• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Театр 11 Маусым, 2019

Шыңғыс Айтматовтың шығармасы сахналанды

786 рет
көрсетілді

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» повесі бойынша «Арманым – Әселім» атты лирикалық драмасының премьерасы өтті. Шығарманы сахнаға лайықтап қойған – халық әртісі, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Талғат Теменов.

Оралдық кө­рермен әйгілі қыр­ғыз жазу­шы­сының қала­мы­нан туған шығар­маны ыстық ықыласпен қабыл­дады.

– Кешелі бері біздің өңірі­мізде елеулі мәдени оқиға – жа­ңа қойылымның тұсаукесері бо­лып жатыр. Шынында да Ха­диша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының әр премьерасы – біз үшін үлкен жетістік. Оның үстіне бәрімізге таны­мал Талғат Теменов Нұр-Сұлтан қа­ла­сынан арнайы келіп, орал­дық театр ұжымымен бір айдан бері қоян-қолтық жұмыс істеп, осындай тамаша дүниені Ақ­жайық көрермендеріне ұсы­нып отыр. Біз бұған өте қуа­­ныш­тымыз. Біздің өңірге келген өнер адам­­дары жиі айтып жүр­гендей, Оралдың аудитория­сы бө­лек, көрермендері ерекше – деді Ба­тыс Қазақстан облы­сының әкімі Алтай Көлгінов режиссер Талғат Теменовке алғыс хат тапсырып тұрып.

Көпшілік қошеметіне бө­ленген Талғат Теменов те сахнада тұрып толқи сөйледі:

– Менің жеті ата-бабам осы өңірде, Бөкейлікте жатыр. Сон­дықтан ақын айтқандай, «Мей­лің батыр, Мейлі ғалым, дана­сың, Бәрібір сен туған жерге баласың!» деген рас екен. «Махаббат бекеті» фильмін­дегі басты кейіпкердің есімі Орал болуы да перзенттік ықыла­сым­ның белгісі болатын. Осы кезге дейін әлемнің 80 елін араладым, өнер көрсеттім, бірақ атажұрт сахнасында тұңғыш рет қойылым қойғаным осы екен. Соған ыңғайсызданып та тұрмын, – дейді режиссер.

Бір сағаттан сәл асатын уа­қытқа ғана созылған спектакль барысында көрермен бір қуанып, бір жылап, сан түрлі күйге түседі. Қазақстан Жа­зу­шылар одағының мүшесі Дариға Мұштанова айтқандай, «Өмірдің өзіндей шиыршық атып көз алдыңнан өтіп жатқан xикаят тебірентпей, көзіңе жас алдырмай қоймайды. Әп-әдемі басталған өмірін өз еркімен қор етіп, маздай жанып тұрған бақыт шырағын өзі үрлеп өшіріп тастаған адамның енді түзетуге келмес қатесіне куә бола­сыз. Өзіне риясыз сеніп, етегінен ұстаған сүйген жарына сенімді серік те бола алмай, туған ұлының басқа адамды әке деуіне де өзі себепкер болған талай Ілиястар бүгінгі қоғамда да жүргені рас қой».

Қойылымның басты кейіп­кері Ілияс рөлін – Жасқайрат Валиуллиев, Әселді жас өнерпаз Нұржиян Хасанова сомдады. Сондай-ақ театрдың танымал әртістері Наргиз Шадыева, Мұса­ғали Бектенов, Гүлжиян Шынтемір де өз бейнелерін нанымды алып шықты.

Жаңа қойылымды тік тұрып көріп, оны сахналаған режиссер мен суретшіге, әртістерді гүл­мен көмкерген көрермен қауым тағы бір қуанышты жаңалыққа куә болды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласында жаңа Мәдениет сарайы салынатынын, барлық шешімдер қабылданып, байқау өткенін хабарлады. Жаңа мәде­ниет ошағының құрылысы маусым айында басталмақ.

 

Батыс Қазақстан облысы