• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Маусым, 2019

Қазақ ғылымы қашан жасарады?

2316 рет
көрсетілді

Биыл елімізде Жастар жылы жарияланды. Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпованың мәліметінше, Қазақстанда 35 жасқа дейінгі 7 мыңнан аса ғалым бар. Бұл елдегі 22 мыңнан аса ғалымның 32 пайызын құрайды. Қазақ ғылымындағы жас ғалымдардың үлес салмағын көбейтуге не кедергі?

Ғылымға насихат жетіспейді

Ғылым – ХХІ ғасырда дамушы елдің экономикасын, ха­лық­тың әл-ауқатын, табысын көтерудің кілті. Десек те, елі­мізде ғылымның айналасында күр­меуі қиын түйткілдер жетер­лік. Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің 0,13%-ы ғана ғылымды қаржыландыруға бөлінеді. Дамыған елдерде 3 пайыз, тіпті кей мемлекеттерде 5-6 пайызға дейін жетеді. Бұл – біраздан бері көтеріліп келе жатқан мәселе.

Осыдан-ақ ғылымға қан­шалықты көңіл бөлініп отыр­ғанын болжай беруге болады.

Жас ғалым Бейбіт Әбді­ке­нов бұдан бөлек тағы бір түйт­кілдің басын ашып берді. «Жастар жылының аясында жас ғалымдардың жобаларын қаржыландыру 3 млрд теңгеге ұлғаймақ. Бұл жылдың екінші жар­тысында іске асады. Ал был­тырғы желтоқсанда сол кездегі Премьер-министр Бақытжан Сағын­таевпен кездесіп, ғылым­дағы күрмеуі қиын мәсе­лелер­ді ортаға салдық. Мұндай қабыл­дау бұрын болмады. Бірақ мем­лекеттің қаржы бөліп, үкі­меттің диалогқа түсіп жатқаны жет­кіліксіз. Қазақ ғылымының насихаты кем, тіпті жоқтың қасы. Қазір отандық арналарда ғалымдардың еңбегін көрсе­тетін, ғылым туралы сараптама жасайтын бағдарлама бар ма?», дейді Б.Әбдікенов. Оның ай­туынша, дамыған елдерде кіш­кентай ғана жетістікті журналистері мүмкіндігінше жарқыратып көрсетеді. Бізде бұл – кемшін. Ал БАҚ насихаттың көзі, жаңалықтың өзі ғой.

Кеш қаланған іргетас

Әлемде ғылым жастардың жолына айналып келеді. Қазақ­стандық жастарды біз 35 жасқа дейінгі ғалымдардың санымен өлшеп отырмыз. Алайда дүние жүзі­нің дамыған елдерінде соң­ғы ғылыми жаңалықтарды 20 жасқа дейінгі ғалымдар ашқан. Бананның қабығынан биопластик ойлап тапқан 16 жастағы түрік қызы Елиф Билгин, 15 жасында мобильді қосымша ойлап тауып, оны атақты «Yahoo» компаниясына 30 миллион долларға сатқан британдық Ник д’Алоизио, алып мұхиттарды қоқыстардан тазар­татын жүйені іске қосқан нидерландық өнер­тапқыш Боян Слат, тағысын-тағы. Тізімді толассыз жалғастыра беруге болады. Неге бұл қатарда қазақ балалары төбе көрсетпейді? Себебі бізде балабақшадан бастап, мектеп, колледж, университеттегі бакалавриат, тіпті магистратура тек білім береді. Бұл ғылым емес. Ал шетелде ғылым балабақшадан басталып, мектепте жалғасып, колледжде-ақ жемісін бере бас­тайды. Мәселен, АҚШ-та баласы мектептің даярлық сыныбына барған әріптесіміз Мұрат Есжан ұлының өте қарапайым болса да, ғылымның ұшқыны бар, бір нәрсені ойлап табуға итермелейтін тапсырмаларды көп орындағанын айтады.

Жоғарыда біз мысал еткен елдер ғылымының жас болатын себебі – ғылымға баулу балалық шақтан басталуында екен. Біздегі тағы бір кедергі – балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақ­ша журналдардың жоқтығы. «Ойла» атты жалғыз ғылыми жур­нал бар. Одан басқа «National Geographic» журналының қазақ­ша нұсқасы шығады. Бірақ бұл басылым балаларға арналған деуге келмейді. Ғылыми жаңа­лықтар мен жетістіктерді қызық­ты да жеңіл жеткізетін бірді-екілі «Ұлан» секілді газеттер бар. Ал «Бала­панның» орны бір басқа. Соң­ғы уақытта «+ Шек­сіздік», «Жас ғалым» секілді бағдар­лама­лар қолға алынды. Алайда бала дамуын – болашақ мәселесін тек бір теле­арнаға ысырып қоюға бола ма?

Ғылымның іргетасы бізде кеш қаланады. Ең қиыны, бұл – біз үшін қалыпты құбылыс. Ол өз кезегінде кейінгі қадамдарды кешіктіреді.

Магистратура ғылым ба, әлде біліктілік пе?

Қазақстанда магистратура – ғылымның бастапқы қада­мы. Бірақ оны қазір қоғамда ғылым­ның бастауы деп емес, тек білік­тілік ретінде қабылдау белең алды. Неге? Өйткені айлығың көбейеді. Оған қоса талап сондай: магистр деңгейінсіз кейбір мекемелер жұмысқа алмайды. Білім және ғылым вице-министрі Ф.Жақыпова: «Магистратура –  акад­емиялық дәреже. Сондықтан магистр-ғалым деуге келмейді. Ал біліктілікке қатысты мәселені білім беру саласынан емес, жұ­мыс беруші тараптан сұрау керек», дейді. Иә, әр маманның мақсаты – еңбек нарығында сұра­нысқа ие болу. Бірақ осы мақсат ғылымның дамуына, жастардың қызығушылығына, қоғамның ғылымға деген оң көзқарасына көлеңке түсіріп тұрған жоқ па?

Мемлекет 2018 жылы 13220 грантты тек магистратураға бөл­­ді. Енді ойлаңыз, орта есеппен жыл сайын 10 мың магистр дайындалады. Оның әрбіріне жылына 700 мың теңгеден аса стипендия тағайындалады. Сон­да жылына шамамен 70 млрд теңге магистр даярлауға ке­те­ді. Шетелдерде, айталық Англияда «жас ғалым», «докторант» мәр­­те­бесін иеленуге магистр дәре­жесінің болуы міндетті емес. Нақты ғылыми жобаңыз болса, белгілі бір университеттің про­фессоры жетекшілік етуге келіссе, әлеуетіңіз жетіп тұр­са, бакалаврдан кейін-ақ док­торантураға жол ашық. Бұл – жастардың ғылымға келетін жо­лын кемі 2 жылға қысқартады деген сөз. Ал бізге бұл ба­ғытты енгізу үшін бүкіл жүйе­ні өзгер­туге тура келеді. Егер, мұндай қадамға барар болсақ, бұл жыл сайын 70 млрд теңге үнемдеуімізге жол ашар еді. Ал, үнемделген қаржыны жас ғалымдарға беруге болмас па?!

Ғылымға жету – ұзақ жол

Жарайды, магистратураны бітірген жыл сайынғы 10 мың адамның ең болмағанда 5 мыңы ғылым жолына түсуді мақсат етеді делік. Бірақ неге нәтиже жоқ? Неліктен магистратураны тәмамдағандардың басым бөлігі докторантураның грантына таласпайды? Өйткені қолында магистрлік дипломы бар маманда екі жол тұрады: ғылым немесе өндіріс. Докторантураға түскендерге айына 80 мың теңге стипендия беріледі. Ол 25-тен асқан адам. Оның отбасы болуы мүмкін, болмағанның өзінде 80 мың теңге болашағы үшін қор жинай жүріп оқуға, яғни ғылыммен толық айналысуға жетпейді. Сондықтан қосымша жұмыс іздейді. Бұл ғылымға көп болса, 30 пайыз уақытын бөледі дегенді білдіреді. Енді таңдауда тұрған екінші жол қандай? «ҚазМұнайГаздың» өнді­рісіне еңбекке кіріскен қыз­меткер 500 мың теңгеге дейін табыс табады. Яғни әлеуеті жо­ғары, білікті маман екі жол­дың қайсысын таңдайтыны белгілі. Олай болмаған күннің өзінде отбасылық немесе жеке бюджетін біржақты етіп, қор жинап алған­нан кейін ғылымға қайта бет бұруы мүмкін. Ал бұл кезде маман кемі қырыққа тақап қалады. Бұл – ғылымды жасартуға кедергі.

Деңгей деген дүние бар

Шын мәнінде, мектеп қабыр­ғасында жүрген кезден оқитын, оларға арнап шығарылатын ғылыми басылым мәселесі атүсті қарайтын кедергі емес. Неге? Өйткені ол – нағыз ғылымның қайнар бұлағы. Бұл тұс ақсап тұрғанда, қалғанын қозғаудың өзі қисынсыз. Жастайынан ғы­лыми журналды оқып, оған өзінің еңбегін жазуға дағдыланған адам жиырмаға жетпей-ақ же­тіледі, шыңдалады. Қазір елі­міз­­дегі белді университеттерде, айталық, Назарбаев Уни­верситеті мен ұлттық жоғары оқу орындарындағы шетелден шақыртылған мықты мамандар халықаралық көрсеткіштегі деңгейі бойынша қабылданған. Ал бұл деңгей ғалымдардың ғы­лыми журналдарға жария­лан­ған мақалалары негізінде жасалады. Біздің ғалымдар аталған көрсеткіште өте төмен сатыда тұр. Бұл туралы профессор Болат Кеңесов Жас ғалымдар альянсы (Young Reseаrсhers Alliance Назарбаев Университеті жас ғалымдарының бастамасымен былтыр құрылды. Қазір ұйымға Қазақстан, Азия, Еуропа және Солтүстік Американың ғылыми ұйымдары мен ЖОО-лардың 200 ғылыми қызметкері, зерттеу­шілері мүше – автор) ұй­ым­дастырған I Жастар ғы­лы­ми форумында айтты. «Әлем­дегі белді университеттер оқытушыларды, про­фессор, ғалымдарды жария­ланған мақалаларына қарай қыз­метке қабылдайды. Әрине өтіліне немесе сіңірген еңбегіне қо­сым­ша қарауы мүмкін. Бірақ басты на­зар мақалалары мен соның не­гізінде жасалған халықаралық көрсеткішке аударылады. Ғылым деген мақала», дейді профессор. Ол өзінің зерттеуінде топ-ондыққа кіретін журналдардағы мақалалар мен ізделген еңбек­тердің санына жасалған диаграмманы ұсынды. Онда 1995-2019 жылдар аралығындағы нәтиже көрсетілген. Осы жылдар ішінде Қазақстан мақала санын 1000 данаға да жеткізе алмаған, ал Иран ғалымдарының жазғандары 9 мыңнан асқан. Қазақстандық зерттеулердің даму көрсеткішін бейнелеген қызыл сызық ширек ғасырға жуық уақыттан бері әлі жер бауырлап жүр. Неге? Өйткені мақала жазу жағы ақсап тұр. Ал халықаралық ғылыми журналдардың талабы күшті. Жоғары талаптан өту үшін жастайы­нан шыңдалу керек. 

Ғалымға көңіл бөлсеңіз...

Ғылымға көңіл бөлген адам сөзсіз ғалымға назар салады. Себебі ғылымды жасай­тын да, алға сүйрейтін де – ғалым. Ғалымның халі қалай? Нақтырақ айтсақ, жастардың ғылымға келуіне қандай жағдай жасалып жатыр? Алысқа бармай-ақ қояйық, көрші өзбек үкіметі ғылымды дамыту мақсатында дайындалған бағдарлама бойын­ша жас ғалымдарды үймен қам­тамасыз етуді қолға алды. Са­рапшы, Өзбекстандағы Ғы­лым және технология агент­тігі бас ди­ректорының орынбасары Олим­жон Туйчиев жас ға­лымдарға консультация жү­ріп отыратынын және үймен қоса арнайы стипендия тағайын­далатынын айтқан. Бізде ше? Жауапты мекемеге жолай кетсең, Ғылым комитетінің өкілі (Төрағаның орынбасары Асқар Бекенұлы) секілді сұхбаттан бас тартады немесе «Жағдай жасалып жатырмен» жылы жауып қояды. Олай болса, нәтиже қайда?

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – жас ғалымға көңіл бөлін­бейінше, қазақ ғылымы жасармайды. Ал жас ғалымды докто-рантурадан емес, балабақшадан деп тым тереңдемей-ақ қоялық, мектептен іздегенде ғана сан емес, сапа сөйлейді.