Бейсенбі, 2 мамыр 2013 2:01
Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Түркістан осылай туған» деп аталатын очерктер циклын біреу білсе, біреу білмес. Қазақ әдебиетіндегі тың туралы тандаулы шығармалардың бірінен саналатын осы дүниесінде кемеңгер жазушы Жамбыл облысына қарасты Сарысу ауданындағы Түркістан ауылының жаңа тыныс-тіршілігі туралы кеңінен толғанған.
Бейсенбі, 2 мамыр 2013 2:01
Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Түркістан осылай туған» деп аталатын очерктер циклын біреу білсе, біреу білмес. Қазақ әдебиетіндегі тың туралы тандаулы шығармалардың бірінен саналатын осы дүниесінде кемеңгер жазушы Жамбыл облысына қарасты Сарысу ауданындағы Түркістан ауылының жаңа тыныс-тіршілігі туралы кеңінен толғанған.
Біздің кейіпкеріміз Латиф Айдаров сол дара тұлғаның табаны тиген ауылда дүниеге келген. Бүгінде оны күрдтердің Қазақ еліндегі жан-жағына жапырақ жайып, жайқала өскен мәуелі бір дарағы десек те болады. Кеңестік саясаттың пәрменімен Түркістан кеңшары «тың өлкесі» санатына қосылып, оны игеру туралы ұран көтерілгенде қазақтармен бірге көптеген орыстар, немістер, күрдтер де үн қосқан. Сондықтан болар, шалғайдағы қалың қазақ қоныс тепкен ауылдың төрінен орыс орта мектебі шаңырақ көтерді. Кейін заман талабына сай одан да үлкен, тіпті, спорт залына дейін бар жаңа мектептің ғимараты салынды. Бүгінде «Қазақстан күрдтері «Барбанг» ассоциациясының облыстық филиалының төрағасы, «LL» өндірістік-сауда кешені» ЖШС-ның директоры Латиф Әмзеұлы Айдаров сол мектепте орыс тілінде білім алды. Қал-қадерінше неміс, француз, ағылшын тілдерін үйренді.
Тарихқа көз жүгіртсек, күрд этносы қазақ жеріне кеңестік қатаң режімнің тұсында, сталиндік жазалау мен қуғын-сүргін кезінде кезең-кезеңмен, бірінші рет 1937 жылы, екінші рет 1939 жылы «жер аударылды». Ол кезде Латифтің әкесі Әмзе бар болғаны 15 жаста еді. Әкесінің туған жері бүгінде тарихта Таулы Қарабақ деген атпен белгілі. Содан 1939 жылы екінші этаппен келген күрдтердің біразын Алматы облысына, енді біразын Жамбыл облысының Шу ауданына, енді бір бөлігін Талас ауданындағы «Қаратау» кеңшарына, Қасқабұлақ елді мекеніне, Сарысу ауданындағы «Түркістан» кеңшары мен оның бөлімшесі Буденовка ауылына бөліп-бөліп орналастырады. Қазір Латифтің кіндік қаны тамған шағын ғана Буденовка ауылы Арыстанды деп аталады.
Латифтің әкесі күрд ұлы болса, анасы орыс қызы Анастасия Лобастова 1941-1945 жылдары қан-қасап соғысқа қатысып, неміс фашистеріне қарсы ерлікпен шайқасқан жауынгерлерді дәрігер ретінде емдеуге атсалысқан ақ желеңді абзал жан еді. Мамандығы дәрігер болған соң, сол кездегі саясаттың нұсқауымен алыстағы ауылдардың біріне қызметке жіберілген болатын. Міне, осы жерде Анастасия Латифтің әкесі Әмземен танысып, тұрмыс құрды. Олардың отбасында бірінен кейін бірі 5 нәресте өмірге келеді. Яғни, Латифтің өзінен үлкен екі әпкесі және өзінен кіші бір інісі мен бір қарындасы бар. Күрдтер қазақ жеріндегі Қаратау сынды таулы өңірге келгенде, алғашқыда өз жеріне келгендей сезімде болыпты. Кейін таулы өңірдегі қазақтармен туыс болып кеткендері сонша, сол ауылдағы күрд – қазақ тілін, ал қазақ – күрд тілін жақсы меңгеріп алған.
Күрдтер қазақтарға дін жағынан да жақын. Олардың көптеген бөлігі сүнниттер қауымына жатады. Бүгінде әлемдегі жалпы саны 40 миллионға жететін күрдтер өзінің тамырын тереңге, құлашын кеңге жайған деуге болады. Олардың дені негізінен Иран, Түркия, Сирия және Ирак елдерінде тұрады. Еуропа елдерінде де көптеген күрдтер өмір сүріп жатыр. Сондай-ақ, Қазақстандағы күрдтер де өздерін елдегі бақытты, тату-тәтті өмір сүріп жатқан басқа этностармен терезесін тең санайды.
Жамбыл өңірінің өзінде 20 мыңнан астам күрд өмір сүріп, жемісті еңбек етуде. Ұл-қыздары Қазақ еліндегі жоғары оқу орындарында білім алуда. Белгілі спортшылары да баршылық. Олар әлем, Еуропа чемпиондары. Білімді, зиялы тұлғалары да көп. Белгілі ғалым, академик Нәдір Нәдіров, мысалы, біздің кейіпкеріміз дүниеге келген Буденновка ауылында кіндік қаны тамған азамат. Бірақ ол кісінің отбасы кезінде Қаратауға, одан Оңтүстік Қазақстан облысына, кейін Алматыға қоныс аударған.
Латиф Әмзеұлының отбасылық альбомында тарих қасіретін қаз-қалпында көз алдыңа әкелетін бір сурет бар. Онда Қазақстанға «жер ауып» келген күрд халқының өкілдерін пойыздан түсіріп жатқан кез бейнеленген. Міне, тарихи деректі айна-қатесіз көрсететін сол суретте бүгінде Қазақстандағы «Барбанг» күрд ассоциациясының құрметті президенті, академик Нәдір Нәдіров бес жасар бала бейнесінде балшық пен лай суды кешіп келе жатыр.
– Мұның бәрін неге айтып отырмын? – дейді Латиф Әмзеұлы. – Өйткені, Қазақстандағы күрд этносының бүгінгі шат-шадыман тұрмысы, ғылым мен білімдегі жетістігі, бизнестегі табыстары, бәрі-бәрі қазақ деген кең жүректі халықтың өзге ұлттар мен ұлыстарға деген достық сезімінің арқасы. Мен әлемде қазақтардай достарға құшағы ашық халық жоқ деп білемін. Қараңыз, 130-ға жуық ұлттар мен ұлыстардың өмірін, еңбегін, бақытын қамтамасыз етіп отыр. Маған «Қазақ тілін білесің бе?» деген сұрақты көп қояды. Дәл осы сұрақты маған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы да қойды. «Әрине, білемін, өйткені Қазақстан менің туған елім ғой» деп жауап берем мен. Міне, осы жауаптан кейін кез келген қазақпен әңгімем жарасып жүре береді. Мен бүгінде Күрдістанды менің отаным деп айта алмаймын. Менің отаным – Қазақстан, менің Отаным – өзім өмірге келген Арыстанды, Түркістан ауылдары деймін. Басқа отан менде жоқ. Ал қазақ тілі мен үшін туған тілімдей болып кетті. Барлық қазақтар мен үшін құда. Өйткені, сүйікті қызым қазақ жігітіне тұрмысқа шықты.
Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың арасында ежелден-ақ бір-біріне деген бір атаның баласындай ерекше бір құрмет қалыптасқан. Мысалы, күрдтер қазақ халқының әнін айтып, биін билеп, күйін тартуға құмар. Тараз қаласында Хамза деген атақты домбырашымыз бар. Ол бүгінде қалалық ауруханада дәрігер. Сол күрд ағайынымыз домбыраны кез келген қазақтан кем ойнамайды. Міне, осының бәрін Қазақ еліндегі қазіргі татулықтың, ауызбіршіліктің, достықтың көрінісі деп білемін. Біздің күрд ағайындар ылғи: «Бізді басқа емес, қазақтай дарқан елдің жеріне келуімізге жәрдем берген Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне мың да бір рахмет», деп тәубесін айтып, дұғасын оқып отырады…
Латифтің сөзінің шындығына анасы туралы айтқан кезде көзім анық жете түсті. Өйткені, оның анасы орыстың сонау ну орманы арасынан қазақ даласының бір қиян түкпіріне алғаш рет келген кезде оған қазақ Жұмағұл Ақатовтың отбасы пана болыпты. Яғни, сол үйдің отанасы ана орнына ана болса, отағасы әке орнына әке болған. Ал өзі сол үйдегі Жұмағұл ақсақалдың сүйікті қыздарының біріне айналып кеткен. Тіпті, ауыл тұрғындары Анастасияны «Жұмағұлдың қызы» деп атайтын болған. Латиф болса, Жұмағұлды бүгінде туған нағашы атасындай сағына еске алса, оның ұрпақтарын туған нағашы бауырларындай жақсы көреді. Ал Латифтің әйелі Людмила Шлетгауэр болса, неміс қызы. Ендеше, осы бір мәуелі де мамыражай отбасын достықтың алтын ұясы деп қалайша мақтан тұтпасқа!
Қазақтарда «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» деген мақал бар. Латиф туған ауылындағы орта мектепті үздік бітіргеннен кейін Шымкенттегі химия-технология институтын тәмамдайды. Содан бері не қызметтен, не лауазымнан кенде қалған тұсы жоқ. Білімі мен білігіне қарай ылғи жауапты қызметтерде істеді. Бизнесті де алғашқылардың бірі болып бастады. Сөйтіп жүріп, ірі жобаларға қол жеткізді. Бүгінде оның жиһаз жасаумен айналысатын үлкен фабрикасы, думанханалар кешені, салтанатты жиындарды ауа шарларымен безендіретін компаниясы бар. «Шармен безендіру» бизнесін кейбіреулер менсінбейді, бірақ бұл еліміздегі өте сирек кәсіп болғандықтан, табысы да мол екенін ұмытпау керек. Латифтің компаниясы, сондай-ақ, құрылыс жұмыстарымен де айналысады. Егер Қазақстанда осының бәрін жасауға мүмкіндік берілмеген болса, Латифтің айтқанының бәрін өтірік деуге болар еді. «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасының облыстық филиалын басқара жүріп, Қазақстанда бизнесті дамытуға барлық мүмкіндіктер бар екеніне Латифтің өзінің де көзі анық жеткен.
– Мысалы, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын алыңыз. Осы бағдарлама бойынша 14 пайызбен несие алсаң, үкімет оның 7 пайызын өзі төлейді. Сонда бұл бизнесменге 7 пайызбен несие беріліп отыр деген сөз емес пе. Мысалы, мен 12, 5 пайызбен несие алып, үкімет оның 7 пайызын «кесіп» тастап еді, қазір 5 пайыз ғана төлеп отырмын. Мұндай қамқорлықты басқа елдерден іздеп таба алмайсың. Бұл –Елбасының кәсіпкерлерге деген үлкен қамқорлығы. Мұндай қолдау Ресейде де бар, бірақ дәл біздікіндей емес. Елбасының шағын және орта бизнесті тексеру жұмыстарына әрдайым мораторий жариялап отыруы да нағыз жанашырлық. Елдің тұрмысын жақсарту, бизнесті дамыту үшін жасалған мұндай қамқорлыққа рахметтен басқа не айтуға болады, – дейді Латиф.
Латиф бизнеспен сонау 1988 жылдан бері айналысып келеді. Ең қиын кездерді басынан өткерді. Ол кезде адамдардың бәрі бірдей «бизнес» деген сөзді әлі түсіне қоймаған. Ал қазір ше? Қазір бәрі түсінікті, бәрі бар, бәріне мүмкіндік жасалған.
Күрд тіліндегі «Барбанг» сөзі қазақ тілінде «Шығыс» деген мағынаны білдіреді. Облыстағы «Барбанг» этномәдени бірлестігі елдегі достықты насихаттауда өте үлкен жұмыстар атқарып отыр. Олар осы өңірдегі барлық күрд азаматтарын паспорттауды аяқтап қалды. Онда «Кім қанша жаста?», «Кім қанша тіл біледі?» дегеннен бастап, күрд этносына қатысты барлық деректер қамтылған. Міне, осы деректер бойынша облыстағы күрдтердің 90 пайызы қазақ тілінде еркін сөйлейтіні белгілі болған. Күрд этномәдени бірлестігі Ташкенттен, Түркістаннан, Алматыдан қонақтар шақырып, Тараз қаласында үлкен салтанатты жиын өткізді. Оған күрд халқының ең танымал әншісі, Шығыс пен Батысқа, тіпті, Америкаға да концерттік бағдарламалармен шығып жүрген Шван Парвар атты аты аңызға айналған азаматының өзі келді. Бір концерті кем дегенде 50 мың АҚШ доллары тұратын осы әнші «Сізді Жамбыл облысындағы 20 мың күрд ыстық ықыласпен шақырып отыр» дегенді естіп, тегін концерт қойып беріп кетті. Бір таңғаларлығы, Шван Парвар ұлы ақындар Абайды, Пушкинді, Лермонтовты, дана жазушылар Толстой мен Айтматовты күрд тілінде жатқа оқиды екен. «Соғыс және бейбітшілікті» түгелге жуық жатқа айт десеңіз жатқа айтуға бар. Сонымен бірге, ол ағылшын, неміс, француз тілдерін де еркін меңгерген. Қазақстанға да, қазақ халқына да рахметін айтып, тарихи қаладағы Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун, ежелгі Қали Жүніс моншасы сияқты тарихи орындарды аралап, риза болды.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Жолдауда «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» деген бөлім бар. Сонда «Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі» деп жазылған. Жаңа қазақстандық патриотизм деген не? Бұл сауалға Елбасының: «Болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды. Мемлекеттің басты міндеті де осы. Азаматтар мемлекетке болашақ бар болса, даму үшін, жеке және кәсіби тұрғыдан өсу үшін мүмкіндіктер болса ғана сенім артады. Мемлекет және халық мұны сезініп, бірлесіп жұмыс істеуге тиіс. Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады», деген сөзімен жауап береміз.
Біз мұндай жаңа қазақстандық патриоттық сезімді Латифт Әмзеұлының әңгімесінен де ұқтық. Ол жан-тәнімен өзінің жаңа қазақстандық патриотизмді қолдайтын, құрметтейтін азамат екенін көрсетті және көрсете де береді. Өйткені, біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс. Егер біреуге этностық белгісі бойынша қысым жасалса, онда бүкіл қазақстандықтарға қысым жасалды деп есептеу керек. Ешқандай этносқа ешқандай артықшылық болмайды және болмауға тиіс, барлығының құқықтары мен міндеттері бірдей. Міне, осының бәрі «Қазақстан-2050» Стратегиясында айқын жазылған.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.
Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.