• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 31 Мамыр, 2019

18 редактордың тағдыр-талайы

1175 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың отызыншы жыл­дарғы ойранынан қазақ зиялы­лары­ның ойлы ортасы болған «Ұшқын­нан» бастап «Социалистік Қа­зақ­стан» болып аталғанға дейін­гі аралықта басылымды бас­қар­ған редакторлардың қай-қай­сысы да аман қалған жоқ, қуғын-сүргінге ұшырады, атылды. Қа­ламы­мен де, қайраткерлігімен де хал­қы­ның тарихын таңбалаған сол асыл тұлғаларды тағы бір мәрте оқыр­ман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Халел ЕСЕНБАЕВ

(1892-1938) – қу­ғын-сүргін құр­ба­ны, 1938 жылы 3 наурызда атылды. Газетті 07.1919-02.1920 жылдар аралығында бас­қарды. «Ұшқын­ның»­ алғашқы ре­дакторы Халел Есенбаев екеніне Орал архивінен алынған құжатта Есенбаевтың өз қолымен толтырылған анкета жауаптары мен 1919 жылдың қазан айында өткен Кирревком мәжілісінен хаттама дәлел. Автор жиналыс қаулысынан үзінді келтіре отырып, «Ұшқын» газетін басқару үшін бес адамнан (Халел Есенбаев, Ешмұхамед Бегалиев, Тамимдар Сафиев, Әмірғали Меңешев, Бернияз Күлеев) алқа мүшесі сайланғанын жазады. Әйтсе де ең басты дәлел Х.Есенбаевтың 1923 жылы өзі толтырған анкета жауаптары болса керек. Онда былай деп жазылған: «Работал членом редколлегии организаций Букгубисполкома «Киргизская правда», «Дурустук жолы», журнала «Мугалим» («Учитель»), редактором органа Киркрай Ревкома «Ушкун» («Искра») – в 1918 и 1919 годах, организаций Букгубкома «Энбек» («Труд»), перевел на киргизский язык Конституцию РКФСР и так прочее» деп жазылған.

Тамимдар САФИЕВ

(1892-1975) га­зет­ті 1920 жылдың ақ­па­нынан бастап, сәуірге дейін, екі­ ай басқарған. Т.Са­фиев 30-жыл­да­ры қуғындалып, Қа­зақ­стан­ның құрамындағы Қа­рақалпақ автономиялық облысында еңбек еткен. Кейін Мәскеуге кетіп, сонда тұрған. 1975 жылы қайтыс болған.

Бернияз КУЛЕЕВ

(1899-1923) не­бәрі 24-ақ­ жа­сын­­да өмір­ден­ өт­кен. «Ұшқын­ның»­ бірінші саны­ Б.Күлеевтің «Ұш­қынға» деген өле­ңі­мен ашылған. Газетті 1920 жылдың сәуір айынан бастап, қазанға дейін басқарған. Б.Күлеев сыршыл лирик ақын.  Нарманбет пен Ғұмар Қараш сияқты Бернияз Күлеев Абай өлеңдерінің көркемдік формасын, әр алуан өрнегі мен өлшеуін қолданды. Оның «Жазғы дала» атты өлеңі «Сегіз аяқтың» өлшем ұйқасымен жазылған. Ол орыс ақындарының да бірқатар шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.

        

Смағұл СӘДУАҚАСОВ

(1900-1933) – сая­си қуғын-сүр­гін құрбаны. Га­зетті  1921 жылы (қаң­тар мен ақ­пан айларының ара­лығында) бір ай, кейін 1925 жылдың қаңтарынан 1926 жыл­дың сәуі­рі­не дейін екінші мәрте редактор болған. Смағұл Сәдуақасовтың бүкіл қайраткерлік, азаматтық болмысы жарқырай танылған кезең 1925-1927 жылдар еді. Бұл кезде ол республика халық ағарту комиссары, әрі өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі болды. Бұл кезең сонымен бірге Ф.И.Голощекиннің Қазақстан өлкелік партия комитетін басқару кезімен дәлме-дәл келеді.

Жүсіпбек Аймауытов

(1889-1931) га­зетті 1921 жыл­дың ақпанынан бас­тап 1921 жыл­дың қазан айы­на дейін бас­қарған. 1929 жылы басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде қа­малып, 1931 жылы атылған. 1919-1922 жылдары  Республика Халық ағарту комиссариатының алқа мүшесі, Семей губерниясы оқу бөлімінің бастығы, «Қазақ тілі» газетінің редакторы. «Еңбекші қазаққа» да басшылық жасайтын кезі осы тұс. Ж.Аймауытов қысқа ғана ғұмырында «Қартқожа», «Ақбілек» сынды қаншама роман, повесть-пьесаларын жазды. «Психология», «Жан жүйесі және өнерді таңдау», т.б. сынды ірі ғылыми еңбектері бар.

Мұхтар Әуезов

(1897-1961) қу­­­ғын-сүргін көр­­­ді, аман қал­ды. Газетке 1921 жылдың қа­ра­­­шасынан бас­тап, 1921 жыл­дың жел­тоқсанына дейін бас­шылық еткен. 1918 жылы М.Әуезов Семей қаласының өкі­лі ретінде Омбы қаласында өткен жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, орталық атқару коми­тетіне мүше болып сайланды. Құрылтайда «Алашорда» үкіметі мен Алаш қозғалысының бағытын ұстанған «Жас азамат» атты Бүкіл­қазақстандық жастар ұйымы құрылды. Ұйымның белсенді мүшесі бола жүріп, «Абай» ғылы­ми-көпшілік журналын Ж.Ай­мауытовпен бірігіп шығаруға атса­лысады. 1930 жылы идеялық көз­қарасы үшін тұтқынға алынған.

Әбдірахман Байділдин

(1891-1931) Ом­­быдағы мұ­ға­­лімдер семи­на­­риясын бі­тір­ген соң «Бір­лік» ұйы­мының мүшесі әрі хатшысы бо­лды. Ол «Ең­бек­ші қазақты» басқарғанға дейін 1923 жылы Орал облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, «Қызыл ту» газетінің редакторы болып істеген. «Алдымыздағы мақсатымыз», «Оқытушылар мен кәсіпшілер қозғалысы», «Оқу қызметкерлеріне жолбасшы», «Жаңа әліппе» деген еңбектердің авторы. Газетті 1922 жылдың қаңтар айында ғана басқарған Ә.Байділдин қуғын-сүргін құрбаны болып, 1931 жылы 21 сәуірде атылған.

Бейімбет Майлин

(1894-1938) мұ­ғалім бола жү­ріп «Қазақ», «Ауыл» газет­те­рі мен «Айқап», «Садақ» жур­нал­­да­­рына ма­қа­ла, әңгіме жа­зып тұр­ған. Б.Май­лин «Еңбекшіл қазаққа» «Еңбек туы» болып тұрған кезден-ақ қызметкер, бөлім меңгерушісі, хатшысы, редак­то­ры болған. Б.Майлин газетті 1922 жылы басқарған. 1923-1925 жыл­дары Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетін шығарған. 30-шы жылдары «Ауыл тілі», «Қазақ әде­­­биеті» басылымдарының бас редак­торы болып істеген.

 

(Жалғасы бар)