Маңызды жиынды ашып сөз сөйлеген «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Нұртай Әбіқаев қордың басты бағыты – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, әлем қазақтарын бір шаңырақ астына топтастыру және сырттағы қазақ диаспорасы бойынша елмізде толыққанды мемлекеттік саясатты қалыптастыру екенін атап өтті.
Келесі кезекте қордың алдағы жұмыс жоспары жайлы баяндама жасаған «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов мырза бүгінгі күні шетелдердегі қандастарымыз саны 7-8 миллионды құрап отырғанын айтты. «Бұл шамамен бар қазақтың 30 пайызы. Сондықтан да «Отандастар қоры» КеАҚ өз жұмысын жобалық кеңсе форматында қызмет көрсетудің бірыңғай операторы ретінде ұйымдастырады. Соның бір саласы – тез арада диаспоралық саясат бағдарламасын әзірлеп, жинақталған мәліметтерді жүйелендіріп, қосымша зерттеулер жүргізу қажет», деді ол.
Ол үшін қазақ диаспорасын мемлекеттік қолдау туралы заң қажет. Естуімізше ол құжат дайындалып жатқан сыңайлы. Осы заң негізінде «Қазақ картасын» енгізу көзделуде көрінеді. Яғни, бұл жоба іске асса, шетелдегі бауырларымыз Қазақстан аумағында бизнеспен айналысуына, меншік иесі болуына, заңды түрде жұмысқа тұруына, тегін білім алуына, медициналық қызмет жүйесін қолдануға толық мүмкіндік туады.
Тағы бір жаңалық қор жанынан «Байланыс-орталығы мен қоғамдық қабылдау бөлмелері» жұмысын бастап кетіпті. Мұндағы мақсат – барлық ақпарды шоғырландырып, елге оралған немесе оралушы ағайындарға ақпараттық, құқықтық кеңес беру, қажет жағдайда көмек көрсету мәселесін шешу. Бұл жұмыстар «бір терезе» қағидасы арқылы – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Ішкі істер министрлігінің жұмыстарын үйлестірумен іске аспақ.
Бұдан бөлек «Отандастар қоры» КеАҚ веб-сайты іске қосылып, сонымен қатар диаспоралық саясатты қолдау мақсатында «Keńes» штабы арқылы ашық диалог алаңы және шетелдегі қазақ жастары үшін «Jas Qazaq» клубы құрылмақ. Бұл құрылымның міндеті – жас буынға қазақтың тілі мен дәстүрін үйрету екен. Оны іске асырудың жолдары: қашықтықтан интерактивтік сыныптар ашу; тіл үйретуге арналған мобильды қосымшалар жасау; қазақстандық оқу орындарымен бірлесіп қазақ тілі мұғалімдеріне арналған интернет платформа құру; методологиялық құрал әзірлеу, т.б.
Келесі бір іргелі жоба – шетелдегі қазақтар үшін «Qazaq úui» және «Абай» мәдени орталықтары, «Атамекен» іскерлік үйлерін ашу. «Осы арқылы қандастарымызға қазақ ұлтының қадір-қасиетін, салт-дәстүрін бойына сіңіреміз», дейді жиынды ұйымдастырушылар.
Айта берсек әңгіме көп. Мұның бәрі іске асса шын мәнінде диаспора саясатының көші түзелері сөзсіз. Мысалы, қор «Бизнес және инновацияларды дамыту» бағытын көздейтін «Saýda» штабы арқылы қазақ диаспорасы мен қазақстандық бизнес өкілдерінің іскерлік байланыстарын орнатуға ықпал етпекші. Осы ретте: «Отандастар» бизнес инкубаторы арқылы ұлттық нақыштағы өнім өндірушілерді қолдау; қандастар арасынан дарынды азаматтардың бизнес-идеялары мен инвестициялық жобаларына қолдау көрсету, т.б.
– Бұл жұмыстар шетелдерде құрылатын «Атамекен» қазақ іскерлік үйі желісі негізінде «Самұрық-Қазына», «Қазақ туризм», «Қазақ инвест», «Атамекен» палатасы сияқты қаржы институттарының араласуымен атқарылады, – дейді Мағауия Қанапияұлы. Ең бастысы, жоғарыда атап өткеніміздей еліміздегі диаспора саясатын арттыру мақсатында Үкіметтің жанынан ведомствоаралық комиссия құрылып, оның жұмысы вице-премьер деңгейінде қаралмақ.
Жоғарыда айтып өткеніміздей қордың негізгі жұмыс жоспары жайлы толық мағлұмат алған Қоғамдық комиссия мүшелері өздерінің пікірлерін білдірді. «Қазақстан заңгері» РҚБ төрағасы Серік Ақылбай жаңадан қабылдануы тиіс құқықтық құжаттарды уақыттық һәм заңдық тұрғыдан жетілдіру үшін дөңгелек үстел өткізіп, тақылау қажеттігін алға тарса, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сырттағы қазақ қаламгерлер туындысын барша қазақ оқырмандарына ортақтастыру жолын қарастыруды ұсынды.
Сол сияқты өз кезегінде құнды ойларын ортаға салған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, басталған игі іске сәттілік тілесе, танымал дипломат Қайрат Лама Шариф Білім және ғылым министрлігі еліміздегі ЖОО-да оқитын диаспора санын 4 мыңнан 7 мыңға көтергенін құптап, келер жылы болатын Абайдың 175 жылдық мерейтойы шеттегі қандастарымыз үшін де ортақ қуаныш боларына сенім білдірді. Қоғамдық комиссияның алдағы отырыстарда оралмандарды қабылдауға тиіс 7 облыстың дайындық шарасын талқылауды ұсынды.
Жиын соңында елімізге танымал, ғалым, қайраткер, депутат, заңгер, кәсіпкер және оралмандарға қатысты тіркелген қоғамдық бірлестік басшыларынан құрылған Қоғамдық комиссия мүшелері өздеріне төраға ретінде сенатор Мұрат Бақтиярұлын сайлады. Жаңадан сайланған басшы әріптестеріне рахмет айта отырып, кешікпей жұмыс жоспарын түзуді, әсіресе алда қабылдануы тиіс қазақ диаспорасын мемлекеттік қолдау туралы заң жобасына қатысты талқылаулар ұйымдастырып, қазіргі таңда түйіні шешілмей келе жатқан мәселе – оралмандарды құжаттандыру бойынша Ішкі істер министрлігінің жұмысын оңтайландыруды қолға алу қажет екеніне тоқталды.