• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 30 Мамыр, 2019

№11020 іс

1340 рет
көрсетілді

Геолог Оразалы Жандосовтың өмір жолы мен қызметі туралы жазылған жарияланымдар көп емес. Бұдан бұрын ғалым Н.А.Әзербаевтың «Репрессированные геологи (1937-1938гг.)» және журналист С.Жанәбілдің «Оразалы Жандосовты білесіз бе?» атты мақалалары жарық көрді.

Оразалы Жандосовтың тарихтағы тұлғасы мынадай себептерге байланысты қызығушылық туғызады. Біріншіден, ол геологиямен ғалым және практик есебінде кәсіби тұрғыдан айналыса бастаған алғашқы буын ұлт зиялылары қатарындағы тұлға. Осы ретте оның өмір жолы мен қызметіне қатысты материалдар өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы қазақ мәдениеті мен ғылымының қалыптасу үрдісін бұрынғыдан тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Екіншіден, Оразалы Қиқымұлының қоғамдық өмірге және ондағы өзгерістерге қатысты ұстанымы мен көзқарасы сол тарихи мезгілде жалпы елде қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайды да тура қорытуға көмектесері хақ. Үшін­ші­ден, біз осы уақытқа дейін Қазақ­стан­да, қазақ қоғамында Кеңес өкіметі жүргізген ұлт саясаты жөнінде тар­тына жазып келеміз. Өйткені Қазақ­стан­­дағы қазақ мәселесі туралы ашық жазып, оған тереңірек үңілген автор­дың ұлтшыл атануы оңай бола­тын. Ал тарихи шындық сондай, өткен ғасырдың 20-30-жылдары кеңестік биліктің ұлт саясатының негізі қаланды. Осы кезеңдегі қазақ қоға­мынан бұл саясаттың басты көрі­ністері мен ерекшеліктерін анық байқауға болады. Олай болса бұл маз­мұн­дағы материалдарды сол күйінде жылы жауып қою тарих ғылымы үшін өзінің кәсіби міндетін орындаудан бас тартумен тең.

Ішкі істер департаменті архивінің қорында геологтар Оразалы Жандосов пен Мерғали Қадылбековтің тергеу материалдары сақталған. Онда Алматы облысы Талдықорған ауданындағы Текелі кен басқармасының директоры Оразалы Жандосов пен осы кәсіпорынның техникалық директоры (яғни бас инженері) Мерғали Қадыл­бековті тұтқынға алып, олар­дың үйлерінде тінту жүргізуге Ішкі істер Халық комиссариатының Тал­ды­қорған аудандық бөлімінің берген ордерлері тіркелген. Міне осы материалдардың көрсетуіне қара­ған­да кен басқармасының аталған екі басшысы 30 мамыр күні Текеліде ұсталып, олардың Алматыдағы үйле­рін­де 6 маусым күні тінту жұмыстары жүргізілген.

Текеліде тұтқындалған геологтарға байланысты уәкіл Шаймерденов пен НКВД басқармасы бастығының кө­мек­­­шісі Марсельскийдің даярлаған қау­лы­сында «контрреволюциялық ұлт­­шылдар ұйымының мүшелері Жандосов пен Қадылбековтің Алма­ты­­­дағы үйлерінде болуы мүмкін қару-жарақ пен жазысқан хаттарын алу үшін тінту жүргізу қажет» деп көр­се­тіледі.

Тінту хаттамасында оны жүргізген НКВД қызметкерлері Оразалының үйінен 46 беттік геологтың жазба дәп­те­рін, сондай-ақ 105 беттен тұрған хаттарын алып кеткендігі тіркелген. НКВД қызметкерлері тарапынан тәр­кі­­ленген бұл құжаттық материалдар, әрине, қайтарылмаған, сол күйінде жойыл­ған. Тергеушілер тарапынан орын алған мұндай фактілер геологқа жасал­ған қиянаттың ізін жасырудың бірден-бір көрінісі еді. Өйткені мұн­дай жазбалардағы фактілік материалдар тұтқынға алынған тұлғаның күнделікті тіршілігінен мәлімет берумен қатар, тергеушілерге сол берілген фактілерді пайдаланып істі одан әрі кеңейтіп, «жоқтан бар жасау» үшін де қажет-тін. Тергеушілерге өз міндетін атқарған жазбаларды енді жоюдан басқа амал да қалмайтын еді. Репрессия тұсында кәмпескеленген материалдардың кейін қайтарылмай, жоғалып кетуінің бір сыры осында.

Оразалы 1904 жылы Алматы облы­­сының Қаскелең ауданында, сол тұста «Ораз» атанған колхозда өмірге келген. Өз отбасының құрамына байланысты ол қолында 63 жастағы анасы Дәрменнің, 30 жастағы Хатима атты зайыбының, тоғыз жастағы Раиса, Мелеу (жасы көрсетілмеген) және асырап алған 12 жастағы Фаузия атты қыздарының, бір жарым жастағы Ерлім атты ұлының бар екендігін көр­сет­кен.

Оразалының 1926 жылы қаңтарда Ферғана қаласында (Өзбекстан) қыз­метте жүріп жазған өмірбаяны бар. Осы құжатта берілген мынадай мәліметтерге көңіл аударуға болады. Онда жеке шаруашылығы бар Қиқым есімді жұмысшының отбасында өмірге келіп, 9 жасқа дейін әкесінің меншігіндегі 50 бас қой мен қозыны бағуға көмектесіп, тоғызға толғанда әкесі Верный қаласындағы беделді мещанин, жеке зауыты бар Т.В.Великановтың көмегімен ұлы Оразалыны қазына есебінен қаладағы ерлер гимназиясының пансионына орналастырғанын жазады. Осы оқу орнында ол 1918 жылға дейін тәрбиеленіп әрі білім алады. Осы жылы революциялық өзгерістерге және әкесі Қиқымның опат болуына байланысты оқуынан қол үзіп, үйіне қайтуға мәжбүр болады. 1918-1920 жылдар аралығында етік тігумен шұғылданып, ал 1920 жылы әк өндірушілер артелін ұйым­дас­ты­ра­ды. 1922-1924 жылдары Алматы уезінде уездік атқару комитетінде, уездік комсомол жастар ұйымында, «Қосшы» одағында түрлі қызметтер атқарып, 1924 жылы Ташкентке партия жұмысына ауысып, сол жерден Мәскеуге жоғары кооператившілер курсына оқуға жіберіледі. Оқудан орал­ған соң Ферғана облыстық ауыл­шаруашылық кооперациясында Қазақстан өкілі, 1926-1929 жылдары уездік және облыстық атқару комитеттерінде түрлі қызмет атқарады.

Қорыта айтқанда, ел өмірі түбе­гей­лі өзгерістерге ұшыраған кез Оразалы Қиқымұлы үшін де азаматтық кемелдену кезеңі болған еді.

Геолог Оразалы Жандосов не үшін жазаланды? Жалпы бұл тақырып, яғни патшалық және кеңестік жүйелер тұсындағы қазақ жерінің кендерін игеру тақырыбы, оның түрлі қырлары мен салдары тәуелсіз ұстаным тұр­ғы­сынан арнайы талдауға алынған емес. Фактілік негізде баяндалған осы тақырыптың өзі ғана жоғарыда атал­­ған мемлекеттік жүйелердің ішкі мазмұнын тура түсінуге жол аш­қан болар еді. Жаңа ғана күш ала баста­ған ресейлік капитализм, әсіресе оның орнын басқан кеңестік индус­трия қазақ жерінің кен байлығынан сүйе­ніш тапқаны тарихи ақиқат ретінде ұмыт­ылмақ емес. 

Міне осы контексте алғанда алғаш­­­­­қы буын қазақ геологтарының да тағ­­дыры жеңіл бола қой­ған жоқ-тын. Кеңес өкіметі алға­шын­­­да қазақ жастарына геолог бар­лаушы мамандығын беруді қуат­та­ды. Жергілікті халықтан шыққан маман­дарға кен көздерін табуды же­­ңіл­­дететін мүмкіндік ретінде қа­рады. Сонымен бірге олардың кеңес­тік билікке қатысты ұстанымына се­нім­­сіздікпен қарады. Геолог-бар­лау­шыл­ар О.Жандосов пен М.Қадыл­бе­ковтің тағдыры еріксіз осы ойға жетелейді. 

Сонымен геолог-барлаушы маман­дығы бойынша енді ғана қыз­ме­тін бастаған Оразалы Қиқым­ұлы Жан­до­совтың өмір жолын­да­ғы қайғы­лы жағдай неден басталған еді?  1937 жылдың сәуірінде партияның Алматы облыстық комитетінің нұс­қау­шысы Жигулев обком хат­шысы Ж.Сәдуақасовтың атына «Те­ке­лі кен басқармасындағы жұ­мыс­тың жағдайы туралы» деп аталатын 7 беттен тұрған анықтама түсіріп, онда 1935 жылы құрылған кен бас­қар­масының бір жарым жылдық қызметінде орын алған кемшіліктерге тоқталады. 

Жалпы, Кеңес Одағында қалып­тас­қан жағдайда нұсқаушының бұл анықтамасы кен басқармасының бас­тығы Жандосовты партия қатарынан шығаруға жеткілікті еді. Бұл шешімді 1937 жылдың 9 мамырында өткізілген Тал­ды­қорған аудандық партия коми­­те­тінің бюросы бекітеді. Бұл құжат арқылы коммунистік партия ұйым­­дарының саяси репрессия проце­сін­дегі орнын пайымдауға болады. Бюро қаулысында, мәселен, шахта жұмысшылары арнайы тігілген киімсіз жұмыс істеді, шахтада вентиляция болмауына байланысты жеке адамдардың улануы орын алды, сынға жол берілмеді, директор Тоққожанов, Скритченко және басқаларды жақын тартып, жұмысқа алды, жұмыстан шығарылған 40 жұмысшы түгелдей орыс ұлтынан еді деген сияқты кемшіліктер келтірілді. Бұл таңылған кінәларға байланысты О.Жандосовтың берген уәжі мүлдем ескерілмеді. Әсіресе, Оразалыға директор ретінде өз қызметі арқылы біраз көлемде қаржылай шығын кел­тірді деген айып тағылғанымен, бірақ сол айыпқа байланысты тексеру жұмысының қорытындысы туралы ештеңе айтылмады. Өйткені ондай тексеру жұмысы жүргізілмеген еді. 

Жоғарыда баяндалғандай, проку­р­ор­дың О.Жандосовты қамауға алу туралы ордері көп күттірген жоқ-тын. Ол мамырдың соңына қарай тұт­қындалып, маусымның 1-інен тер­геу­шінің сауалдарына жауап бере бас­тайды. Өкінішке қарай бізге Ора­за­лы Жандосовтың тергеу материалдарымен толық күйінде танысуға мүм­кін­дік берілмеді. Үстірт, көз жүгіртіп қара­ғанда байқалғаны: жарты жылға созылған (1937 ж, маусым-желтоқсан) тергеу ісінен соң осы жылдың 13 желтоқсанында берген жауабында Оразалы «мені контрреволюциялық қызметпен айналысып, қылмыс жасады деген айыптаумен келіспеймін» деген ұстанымын ашық та анық білдіреді. Бұл әрине, тергеу папкасына тігілген құжаттық материалдар нөпірінің арасынан бізге жеткен 33 жастағы ешқандайда кінәсіз Оразалының жанайқайы еді. 

Дегенмен, НКВД тергеушілерінің «адам болса іс табылады» деген ұстанымды басшылыққа алып жасаған ісінің арасынан тарихи шындықтың ұшын көруге болатын еді. Оразалы Қиқымұлы бір сөзінде сол тарихи кезеңдегі Қазақстан қоғамында қалыптасқан жағдайдан хабар беретін мынадай пікірді білдіреді: «Қазақ геологиялық тресі партия ұйымының жиналысында (бұл кезде О.Жандосов Семейде қызметте болатын – авт.) Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Станкин Қазақ Өлкелік партия комитетінің 6-пленумы жұмы­сы­ның қортындыларына байланысты баяндамамен сөйледі. Қазақ Өлкелік партия комитетінің 6-пленумы 1933 жылы 10-16 шілде күндері өтеді. Пленумда қаралған негізгі мәселе Ф.И. Голощекин басшылығы тұсында елді бұрын-соңды болмаған қырғынға ұшыратқан қателіктер жөнінде болады. Баяндамадан кейінгі жарыссөзде сөз алып мен «партияның өлкелік коми­теті бұрынғы басшылықтың жі­бер­ген қателігін толық аша алмады» деген ойды айттым». Бұл ойдың ұлт­шылдықтың көрінісі ретінде қабыл­дан­уы мүмкін.

1931-1933 жж. қазақ даласындағы жойқын аштықтың куәсі болған Ораза­лы­ның мұндай тұжырымға келуі, әрине, толық заңды да еді. Сондай-ақ, мұндай тұжырымға келген жалғыз ол да емес-тін. Інісінің республика бас­шы­­лығының қызметіне байланыс­ты сыни ұстанымда болғандығынан Ораз Жандосов та мәлімет береді. 1937 жылдың тамызында абақтыға жабылған ол 30 қыркүйек күні берген көрсетуінде «Менің інім Оразалы Жандосовтың 1933 жылдың басында Қазақстанда қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты ұлтшылдық ұстанымда болғандығынан хабардармын. Ол бұл кезде Семейде қызметте еді. Қазақтардың арғы бетке жапы­ры­ла көшуін ол басшылықтың қате саясатымен байланыстырды. Ке­зін­де Анненков әскерінде болған алашордалық Мұхамедчин деген кісімен ұзақ жылдар бойы жақын қаты­нас ұстап, оны қызметке тартып жүрді. Тау өнеркәсібіндегі қызметіне байланысты ылғи да Кельмансонмен жиі араласып, Пятаковпен де кез­дес­ті», дейді.

Оразалының отаншыл ұста­ным­да­ғы тұлға сипатын айғақтайтын құжаттық фактілер аз емес. Мәселен, ол 1933 жылы мәскеулік кезеңінде Қызыл профессура институтының тың­даушылары Б.Айбасов, Ж.Арыс­та­нов, Ғ.Исхаков, І.Қабылов, Қазақ Өлкелік партия комитететінің мүшесі Ғ.Тоғжановтармен бірге И.Сталин мен Өлкелік партия комитетінің хатшысы Л.Мирзоянның атына «О работе казахстанской парторганизации» аталатын «алтаудың хатына» қол қояды. Құжатта қазақ ауылын апаттық жағдайға алып келген Ф.Голощекин басшылығы қызметінің нәтижесі екендігі, соның салдарынан елдегі 800 мың жеке қожалықтың 1932 жылдың көктеміне қарай жартысына жуығы, мал басының 85 пайызы жойылып кеткендігі айтылады. Оразалы Жандосов абақтыда 1937 жылы 11 және 15 қарашада берген көрсетулерінде досы Мерғали Қа­дыл­беков екеуінің де қоғамда қалып­тас­қан объективті жағдайға байланысты ұлтшылдық ұстанымда, ал Кеңес өкіметінің реформалық шараларына қатысты сыни пікірде болғандығын жасырмайды.

Осы мойындаудың өзі-ақ енді ғана қызметке араласқан бұл жас азаматтарды «буржуазиялық ұлтшылдар» ретінде және «халық жаулары» Пята­ков пен Кельмансон сияқты қай­рат­кер тұлғалармен байланыста (Троц­кий­шілдер ретінде айыпталған – авт) кеңестік билікті құлатуды көздегендер санатына жатқызуға жет­кі­лікті еді. КСРО-ның Жоғарғы Соты­ның Әскери Коллегиясының көш­пе­лі сессиясы (құрамы Горячев А.Д (төраға), Алексеев Г.А., Микляев А.Н., Шапошников Н.Н. (хатшы) өзінің 1933 жылғы 28 ақпан күнгі отырысында Текелі кен басқар­ма­сының бұрынғы директоры Ора­за­лы Жандосовты 1933 жылдан бас­тап Қазақ КСР-де құрылған контр­революциялық-ұлтшылдық, көте­рілісшіл-террористік және дивер­сиялық-зиянкестік ұйымның құра­мын­да оңшыл-троцкистік блокпен бір­лікте кеңестік билікті құлату мақ­сатындағы контрреволюциялық қыз­меті үшін РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 2,7,8 және 11-тармақтарында қарастырылған қылмысқа сәйкес ең жоғарғы жаза – атуға бұйырылсын, сондай-ақ оған тиесілі жеке мүлкі тәркіленсін деген шешім шығарады. Бұл күш қолдану, даярланған хаттамаға зорлықпен қол қойғызу арқылы жүргізілген 2-3 тергеу және 9 айға созылған абақтыдан соң бар болғаны 5-6 минутқа созылған сот процесі болатын.

КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясы 1957 жылғы 1 тамыздағы отырысында 1938 жылғы шешімін қайта қарап, Оразалы Қиқымұлы Жандосовты партия мен отаны алдында кінәсіз деп тапты.

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,

ҰҒА академигі