• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Маусым, 2019

Ән мен күйге бөленген Тобыл-Торғай

1405 рет
көрсетілді

Торғай даласы мен Тобыл жағасы Ғафу ақын айтқан «тарихтың қойып кеткен арбасындай», халқымыз басынан кешкен талай тарих­тың куәсі ғана емес, өнердің де ордасы болған жер. Торғай өңіріндегі әрі жырау, әрі күйші, әнші өнерпаздар Уақ Жұмабай, Қарпық Шолақұлы, одан бері Ахметбек Әбіқаев, Жүсіпбек Салықов, Қашқынбай Қазұлы, Нұрхан Ахметбеков, композиторлар Бақытжан Байқадамов, Болат Хамзин, қобызшы Қажыбек Әбенов, Абай Байтоғаев, олардың ізі композитор, әншілер Қалибек Дербісалдин, Бақытжан Сәуекенов, Гүлнар Үсенова, жырау Нағашыбай Алпысов, тағы басқалар болып кезең-кезеңімен жалғаса береді. Ал Тобыл өңірінде өткен Басықараның Қанапиясының өзі неге тұрады? Ақындығымен қатар бірнеше әні қалған Нұржан Наушабаевтың, ән атасы Әбілахат Еспаевтың, Ехсан Есетовтің, әншілер Мұхамеджан мен оның баласы Байғоныс Мұхамеджановтың қазақ ән өнеріне қос­қан үлесі аз емес. Қазақ театр өнерінің пайғамбарлары туралы сөз бөлек.
Тобыл-Торғай өңірінде өткен аспандағы аққуға үн қосқан әнші­лер мен домбыраның құлағында ойнаған күйшілерді, арғы-бергі өнерпаздарды тізбелеп отыр­ға­нымыз, уақыттың қандай зұл­матын көрсе де, рухани ашық­па­ған ата-бабаның ішкі рухы да мықты болғанын, сынбағанын айтқымыз келген еді. Қазақтың көңілін ұлы даланың самал же­лін­дей желпіген, адамгершілік пен иманның, зиялылықтың қазы­ғына айналған рухани­ дү­ние­ні бүгін жалғап, оған қызмет етіп жүрген мәдениет пен өнер­ саласы қызметкерлерінің еңбе­гі қалай ұлықтаса да лайық. Елі­­мізде биыл сегізінші рет ата­­лып отырған Мәдениет жә­не өнер қызметкерлерінің кү­ні­не орай «Өнеріміз саған, Қа­зақ­стан!» атты ХХХIII об­лыс­тық көркемөнерпаздар фести­валі және «Рухани қазына» республикалық форумының облыстық деңгейі өткен Қостанай қаласындағы мың адам сыятын, зәулім Жастар сарайында ине шаншар орын болған жоқ. Бұл фестиваль облыс қалалары мен аудандарының барлығында өтк­ізіліп, 4000-нан аса өнерпазды қамтыған думан мәресіне жет­ті. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­т­ың «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасын іске асыру шең­берінде облыста да ұлттық өнер мен мәдениетті дамытуға үлкен мүм­кіндіктер жасалды. Жылдағы дәс­түр бойынша «Жас тұлпар» мек­теп оқушылары айтысы, «Ға­сырлар пернесі» ансамбльдер фестивалі, «Алтын микрофон» халықаралық ән байқауы, «Джаз-бомонд» халықаралық джаз фестивалі өтіп, жаңа есім­дерді танытты. Қостанайда өт­кен республикалық ақындар ай­тысы елдің рухын көтерді. Қос­танай жерінде халықаралық ди­рижерлер форумы, алғаш рет «Наурыз дос­тарын шақырады» халықаралық би өнерінің фестивалі өткізілді. Әдетте, өнер де, мәдениет те қолдауды сүйеді, соның арқасында өркенін жаяды. Мұндай қолдауды өнерпаздар жер­гілікті атқарушы органдар, әкім­діктер тарапынан ылғи да сезініп келеді.

– Өміршең жобалар арқылы біз өскелең ұрпақ жадына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, әлемдік деңгейде өнер көрсетуге қабілетті жас­тарды тәрбиелейміз. Өнер адамдарына, соның ішінде шығармашыл жастарға қолдау көрсету мақсатында бүгінгі ша­ра өтіп отырған Жастар сарайы бой көтерді. Демеушілер қара­жа­тына салынған бұл ғимарат соңғы үлгідегі дыбыс және жа­рық құралдарымен, оркестр қа­­зандығымен жабдықталған. Ен­ді біздің өнерпаздарымыз ха­лық­аралық талаптарға сәйкес жаб­дықталған сахнада өнер көрсететін болады. Өткен жы­лы облыстағы мәдениет нысандары­ның жөндеу жұмыстарына об­лыстық және жергілікті бюд­жет­терден 545 миллион теңге жұм­­салды. Ал жалпы мәдениет ошақ­­тарының материалдық базасын ны­ғайту үшін 1,3 миллиард тең­­ге бағытталды, бұл бұрнағы жыл­­дармен салыстырғанда 3 есе көп, – деді облыс әкімі Архимед Мұ­хам­бетов. 

Осыған сәйкес мәдениет орын­­­­дары «Рухани жаң­ғы­­ру»­ бағдарламасы қойған тап­­сыр­малар үдесінен шығу үшін ізде­ніспен жұмыс істейді. Жақын­да Нұр-Сұлтан қаласында өткен II республикалық «Рухани қазына» форумында Лисаков қа­лалық тарихи және Жоғары То­был мәде­ниеті музейі қалалық музейлер ара­сында үздік атанды. 

Халық көркемөнерпаздар шы­ғар­машылығы ауыл-қаланың мә­дени өмірі қазығының бірегейі десек артық емес. Қазір облыс өңі­­рінде 277 мәдени-демалыс ұйы­мы жұмыс істейді. 1632 шы­ғармашылық құрылымда 22 мың адам сүйікті ісімен айна­лысады, өнерін ұштайды. 63 өнер ұжымы «Халықтық» деген жо­ғары атақ­қа ие болған. Өт­кен жылы 19 шығармашылық ұйым, 62 қостанайлық талантты өнер­паз Қазақстандағы, алыс-жа­қын шетелдердегі фестивальдар мен байқауларға қатысып, 80 жүл­­­делі орынды қанжығалады. Соның ішінде 8 Гран-при сый­лығы бар. Мысалы, биыл Гаухар Рүстемқызы Алматыда өткен Ұлт­тық әндер байқауында жеңім­паз болса, кішкентай Аялан Мұ­қа­нов Фран­циядағы француз тіл­ді әндер бай­қауынан бірінші жүл­демен оралды. 

Жыл бойы жүргізілген жұ­мыс­тарды саралай келгенде, Әу­лие­көл ауданының мәдени ошақ­тары мен шығармашылық ұйымдары ХХХIII фестивальдың Гран-при жүлдесін алды. Бірін­ші орынға Рудный қаласы мен Қостанай ауданы, екінші орынға Арқалық қаласы мен Жітіқара ауданы, үшінші орынға Федоров және Қарабалық аудандары лайық деп табылды. 

– Біз ауданда клубтар мен кі­тап­хана жұмысына ерекше көңіл бөлеміз. Бұл орайда ауыл шаруа­шылығы саласындағы кә­сіп­керлер – біздің арқа сүйе­ріміз. Мысалы, Москалев ауы­лын­­­дағы клубқа осы аттас ша­руа­шы­лықтың басшысы Зей­нолла Жаңбыршинов ағамыз бар­лық жағдайды жасайды, көмек бе­реді. Осы ауылдағы «Адиэльта» би ансамблі аудандық би бай­қауынан бірінші орын алды. Өткен жылы «Ең үздік клуб» облыстық байқауында Құсмұрын поселкесіндегі клуб екінші орынды алған еді. Енді байқауға мос­калевтіктер қатысқысы келіп отыр, – дейді Әулиекөл аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жібек Тоқаева. 

– Ауыл балалары, жастары үшін клуб, кітапхана нағыз тәрбие ошағы. Онда балаларға арналған түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Кәнігі музыка, би мамандары бар. Менің бір байқағаным, ауыл балалары теледидарға, компьютерге таңылмай клубқа жүгіреді. Үйірмелерде жан-жақты жұмыс­тар жүреді, қаланың баласы, жас­та­ры шыққан деңгейден ауыл­да­ғылар да қалыспайды, соған қуа­­намыз, – дейді Москалев ауы­лы­ның тұрғыны Күнсұлу Құдай­бер­генова. 

Облыстық ХХХIII халық шығар­машылығы фестивалі өңірдің жыл тәулігіндегі мәде­ниет пен өнер өрісін осы­лай ба­­ғамдап, бағалады. Е.Өмірза­қов атындағы облыстық филар­мо­­ния­ның дәстүрлі әншісі Ма­нап­бек Қадыров пен облыс­тық тарихи және өлкетану му­зейі­нің­ ғылыми қызметкері Га­ли­на Сатал­кина Мәдениет және спорт министрлігінің

«Мә­­дениет сала­сының үздігі»  төсбелгісімен ма­ра­патталды. Сон­дай-ақ облыс әкімі Архимед Мұхамбетов сала­ға еңбегі сіңген қызметкерлер мен өнерпаздарға, ұжымдарға ми­нистр­дің, облыс әкімінің мақтау қағаз­дарын, сыйлықтар тапсырды. Мереке ән мен күйге бөленді. 

ҚОСТАНАЙ