құқығы мен сайлау процесі мәселелері бойынша ұлттық викторина ұйымдастырған болатын. Соның бірінші кезеңі басталды. Аталған ұлттық викторина Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің жоғары оқу орындары студент жастарының электоратты-құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған және Халықаралық демократия күніне (2007 жылғы 15 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен) орайластырылған мемлекетаралық жобаның бір бағыты болып табылады. Ал ұлттық викторинаның жеңімпазы 2019 жылғы қыркүйекте ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесі ұйымдастыратын Санкт-Петербург қаласындағы ғылыми студенттік пікірталасқа ТМД елдері құрамасы құрамында қатысады.
Бұл викторинаны өткізудегі ОСК-нің негізгі серіктестері – Демократияны, парламентаризмді дамыту және ТМД ПАА-ға қатысушы мемлекеттер азаматтарының сайлау құқықтарын сақтау мониторингінің халықаралық институты, құрамына 80-нен астам ұлттық және өңірлік жоғары оқу орындары кіретін «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі және Ұлттық викторинаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін инфокоммуникациялық тұғырнама ұсынған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.
Қазіргі кезде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің интерактивті тұғырнамасында Қазақстанның 12 облысының 20 жоғары оқу орнынан 172 студент тіркеуден өтті. Міне, осы жоғары оқу орындарының студенттері арасында сайлау құқығы және сайлау процесі мәселелері бойынша Ұлттық викторинаның бірінші туры М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті базасында басталды. Оған Орталық сайлау комиссиясының хатшысы С. Сапарқызы қатысты.