Соңғы зерттеулерге қарағанда, орта білімді америкалықтар өз өмірінде он бір рет жұмыс ауыстыратын көрінеді. Отбасыны ғана емес, оқуды да «мәңгілікке» таңдап, игеріп шыққан мамандығын тағдырына айналдырып, тіршілігінің негізгі көзі ету деген кешегі ойдың бүгінгі жаңа кезеңмен үйлесе алмайтынына күн өткен сайын біз де көз жеткізіп келеміз. Жасы егде тартқандардың жұмыс ауыстыруының әртүрлі себебі болуы мүмкін. Жұмыс беруші мекемелердің жұмыскерлерімен ұзақ мерзімді шарт жасамайтыны, жалақының аздығы, еңбек өнімділігінің азаюы, денсаулығының сыр беруі секілді себептер аталады.
Қалыптасқан қағидаларын бұзып, өз өмірінің ережесін қайта қарау «не жоғалттым, не таптым?» деген сұрақ туғанда, көкейге оралатын көп жауаптың түйіні негізінен кәсіппен байланысты екен. Егер кәсібінің арқасында белгілі бір белесті бағындырып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп, зор табысқа кенелген болса, әңгіме басқа. Ал бір кездері жүрек қалауымен емес, ата-анасының ақылымен таңдаған, достарының кеу-кеулеуімен келісім берген, адам аз баратын мамандыққа құжат тапсыра салып, оқып шыққан оқуынан не өзі рахат таба алмай, не табысқа қол жеткізе алмай, жиырма-жиырма бес жылдан соң жарамсыздығын танытып жатса, оған тіпті де таңқалудың қажеті жоқ. Бұрынғыдай ата-анасының нұсқауымен емес, өмірді көріп, өз ақылымен ой түйген адам бұдан әрі өзін өзі алдап өмір сүруге дәті шыдамай, мамандығымен тап сол түсінген күнінен бастап қоштасуға мәжбүр. Бұл – ең дұрыс шешім. Сол кезде тек кәсібі ғана көңілін құлазытса жөн, бұған енді жұмысы жоқ ұлының, 25-тен асқанша тұрмыс құруға асықпаған қызының қоғамды өз кезеңінің құндылықтарымен тануға талпынып, мұның ақылын керек қылмайтыны қосылып, қайғысын одан бетер қалыңдата түсетіні де қосымша соққы. Жақыннан да, жаттан да қолдау таба алмай, елуге аяқ басқан адамның жан-жақтан қаумалаған қиындықтардан ес жия алмай, елсіз аралда жалғыз қалғандай, аяғын қалай басарын білмей дағдарғаны жасөспірімнің өтпелі кезеңінен де ауыр, шын дағдарыс болуымен де қатерлі.
Жұмыстың – уақытша, ал кәсіп пен өнердің өзіне мәңгі серік екені осындайда байқалады. Бүгінгі ата-аналар баласына өнер үйретпейді, тіпті қажет санамайды да. Олақ баланың обал-сауабы әкесінде. Бота тірсек кезінен бастап «істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деп отырса, шаруаның жайын біліп өскені баласына пайда ғана әкелер еді. «Төске темірді былай салып, балғаны былай ұстайды», «бақшаны баптағанда мынау есіңде болсын», «су құбырын былай тазалап, кірпішті осылай қалайды» дейтін әкелердің жоқтығынан жалқау балалардың тұтас буыны өсіп келеді. Ал қалада тұратын ата-аналардың бойын қорқыныш құрсап алған, көзіне көше толы педофил ғана елестейді... Сөйтіп өнер үйретпек түгілі, өз бетінше әрекет етуге қорқатын, ой-санасы өспеген инфантилдерді тәрбиелеп, қоғамға тоғытып жатыр. Қазақстандық ғалымдардың еңбек нарығына жасаған болжамы бойынша, алдағы елу жылда жиырмаға жуық мамандық түбегейлі жойылады. Бәрін компьютер есептеп, керегі болмай бара жатқан статистика мамандығының майталманы күндердің күнінде сантехник болып шыға келемін деп ешқашан ойламайды. Ендеше ешкім сақтандырылмаған өмірдің сынағын адам өзі мойындағысы келмегенімен, бар қиындыққа бойындағы қарапайым өнері мен мінезі ғана қарсы тұра алатыны бәрібір оны іштей иландырмай қоймайды. Мамандығына мығымдық таныта алмаған, өнер игермеген, моральдық жағынан мүгедек, рухани мүгедек, әлеуметтік мүгедек адамдар жиырма жылдан кейін міндетті түрде жолығысатын орта жас дағдарысымен бетпе-бет келгенде қорқынышын қандай құндылықпен алмастырады? Өткеннен сабақ ала отырып, орта тұстан өз өмірін қайта бастау кімге қорқыныш, кім үшін қайталанбас мүмкіндік – мектеп бітіретін бала басты дағдарыстың дайындығына бүгін қамданбаса, ертең бәрінің кеш болуы әбден мүмкін.