Жұма, 1 ақпан 2013 6:57
Жаңа президент бұрынғылардай бола ма?
Чехияда президенттік сайлаудың екінші турында елде бұрын үкіметті басқарған Милош Земан жеңіске жетті. Ол соңғы турда өзіне қарсылас болған бірінші вице-премьер, сыртқы істер министрі Карел Шварценбергті 10 пайыздай айырмашылықпен жеңді.
Жұма, 1 ақпан 2013 6:57
Жаңа президент бұрынғылардай бола ма?
Чехияда президенттік сайлаудың екінші турында елде бұрын үкіметті басқарған Милош Земан жеңіске жетті. Ол соңғы турда өзіне қарсылас болған бірінші вице-премьер, сыртқы істер министрі Карел Шварценбергті 10 пайыздай айырмашылықпен жеңді.
Бұл жолғы сайлаудың үлкен ерекшелігі бар. Бұрын бұл елде президент парламенттің қос палатасының бірлескен мәжілісінде сайланса, енді президентті халық тікелей сайлап отыр. Содан да олардың өкілеттігі жоғары деуге болады.
Жалпы, бұл елде президенттік институттың орны бөлектеу. Конституция бойынша ел парламенттік демократияны ұстанып, бұл лауазымға негізінен ресми міндеттер атқару жүктелсе де, жаңа кезеңде президент болған қайраткерлер ел өмірінде, тарихында айтарлықтай із қалдырды. Айталық, Чехословакиядағы 1989 жылғы «Жұмсақ революцияның» жетекшісі болған жазушы Вацлав Гавел 1993 жылы ел екіге бөлінгенде, жаңа Чехияның алғашқы президенті болып сайланды. Конституция бойынша оған ресми міндет атқару жүктелсе де, елдің демократиялық жолға түсуінде ол шешуші тұлға болды. Тек өз елінде ғана емес, бүкіл Еуропадағы, қала берді әлемдегі беделді тұлғаға айналды. Өзіне деген халықтың құрметіне бөленіп, ол елді екі мерзім – он жыл басқарды.
Қазіргі президент Вацлав Клаус та (оның өкілеттігі биылғы 7 наурызда бітеді) екі мерзім ел билігі тізгінін ұстап, өзінің «мінезімен» жұрт есінде қалды. Чехия Еуропа қауымдастығына кіргенімен, Клаус интеграцияның тым тереңдеуіне қарсылық білдіріп отырды. Сол үшін оған «еуроскептик» деген сипаттама да берілді. Бұл Еуропа қауымдастығының басшыларына да, ел ішіндегі біраз қайраткерлерге де ұнаған жоқ. Ал оны ұнатқандар да аз емес еді. Ел сыйлады.
Бұлардың орнын басқысы келгендер де аз болмаған – тоғыз адам сайлау күресіне қосылды. Олардың ішінде басқалардан шоқтығы биік тұрған тұлға болмады. Алғашында күрес екі экс-премьер Милош Земан мен Ян Фишер арасында өтер делінген. Сірә, Фишерге оның компартия қатарында болғаны кедергі келтірді. Соның салдарынан жастар арасында қолдаушысы көбірек болған Шварценберг екінші турға өтті.
Земанды ауылдық жердегілер көбірек қолдапты. Сарапшылардың айтуларына қарағанда, ауылдағыларға жаңа президенттің қарапайымдылығы, дәмді тағамға құмарлығы ұнаса керек. Сондай-ақ, оны қазіргі президент Клаустың еуроскептиктік саясатын сынаушылар да қолдаған. Ең қызығы – Клаус та өз саясатын белсенді сынаушы болған Земанды жақтаған көрінеді.
Ал Земанның өзіне келсек, келесі жылы 70-ке толатын ол саясатқа ертерек араласқан. 24 жасында компартияға өтіп, екі жылдан кейін елге Варшава шарты әскерінің кіргеніне қарсылық білдіремін деп, партиядан шығып қалады. 1993 жылдан социал-демократиялық партияны басқарады. 1998-2002 жылдарда – премьер-министр, 2003 жылы президенттік сайлауға түсіп, Клаустан жеңіліп қалды.
Елдің бұрынғы президенттері беделді болды. Земанға бұл да сын.
Сыртқы саясат елдің келбетін көрсетеді
АҚШ-та мемлекеттік хатшы ауысады. Парламенттің жоғарғы палатасы бұл қызметке белгілі саясаткер Джон Керриді бекітті. Ол елдің қазіргі тарихындағы тағы бір белгілі қайраткер Хиллари Клинтонды алмастырады.
Мемлекеттік хатшы сыртқы саясат мекемесінің басшысы саналғанымен, бұл елде бұл қызмет басқа елдердегі сыртқы істер министрінен көш биік. АҚШ-та вице-президент қызметі де бар. Бірақ, жұрт президенттен кейін көбіне мемлекеттік хатшыны көреді. Жалпы, бұл елдің тарихында вице-президенттер жұрттың есінде қала бермейді, ал жұрт ұмытпайтын мемлекеттік хатшылар жетерлік. Әріге бармай-ақ, Бзежинский, Киссинджер, Олбрайт, Райс, Хиллари Клинтонның аттарын айтқанда, біраз әлемдік оқиғалар ойға оралады.
Бұл елдегі жақсы дәстүр – жетекші кадрлар жиі ауыспайды. Ынтымақта жұмыс істеп жатады. Сірә, оларды ел мүддесі жақындастырса керек. Енді бұрынғы бас хатшы саналатын Хиллари Клинтон партия ішінде Барак Обамамен қарсылас болды. Бұл күресте Обаманың жолы болғаннан кейін, ол өз партияласының тілеулесіне, серігіне айналды. Ал Обама билікке келгенде, оның үлкен саясаттағы оң қолы болды. Бір мерзім бойында сыртқы саясатын жүзеге асырды.
Керридің келуі де кездейсоқ емес. Мынау бүгінгідей әлемде болып жатқан үлкен саяси, экономикалық өзгерістер заманында АҚШ-тай супердержаваның саясатын көрнекті тұлғалардың ұстағаны бұл елге ғана емес-ау, басқаларға да қажет. Керри үлкен саясатта белгілі адам. Президенттік күреске де қосылғаны бар. Соңғы екі сайлауда ол Барак Обамаға үлкен қолдау көрсетті. Бүгінгі үлкен қызметке ұсынысты президенттің сол қолдауға қайтарымы деп қабылдамаған жөн. Бұл, ең алдымен, Керридің қайраткерлік қарымына баға десек ләзім.
Енді жаңа мемлекеттік хатшы қандай бағытты ұстанады дегенде, саясатшылардың жауабы белгілі – Барак Обаманың бағдарламасы. Бәлкім, кейбір мәселелерге басымдау назар аударылар. Ішкі де, сыртқы да саясаттың уақыттың талабымен біршама өзгеретіні бар. Бірақ, негізгі бағыт айнымайды – АҚШ әлемдік экономикада да, әлемдік саяси өмірде де жетекші ықпалды күш болып қалуға тиіс.
Соңғы кезде, Керридің мемхатшылыққа баратыны белгілі болғалы бері, оның «сыртқы саясат – экономикалық саясат» деген сөзі ауызға көп алынып, мәтелге де айналғандай болып жүр. Оны әркім де айтуы мүмкін, бірақ сыртқы саясат тізгінін ұстайтын адам айтқанда, ол жаңа бір мәнге ие болатындай. АҚШ-тың сыртқы саясаты ел экономикасына қызмет етеді.
Жұрт президентке үміткер Ромнидің сайлау науқанындағы күшке негізделген пікірлерін ұмыта қойған жоқ. Ал Обама Батыс пен Шығыстың арасындағы, ислам әлемімен байланыста өзара сенімге көбірек көңіл аударғаны белгілі. Осы бағыт жалғасуға тиіс. Тіпті, Ресейдегі соңғы кездегі АҚШ-қа қарсы даңғаза айқайға қарамай, бұл елдің Ресеймен де, Қытаймен де тіл табысуға ұмтылатыны аңғарылады.
АҚШ-тың сыртқы саясаты дегенде, ешкім де Ираннан аттап кете алмайды. Бұл жөнінде Керри өз ойын ашып айтты: Обама мәселені дипломатиялық жолмен шешуді қалайды екен, ал өзі де оны қолдайды. Соғыс АҚШ-қа да керек емес. Әсіресе, үлкен соғыс, ядролық қарумен соғыс. Иранға байланысты саясат сол үлкен соғыстың алдын алуға бағытталған.
Араб дүниесіндегі, Таяу Шығыстағы жағдай, әсіресе, Сириядағы қантөгіс жаңа мемхатшының біраз ұйқысын шалалайтыны анық. Обаманың кезінде бұл жағдайларға АҚШ күшпен араласқан жоқ. Белсенді дипломатиядан нәтиже күтіп отыр. Сол дипломатияны енді Джон Керри жүргізеді.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».